Жанат Жаңқашұлы. «...Өлімнен емес, өмірден қатты қорқамын»
...Өлімнен емес, өмірден қатты қорқамын,
Бұлғаң сөздерден бұғып ап кейде жортамын.
Ластығын көрдім,
Қастығын да көрдім мен,
Əдемі дейтін əдеби осы ортаның.
Өлімнен емес, өмірден қазір қорқамын.
Өлімнің емес, өмірдің өңі түнерген,
Кешірмейді ешкім қателіктерді жіберген.
Адамды көрдім,
Наданды тағы көрдім мен,
Нəмарттай сайқал ділі өлген.
Өлімнен емес, өмірден қорқам түнерген.
Өмірдің ісі -- өлтірмей сені тынбайтын,
Бір жан жоқ сірə, мұңыңды сенің тыңдайтын.
Суретте қалған бейнеңде ғана белгі бар,
Жыртылып қалмай көздерін енді жұмбайтын.
Өмірден қорқам өлтірмей түбі тынбайтын.
Өлімнен емес, өмірден осы шошыймын,
Жаңғырып қалған қабырғасындай бос үйдің.
Көрік кеудеммен ойлардың отын қоздатып,
Көңілдің шоғын, өмірдің шоғын көсеймін.
Өлімнен емес, өмірден осы шошыймын.
Ақының болсам, ақымағың да едім мен,
Батырың болсам, езің де менмін егілген.
Ақымақ екем, кешіре салсаң нең кетті,
Өлім дегенің -- өмірдің өзі жеңілген.
Өлім дегенің -- өмірдің өзі көмілген