«Бүйі қаптаған жаз»: Ғалымбек Елубай

Oinet.kz 08-01-2024 3726

97-ші жылдың жазында аяқ асты Серілік таудың етегін қоныс қылған Көктерек ауылын үлкені қойдың құмалағындай қара бүйі жайлап кетті. Жазда тау бауырына тығыла, қараша кигіз үйлерімен аз ғана қараң-құраңын сауын қылып, қыстық тоқал тамдарынан қозыкөш ұзап отыратын ауыл ала тайдай бүлінді. Бүйісі құрғыр осы екі қоныстың арасындағы жусанды жазыққа шеп құрып, шерулеп, іргесі күн ұзаған сайын кеңейе түсті.

Screenshot_11.jpg

Келімсек жәндіктер әрбір жусанның түбін сәл үңгиді де өзіне шақ торын төңкере тоқып, атылар сәтін күткен қорғасын оқтай бекініп жатады. Әуелі жазықтағы құрт-құмырсқа, шегірткенің тұқымы құрыды. Үш шақырым жердегі ауыл орталығынан теміратпен (велосипедті солай атайтын едік) тыртыңдап оқитын ауыл балалары басында олардың ініне ши жүгіртіп немесе құрбандық шегіртке тастап, олардың тарпа бас салғанын қызықтап жүрдік. Бұл ойынымыз ауылымыздағы Әутайды бүйі шағып алғанға дейін ғана жалғасты.

Қыр адамдары әдетте бүйі жәндігінен қатты сақтанады. «Бір бүйінің тигені жеті жыланның шаққанымен бірдей» деп жатады. Қырық бір бүйіні бір ыдысқа салып, қырық бір күннен кейін ашқанда бірін бірі жеп, соңында қалған жалғыз бүйінің уы әлемде теңдесі жоқ заһарға айналса керек. Оны қас қылған адамдарының үзеңгісіне, тізгіннің қол ұстайтын жеріне  жақса, үйіне жеткенше ат жалын құшады деген аңыз да бар-ды. 

Егер ең қайратты шаруа есептелетін Әутайдың ауылымыздағы жалғыз дәрігер Дәлей ағаның емханасындағы азабын көзбен көрмегенде ойынымыз жалғаса берер ме еді кім білген?!

«Әутай тұла бойын жайлаған удан жарым денесі қарайып, заһар кіндік тұсына келіпті» десіп жатты үлкендер. 

«Оның зар илеген даусынан жаздық үйдің дөдегесіндегі аяқтары қылмен маталған, қанаттанбаған қарлығаш балапандары құлап жатыпты» деді біреулер. Жаны мұрнының ұшына келген Әутай шағын бөлмені шыр айналып:

-Айналайын, Жаратқан! Бүйтіп азаптағанша шыбын жанымды кеудемнен кекіліктей ұшыра көр!- дейтін болса керек.

Ақыры емге мұрса бермеген Әутай сорлыны төсекке байлатқан Дәкең төсектің төрт сирағын темір қазықпен жерге сіңіріпті. 

Ауыл дәрігерінің сабалап салған уколынан ба әлде шынында су ішерлігі барма? Бүйі заһары жүрекке жетпей, ажалына сынық сүйем қалған Әутай аман қалды. 

Бүйі оны жаздық шұлығының ішінен шаққан. Аңғал шаруа әуелі жыбыр еткен жәндікті шұлық сырты мытып қалса керек. Ашулы жәндік бір шым еткізген, шаруа екінші мәрте мытыған, екінші реткі шым еткізуден кейін тыншыған. Әутай атын ерттеп мініп, енді жүре бергенде  серейіп құлаған. Жанына ойбайлап жетіп келген әйеліне: 

-Aяғым! Деуге ғана әлі келсе керек

Екінші құрбандық біздің жаздық көршіміз Каскей есімді бала еді. Оны көрпе ішінен шақты.

Сосын үшінші ...төртінші ...

Бүйі тигендердің ортақ бір ерекшелігі болды. Олар жасына, денсаулығына қарамастан, денесіне у жайылған сәттен бастап май сұрайтын еді. Май болғанда қойдың құйрық майы. Олар еріген сұйық майды бейне шілдеде шаңырқап кеп суатқа түскен бұғылардай сүйсіне жұтқанда, қарап тұрған адамның жүрегі лобитын еді. Тоймайтын. «Бере бер!» деп зарлайтын. 

Үркердей ауыл үрпердей болды. Сақтанудың түрлі шаралары жасалып жатты. Біреулер бұлақ суын бұрып әкеліп, үйлерін айналдыра ағызып қойды. Екіншісі айнала ақ сеуіп жатты. Енді біреулер үйлерін қоралап, қой көгендеп тастады. Себебі қой жарықтық бүйі көрсе, тұра қалып тарпиды да, лезде тіліне орап жұта салар еді. Ол қой күзге жетпей таңы айырыла семірер еді. «Іш құртынан арылады» дейтін қойшылар. Бірақ бұл жоралғы мынау шақырылмаған қонаққа жүрмейтін болып шықты. Қой момынның алдына бұл жәндікті тастар болсаң, анау-мынауға селт етпейтін шопан ата тұқымы бесті асаудай пысқырып қашатын еді. Каскейді қоралы қойдың ортасындағы үйінен шақты. 

Сонымен біз ауыл балалары мектептен қайтар жолда балақ-жеңімізді буып, тастүйін шүперек сауытпен жүретін болдық. 

Үйде әр күні бір ересек адам түні бойы керосин шам жағып, түнгі күзетте отыратын, кезектесіп ұйықтайтын еді. Шам жарығында кереге басы, уық қары, түңлік асты, жабық жапсарынан арбаңдап, көлеңкесі зорайып шыға келетін жауызды аңдитын-ды. 

Ауыл дүрлігіп жатқанда әкімдік мыңқ еткен жоқ. Әшейінде шегірткемен күресіп жататын коммунистік үкімет мұны ауылды бит басып кеткендей қаперіне ілмеді.

Қорқыныш пен үрей жаздың бастапқы екі айында сейілмеді. Алтайдың бір аңғарын жайлаған ауыл екі ай бойына көрер таңды көзімен атырып, түсте түс көріп жүріп тірлігін жасады. Ауыр еңбекпен ұйқысыздық қажытқан әкелер жағына пышақ жанығандай азды. Енді үйленген отауы өрт жігіттер өз төсегінен үрейленіп жүрді. 

Кемпірін құдайдың құтты күні сабайтын Қабдұл қарт өмірінде бірінші рет кемпірінің кәрі тулақтай шытынаған жүзінен сүйіп, «Сүйіктім, қош бол! Саған көтерген қолым тозақ отына күйсін» деп қоштаспты. Іле оны шаққан ара екені мәлім боп, қолына шикі айран жағып құтылды. 

Шілденің соңын ала үш күн жауған толассыз нөсерден кейін басқыншы жәндіктер ұшты- күйлі ғайып болды.

Ал ауыл адамдарының арасында шешімі жоқ жалғыз сауал қалды:

- Бүйі қайдан келді?

-Қайда кетті?

Бір білгіштер айтып жүрді:

- Самолетпен арнайы шашқан екен...

- Ауып келіпті...

Шын ғажабын ешкім білген жоқ. Тек көзіміз көргені бүйі шағып аман қалғандары жардай болып семіріп кетіп жатты...

«Маған құдай атағын да, шатағын да аямапты, бірақ мені түсінетін қатын бермепті»: Бауыржан Момышұлы
«Әлмерек Жаншықұлы және оның өнегесі» атты жыр мүшәйрасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу