Жанна Елеусіз. «Жүрегімде басталғандай бір егес»
Жүрегімде басталғандай бір егес..
Күн сәулесі жынға тиіп күлегеш,
жаңа жылда жұрт сыйлаған ақ Қоян,
сеніменен тілдесемін — тірі емес! –
Жанымды үнсіз суырады бір сұмдық!
Қара жер боп төселейін қашанғы…
Тек өзінің көкірегіне құл-шындық,
кеудеме әкеп гүл екпекші жасанды!..
Өкініштің суық қолын қаға алмай,
шырқыраған сенімдерім бар ізгі –
өліп бара жатқан гүлдің, өле алмай,
тұрған әлі жапырақтары тәрізді!
Не берейін, саған, жүрек, кепілге…
Шаршамаудан шаршап жүрмін өз басым…
Күрсінбейтін ойыншығым бетінде –
сүртілмеген қалып қойды көз жасым…