Мұқағали Мақатаев. «Арманым»
Көз салдым өмір тереңіне,
Құлашым жетсе дүние көлеміне.
Әлпештеп мені өсірген
- Ұлы Отан, Жарасам сол
Отанның керегіне.
Отан сүйгіш елімнің ізгі салтын,
Әлем білген әйгілі совет халқын.
Дарқан күш, қайнар бұлақ білім шыққан,
Мадақтасам Ұлы Отан өшпес даңқын.
Ұлы күш қимылдауда ұзақ жолда,
Атой сап адал еңбек оң мен солда.
Коммунизм жолына сапар шегіп,
Ерінбей еңбек етсем мен де сонда.
Арманым қиял емес даурыққан құр,
Лепірген өлең емес, өтірік жыр.
Жүректен комсомолдық тұнып шыққан,
Көңілде көптен жүрген бұл - шындық сыр.