Қайырболды-Сағындық пен Бекторы (жалғасы)
23-09-2020
Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып:
– Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп.
Түнде түсіне Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып, азапқа салған Бекторы кіреді. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын.
– Ол жын-пері ғой, ойлама! – деуші еді бұндайда әжесі, – Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын.
Қайырболды есейіп ержетті. Әскерден кейін Алматының орталығындағы ресторанның біріне жұмысқа тұрды. Ет пен көгөніс турап, қамыр илейтін асүйдің қызметшісі болып бастаған талантты жігіт, бес жыл дегенде түнгі ресторанның даяшысы дәрежесіне көтерілген.
Бұл егемендік алған кез еді. Ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде қоғам танымастай болып өзгерді. Көп адам өрге шықты, көп адам заманның тұңғиығына құлдырады. Құдайға шүкір дейтін. Тамақ тоқ, көшеге киіп шығатын бірсыдырғы киім бар. Тапқан-таянғаны қаладан тәп-тәуір пәтер жалдауға да, атасы мен әжесіне жәрдемдесуге де жететін. Бірақ көңілдің терең түкпірінде әлдебір мазасыз ой күнінде неше оянып жегідей жеуші еді. Бұл кезде адамдар жаппай өмірдің қызығын кешуге кіріскен. Алматының орталық көшелері қызыл-жасыл шамдармен сәулеленіп, түнгі өмір басталады. Қымбат ресторандарға қымбат автомобиль мініп келіп, түсіп жатқан, ақылға сыймас қымбат киім киіп, әшекей тағынған адамдар… Қайырболдының басы айналып қалатын. Әсіресе түнгі барларға келіп, таң атқанша отырып, шығарда ақшаны дестесімен төлей салатын бай баласы – көркем қыздар мен көрікті жігіттердің қылықтарын көргенде «апыр-ау, бесіктен белі шықпай жатып қона салған бұл қандай бақ» деп меңірейіп, бір жағы күйзеліп тұрып қалатын. Кедейшілікте, әрбір жапырақ нан санаулы жоқшылықта өткен балалық шақ есіне түседі. Пәтеріне қайтып келіп, осындай көңілсіз оймен күнін өткізген Қайырболды демалмаған күйі қайтадан кешкі жұмысқа келетін.
Әлі есінде, жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасында, рестораннан шыққан үш бойжеткен барға келіп отырды. Валютаға ғана сатылатын қымбат коктейль алдырып, өздері ұнататын блюзді қойғызып қойып, көңіл көтерген қыздар таң ата есеп айырысқанда бармен жігітпен арада әдептен аспаған ыңғайсыз жағдай болып қалған. Қайырболды қыздардың абыржыған түрлеріне қарап, ақшаларының жетпей тұрғанын түсінген.
Біреуі бұрыннан келіп жүрген сенімді адам. Жұқа көк жібек көйлек киген сұлу қыз барменнің алдына өзінің куәлігін қойып жатқанда шыдай алмай кетті. Қыздардың жанына жетіп барған.
– Қанша жетпейді?
Бармен куәлікті көрсетті.
– Міне, куәлігін беріп тұр ғой.
– Олай болмайды, – деді Қайырболды.
Куәлікті алып, иесіне ұсынды.
– Қанша жетпейді? – деді, содан соң, барменге қарап.
Бармен ақшаның сомасын айтты. Даяшының бір айда табатын шайлығы. Қайырболдының іші удай ашыған. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Сөзге келмей ақшаны санап берді.
– Рыцарьлар әлі бар екен, – деді қыздардың бірі.
Бәрі риза кейіпте күлген. Көк көйлекті қыз шығар есікте тұрып, Қайырболдыға белгі берді.
– Ыңғайсыз болды, – деген Қайырболды жанына келгенде, – міне, мынаны алыңыз.
Көркіне көз тойғандай, гауһар орнатылған ауыр алтын жүзікті жігіттің алақанына салды.
– Қойыңыз, – Қайырболды жүзікті қыздың өзіне ұсынды. – Мен сізге сенемін ғой.
Қыз жымиып күлді, бірақ жүзікті алмады.
– Мен де сізге сенемін, Қайырболды.
Жігіт қайран қалған.
– Менің атымды қайдан білесіз?
– Секрет, – деді қыз бұрылып кетіп бара жатып. – Әлі кездесеміз деп ойлаймын.
Арада екі айдай уақыт өтті. Қыз енді келмейтін шығар деп шешкен Қайырболды бір іске белін буған. Жүзікті ломбардқа апарды. Аса қымбат мүліктің ақшасына пәтер сатып алды. Бұл, әрине, адам нанбайтын нәрсе еді.
Әзірге ешкімге ештеңе айтпайын деп ұйғарды. Себебі көңілі алаң болатын. Я бақ, я сор екені белгісіз, әйтеуір түсініксіз бір нәрсенің тақап келе жатқанын сезген.
Арада төрт ай уақыт өткенде бейтаныс қыз бой көрсетті. Тағы да жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасынан ауа барға үш қыз кірді. Қайырболды қайран қалған. Үш қыздың үшеуі сол өткендегідей киінген. Содан соң, таң ата тағы да… барменмен шағын дау-дамай болды. Қайырболды күліп, қыздардың жанына келген.
– Сіздерді құтқару менің мамандығыма айналған сияқты. Қанша жетпей тұр?
Бармен калькуляторға қарады.
– Үш жүз қырық доллар.
Бұл жолы ақшасы көп Қайырболды жап-жаңа жүз долларлық төрт банкнотты барменнің алдына тастай салды.
– Артығын ал, – деді бармен.
– Кетерде аламын, – деді Қайырболды.
Қыздардың біреуі бұның қолын қысқан. – Рақмет сізге. Сіз нағыз жігітсіз.
– Оқасы жоқ, – деді Қайырболды.
– Сізбен оңаша сөйлесуге бола ма? – деді көк көйлекті қыз.
Қайырболды кезекті клиентке қызмет көрсетті де, үсті-басын түзеп, сыртқа шықты. Қыз есіктің алдындағы орындықта отыр екен.
– Менімен әңгімелесуге уақытыңыз бар ма? – деді Қайырболды қасына келіп жайғасқанда.
– Иә, – деген Қайырболды, – мен боспын. Жұмыс аяқталды десе де болады.
– Олай болса жүріңіз, қыдырып қайтайық, – деді қыз.
Екеуі опера театрының жанындағы паркті аралап, ұзақ жүрген. Жазғы таң. Ауа қоңырсалқын.
– Сізге рақмет, – деді қыз:
– Міне, бізді екінші рет құтқарып жібердіңіз.
Қайырболды күлген.
– Мен сіз тағы да бір жүзік берейін деп тұр екен десем.
Қыз да күлді.
– Жоқ, бұл жолы ондай жүзік бере алмаймын.
Екеуі скамейкаға отырды.
– Ал, енді менің бір сұрағым бар, – Қайырболды қыздың жүзіне бажайлай қараған, – мен сіздердің ақшаларыңыздың жетпей қалғанына ешқашан сенбеймін. Сіздің тастап кеткен жүзігіңіз қанша тұрады, білесіз бе?
– Білемін, – деді қыз әлдебір нүктеден көз алмаған күйі. – Сегіз миллион доллар.
Қайырболды түршігіп кеткен. Қыз басын көтеріп, күле қарады.
– Сондай-ақ әлемдегі ең асыл, ең қымбат әшекейлерді есепке алатын каталогтардың бірде-біреуінде ол жүзіктің жоқ екенін де білемін.
Қайырболдының жүрегі әлдебір жамандықты сезіп сыздай ауырған. Алыстан талықсып бір қорқынышты әуен естілгендей болды.
– Олай болса… осындай қымбат мүлік иесінің… бір фужер коктейльге ақшасы жетпей қалғанын қалай түсінуге болады? Сіз кімсіз өзі?
Қыз үндемеген күйі төмен қарады.
– Жауап беріңіз, – деді Қайырболды.
Кенет қыз… бұның жүзіне тағы да күле қараған.
– Айтпақшы, пәтеріңіз құтты болсын.
– Қайдағы пәтер? – деді Қайырболды.
– Жүзіктің ақшасына сатып алған пәтеріңізді айтам, – қыз шалқая бере сақылдай күлген.
Алдау мен арбау туралы, жырынды алааяқтардың аңғал адамдарды түрлі пәлекетке ұрындырып кететіндігі туралы әңгімелерге қанық Қайырболдының ойы сан-саққа жүгірді. Мынау алдында отырған қыз әлдебіреуге қызмет қылып жүрген кәззап. Біреулер бұны құртпақ болып осы қызды жалдаған. Жүзікті бұған әдейі берген. Енді осылайша іліндіріп алып, өмір бойы бопсалап қызметіне жүргізбек. Осылайша қор қылмақ.
– Қателесесіз, – деді қыз. – Мені ешкім де жұмсаған жоқ.
Қайырболды тағы да қайран қалған.
– Мен сізге ештеңе айтқам жоқ қой.
– Айттыңыз не, ойладыңыз не, бәрібір емес пе?! – Қыз суық жымиған. – Ең бастысы, көңіліңізде тұр.
Бұл қыз адамның ойын оқи алатын болып шықты. Шарасы таусылған Қайырболды енді жалынуға көшкен.
– Айналайын қарындас, айтыңызшы, сіз кімсіз? Менде неңіз бар? Бұл арандатуыңыздың мағынасы не? Сізге не керек?
Қыз тағы да жұмбақ жымиған.
– Әзірге секрет. Уақыты келгенде естисіз.
Қайырболды орнынан айғайлай көтерілген.
– Слушай, атаңа нәлет хайуан! Жоғал әрі! Мен қазір милиция шақырам!
– Милиция дейсіз бе? – Қыз Қайырболдының жүзіне бажайлай қараған. – Мынауыңыз жақсы идея екен. Шақырсақ, шақырайық. Мен жүзігімнің ұрланғандығы жайлы арыз берем.
Қайырболды орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
– Мен сені іздеп келдім, Қайырболды, – деді қыз аяқастынан «сенге» көшіп, – жүзіктен басталып төрт айға созылған хикаяның бар сыры осы-ақ.
Қайырболдының көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен.
– Сіз мені құртуға келгенсіз ғой, – деді дауысы қалтырап.
– Жо-жоқ, – деген қыз бұны иығынан сипап, – жүзік турасында қорықпай-ақ қой. Бопсаға бопса қылып айта салғаным ғой. Ұмыт оны.
Түнгі кафе-бардан көңіл көтеріп шыққан бірнеше адам жандарынан өткен. Қыз үндемей қалды. Қайырболдының көз алдына бүкіл өмірі елестеп өткен.
Түнгі кафе-бардан көңіл көтеріп шыққан бірнеше адам жандарынан өткен. Қыз үндемей қалды. Қайырболдының көз алдына бүкіл өмірі елестеп өткен.
– Тыңдасаңыз, айтайын, – деді қарлығып: – Мен… Әке-шешеден ерте жетім қалып, ата-әжемнің қолында өстім. Кедей болдық. Ит басына іркіт төгілген заманда қара нан, қара сумен отырушы едік. Ақырында ержеттім. Тәуір кәсіпке іліндім. Жолым ешқашан оңай болған емес. Басқаға өзінен өзі келе салатын нәрсе маған жүз есе қиынға түсетін. Өмір бойы өзімнің талабыммен, өзімнің адал еңбегіммен ғана нан тауып жүрген адаммын.
Қыз сөзді бөлмей тыңдаған.
– Жалғанды жалпағынан басқандарға емес, маған келіп ұрынғаныңыз қалай?! Жарайды, міне, азғантай ғана тіршілігім бар. Әбден қартайған, қорғансыз атам мен әжем бар. Қаланың түбінде тұрады. Егер мен кетсем, олар өледі де қалады. Кәне, қаматыңыз, айдатыңыз.
Қыз үндеген жоқ.
– Менің бар жазығым, жетпей тұрған ақшаңызды төлеп бердім. Мен не қылдым сізге? Әлде жақсылыққа қайтарған жақсылығыңыз осындай ма?
Қайырболды айтарымды айттым, енді не істесең де, өзің біл дегендей қыздың бетіне қараған. Қыз бұның қолының үстіне қолын қойды.
– Мен сені сол себепті іздеп келдім ғой, Қайырболды. Енді менімен жүр.
Қыз орнынан тұрды.
– Қайда? – деді Қайырболды.
– Менің үйіме, – деді қыз.
Медеуге баратын жолдың оң қапталындағы қымбат аудандардың бірінде тұрады екен. Екеуі таксиден түсіп, қалың бақтың арасымен бұлдырап ұзақ жүрген.
– Міне, келдік, – деді қыз, патшаның сарайына бергісіз үш қабат зәулім үйдің ауыр есігін ашып жатып.
Ақ, қара, сары, қызыл мәрмәр діңгектер, әр бұрышта зүбәржаттан қашап жасаған алып вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар. Ат шаптырым залда кем дегенде жүз адам сыятын үстел. Ақ дастарқанның үсті қисабы жоқ тамақтың, шараптың түрлері… Қайырболдының көзі бұлдырап кетті.
– Үй өзіңдікі, – деді қыз, – қалаған уақытыңда келесің, қалағаныңша жайлайсың.
Екеуден екеу отырып жақсылап тамақтанған.
– Ал енді мән-жайды түсіндіріңіз, – деді Қайырболды сәл шалқайыңқырап отырып, – мені бекерден-бекер әкелмеген шығарсыз бұл жерге.
Қыз орнынан тұрды.
– Ер соңымнан.
Екеуі ұзын дәлізбен жүріп, жер астындағы қабатқа түсті. Қызыл ағаштан шауып шыңылтырмен қапталған ауыр есік өзінен-өзі ашылған. Бұлар күңіреніп тұрған тағы бір үлкен бөлмеге кірді. Самаладай жарық. Қабырғаны жағалай орнатылған қисапсыз сөрелер. Биікке қанша кететіні, бөлменің алға қарай қанша созылатыны белгісіз.
– Бұл бөлме осылай созылып барып гиперкеңістікке, яғни шексіздікке кетеді, – деді қыз.
Қайырболды жан-жағына үрейлене қарады.
– Ал енді танысуға болады, – қыз жақындап келіп, Қайырболдының көзіне көзін қадаған. – Мен Бекторымын.
Қайырболды үндемей тұра берді.
– Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын, – деген қыз, адамның ойын оқитын әдетімен. – Әжең талай айтып берген «Ер Төстік».
– Мен сізден шаршадым, – деді Қайырболды, – қорыққаннан шаршадым.
– Қорқатын себебің – сенде жүрек жоқ, – деді Бекторы.
– Менің жүрегім ешқайда кеткен жоқ, – деді Қайырболды түршігіп, – өзімде.
Бекторы сәл үнсіз қалды.
– Қазақта қорқақ адамды жүрегі жоқ адам дейді, менің айтайын дегенім осы ғана, – деген содан соң, – әрине, сенде жүрек деп аталатын нәрсе бар. Бірақ сендегі жүрек тек қанды ары-бері айдайтын мүше ғана. Ертеңгі күнді ойлап сарғайған, бітпес үрейден әбден жансызданған бір жапырақ ет қана.
– Осы, адамның жүрегі деген қызық нәрсе, – деген тағы да Бекторы, – өзі бар, өзі жоқ. Өзі жоқ, өзі бар.
– Сөзіңіз жұмбақ, – деді Қайырболды, – бірін түсініп, бірін түсінбей тұрмын.
Бекторы көңілсіз жымиды.
– Айтайын дегенім, жүрек бар болғанда – жоқ. Ол, өзі жоқ болғанда ғана бар.
Қайырболды Бекторының жүзіне таңдана қараған.
– Мысалы, осы сені-ақ алайықшы. Сен өзіңмен бірге даяшылықта жүрген қызды сүйесің. Есің кете сүйесің. Әрбір жүрген жүрісін, әр сөйлеген сөзін тамашалап, елжіреп тұрасың. Бірақ сөз айтуға батпайсың. Себеп? Себеп, кеудеңдегі жүрек деп аталатын зиянды мүше айтқызбайды, асықтық сөзіңді, яғни жүрегің бар, бірақ жоқ. Мысалы, талай рет әлі жеткен адамдар көшеде саған тілі тиді, қиянаттап кетті. Өзің жұмыс істейтін түнгі ресторанда бай клиенттер талай рет қорлап, жәбірлеп кетті. Сен осының бірде-біреуіне жауап қата алмадың. Неге? Өйткені кеудеңдегі жүрек деп аталатын түкке де керегі жоқ нәрсе тіліңді байлады, айтқызбады. Яғни жүрегің өзі бар, өзі жоқ. Сенің басыңнан өткен азғантай өмірің – кеткен есе мен кек, тапталған арманның тарихы.
Бекторының бет қаратпай сөйлеген сөзінен есеңгіреп қалған Қайырболды қабырғаға сүйенген.
– Ешкім де… менің ішімді… бұлай ақтармап еді.
Тағы да үнсіздік орнады.
– Ал сол жүректі… бар қылу үшін не істеу керек? – деді бір кезде Қайырболды.
Бекторы шорт кесті.
– Бар қылу үшін ол жүректі жоқ қылу керек!
Қайырболды Бекторыға бұрылған.
– Яғни…
– Яғни, ол жүрегіңді маған беруің керек, – деді Бекторы.
– Қалайша? – Қайырболды тағы да аңырып қалған. – Мен өліп қалмаймын ба?
– Ұғыспадық, – деді Бекторы. – Біз қазір фәни дүниеде тұрған жоқпыз. Осыны қалай түсінбейсің?
– Сонда біз қайдамыз? – деді Қайырболды. – Мына үй… мына байлық…
– Сен осы үйдің табалдырығын аттағанда-ақ фәниден кеткенсің, – деді Бекторы. – Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз.
– Ішімде осынша салтанат бар екеніне ешқашан сенбес едім, – деді Қайырболды дауысы дір етіп.
– Сендер, адамдар, өздеріңді өздерің білмейсіңдер. Түк те білмейсіңдер. Осы бүкіл дүние, не керектің барлығы, бүкіл ғарыш өздеріңде екенін, өздеріңнің іштеріңде екенін білмейсіңдер. – Бекторы тақау келді:
– Сонымен жүрегіңді маған бересің ғой?
– Ал орнына? – деді Қайырболды.
– Ал орнына мәрмәр жүрек салып берем, – деді Бекторы, – мен сенің жүрегіңді кеудеңнен ауыртып алайын деп жатқам жоқ. Мәрмәр жүрекке келіссең болды. Сол сәтте жүрегің өзінен-өзі маған көшеді.
Бекторы сөрелерді аралап кетті.
– Міне, қара. Мынау – өзің білетін адамдардың жүректері. Мынау – сен жұмыс істейтін ресторанның бастығының жүрегі.
Қайырболды қыздың соңынан еріп отырып, қайран қалғаннан танбады. Банкілерде әлдебір сұйықтың ішіне салынған жүректер. Бекторы иелерінің аттарын атап келе жатыр. Қайырболды өзі танитын бірнеше кеденші офицерлердің, полиция қызметкерлерінің, жұмыс бабымен алдарына барған тағы да талай үлкен шенеуніктердің жүректерін көрді. Олардың адамға деген аяусыздығының, зорлық-зомбылықтарының сырын енді түсінген. Адамдардың бір-біріне неге қиянат жасайтынын ұққан.
– Міне, барлығының жүрегі осы жерде деуге болады, – Бекторы сөрелерді иегімен нұсқады. – Мәрмәр жүрек ыңғайлы. Бірді-екілі адам болмаса, өзінің тірі жүрегін іздеп келген ешкім жоқ.
– Барлығы болғанда қалай? – деді Қайырболды. – Бұл жерде қанша адамның жүрегі тұр?
– Әлмисақтан, дүние жаратылғаннан бергі адамдардың барлығының жүрегі, – деді Бекторы. – Бүгінде көзі тірі адамдардың барлығының жүрегі осы жерде десе болады. Сен сияқты азғантай ғана адам өз жүректерімен жүр.
– Ал өз жүрегіммен қалсам ше? Жүрегімді сізге бермесем ше? – деді Қайырболды.
– Өзің білесің, – деді Бекторы, – өз қалауыңда. Байырқа мен байлықта болғың келсе, жүрегіңнен құтыл. Бүгінгі бостандық, бүгінгі азаттық пен еркіндік – ақшада. Азат болғың келсе, ерікті болғың келсе, жүрегіңнен құтыл. Ал қалған күніңді кіріптарлықта, құлдықта өткізгің келсе – осы жүрегіңмен қал. Қайталап айтайын, бәрі де өз қалауыңда.
Қайырболды қинала ойланып тұрып қалды.
– Түсінем, – деді Бекторы, – мұрсат берейін. Шыға тұрайын.
Бекторы шығып кетті. Қайырболды екі қолымен шекесін сығымдап, меңірейіп қанша отырғанын білмейді.
– Ата-бабаның аруағы, көмектессеңдер, қайда қалдыңдар? – деді ақырында тістеніп. – Міне, мен аяныңды, жәрдеміңді күте-күте шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кеттім.
Содан соң есікке қарап, қатты дауыстаған.
– Бекторы, мен дайынмын!
– Келісетініңді білдім ғой, – деді Бекторы кіріп келе жатып.
– Не істеу керек? – деді Қайырболды.
– Ештеңенің де керегі жоқ, – деді Бекторы, – келіссең болды.
Қайырболды оң қолын кеудесіне қойды.
– Келістім.
– Жеткілікті, – деді Бекторы, – жүрегің менде.
Екеуі салтанат бөлмесіне қайтып келген.
– Менің үмбетім болдың, – деді Бекторы, – енді біз осыны тойлап, көңіл көтереміз.