Жанат Жаңқашұлы. «Жұлдыздарды жұтып алып таңсəрім...»
Жұлдыздарды жұтып алып таңсəрім,
Көмейінен күн шығып...
Мен түнектің əуенінен шаршадым,
Айта алмайтын тұншығып.
Көлбақа да керіп салып əукесін,
Опера айтқан сиқы əні...
Қап-қара түн шолп-шолп еміп тау төсін,
Шымырлатты-ау құйқаны.
Ит кеміріп ақжем болған жіліктей,
Мыж-мыж мына өкшемен.
Сілекейінен сырғанақ тепкен сүліктей,
Бір із салам деп сенем.
Суретшідей көкті сипап қанаты,
Періштеден түскен əлем хат алса.
Үш жүз алпыс күндегі бір таң аты,
Не болады, есіміммен аталса?
Өлер еді қызғаныштан,
Біраз ақын қапалы.
...Каметасы мұздап ұшқан,
Олар түннің үмметіне жатады.
Ал мен таңмын!
Аң-таңмын мен бұларға,
Өлең-жырмен от өріп.
О, сорлылық,
Шыңға біткен шынарға,
Сарығысы келеді,
Қу сирағын көтеріп.