Жанат Жаңқашұлы. «Қиямет»

Oinet.kz 25-09-2018 894

51877606_624964921275458_467232873663219480_n.jpg

Түсімде,

Ысрафил сүр үрлеп,

Кетті мынау жер-дүние дүбірлеп.

Тау құлады,

Кəрі ағаштар тамырымен атып тұрды,

Адам құсап күбірлеп.


Ағынды су тоқтап қалды,

Жел де тыныш.

Сүр үні...

Жанартаулар атқылады,

Желбіреген тұлымы.

Жерден өсіп,

Көрден шығып келе жатты,

Қаңқа сүйек жұлыны.


Дұға оқуды ойлап бір сəт бұлқындым,

Оқи алмай қылқындым.

Қияметте қиын шығар жағдайым,

Саған құл боп өттім бе екен құлқын күн?!


Көк қақырап,

Жер дірілдеп,

Тұлданды,

Уа, Тəңірі, қинамай ал бұл жанды.

Өмір бұған төккен күлдей сұрланды,

Бұл да өмірде қылатынын қылған-ды.


Қас-қағым сəт,

Көрден тұрған аруақтар аңырап,

Адамзаттан ауып түсіп тағы бақ  -

Қиямет күн тұр екенбіз,

Мен кітап құшақтап,

Біраз ақын медаль, орден тағып ап.


Уа, Тəңірі,

Тұлданғанда жеті қат жер,

Жеті көк,

Кемпірқосағым сетінеп.

Күнəм төбемнен жауып тұр,

От болып жанып екі бет!


Уақыт тоқтады,

Уақи сарқылды...

Мұхиттар тартылды.

Қарғалар түн құсап түнеріп отырды,

Тыя сап қарқылды.


Мен шошып ояндым...

Егілдім.

Шекесінен маған қарап шегір күн,

Таң атып келеді,

Түнмен кет,

Сұммен кет,

Құммен кет,

Жаман түс жебір мұң!

Жанат Жаңқашұлы. «Боран»
Жанат Жаңқашұлы. «МЕН – ЖАУАР БҰЛТ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу