Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Жаратқанға жұрт едік жайған қолды,
Басымызға бұл үрей қайдан қонды?
Соңғы кезде, байқасаң, біздің елді,
Қорқытудың түр-түрі пайда болды.
Өзгенікін өзінен зор тұтатын,
Халықпыз ғой тағдыры толқытатын.
Бала күнде біздерді жылап жатсақ,
«Орыс келе жатыр» деп, қорқытатын.
Жүректе бір діріл бар сол тыныстан,
Тіл де кейде күрмелер толқыныстан.
Орыс көрсек әлі де қымсынамыз,
Бала күнгі қап қойған қорқыныштан.
Тектілікпен тәпсірлеп терең арды,
Өткен күннен өсиет, өлең қалды.
Құдай деген жұрт едік. Осы күні,
Қытайменен қорқыту белең алды.
Тастап кеткен әлемге таңбаларын,
Тарихыма үңіліп таң қаламын.
Орыс пенен қытайды жөнге салған,
«Жүректері қайда» – деп, жан бабамның.
Бірлігіміз – білектің күшінде еді,
Намысымыз – найзаның ұшында еді.
Байрағымыз – батырлар мысында еді,
Қаймағымыз – хандардың тұсында еді.
Қытайың да, қалмағың, жоңғарың да,
Кеткен жұрт ғой тарихтың долбарында.
Менің қайсар бабамның сұсы жатыр,
Сол қытайдың әйгілі қорғанында.
Бола ма екен өмірде ізгі майдан,
Бірлігімді бүгін кеп бұзды қайдан?
Қорқытатын біздерді қытай емес,
Қорқу керек тек қана – бір Құдайдан!
Әлібек ШЕГЕБАЙ.