«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
– Тым құрығында темекі шегуді, арақ ішуді үйретіп кеткенің де ғой. Жаңбыр жауғанда аспаннан жаңбыр емес, қорғасын жауып жатқандай болатын сезімдеріммен өзімді темекі шегу арқылы алдаусырататын едім.
Қарашы, анау аялдаманың бұрышында топтасып, айналасын түтіндетіп тұрған қыздарға мен қосыла алмаймын. Өзің айтатын едің, «ішпейтін адам мен ішетін адамның әңгімесі жараспайды» деп. Сен темекі шегуді үйреткеніңде дәл қазір жалғыздықтан дәл бұлай қиналмас едім. Түнгі сағат он екіде кофе емес, арақ ішер едім. Кеш батса бітті түк көрмегендей жетіп келетін, онсызда беймаза көрпе-төсек салып жатып алатын жауабы жоқ сұрақтардан мас болып қашар едім. Сен маған философияны, әлем әдебиетін, тарихты түсінуді үйреткенше неге темекі түтінінен ләззат алуды үйретпедің? Салт-дәстүрді сақтағаннан маған не пайда?
– Саған жақсы ана тауып бергенім аз ба? Басқа қыздар жақсы анаға да зар болып жүр. Нәпсің семірейін деген екен.
– Үнемі осылай, жауаптан жалтарасың. Жақсы ана тауып бергеніңді міндетсінесің. Сол анам жақсы болса, оны тастап, одан бұрын неге көрге кіресің?
– Менен бұрын шешең өлсе, сен және бауырларың қиналар еді. Әкенің жақындығы жездедей-ақ деген. Әкесіз адам емес, анасыз бала нағыз жетім. Сендерді біреудің жетім дегенін қаламадым.
– Эгоистсің, арамысың? Өзіңнің жан тыныштығың үшін өлгеніңді білемін. Құлағым тыныш болсын деп, түк ауырмастан өліп қалғаныңа ішім күйеді.
– Адам жаратылысынан өзімшіл, менмен. Мен адамдарға көп жақсылық жасағандықтан, бар малымды ағайын-туысқа таратып бергендіктен, байлыққа қызықпағандықтан, Құдай менің жанымды ауыртпай, қинамай алған шығар. Біреуге қиянат қылсам, соны өз басымнан өткізбейінше, қиналып, сендерге масыл боп, төсек тартып қайтыс болар едім.
– Басыңнан сөз асырмайсың. «Бетпақ жеңдім дейді, бейшара көндім» дейді. Құдайды араға салғандықтан ғана бұл жолы жеңіле салайын.
– Рас қой, егер сен айтқандай өзімшіл болсам, баяғыда-ақ атақты жазушы болып, өз пікірімді жұрттың бәріне таңып, диктатор боп отырар едім.
– Расында жақсы шығарсың. Бәрі ішкі рухыңа аян.
– Өлген адамға кінә артып қайтесің? Оданда мен өлгенде жаназама жиналғандар не деді, соны айтшы?!
– Бауырларың өтірік жылады. Бәрінің көзіне қарап отырдым. Ешқайсының көзінен бір тамшы жас аққан жоқ.
– Бұлай біреуге күйе жағу үшін, адамның өз қолы күйе болуы керек. Кімнің қолы күйе болса, сол өзгені қаралай алады. Мені сонша жақсы көрсең, менің жаназамда неге өзің жыламадың?
– Өзің тірі кезіңде маған ешқашан біреудің көзінше жылама, біреудің алдында бір тамшы жасың ақпасын. Бәрінің көзіне тіке қара, көзіңді тайдырма, жасқаншақ болса, ешқашан рухың түспесін деп үйреттің емес пе? Сол сөзің үшін үйге адамдар келгенде жыламадым.
– Әйтеуір, басыңнан сөз асырмайсың, ә! Бойы бір метр болса да, тілің екі метр.
– Саған ұқсағанмын ғой.
– Ақылыңнан айналдым, ақылды тентегім! Рухың түспесін! Жұрт «Секеңнің кіші қызы тасжүрек, жалмауыз, қатыгез екен, әкесі өлгенде де жыламады» деп айтқан шығар...
– Айта берсін! Төбемнен шаш шығармай, өсектесе де сыр бермедім. Сенің өліміңнен кейін бір апта өткенде бұзау қамайтын қорада тығылып, жарты сағат жылағанымды ешкім білмейді. Мен де сен секілді тым еркін адаммын. Қалыпқа сыймаймын. Қалыпқа сыю қалыпты мінезден емес. Өзің қалыпқа сыймайтын ер едің, ана дүниеде қабірге қалай сыйып жатсың?
– Менің тәнім ғана қабірде, рухың кеудемнен жаным шыққан сәтте-ақ көкке ұшып кеткен. Сен мені есіңе алғанда ғана жер мен көктің арасына саяхаттап тұрады. Жердегілер мені жиі еске алған сайын рухым бір көтеріліп қалады.
– Ана жақта біз үшін ұялдың ба?
– Иә, Құдай мен артында рухына арнап құран бағыштайтын ешкімі жоқ пақырлардың алдында қатты ұялдым. Сендер мен өлгенде қазан-қазан тамақты ысырып еттіңдер. Құдай ысырапшылдықты ұнатпайды. Сол қылықтарың үшін ұялдым. Бірақ, сен құран оқып, менің күнәларым үшін Құдайдан кешіріп сұрағандықтан ол мені кешірді. Енді бұлай жасамаңдар!
– Жарайды.
– Өлер алдында тіліңді кәлимаға келтіруге шамаң келді ме?
– Иә, мен өлерімнен үш ай бұрын өзің «биыл алпысқа толасың. Мына жүрісің ұят деп ұрсып, Құран жаттауға үгіттегенсің, есіңде болар. Теледидардың қасына Құран жазылған ақ парақты жабыстырып қойып едің. Соны ақыры жаттадым. Алайда саған білдіртпедім. Сақалым мен шашыма ақ түскен шақта мұрынбоғыммен жасты қыздың ақылын тыңдағанымды білдірткім келмеді. Ақырында өркөкірек нәпсім таяқ жеп қалды.
– Нәпсің таяқ жегені былай тұрсын, надандықтан даналыққа бет бұрғаның осы емес пе?
– Жөн-ақ, анаңның құрсағына біткенде шешең сені тусам ба, тумасам ба деп қатты ойланған. Ойлана келе туды. Сен дүние дидарына келгенде жыламай келгенсің. Шешең сені өлі туылды деп ойлапты.
– Мен туғанда жыламағанымдай, мен өлгенде ешкім жыламаса екен.
– Неге олай дейсің?
– Мен үшін ешкімнің қиналғанын қаламаймын. Мені ешкім жақсы көрмесін деп әдейі жексұрын көрінуге тырысамын Біреудің жүрегін жаралағаннан өткен азап жоқ.
– Әлі жассың, өлім туралы ойлану саған ерте.
– Ерте емес, есі кірген әрбір адам өлім туралы еріксіз ойланады. Бұл дәрет сындырған секілді табиғи процесс.
– Ал айтшы, қашан, қалай өлгің келеді?
– Қалауымды орындауға құдыретің жете ме?
– Құдай әкеме бұйымтайыңды айтып көрейін.
– Мен сен секілді Қадір түні өлгім келеді.
– Келер жылдың Қадір түнінде сені алып кетуге келейін бе?
– Жоқ, елу жылдан кейін Қадір түнінде келші!
– Мақұл.
– Саған тағы бір нәрсе айтқым келеді.
– Айта ғой.
– Білесің бе, сол жылы сенің өлетініңді сезгенмін. Құдай маған түсімде аян берген. Түсімді түсінуге ол кезде ақылым жетпепті. Көкірегім, көңілім соқыр бопты. Енді ғана надандық қамытынан құтылдым. Ажалың жақындағанда үш күн бойы өзің еккен шие ағашының түбіне барып «әкем шаршадым, демаламын деп айтқанымда, трастың арғы бетіне барып ғана рахаттанып демаласың» деп айтушы еді. Дәл айтқан кен. Ол өлгенде жолды арғы бетінде зират бары бір-ақ есіме түсті» деп қайта-қайта ішімнен. Бұл сенің ажалымды шақырғаным емес пе? Ол аздай, тірі кезіңде, өзіңе арнап жоқтау айттым.
Мұны интуиция дейді.
– Алдағы уақытта надандық торына түсіргісі келсе де, бой бермеймін. Өйткені, мен рухы мықты сенің қызыңмын.
Бұлай жүре ұзақ жүрме. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Қыздың миссиясы – бала туу, ана атану. Баласыз адамның өмірі мәнсіз.
– Қазақта бірі – қате, бірі – жөн кеткен сөздер көп. Құдай біледі, осы мақалды қымыздан мас болып отырған қыртыңбай бір қазақ шығар салған шығар. Бізде бір атақты адам пікір айтса бітті, сонікі дұрыс деп шыға келеді. «Бұл пікірді айтқан, жазған кісі де пенде ғой» деп анализ жасау жоқ. Өзің ойлап қарашы, қазақта «пұшпағы қанамаған» деген сөз бар. Сонда соғыста ерлік жасап, бірақ бала таппаған Әлия мен Мәншік секілді қыздардың өмірінде мән болмағаны ма? Қанша жерден баланы өмірдің мәні десең де, ол өсіп, ертең жемқор, мемлекетті тонайтын біреу болса немесе нашақор боп адам өлтірсе, «міне, мына кеміс балам өмірімнің мәні осы» деп отырасың ба? Меніңше, бақыт пен өмірдің мәнін бір адамға, бір затқа байлап қоюға болмайды. Ситуациялық құндылықтар әркімге әртүрлі бақыт сыйлайды.
– Көп сөйлесіп кеттік. Ана жаққа қайтуым керек. Таң атып қалды. Рухтастарым шақырып жатыр.
– Тұра тұр. Тағы да айтарым бар.
– Тездет!
– Сені сол бір кеште өлім сапарына шығарып салмағаныма кешір! Сен өлгенде қатарда тұрмағаным үшін кешір! Сен өлетін түні басымды алғаш рет сәждеге тигізіп едім. Бәлкім, Құдай сенің жаныңды ұрпағың алғаш рет басын сәждеге тигізгенде алғысы келген болар...
20.06.2021
Сағат 01:17
Шапағат СЕРДӘЛІ