Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ләнет бұлты шатырлап
Ләнет бұлты шатырлап,
Жай түсіп неге қатпаймын?
Жер жарылып сатырлап,
Түбіне неге батпаймын:
Ит, құсқа бас игізген,
Көкейімді күйгізген,
Дүниеден ләззат таппаймын.
Көрмегенді көріп бас,
Заһар болып ішкен ас.
Қапаланған көңілден,
Төгіле-төгіле қанды жас.
Дүние бәрі у екен,
Мені алдайтын қу екен.
Өткізген өмірім бұл күнгі,
Пайдасыз қызу ду екен.
Білімсіз талант тас екен,
Өмірің үшін қас екен.
Далақтап шапқан бай ұлы
Тоқтаса, көзі жас екен.
1914