Ақұштап Бақтыгереева. «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді»

Oinet.kz 16-09-2018 1260

Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді,

Оған айтар мұң-арманым көп еді.

Туған жердің қасиеті шығар-ау

Гүлдей сұлу талы менен терегі.

Оны ұмытсам болмас, сірә, кешірім,

Соған ұқсас қойылыпты есімім.

Оны қалай жырламайын егерде

Толқынында тербетілсе бесігім.

Сонда маған жұлдыз күлді аспаннан,

Сылдыр өнді алғаш ұқтым жас талдан

Мөлдір ағын дыбысынан кеудемде

Нәзік жырдың шумақтары басталған.

Сонда жатыр ата-бабам моласы,

Қымбат маған қаласы мен даласы.

Менің алғаш вальс биін билеуге

Себеп болған Ақ Жайықтың баласы.

Жайық десе, ойда Нарын өлеңі,

Сағынғанда еске аларым көп еді.

Жайық-Анам, Жайық-Елім, Отаным,

Қүшақтағым, аймалағым келеді.

Ақұштап Бақтыгереева. «Ақжайық арнаға түс арындама»
Ақұштап Бақтыгереева. «Ақ Жайық, тасы, төгіл»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу