Бауыржан Момышұлы өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 28-08-2019 4670

Screenshot_23.jpg

                             Бауыржан Момышұлы (1910-1982)

Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 жыл - 10 маусым 1982 жыл) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.

Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында туған. Дулат тайпасының Шымыр руынан

Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.

1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.

Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

 Соғыс алдында:

1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.

1932 - 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.

Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.

1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.

1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.

 Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары:

1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысты. 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.

1941 жылдың 26 қарашасында маршал Рокоссовский полк командирі етіп тағайындайды.

1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болады.

1942 жылдың 6 маусымында "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталады.

1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.

1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінрек "Соғыс психология" деген атпен кітап болып басылды. Алғашында тек орыс тілінде жарық көрген бұл еңбек, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қазақ тілінде де жарық көрді.[4]

Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.

Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.

1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколам тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.

Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.

Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады.

Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қағады.

19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде 1941 жылдың 26-30 қараша күндері гвардия капитан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясының маңында неміс әскерінің шабуылын 4 тәулік бойы қайтарып, сәтті ұрыс жүргізді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқаға оқ тиіп, жарақат алды. Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен Аңыз" кітабында Бауыржан өзін санбатқа жеткізгенде дәрігерлер дереу госпитальға апару керек деп шешкендігін, бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырғанын айтады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады.

Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.

1944 жылы Комдив болып жүрген кезінде Дубровка деревнясының маңында болған ұрыс кезінде тағы қатты жараланады. Өз айтуынша құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлаған екен. Біраз уақыт атқа отыра алмай және шалқасынан жата алмай жүрді, бірақ госпитальге бармады.

Сол уақыттан 1944 жылдың наурызына дейін госпитальде жатады. Сол жылы Бас Штабытың Әскери Академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.

1945 жылдың 21 қаңтарынан бастап гвардия полковник Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді мекен босатылды, ал жау әскеріне үлкен зиян тиген болатын.

Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.

 Соғыстан кейінгі жылдары:

1946-1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады.

1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады.

1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.

1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.

Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Өмірбек Жолдасбеков Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды.

Бауыржан соғыс уақытында "Серігім", "Жазушыға", "Қалыбек аға", "Біреулерге", "Омарбекке", "Жардың мұңы", "Ғ-ға", "Ана тілін ардақта", "Досыма", "Толғау" атты өлеңдер жазған.

1952-1956 жылы "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Біздің семья" деген алғашқы кітаптары жарық көрді.

 Кубаға сапары:

Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады, Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында "Куба әсерлері" атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.

1963 жылы Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.

1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. "Кеңсай" зиратына қойылды.

1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Шешім 1990 жылдың 11 желтоқсан күні шықты. 

 Алматы қаласындағы Бауыржанға арналған ескерткіштер:

2010 жылы қыркүйектің 14-і күні Алматыда «Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді .

2010 жылы желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында совет-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан құйылған.

2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.

2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

2010 жылы 10 желтоқсан күні Алматы қаласында Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш ашылды.

  Шығармалары:

Ұшқан ұя (1974 жыл)

Мәскеу үшін шайқас,

Жауынгердің тұлғасы,

Майдан,

Майдандағы кездесулер,

Генерал Панфилов,

Төлеген Тоқтаров,

Куба әсерлері

Адам қайраты (1981 жыл)

Елбасына күн туса

Психология войны

 Отбасы:

Бибіжамал Мұқанқызы Момышкеліні — Бауыржаннан екі жас кіші, ақсары, сұлу кісі. Бибіжамал Мұқанқызынан тұңғыш баласы Бақытжан Момышұлы дүниеге келді.

Строева Вера Павловна — өнер саласына еңбек сіңірген кісі. Ерінің әдебиетке келуіне себепші болды.

Коркина Клавдия Григорьевна — опера театрының әртісі, сыған қызы. Бұл кісіден Елена Бауыржанқызы дүниеге келді (16.09.1947 жылғы)

Бахытжамал Калибековна — шет тілдер институтының аспиранты, 13 жыл бірге болды.

Бақытжан Момышұлы - Бауыржан Момышұлының ұлы.

Зейнеп Ахметова Бауыржанкеліні — келіні, Бақытжан Момышұлының жұбайы, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. Қайынатасы туралы мемуар кітаптар мен мақалалар жазады.

 Соғыс кезіндегі марапаттары:

1942 жылы 6 маусымда «Қызыл ту» орденімен;

1944 жылы 6 маусымда «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен;

1945 жылы шілдеде 1 дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен 2 рет марапатталды

 Соғыстан кейінгі марапаттары:

1970 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен

КСРО Президентінің 1990 ж. 11 желтоқсандағы жарлығымен Б. Момышұлына 1941-1945 жылдары соғыста неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін «Кеңес Одағының Батыр атағы» берілді (медаль №11637).

2000 жылы «Ғасыр адамы» деп танылды

 Бауыржан Момышұлы туралы еңбектер:

1967 «За нами Москва», Режисеері: Мәжит Бегалин, Бауыржан Момышұлын сомдаған: Кәукен Кенжетаев

2010 - Қазақтың Бауыржаны (Деректі фильм) Қазақфильм. Қалила Нематұлы Омаров[10]

2013 - Бауыржан Момышұлы (телесериал) Режиссері: Ақан Сатаев.

Ақиқат пен аңыз - авторы Әзілхан Нұршайықов

Волоколамск тас жолы - авторы Александр Бек

Восхождение к отцу - авторы Бақытжан Момышұлы

Во имя отца - авторы Бақытжан Момышұлы

Сыновья великого волка - авторы Бақытжан Момышұлы

Шуақты күндер - авторы Зейнеп Ахметова

  Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері:

« Опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ »

 «Тәртіпке бас иген құл болмайды!»

«Отаның үшін отқа түс күймейсің»

«Ептілік пен ерлік - Ерге тән қасиет.»

«Тәрбиелі - тәртіптің құлы, Тәртіпті - елдің құлы.»

Абай Құнанбайұлы. Менсінбеуші ем наданды
Мұқағали Мақатаев. «Майданның бәйгесіне»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу