Туындыларымен танылған Тіленшина

Oinet.kz 21-09-2023 310

«Әріп-әліп» деп аталатын мектепке дейінгі және бастауыш класс балаларына арнап жазған әдістемелік құралымен танысып, Баянның қазақ методикасына өзіндік талғамымен келіп қосылған талантты педагог-әдіскер екеніне шүбә келтірмедім.

Screenshot_32.jpg

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісіндегі креативтілікті, коммуникативтілікті. Сын тұрғысынан ойлауды және командада жұмыс істей білуге назар аудару қажет» -деді.

Білім беру ісіндегі бұл модель креативтілікті қазақшалағаныңызда жасампаздық деген мағына. Яғни, шығармашылық жолмен белгілі бір нәрсеге қол жеткізу. Ал, коммуникативтілік-баланың өз құрдастары және үлкендермен қарым-қатынас жасау деңгейін көтеруді көздейді.

Бұдан шықты, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тілін дамыту, жетілдіру мәселесі қойылып отыр.

Тіл дамыту жұмысы-аса күрделі процесс. Бала тілін дамытуда басты назар аударылатыны-олардың орындаған жаттығуларының мазмұндылығы, жүйелілігі, анықтығы, мәнерлілігі, түрлене алушылығы және грамматикалық қатесіздігі. Тіл дамыту- ойдың жұмысына негізделіп, ойлауды іске асырады.

Әдіскер-педагог Баян Керімқызы «Әріп-Әліп» атты әдістемелік құралында жоғарыда келтірілген мәселелер жөнінде кеңінен толғанады. Әсіресе тіліміздің шұбарланбауын, өз мағынасында қолдануын талап етеді. «Тіл сұлу нақ күйінде» өлеңінде:

«Челек» емес, шелек де.

Сөзді салма әлекке...

Ұна мейлі, ұнама,

Қазақ тілін бұрама!

Сен жыраға құлама!

...Сүйінбесең, сүйінбе!

Өмір сүрмес арыстан,

Түлкілердің үйінде,

Тіл сұлу нақ күйінде -дейді.

Егер бала сөйлеуге мұқтажданса, оны сөйлеуге итермелейтін түрткі (мотив) туса, тіл дамыту жұмысында ойдағыдай нәтижеге жеткеніміз.

Ұсынылып отырған әдістемелік құралдан мысал келтірер болсақ:

Алма, анар, ананас,

Алмағаным жарамас.

Қауын, қарбыз, әңгелек,

Келші маған...

Көп нүктенің орнына қажетті, мағынаға сай сөзді (дөңгелеп) табуы тиіс. Кітапшада балалардың сөздік қорын байытуға, логикалық ойлау процесін дамытуға арналған мұндай жаттығулар көптеп табылады.

Әдіскер-педагогтің бала тілінің көркемденіп, байланыстыра сөйлеуін қалыптастыру, олардың сөз тіркестерін құру, сөйлем құрау шеберліктерін қалыптастыруда ұсынып отырған әдіс-тәсілдері де көңілге қонымды.

Мысалы, «Әріптермен ойын сұрақтары» бөлімінде:

– Егер сенің есімің кім болса?

– Сені қандай кәсіппен айналысар едің?

– Нені армандар едің?

– Қандай жануармен, аң-құспен дос болар едің?

– Сонда сен не істер едің?

– Одан қандай нәтиже шығарар едің?

Әуелі не жөнінде, одан кейін нені айтатынын толық синтездеп, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан сақтандырылады. Ойын дұрыс жеткізуге жаттығады.

Автор өз еңбегінде мынадай мақсаттарды көздейді.

Оқушының ойлау қабілеті мен тілін, дүниетанымын дамыту, әр нәрсені салыстыру нәтижеде өз беттерінше қорытынды шығара білуге үйрету.

Оқушыларға қазақ әдеби тіл нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс жеткізе алатындай дағдылар қалыптастыру.

Оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, көркем де нәзік сөз байлығын құрметтей білуге тәрбиелеу.

Мысалы, «Д әрпімен ойын» әдісін келтірейік. Мұғалім оқушыларға мынадай сұрақтар қояды:

– Сенің есімің кім?

– Домбыра не үшін қажет?

– Өскенде кім боласың?

– Өскенде Президент болсаң қандай мемлекет құрар ең?

– Туған елің неге айналар еді?

Берілген сұрақтарға оқушы тек «д» әріпті сөздермен жауап беруі тиіс. Оқушы Д-ның жауабы:

– Менің атым Даяна.

– Домбырамен ду-дулатып ән саламын.

– Дұрыс-қатеге үкім айтатын датқа боламын.

– «Динозаврларды» бағындырып, елімді дәулеттендіріп, дарынды да дана «Достық» мемлекетін құрар едім.

– Тіршілік дүниесі жұмаққа айналар еді.

Көріп отырғандай оқушы берілген сұрақтарға тұщымды жауап берген. Ең бастысы, дедуктивті ой-қорытындысын (... дарынды да дана «Достық» мемлекетін құрар едім. Тіршілік дүниесі жұмаққа айналар еді) дұрыс жасаған.

Әдіскер-педагог Баян Тіленшинаның «Әріп-әліп» атты еңбегі арқылы жеткіншек ұрпаққа ұсынар басты тәлімі осы болатын.

Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанының бірі-мақал-мәтелдер. Қиыннан қиыстырылған көркем сөз туындыларымен балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу құралы.

Тәрбие тетігін терең түсінген Баян Керімқызының талданып отырған кітабында балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты қабылдауына жеңіл, тілге жатық, көркемдігі жоғары мақал-мәтелдер көптеп кездеседі.

Мысалы, «Табалдырықтан биік тау жоқ, таудан биік тұлға жоқ», «Тәртіпті қайшы ою ояр», «Тәртіпсіз қайшы ою жояр», т.б.

Жұмбақ – халық ауыз әдебиетінде шешушінің тапқырлығын сынайтын жанр. «Жұмбақ-жақсы жымдасқан метафора» деген заманында Аристотель. Жұмбақтың жас жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру, көркемдік ойды ұштау, дүниені тану жағынан теңдесі жоқ тәрбие құралы. Жас баланың тілі мен ойын дамыту мақсатында әр сабақ сайын өтілетін материалға байланысты жұмбақ жасырып не жұмбақ түзгізіп отырудың маңызы зор: қиыннан қиыстырған жұмбақтар жүйелі ойлауға, ойын дұрыс құруға, құбылыстарды терең танып-білуге жаттықтырады.

(Әріп-әліп» жұмбақтарды шебер пайдаланған. Мысалы, «Тасты тескен төрт аяқ, бір басы бар, Жай жүргенмен үш ғасыр құрдасы бар» (Тасбақа). «Көзі тостақ, қанаты бар. Үй соғатын санаты бар», «Гүл нәрін сорады, Ұясы балға толады». (Ара).

Баян Керімқызының аталмыш әдістемелік құралында жаңылтпаштарға көп орын бөлген. Жаңылтпаштар баланың тілін ұштай түсіп, оның кекештенбей, тұтықпай, еркін де жатық, қысылмай сөйлеуіне көмектеседі. Әсіресе, сөз мағынасын түсінуіне, ес процесінің қалыптасуына игі әсер ететіні белгілі. Мысалы, «Жандар, Қамбар, Заңғар тыңда, сөзді аңғар», «Екі екі төрт екен, Елік, ешкі бөрте екен», «Бір бала, бір бала, орындықты ырғама. Ұстаз тәлім беріп тұр. Сол қазына. Құр қалма».

Әдіскер педагог Баян Тіленшинаның «Әріп-әліп» еңбегін зерделей отырып тұжырымдағанда балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш класс оқушыларының тілін, ақыл-ойын дамыту барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренулері тиіс екендігін сөз етеді.

Атап айтқанда:

Қабылдаған таныс заттары мен құбылыстарды бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге келтіре алу дағдысы. Мысалы, «Ысқылаймыз алақан, Ыстықтаймыз балақан. Ыстық күнде шөлдейді, Адам, ағаш балапан» дейді де: «Адам, ағаш балапаннның ортақ несі бар? деп сұрақ қояды. Балалар күллі тіршілікке ортақ су екендігін түсінеді.

Құбылыстар мен заттардың суреттерін көрсетіп, бір сөзбен қалай атауға болатынын сұрау. Мысалы, «Сиыр, қой, жылқы, түйе. Алма, алмұрт, өрік, шабдалыны балалар бұл заттардың арасындағы мәнді ұқсастықтар. «Неге бұар жемістерге жатады? деген сұраққа ойлана отырып, дәлелдер келтіреді. Ал дәлелдеу-танудың төте жолы.

Көрсетілген белгілері арқылы заттарды тану, атау. Мысалы, «сырты жасыл қатты. Іші қызыл, тәтті, Дәндері бар мың сан, Жесең сусын-нақты». Бұл не? «Қарбыз».

«Көрсетілген заттардың артығын шығарып таста» әдісі де ойлау процесін дамытуға арналған. Мысалы, алма, алмұрт, доп, банан, жүзімнің артығы-«доп». Бұл ойлау процесінің бала ақыл-ойын дамытудың ең құнды әдіс-тәсілі екенін психолог ғалымдар дәледеген.

Балалардың байқағыштық, ойлау қасиеттері заттар мен құбылыстарды бір-бірімен салыстыра талдап, оның негізінде өз бетінше ой қорытындысын (индукция, дедукция және анология) жасауға жаттықтыру. Мысалы, инеліктің суретін көрсетіп, тікұшаққа ұқсайтынын таптырады.

Бүгінгі таңдағы балабақша мен мектеп алдында тұрған ең маңызды міндет-балалардың жас шағынан бастап өз бетінше ойлау, қиялдау қабілетін қалыптастыру,творчестволық белсенділігін арттыру болып табылады.

Біз талдап отырған әдістемелік құралда бұл мәселеге де баса көңіл бөлінген. Мысалы, «Не болады?» деген тақырыпта келтірілген жаттығу соның дәлелі.

Найзағайдан соң (не болады?)....................

– «Қайырлы түн» хабарынан соң

...............

– Жапырақтар сарғайған соң

......................

– Тұзды теңіз суын ішкен соң.....................

– Сабаққа дайындалмаған соң

....................

– Білімсіз бала болған соң...........................

Міне, осындай жаттығулар жас жеткіншектердің ойлау мен сөйлеу, қиялдау мен армандау сияқты дағдыларына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйретері сөзсіз.

Біздің бұл келтіргеніміз, санамызға түйгеніміз, зерделі де зерек, айтары мол, тәжірибелі әдіскер-педагогтың осынау әдстемелік құралының бір бөлігі ғана. Кітаптағы жас жеткіншектердің өресіне сай жазылған ертегілер мен балалардың эстетикалық сезімін дамытатын, патриоттық рухын көтеретін, көркемдік танымын арттыратын, автордың өзіндік әсем әндері қаншама! Көлемі шағын мақала мақалаға мұның бәрін сыйдыру мүмкін емес.

«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп жидебайлық данышпан айтқандай, бұл білім беру ісінің қазақстандық моделі.

Соңында қалдырған ізің кейінгілердің кәдесіне асса, ең ұлы парызыңды өтей білгенің. Ал, із-түссіз өту – өмірге келмегенмен бірдей. Өйткені, із барда-құрмет, құрмет барда-ризашылық, ризашылық барда – мейірім мен махаббат бар.

Ұлт көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай: «Ұлт зиялыларының қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деген болатын.

Сіз, Баян Керімқызы, сан-салалы шығармашылығыңыз жайлы айтпағанда, дәл осы «Әріп-әліп» атты еңбегіңізбен-ақ ұлтымыздың зиялылары қатарынан ойып тұрып орын алатыныңызға күмән келтірмеймін. Ұрпағымыздың рухын шыңдайтын, таным процестерін көтеретін, ұлтымыздың тілін, ділін, дінін құрметтеуге тәрбиелейтін тағы осындай соны туындылар жаза беруіңізге тілектеспін». 

Халықаралық гуманитарлы-техникалық университеттің профессоры Бегман Ысқақ жазушы Баян Тіленшина туралы осылай пікір қалдырыпты. Педагог ретінде «Әріп-әліп» атты еңбегі арқылы танылған Баян Тіленшинаның ақындық, жазушылық қыры да көпке кеңінен танымал. Поэзияны да, прозаны да қатар алып жүрген Керімқызының  «Ғибрат» романы-тарихи деректерге негізделген көркем шығарма. Рухы мықты білімділік санаттың білімсіз тобырлық құрсауды бұзып, тас-талқанын шығарған ерліктің символы десек те артық емес. Берері мол, тәлімді шығарма. Сондай-ақ, «Тамыр» жинағы бабалар қасиетіне тағзым, Ғұмар Қараштай баба ісіне, Керімдей әке ісін үлгі етіп, олар жаққан алаудың өшпейтініне, келешекте де жалғасын табарына сенім артады. Осындай тәрбиелік маңызы зор еңбектерді өмірге әкелген Тіленшинаға толағай табыстар тілейміз.

Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған азамат
Қазығұрттың Қабылбегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу