Жадыра Байбұланова. «Қара сыз»
Қара сыз.
Қалтырай үн қаттым…
Шарасыз –
Шыға алман шырқап тым.
Тербеген тәтті мұң жүрегін,
Меңдеген сағыныш сырқатпын.
Үзбейді-ау,
Үзбейді күдерін,
Күз, мейлі,
Өзгертсін түр-өңін.
Сынық деп білсең де көңілімді,
Суып тек кетпесін жүрегің!
Таяқтап тасталған жанда – мұң,
Аяқтың астында – арманым.
Күліп таң атпайды өзіңсіз,
Суықтан…
Жылытшы, жаурадым!..
Тағдырды жеңуге талпындым,
Жаңбырда жасымды марқұм ғып,
Өмірдің аязы түк емес,
Қинайды сендегі салқындық!