Жұлдыздай жарқыраған журналист
Журналист-баспагер, жазушы Байтасов Төрегелді Серікбайұлы 1955 жылы 12-маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы «Төрткүл» ауданында туған. Жастайынан нағашы әжесінің қолында өседі.
Бастауыш сыныптарда жүріп-ақ ауыл қарияларына батырлар жырын жатқа оқиды. Мектеп қабырғасында өлеңмен әуестеніп, алғырлығымен, дарындылығымен ерекшеленді.
Әкесі – Серікбай, Шаян аудандық сауда ұжымын басқарған, соғыс ардагері. Анасы – Күләйшә, он баланың шешесі, оңтүстік аймағына белгілі Тасжан бидің ұрпағы.
Төрегелді Байтасов 1972 жылы Бәйдібек ауданындағы «Бөген» орта мектебін үздік бітіріп, бала кезгі арманы жетелеп, қасиетті қара шаңырақ – ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, оны 1977 жылы аяқтады.
Шығармашылық қызметін 1977 жылы Алғабас ауданы комсомол комитетінң ұйымдастыру бөлімінде нұсаушы болып бастаған.
Ал, 1979 жылы қараша айында Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадио комитетіне тілші болып келеді.
1980 жылдан бастап «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істейді. Мұнда әуелі «Еңбекші хаттар» бөлімінде, кейін «Мәдениет және әдебиет» бөлімінде тілші, аға тілші, одан «Еңбекші хаттар» бөлімінің меңгерушісі болды.
1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Сан түрлі салаларда қалам тербеді. Оның ішінде театр сынына қатысты Сахнада – «Көтерілген тың», «Жесірлер», «Он үшінші председатель» (Новосибирс театры жайлы), «Аяқталмай қалған ән», «Құрмаштың жиені» (актер О.Рахимов», «Сергелден болған серілер», «Асқақ арман самғауы» (Қазақ ССР-ң халық артисі А.Қалмырзаев(, «Қос өрім» (театр актрисалары Г.Қылышбаев, Ә.Қарабекова), «Бәріңе, бәріңе» (КПСС XXVII съезіне арналған спектакль), «Тамыры терең талант» (Қазақ ССР-ң халық артисі С.Оразбеков хақында), «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» (Қазақ мемлекеттік Жастар және балалар театры) деген тақырыптармен талдау жасаған.
Әдеби сын мақалалары «Өлең өрісі өтінішпен өсер ме?», «Күн сәулелі туған жер» (жазушы С.Бақбергенов «Қазығұрттың басына кеме қалған» кітабы), «Бәрі де шындық» (Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығарма), «Сыршыл суреткер» (жазушы Тұтқабай Иманбеков), «Жүрдек поезд» (Қ.Түменбайдың «Қайың сапты кетпен» кітабы) т.б газет бетінде жиі жарияланып тұрды.
Журналист-баспагер 1998 жылдың ақпанынан бастап, қоғамдық-саяси, тәуелсіз «НАРТӘУЕКЕЛ» газетін жарыққа шығарды. Бас редакторы өзі болды-дағы, редакцияда Ш.Әбішев, Ж.Кеттебек, Ш.Орынбай, Р.Артықбаев сынды ойы ұшқыр, жүйрік журналисттер болды. 3000 данамен шығарып тұрған аталмыш газет өз заманында келелі мәселелерді көтере білді, оның шешімін табуға тырысты, сол ауыр да қиын кезеңдердің айнасы іспеттес болды, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-тұрмыстық ахуалды ашық та терең, ащы да өткір жазған батыл қадамдармен оқырман көзайымына айналды. Басылым «Нарық торабы», «Саясат-көзқарас», «Әдебиет әлемі» «Сын садағы. Ой-пікір», «Сатира. Әзіл-оспақ», «Дін мұсылман жолында», «Таным. Тағлым» атты айдарлар төңірегінде уытты, құнды, зілді материалдар жариялап тұрды.
Айқара бетінде жұртты толғандырып жүрген, көкейтесті тақырыптар көрініс тапты. Мысалыға, «Бүйірі тесік бюджет», «Дауасы жоқ дағдарыс», «Несиенің иесі кімдер?», «Жанар май бағасы жанып барады», «Бізде қандай капитализм?», «Капитализмнің кегі», «Бізге жарымайтын етікші», «Биліктің беті бері бұрылды ма?» т.б толғауы тоқсан тақырыптар...
Ал, 1990 жылы Төрекелді Орталық Азия және Қазақстан Республикасы көлемінде тұңғыш рет тәуелсіз, әдеби-көркем, қоғамдық, тарихи-танымды «Жібек Жолы» журналын ашқан болатын. Бұл қазақ журналистикасында, қазақ баспасөзінде үлкен жаңалық болатын. Байтұрсыновтың бастауымен аталмыш журнал көптеген мәселені көтерді, журнал ел зиялыларына мектеп болды, республика бойынша таралып, көрші Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия тіпті Германия, Швеция, АҚШ, Франциядағы қандастарымызға тарады, сол кезенде журнал мұқабасында (басқаның батылы бара бермейтін) Абылай, Кенесары, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Қабанбай – Бауыржан би-батырларымыздың, зиялыларымыздың бейнелері көрініс тауып жатты.
Журнал 1990-1998 жылдар аралығында заман қыспағына қарамастан шығып тұрды. 2 айда 1 рет шығып, таралымы 20000 дана болды. Өзгелер тұрмыстың жайымен өлместің күнін ойлап жүргенінде, Төрекелді Байтасов бар күш-жігерін қазақтың санасын оятуға жұмсады.
Дүние жүзі қазақтарының 1 құрылтайына делегат болды. Сол құрылтайға «Жібек жолы» журналының арнайы мерейтойлық санын жарыққа шығарып, қалың жұртқа тарту етті.
Журналдың бас редакторы Т.Байтасов 1991 жылы «Жібек жолы» бойынша жүріп өткен ЮНЕСКО-ның экспедициясына қатысты. 1992 жылы 5-9 қазан күндері БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның бастауымен Алматыда Азияның тәуелсіз және плюралистік ақпарат құралдарын дамытуға ықпал ету жөніндегі семинар болып өтті. Азияның 38 елінен журналисттер қатысқан семинар қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде өтті. Ал сол кезде Қазақстандағы тәуелсіз, этномәдени бағыттағы қоғамдық, әдеби-көркем, ғылыми-техникалық басылым жалғыз – «Жібек жолы» журналы болатын. Журнал атынан бас редактор Төрегелді Байтасов сөз сөйледі.
1993 жылы Т.Байтасов оңтүстік өңірінің алғашқысы болып журналмен аттас «Жібек жолы» баспасын құрды. Баспа президенті ретінде 500-ден астам кітаптар шығарды. Баспа облыста тұңғыш рет орыс, өзбек, түрік, араб, ағылшын тілдерінде кітап шығара бастады.
2002 жылы «Ғасыр-Ш» баспасынан жазушы, «Жібек жолы» журналының уығын шаншысқан бас редактордың орынбасары болған Шойбек Орынбай кітап етіп шығарды. Сөйтіп «Ұйқы ашқан ойлар» деген атпен Төрекелдінің ой-толғау, нақыл сөздері басылды.
Бұл жинақта Төрекелдінің түйгендері, көрген-білгендері, ой айшықтары, ақыл-нақылдары басылған.
2005 жылы студент шағында жазылған әңгіме-новеллары жинақ болып, «Көктөбе сағымдары» атты кітабы М.Байғұттың алғы сөзімен «Кітап» баспасынан жарық көрді. Студент шағында жазған әңгіме-новеллалары, өлеңдері осы жинақта басылған. «Ақылес, оның апасы және басқалар», «Апасының баласы», «Байғазы», «Қарлығаш хикаясы», «Мейірім», «Пейіл», «Әлпеш»», «Табайдың келіні», «Киіз басу», «Кластастар», «Құлыным менің», «Ел суреттері», «Құрымбайдың хикаялары», «Оттай ыстық өмір», Жаңа жыл кешінде», «Жаңылысу», Сыйлық», «Рәстірет», Шыбындардың өкпесі», «Жарыма жазған жырлардан» атты т.б. шығармалар жинақталған.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы Әкім Ысқақ досы Төрегелді туралы былайша толғаныпты:
«Төрегелді Байтасов! Мен үшін жаныма жақын, көңіліме ыстық есім бұл! Қайта келмейтін, жарқ етіп өткен мынау жалғанда адами ізін қалыптастырып, өрнектей білді. Атқарған жалынды ісімен де, шығармашылық дүниесімен де артына өлмес мұра қалдырды.
Төрегелді болмыс-бітімі бөлек, жан дүниесі бай, өзі ақкөңіл баладай болатын. Өзім деген жанға әрдайым құшағы ашық, құрметті де ерекше еді. Турашылдықты, тазалықты, ізгілікті өмірінің ережесіне айналдырды. Екеуміз алғаш рет танысқанда мен студент едім. Ал, ол мен үшін үлкен өмір мектебіне айналған «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің хаттар бөлімінде жұмыс істейді. Бірде бір шаруамен сол бөлімге кіргенімде жүзі жылы, жанары мейірімге толы бір жігіт отыр екен. Бұрын мұнда келіп жүріп көрген емеспін. Атын ұмытып қалдым, хатты тіркеуші сондағы апай біздерді таныстырды. Бір көргеннен-ақ жайдары мінезімен менің мақалаларыма қатысты айтқан сөздері әлі күнге есімде.
• Әкім деген сен екенсің ғой! Сенің жазғандарыңа осындағы ағаларың өткенде жақсы лебіз білдірді, - деп орнынан тұрып амандасты. Мені бұрыннан танитын жандай ағынан ақтарылып сөйлесті.
• Жіберген материалдарыңның бағыты дұрыс. Сықақтарың да өткір екен... Өзінің мұнда келгеніне де көп болмапты. Өзі студенттік шақта Шоқан Уалихановтың суретшілік өнерін зерттегенін сонда есіттім. Бір көргеннен жатсынбай, өзіне туысыңдай тарта сөйлеген жылы жымиысы, адами ықыласы жадымда мәңгі жатталып қалды.
Міне содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Кейін редакцияға бас сұққан сайын Төрегелдіге солай кетпейтін болдым. Осы алғашқы әңгімеден-ақ мен оның әдебиетке деген адалдығын, сыншылдығы мен сыршылдығын байқадым. Сол кездің өзінде Төкең ерекше еңбекқорлығымен, табандылығымен, жазған дүниелермен көзге түсіп, облыстық газеттің мақтанышына айнала білді.
Ол қолына алған істі аяғына дейін тындыратын тиянақтылығымен, асқан жауапкершілігімен танылды. Шаршау дегенді білмейтін сол жанкештілігімен танылды. Шаршау дегенді білмейтін сол жанкештілігінің арқасында елімізге тұңғыш рет «Жібек жолы» атты танымдық, этнографиялық, ұлттық журнал шығарды. Ол тіпті шет елдегі қандастарымызға да таратылды. Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында журналын таныстырып, ойлы ғалымдарды оқырмандыққа, авторлыққа тарта біліп, белгілі қайраткерлерден өзі сұхбат алып жүрді. Шынында да, Төкеңнің қолынан өткен піспеген мақалалар мен өлеңдер ол өңдеген соң әжептеуір жұмырланып, жөнге келіп жататын. Жұмысы өз алдына, оның адамгершілік қыры да керемет еді. Кейде бір жүзің жадырамай, қабағың түсе қалса, соны бірден байқап дем беретін де Төрегелді еді.
Адам басына түскен істің бәріне де көнеді ғой, бірде ойламаған жерден жол апатына ұшырап, ауруханаға түсіп қалдым. Сөйтіп, ем алып жатқан күндерімнің бірінде әдеттегідей жылы жымиып Төкең жетті. Көзімнен күлкі табын көре алмай, бірден «Уайымдама!» деді. Мен де оның мұнысына - Уайымшыл емес екендігімді білесің ғой,- деймін қинала тіл қатып. - Қай кезеңде де сенім ғана адамды алып шығады. Ең бастысы, жоғалтпа сеніміңді! Біле білсең, бұдан да ауыр жағдайды бастан өткердім,- деп еді. Сонда да, достарына деген көңілі дариядай тасыған ол, өз өміріндегі басына түскен қиын жайттарды мысалға келтіріп, босқа алаңдаудың орынсыз екендігін айтып, адал көңілін жасыра алмай, әбігерге түскен.
Өмірінің әр кезеңдерінде оның басынан кешкен жағдайлардың қайсысын болмаса да тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Тереңіне үңілер болсаң әр айтқан сөзінің астары тұнған адамдық, сенім, парыз, борыш, тауқымет. Асықпай мәнерлі де мәнді тарқатқан ойларының астары толған сараланған, таразыланған түйіндер. Бір сөзбен айтқанда, оның көңілге қонымды әңгімесінің барлығы дерлік өзекті өртер өмір шындығымен сабақтасқан ойтолғау еді. Әңгіме үстіндегі жанды жадыратар жылы жымиысы мен жанарындағы күлкі табы адамды бір сергітіп тастайтын. Мен оның осы әңгімелері арқылы өмірге деген құштарлық пен жарық дүниеге деген махаббаттың құдіреттілігіне көз жеткіздім. Басына қандай қиындық түссе де мойымай, әліптің артын бағып әрекет ету керектігін ұғындым. Ертеңгі күніңнің жарқын болатындығына сене білудің маңыздылығын түсіндім. Сонда айтқан мына сөзі: «Шыдамдылығың азаматтығыңды көрсетеді. Осы тағдыр берген сынақты жеңе білуге ұмтылысың, қайсарлығың ғана өлмес шырағыңды жаға түседі. Сен соныңды көрсете біл!» - дегені жадымда әр кез жаңғырып тұрды.
Адалдықты жанына серік етіп, адамдық туын биік ұстаған, жарық жұлдыздай жарқыраған Төрегелдідей азамат ел есінде мәңгіге қала бермек.
Өзің айтқандай, жұлдыздар ұйықтамайды».
Қасында қатар жүрген досы Әкім Ысқақ осылайша Төрегелді Байтасовты жарқыраған жұлдызға теңейді. Ол рас. Жасындай жарқыраған журналистің салған сара жолы мен артында қалған асыл мұрасы, сөздері әлі де өшпеген. Ел айтып жүретін азаматтың ұрпақтары мың жасасын!