Ерлан Жүніс. «Құс қайтып келді...»

Oinet.kz 20-09-2018 924

Беймезгіл шақта ол қайтып келді, 

Тағдырдан, әлде, жаңбырдан... 

Жанының мұңын жолға айтып келді, 

Жол қайтып келді абдырған. 


«Қайтқан ойлардың кемел ме бәрі, 

Ұшарда оны не қақты?!» 

- Тәкаппар таулар төмен қарады, 

Таза бұлақтар кері ақты. 


Құс қайтып келді: Омбы қарларға, 

Көшкен сеңдерге «қош» десіп. 

...Анау бір төрде домбыра қалды, 

Анау бір жерде бос бесік... 


Жабуы жүктің желпілдеп келді, 

Селдіреп келді желегі, 

Ботадай көзі мөлтілдеп келді – 

Боздамаса екен дегені... 


Махаббат әні – мұңдарда қалар, 

Махаббат – мұндар, шерменде! 

Қыжыл сөз ізі құмдарда қалар, 

Көз жасы ізі – көлдерде. 


Өтеуі жүрек – өкпелі болса, 

Жасасын ұлы құштарлық! 

...Көшкен бір жұртта көктемі қалса, 

Қайтармаңдаршы құстарды!

Ерлан Жүніс. «Уақыт баяу... тез өтеді»
Ерлан Жүніс. «Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу