Мұқағали Мақатаев. «Солдат арманы»
Тіршілік тұтқасы - күн сөнер
Дегенге айтындар, кім сенер?
Әлемде тыныштық тұрса егер
Біздерміз өмірге нұр себер!
Қайырмасы:
Қолдарға...
Қолдарға ту ұстап біз өтсек,
Өмірдің бақшасын күзетсек.
Сойқанды соғыс - өрт, кіл апат,
Ол - қайғы, ол - үрей, алапат.
Бейбіт күн береке баршаға
Тыныштық, тыныштық - бір рақат!
Қайырмасы:
Әлемде...
Әлемде бейбіт күн сөнбесін
Тыныштық дүниені тербесін.
Кең дала, көк өзен армысың!
Армысың, Алатау, қарлы шың!
Осы алып кеудеңде мәңгілік,
Тыныштық сәбидей қалғысын!
Қайырмасы:
Тамсанып...
Тамсанып көркіне жер-көктің,
Сезінем иісін жөргектің.
Сұм соғыс - қанды ажал, cop, қайғы,
Ажалдың дегені болмайды!
Әкелер баласын қорғайды,
Әлемде тыныштық орнайды!
Қайырмасы:
Әке боп...
Әке боп, өмірде ер жетсек,
Бөпенің бесігін тербетсек!