Мұхтар Шерім. Айлабию

Oinet.kz 01-08-2019 1755

Screenshot_26.jpg

«АЙЛАБИЮ!"

Балам «башкатый»... Көршім осылай дейді. Зерек, зерек болған соң, көп жерге керек. Төртінші сыныпта оқитын балам ағылшын тіліне сайрап тұр. «Көп жерге керек...» деп көбік шығарып тұрғаным, былай ғой, бір күні балам жымияды, жымиғаны сол, аузынан бір жаңалықтың құйрығы қылтияды...

–Әке, мен ертеңнен бастап, бір апта сегізінші сыныпта оқитын болдым! –

деді ол масаттанып.

–Қалай?

–Мектепке вице-премьер деген апай келеді екен, ағылшын тілінің оқытылуын тексереді екен.

–Келе берсін, оған сенің қатысың қанша?

–Мектеп директоры арқамнан қағып, шоколадтың жартысын өзі жеп, жартысын маған берді де: «Тынышбаев, ертеңнен бастап сегізінші сыныптың оқушысың. Комиссия кеткенше...» деді. Жалғыз мен емес, әр сыныптан он бала сегізге секірдік.

«Үкіметтен апай келеді» деген күні мен де ұрланып, сынып бөлмесіндегі ең артқы бос орындыққа отыра кеттім. Партаға жабыса жатып... Бір кезде үкіметтен келген апай мен мектеп директоры, қалалық білім беру басқар-масынан бірнеше адам кіріп келді. Оқушылармен бірге мен де орнымнан тұрып: «Сәлеметсіз бе? Хош келдіңіз!» деп айттым. Орныма отырып, үйден әкелген ағылшын тілі кітабын парақтай бастадым. Еңкейіп, көріп қоймасын деп... Биология сабағы екен. Әр сыныптың оқу озаттары сартылдап, ағылшын тілінде жауап беріп жатыр. «Оқушыларды осы бастан өтірікке, жалғандыққа баулып жатыр екенбіз ғой!» деп ойлап қоямын ішімнен. Масқара болғанда, мені тақтаға шығарса қайтем? Ағылшын тілі түгілі, орыс тілін тістеп сөйлеймін. Қой, сомадай қылып, мені шақырмайтын шығар? Бір кезде... ия бір кезде апай менің фамилиямды атап тұр. Орнымнан атып тұрдым! Масқара! Баламмен фамилиялас екенмін ғой? Баламды шақырды емес пе? Апайымыз да қалыспайды екен:

–Тынышбаев Титықбай ағай, тақтаға шығыңыз, –деп сөз тауып кетті. Үкіметтен келген апай біздің апайға, апай маған қарады. Сүметіліп, тақтаға шықтым. Сақалым өсіп кеткен, шалбарымның тізесі салбылап, сираққа қарай көшіп кеткен. Жасым... Жасым қырықта...

–Бұл кісі неге жүр? –деп сұрады мектеп директорының беті-басы, шашымен қоса өртеніп.

–Кешіріңіздер, бұл кісі сегізінші сыныпта оқитын Тынышбаевтың әкесі – Тынышбаев. Өз еркімен қоғамдық негізде ағылшын тілін үйреніп жүр. Сыныбымыздың озаты... Ағылшын тілін қолдайды. Енді қытай, жапон, үнді, корей тілдерін мектеп бағдарламасына енгізсе деп те қояды... –деп салды «апайым».

–Окей, өкей... –деп қоямын ыржалақтап. Үкіметтен келген апай мәз болды. «Халықтың ағылшын тіліне ықыласы қандай!» 

–Ағылшын тілінде сөйлей ғой... –деп сұрады қалалық білім басқармасының бастығы. Өзі қатырып сөйлейтіндей...

–Өкей, бастық мырза, өкей... –дедім мен сасып қалып, – обшым, мен бәріңізді айлабию. Балалардың басын қатырмайтын үкіметті айлабию. Керегі жоқ пәндерді не айлабию. Мәселеню, «валиология, геометрия неге керек? Котангенс, косинус синуссіз де су ішуге, өмір сүруге болады...» деп айтатындарды да айлабию...

Қарасам, апайдың аузы ашылып, мектеп директорының өрекпіген көңілі басылып, басқармадан келген бастықтың шашы шашылып қалыпты... Үкіметтен келген апай ғана сәл жымиды...Үйге келген соң, балам «балалардың алдында «позор» болдым!» деп жылады. Ай балам-ай, жылама, сен менің айлабюімсің... Осы жолдарды оқып отырған оқырман, сені де айлабию! Бәріңді айлабию!


ҮКІМЕТ ҚАТЫН ӘПЕРСІН! (Сенбілік әзіл)

Қызық–ей, үйлене алмай жүргеніме жеті жыл болды, жасым болса, отызға толды. «Ойбай, Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған¬дарға жұмыс береді екен, үй береді екен!» дегенге құлақ антеннам елеңдеп, тіркейтін жерге желкілдеп жетіп барайын.

–Солтүстік Қазақстан облысына менің де көшіп барғым келеді.. –дедім салған жерден. Бастық бас–аяғыма қарады да:

–Өте жөн. Түсіндіре кетейін, еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақтардың үлес салмағы өте төмен. Мәселен, Қостанайда – 35,6, Солтүстік Қазақстан облысында – 33,7, Павлодарда – 45,7, Ақмола облысында 44,6 пайыз қазақтар тұрады. Сондықтан, қазақтарды көбейтуіміз керек! Келіндер кергімей, бала туа берсін, туа берсін дегендей... Өйткені, Ресей көршісі Украйнаның шекаралас облыстарына қалай басып кіргенін көріп отырмыз ғой! Осылай болып қалмауымыз үшін ең алдымен Ресеймен шекарадағы облыстарды қазақыландырғанымыз жөн айналайын... –деді. 

–Үй береді ғой?

–Береді! Жұмысқа да орналастырады!

–Онда үкімет маған қатын да әперсін! –деп салдым мен.

–Как, қалай? –деп қалды ол.

–Мен бойдақпын. Атаңа нәлет доллар өскен сайын қалың мал Шаян жақта 500 мың теңгеге, Жетісайда 1000 долларға дейін өсті! Ағасы, сүйген қызым бар еді, махаббатым «сыразым» өшті!

–Айналайын–ау, үкімет қаулысында қатын мәселесі... Қазір қарап көрейінші... –деген басекең әлдебір қағаздарға шұқшиды да:

–Қарағым, қатын мәселесі қаралмапты, –деді.

–Премьер–министр Мәсімов қытайша сайрағанша, қазақшасын жөнді үйреніп, маған қатын әперсін! 

–Қой олай деме! Премьер–министр сені үйлендіруге міндетті емес! Бәлкім, солтүстіктің қалың малсыз қызына үйленерсің?

–«Арзанның суы татымас» деген. Өзімнің сүйіктім бар. Жетісайдан. Көп емес, 999 доллардың жетпей тұрғаны. Егер Үкімет махаббатыма субцидия бөлсе, ертең көшемін! Құдалығымды да үкімет көтерсе... Желге ұшқан қаржылардың қасында не тұрады дейсіз?

–Айналайын, басымды цементтей бермеші. Сенсіз де 400-ге жуық қазақ көшкелі отыр! «Қатын қатын!» деп қақылдап қоймадың ғой! Жүдә үйленгің келіп бара жатса, менің қызыма үйлене қойшы, тегін–ақ берейін!

Қуанығанымнан оны құшақтай алдым! Не деген пейілі кең, мейірімді кісі мынау? Танымайтын адамға...

–Көке... ой, қайын ата, қызыңызды шынымен...

–Енді... Екі рет күйеуден шығып, кризиске ұшырағаны болмаса...

Қуанышым көбік астында қалды. Шынымен телефонын сұрап алып, танысқым келіп еді... Сонда да, арнайы тіркеліп, Қостанайға көшетін бол¬дым. Жаса, қазақ! Көш құтты болсын! Айтпақшы, Қостанайдың қыздары, сәле–е–ем, маған тиесіңдер ме, а?


ПРОТЕЗ. (Ауыт Мұхибек бауырыма арнадым)

Құжаттарымды құшақтап, бастықтың кабинетіне кірсем, ол бір қырындап жайғасып, кәуәп жеп отыр екен. Алдында жылқының қазысы, жал–жая, қымыз–қымыран... Сілекейім шұбырып, жақындай беріп едім, мойнын да бұрмастан:

–Кімсіз? –деп сұрады.

–Сәлеметсіз бе? Мен...

–Оралмансыз ба?

–Жоға. Қандасыңызбын.

–Қайдағы қандас? Менің қан тобым бірінші. Сенікі ше?

–Қытайдан көшіп келген отандасыңызбын дегенім ғой... –дедім мен жақындай түсіп. 

–Менің Отаным–асқазан... Обед ішіп отырғанда кіріп келе береді екенсіз...

–Кешіріңіз, түскі үзіліске бір сағат бар... «Қол қойдырамын да шығамын» дегеніме екі жыл болды. Өткен айда да келіп кетіп едім...

Бастық піскен қазыдан аузына салып жіберіп, рахаттана шайнады. Мен де рахаттана жұтындым. Әңгіме енді былай өрбіді: «Не мәселе еді? –деп сұрады ол. «Зейнетке шығайын деп едім. Сіздерше «пенсияға... Мына жерге қол қойып жіберсеңіз»... «Қол қоймаймын!» «Неге?» «Сол қол қоймаймын!»

«Ақшабек Берсейұлы, мұныңыз не?» «Әй, мені қайдан танисыз?»

«Есігіңіздің артында жазулы тұр... Жанында суретіңіз, алақан жайып тұрсыз...» «Қол қоймаймын!»

Енді менің ашуым келді.

–Неге қол қоймайсыз? Қандастар адам емес пе? Көшіп келгеніме бес жыл болды, екі жыл бұрын зейнет жасына жеттім. «Сізге тоғыз–ақ мың теңге шығуы мүмкін...» деп шығарып саласыз! Сізде жүрек бар ма өзі?

Ол енді бұрылды. Қымыздан сімірді. 

–Қол қоя аламаймын дедім ғой! Қалай түсінбейсіз?–деген ол саусақтары да киілетін тері қолғаптарды шымшылап ұстап, «әрең» киді.

–Неге? –деппін мен.

–Қолдарым протез...

–А? –деген мен оның қолдарына қарап қалыппын. Ол орнынан тұрып, қолы қақиған күйі ары–бері жүрді.

–Сонда қалай? Тамақты қалай жедіңіз? –деп сұрадым мен.

–Тамаққа келгенде, құдайдың құдыреті... Тамаққа келгенде протез қолымның саусақтары жыбырлап кетеді... Өткен айда жол апатына түскенмін.

–О, бейшара–ай, обал болған екен сізге.

–Бейшара демеңіз!

–О, сорлы... Қиын болыпты ғой...

–Сорлы демеңіз!

–Сонда... Сонда сіз қызметте неғып отырсыз? Қол қоя алмайсыз...

–Құдайдың құдыреті... –деген ол жан–жағына қарап, есіктің алдына тұра қалды:

–Ақша... Не ғой, сіз кешіріңіз, айлық аларда саусақтарым жыбырлап, қол қоя беремін...

–Олай болса, «айлық алып жатырмын» деп ойлап, қол қойып көріңізші?

Ол ақырып жіберді:

–Әй, топас! Келесі бөлмедегі орынбасарыма барыңыз! Сол қол қояды! Кетіңіз деймін!

Келесі бөлмедегі есік сыртындағы «Долларбек Давайұлы» деген жазуға күрсіне қарап: «Е–е, әкесі орыс екен ғой...» дедім ішімнен. Есікті ашып қалсам... Ашып қалсам... Оның да қолдары протез екен. Қара қолғап киіп отыр... О, бейшаралар–ай!


ЖЕРГЕ КІРІП КЕТТІК!

Шымкенттіктер ғана айтатын «жекеменшік» сөзіміз бар. Таң қалғанда: «Өлә–ә, өлә!» дейміз... Бір күні үй ішімізбен, қонаққа келген достарымызбен теледидар көріп, әрі шәй ішіп отырғанбыз. Бір кезде әйелім:

–Өлә–ә, өлә! –деді де, жерге кіріп , «жоқ» болып кетті! Артынша досымның әйелі де:

–Өлә! –деді. Қарасым, ол да жерге кіріп бара жатыр. Балаларым сыртта ойнап жүрген, досым да ыңғайсызданып, бір түрлі ұялып тұр. 

–Не болды сендерге? –деп сұрадым.

–Жерге кірейін десем, тесік таппай тұрғаным...

–Мынау кішкентай тесік жете ме? –деп сұрағаным сол, досым да:

–Өлә, мұнысы несі? –деді де, мен көрсеткен тесікке кіріп «жоқ» болды. Жалғыз қалдым ересектерден... Бір түрлі екен. Сопиып, жалғыз қалғаның... Бәрі ұялғандарынан жерге кіріп кетті. «Не көрсетіп жатыр соншама?» деген оймен теледидарға қарадым. КТК арнасы әлдебір «шоу» көрсетіп жатыр екен. «Наша правдасын...» «Өлә...» деп қалдым сасқанымнан. Сөйтсе–ем... Өлә–ә–ә... Үш жігіт студияға «сексуальный» билеп шықты да, шешіне бастады. Тыржалаң... Жо-жоқ, оларды көріп отырған студиядағы қонақ әйелдер ыржалаң... Үшеуінің де бұтындағы тырысып қалған лыпаларынан басқа ештеңе жоқ! Енді олар «балқып», шалқып, көздерін жұмып, біртүрлі ирелеңдеп келді де, алдыңғы қатарда отырған әйелдерге «шабуылдай» бастады. Бірі орта жастағы әйелдің алдында «ах!» ұрып, талтайып тұрып, оның қолын өзі ұстап, кіндігінен төмен қарай жылжытып... Өлә! Осындайды да көрсетеді екен–ау? Ұялғанымнан жерге кіріп кетейін десем, тесік таппай сенделіп жүрмін. Ара–арасында теледидарға қарап қоямын. Тағы біреуі жас келіншектің алдында ирелеңдеп, секстің жеті атасын көрсетіп тұр. «Көрермендер» сықылықтап мәз... О, сорың құрғырлар, несіне мәз болады екен? Жеткен жеріміз осы болды ғой? Сонда деймін–ау, көрермендердің де санасына секс сыналап кеткен бе? «Мынаусы несі? Ұят емес пе? Бізді қай бағытқа тәрбиелеп отырсыздар?» деп орнынан біреуі тұрып кеткен жоқ! Қайта қол шапалақтап отыр. Мен кірерге тесік іздеп, бөлменің ішінде шарқ ұрдым. Бар тесіктер бос емес. Паластың астын қарадым, жоқ, диванның астын қарадым, жоқ! Құдайым–ау, әшейінде «жылтырап» жататын майдө–майдө–ө тесіктер қайда кеткен? Өлетін болдым ғой, ұяттан өртеніп. Өртене кетсем, КТК-нің ұятсыз бағдарламасынан өлгенімді жұрт қайдан білсін? Биліктегілер «әділетсіздікке төзе алмай, өзіне–өзі қол салыпты» дей салудан тайынбас... Көзімнің қиығымен қарасам, тағы бір жігіт... көрермен әйелге жүн–жүн кеудесін сипалатып тұр... Анау мәз. Тап бір соның кеудесінде доллар жатқандай...

Ия, осындай «бағдарламалар» КТК–да жиі көрсетіледі. Баяғыдан. Мұнысы бұрынғысынан бетер екен... Сонда деймін–ау, КТК басшылығы ыңылдап, ыңыранып отыр ма екен? Қалай жіберді эфирге? Талап, талғам қайда? Көрермендерді аяу қайда? Қандай мақсат қойған алдарына?» Қой дейтін қожа» бар ма өзі? Әлде, қоғамның жалаңаштанып бара жатқанын айтқысы келді ме?

Бір кезде теледидарымның өзі ұялғанынан өшіп қалды! Ұяттан өртеніп, қаңқасы жерге кіріп кетті! Мен де далаға жүгіріп шықтым, кіретін тесік іздеп жүрмін!


«ЖЕМҚОР» САЛАТЫ

Сіздерге шынымды айтайын, тоғыз ай «толғатып», он ай ойланып барып, «Жемқор» атты салат ойлап шығардым. Оны жегенде бар ғой, дәмі тіл үйіреді, артынан шөлдей бересіз, терлей бересіз, ақырында кәйіп болып, ұйықтап қаласыз...

Керемет енді. Әлемде мұндай салат жоқ. Дастарханның сәні десем де болады. Салатқа қолданылмайтындар:

Қызанақ, қияр, ет, қойдың құлағы, аттың тұяғы, түйенің өркеші, сиырдың емшегі...

Қолданылатындар:

Теңге, доллар, тиын, су, тұз, пісте май, пароқордың аты жазылған қағаз, оның нервісі, сөздері...

«Жемқор» салатын дайындау әдісі:

Қолыңызды жақсылап жуасыз. Тырнағыңызды аласыз, қолыңызға медициналық қолғап киесіз. Бір литр қайнаған суға жүз доллар турап саласыз, бір ожау тұз себесіз, сөйтіп бір сағат қайнатасыз. Суы таусылған кезде тағы жүз доллар турап, пісте май қосып, жемқорлардың «маңдай терлерінен» жүз грамм араластырып, екі сағаттай қуырасыз. Дайын болды-ау, деген кезде салаттың үстіне жүз мың теңені майдала–а–ап турап сеуіп, жан-жағына қайнатылған жүз теңгеліктерді тарелка шетіне жағалай қойып шығасыз. Бетіне балшық, немесе құм сеуіп қойсаңыз, қатып кетеді... Бұл салат өте арзан, әрі дәмді болып шыға келеді. Мұндай әлемде жоқ «Жемқор» салатын тек Қазақстан жемқорлары жейтінін ескертемін. 

«Жемқор» салатына авторлық құқығым қорғалған. Егер жейтін болсаңыздар, маған сілтеме жасап барып, жеңіздер, мырзалар мен ханымдар!


АЯҒЫҢДЫ СЫНДЫРАМЫН!

Шынымен, ұшақтар құлайтын жер қарастыруымыз керек! Үкімет жерді жесірлерге емес, жетімдерге емес, жайынауыз алпауыттарға, шетелдіктерге сата бергенше, ат шаптырым арнайы жерді сәл-пәл қазып, ішіне мақта толтырып тастасын, ұшақтың шассиі істен шықса, сол мамық жерге бағыт алып, құлай кетсін. Былқ ете қалады. Сосын бар ғой, мен таң қаламын. Сол шассиі құрғырды айтамын да... Ұшақтар доңғалақтарын бауырына жасырмай-ақ, сорайтып ұша берсе, көз тийіп кете ме, не? 

Адамдар да жүр ғой, аяқтарын қолтығына жасырмай-ақ! Жақында «Бек-Эйр» ұшағының шассиі ашылмай қалды емес пе? Сөйтіп, тұмсығымен жер сүйіп қонғанын білесіздер... Сол ұшақтың ішінде мен де бар едім. Стюардесса қыз жыламсырап шығып: «Ұшақтың алдыңғы доңғалақтары «жұмысқа келмей» қалды. Сондықтан, тоңқайып қонамыз. Сабырларыңызды сағыздай шайнамай, тышып қойған баладай тыныш отырыңыздар!»деді. Дереу әйеліме ұялы телефоныммен хабарластым. Сабыр сақтап, даусым бір қалыпты шықты.

–Қатын, жағдай қалай? Мені сағынған жоқсың ба? Енді өмір бойы сағынасың... Қырқымбайлар құдалығын қашан өткізейін деп жатыр екен? Итке тамақ бердің бе? Айтпақшы, базарға барып, лепшік сатып аламын деп едің, сатып алдың ба? Көңіл күйіңе көлеңке түскен жоқ па? Күн шығып тұр ма? Жарық дүние жақсы ғой... жарық дүниеге не жетсін! Қараңғы дүние әзірге керек емес. Айтпақшы, мен ұшақта келе жатырмын. Құдай қаласа, шашылып қаламыз ба деп.. Өртенеміз бе деген үмітіміз де бар...

–Әй, не деп кеттің сен? –деп сұрады әйелім түкке түсінбестен, –шашылып қаламызың не?

–Жәй әшейін, бүгін менің соңғы күнім бе деп отырмын.

–Ауырып отырсың ба ұшақта?

–Ұшақтың шассиі шықпай қалды! –дедім мен. Сонда да барынша байсалды сөйлеуге, «қуанышты» көңіл күйімді жеткізуге тырыстым. «Паника» жасағанда да аман қалмаймын ғой...

–Құдайым-ай, бағаналы бері құдалықты сұрағанша, осы жағдайды айтпайсың ба? Қашан өлесіңдер?

–Ұшақ тұмсығымен қонып, сырғанап келеміз. Құдай қаласа...

–Қатты қорқа берме. Алдын-ала өлгеннің несі жақсы, жұртпен бірге өлген тоймен тең... Өзіңді қай жерге жерлейік? Әкеңнің қасына ма?

–Шешемнің қасына.

–Қорықпа жаным. Ер жігіттің басына нелер келмейді.

–Қорқып отырған жоқпын.Тізелерімнің дірілдегені болмаса.

–Талай ұшақ апатқа ұшырап жатыр ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ.

–Жаным, көңілімді көтергеніңе рахмет. Мен өлген соң, басқа біреуге күйеуге тиіп кететін шығарсың?

–Рұхсат бересің бе?

–Берейін.

–Берсең, «сообщение» жазып жібер, «Байға ти, рұхсат!» деп. Мен сол «сообщениені» қайнағаларыма көрсетпесем, сене қоймас. Анау ұшқыштарың бар ғой, адам емес екен!

–Е?

–Әй, шассиі шықпай қалса, екі ер жолаушыны сыртқа шығармайды ма? Олар ұшақтың қанаты арқылы өрмелеп, шықпаған доңғалақтардың орнына қаздиып тұра қалмайды ма? Сөйтіп, жүгіре жөнелмейді ме?...

–Сен де айтады екенсің! Қатын...

–Әу?

–Мен өлмейтін болдым. Ұшақ тұмсығымен аман-есен қонды. Ура-а-а! Мен уже қара жерді құшақтап, асфальтті сүйіп жатырмын!

–Жаным, жаңағының бәрін ойнап айтамын... Мен де сенің суретіңді сүйіп жатырмын!

Үйге қарай құстай ұштым! Ойнағанды көрсетейін мен оған! Шасси аяғыңды сындырамын! Көрсетемін!


ОЙБАЙ, ОТЫРМАҢДАР!

Құйрығымды құрметтеп, мен де алтын жалатылған унитаз сатып алдым! Ал, керек болса! Шіріген байлардың бәрі жаппай сатып алып жатқанда, «шірімеген» мен кедейің қаламын ба? Несие алдым да, 400 мың теңгеге сатып ала қойдым! Ал, керек болса! Күйген дүние күйіп кетсінші! Аш отырған балаларым бір мезгіл алтынға да отырып көрсінші! Алтынның не екенін білсінші! Мен де бір мақтанайыншы...

Біздің көп қабатты үйде алтын унитазға қарық болған мен ғана шығар? Несие төлеген сайын, қабырғаларым қайысып, «настронием» майысып, алтын унитаздың үстінде отырғаным сол... ойланып... Нем бар-ей, дарақы байларға ілесемін деп?... Енді міне, бұл дәрет сындыратын пәлені не бөліп жей алмайсың, алған өзім, күңкілдеген әйеліме бірдеңе дей алмайсың... Біздің қазақ дүние жарыстан дүние жүзінде бірінші орын алатын шығар? Дағдарысыңа далақтап, екі көзі алақтап, пысқырып қарамайды да! Бір айлыққа қарап отырған мен пақырың күнде алтын унитазымды құшақтай алып, ернеуінен сипап қоямын... 

Енді бұл унитазды пайдаланбайтын да болдық! Сантехник шақырып, қасына ескісін жалғап қойдырдым. Алыстан ағайыным келді бір күні. Ет жеп болғаннан кейін қарасам, туысым Ташкенге кетіп қалғандай жоқ! Жүрегім зу ете қалды! Дәретханамды тықылдатсам, ашпайды.

–Ойба-ай, отырма! –дедім мен айқайлап. Әйелімнің де дегбірі кетті.

–Отырған жоқпын.

–Не істеп тұрсың?

– Ойланып тұрмын, қайсысына отырайын деп.

–Ескісіне отыр, ойбай!

–Анаған ше?

–Болмайды! Алтын жалатылған жалғыз бұйымымыз ғой! Ескіріп қалады!

Туысым тәлтіректеп шықты. Шамасы, маған өкпелесе керек. Келесі күні нағашым келді. Қарасам, ол да жоқ! Зәрем қалмады.

–Нағашы, не істеп отырсыз?

–Туалетте торт жеп отырмайтын шығар? Не болды, жиен?

–Ойбай, отырмаңыз!

Осы сөзды қатты бақырып айтсам керек, нағашым дәретханаға террористер жарылғыш зат орнатып кетті деп ойлады ма, атып шықты. Шалбары тізесіне түсіп кеткен.

–Бомба жарылады ма, не? –деп сұрады ол.

–Алтын жарылады, алтын! Алтын унитазға тек байлар ғана отырады, ал, біз кімбіз? Алтын унитаз біздің теңіміз бе?

–Онда неге сатып алдың?

–«Быдруг» байып кетсем ше? Алдын-ала несиеге алдым.

Содан нағашым да өкпелеп кетті. Ауылына барған соң, үйінің жанындағы шифрдан қоршай салған дәретханасында отырып алып, мені әбден сыбапты! Бір күні гәптестерімді қонаққа шақырдым. Күні бойы: «Ойбай, отырмаңдар!» деп айтумен болдым. Айта-айта, аузым да ауырып кетті тегі. Құдайым-ай, бүйткен алтын унитазы құрысын! Ұрылар да ұрлап кетпейді екен! Көзіме әзірейілдей көрінеді де тұрады! Бекер сатып алыппын! Одан да кітап жинасам ғой! Сосын унитазымның үстіне ақ парақ жабыстырып, оған былай жазып қойдым: «Ассалаумағалейкум, ағайын! Алтын унитазға отыруға болмайды! Бір жеріңізге жара шығады...» деп жаза салдым. Ал, керек болса...

Мұхтар Шерім. Кетіп қалыпты
Танымал болудың қандай көлеңкелі жақтары бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу