Мұқағали Мақатаев. «Менің анкетам»

Oinet.kz 02-09-2019 1937

— Туған жерің?

— Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.

— Туған жылың?

— 1931. Құрдасымын Шәмілдің.

— Жынысың кім?

— Еркекпін ғой, еркекпін!Және-дағы тәуірмін...

— Партияда барсын, ба?

— Жоқпын.

Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.

— Шыққан тегің?

— Шаруамын.

Бар тірліктен бағалы оны санаймын.

— Білімің ше?

— Орташа ғой.

Алайда өзім жоғарыға балаймын.

— Ана тілің?

— Қазақша.

Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.

— Қайда істедің?

— Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.

Оқымаған, дипломсыз демесең,

Бір басымнан бар мамандық табылар.

— Міндеттісің бе әскерге?

— Міндеттімін.

Біздің әлі жас кеуде.

Жауынгердің ұлымын ғой,

Жанын қиған Мәскеуге.

— Сөгіс алып көрдің бе?

— Ол жағынан періште едім дей алмаймын

Мен мүлде.

Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету,

Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...

— Шетелдерде болдың ба?

— Болғамын жоқ.

Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.

Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,

Осы отырған орнымда-ақ.

— Мекен-жәйің?

— Мекен-жәйім - жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгемін!

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жұмбақ
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жылы кеш
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу