Ерлан Жүніс. «Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға...»
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға –
Бір тамшының көлеміне сыяр күн:
...Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,
Тəңірімнен ұялдым.
Жер бетіне тамшылармен тамар күн
Шұғыласы секілденіп қиялдың:
...Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,
Жақсылардан ұялдым.
Əр тамшыға сыңар еттім сезімді,
Содан оны жүрегіме құя алдым:
...Сұлулардан алып қаштым көзімді –
Сүйген жардан ұялдым.
Періштедей енген таңғы түсіме,
Табиғаттан таңғажайып сый алдым:
Қатты дауыс көтермедім кішіге –
Үлкендерден ұялдым.
Биіктен кеп, батып жатты тереңге –
Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:
...Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге –
Болашақтан ұялдым.