Расул Ғамзатов. Менің Дағыстаным

Oinet.kz 20-10-2020 25015

Расул Гамзатов и имам Шамиль... Джихад русской литературы

Менің Дағыстаным

(Повестен үзінді)

Сөз

Авар тіліндегі «миләт» сөзінің екі мағынасы бар: «ұлт» және «қам».

 – Ұлтының қамын ойламаған адам дүние қамын ойлап жарытпас, – дейтін әкем.

– Ұлтының қамын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар, – деп, қостар еді Әбуталып.

– Тауық та, қаз да, қаптесер де ұлт бола қоймас, бірақ адамдардың ұлты болуы керек қой, – дейтін менің шешем.

Өзі бір ұлт, бірақ екі республика болады, біздің көрші осетиндер солай. Бір республика, бірақ қырық ұлт та болады. «Халықтың да, тілдің де үйілген бір тауы екен», – депті Дағыстан жайында бір жолаушы.

«Мың басты айдаһар», – дейді Дағыстанды жаулары.

«Алуан бұтақтары бар бәйтерек», – дейді Дағыстанды достары.

«Дүниенің жүзінен қолыңа күндіздің өзінде шырақ алып іздесең, мұнша адамы аз, бірақ халқы көп жерді таппассың», – дейді екен келушілер.

…Менің білетінім сол – біздің жерде бір арбада келе жатқандар бес тілде сөйлесуі мүмкін де, егер жол айрығына бес арба келіп тоқтаса, онда отыз тілде сөйлесіп кете береді.

   …Тағы бір әңгіме бар, Хунзахтың ханы Гидатлиге тыңшы жібереді, оған годеканда, базарда сол жерліктердің әңгімесін тыңдап, не пікірі бар екенін біліп кел деп тапсырады. Тыңшы баруын барғанмен, тез оралады.

– Иә, білдің бе бәрін?

– Түк те білгем жоқ.

– Ол қалай?

– Әркім өз тілінде сөйлейді. Олардың тілі бізге мүлде түсініксіз.

…Дағыстанда тоғыз тілде кітап шығады. Ал қаншама тілде ән шырқалады десеңші. Әр кілемнің өзінше өрнегі бар. Әр қылыштың өз жазуы бар. Бір қолда соншама саусақ қалай пайда болған? Бір Дағыстанда соншама тіл қалай пайда болғанын ғалымдар өзінше дәлелдей берсін. Ал менің әкем былай деп айтатын:

«Алланың елшісі қашырға мініп ап, жер бетін аралап келе жатып, өзінің үлкен қоржынынан әр халыққа тіл үлестіріп жүріпті. Қытайлықтарға барып қытай тілін берген. Арабтарға барып араб тілін берген. Гректерге грек, орыстарға орыс, французға француз тілін берген. Тілдің неше түрі болса керек: бірі әуенді, бірі сазды, бірі қатқыл, үшіншісі сырлы, өрнекті, төртіншісі нәзік, әсем дегендей. Мынадай олжаға қарық болған халықтар кәдімгі адамша сөйлеп, өз тілінде шүйіркелесіп қалады. Тілдің арқасында біреуді біреу танып, бір халық екінші көрші халықты біліседі.

Сонымен, қойшы, әлгі қашыр мінген кісі біздің Дағыстанға жетеді. Жаңа ғана грузиндерге, кейін Шота Руставели өзінің поэмасын жазған грузин тілін беріп, кейін Коста Хетагуров өз сонеттерін жазатын осетин тілімен аралап шыққаны сол екен. Кезек бізге келіп жетіпті.

Алайда сол күні Дағыстанның тауларында қарлы құйын соғып кетпесі бар ма! Аңғардың қары алай-түлей бұрқырап аспанға шығып, түкті көрсетпей, жолды да, мекенді де жауып тастапты. Қара түнекте тек желдің ысқырғаны, жартастың гүрсілі. Қой судың төрт саласының күркіреп тасығаны ғана естілсе керек.

– Қой, болмас, – дейді тілді үлестіруші мұртына мұзы қата бастаған соң, мына алай-түлейде мына жартастарға өрмелеп жүре ме сол.

Сөйтеді де, ол қоржынның түбінде әлі үлестірілмей қалған қос уыс тіл бар екен, соны біздің тауларға шаша-шаша салады.

– Таңдағандарыңды алыңдар, – дейді және.

Шашылған тілдерді боран алып қашып, тастан-тасқа, шатқалдан-шатқалға жеткізсе керек.

Сол кезде бүкіл дағыстандықтар үйлерінен шыға-шыға келіседі. Мың жылдар бойына күткен мына ырысқа, алтын нөсерге бірін-бірі итермелей ұмтылып, тұра-тұра жүгіреді. Бас салып, жармасып, қымбат дәнді тиген-тигенінше үлесіп алады.

Сонда әрқайсысы өз тілін тауып алады.

Үлестіріп алып, саклясына паналап, боранның басылуын тосады.

Таңертең тұрса, күн жарқырап, кешегі қардан түк қалмаған. Қараса – тау! Енді ол – «тау». Енді оны атымен атауға болып қапты. Қараса – теңіз! Ол енді – «теңіз». Оның да аты бар. Енді көзге көрінгеннің бәрін атауға болады. Не деген рақат! Мынау – нан, міне – мама, мынау – сакля, бұл – ошақ, мынау – ұл, мынау – көрші, әне, адамдар.

Жұрт далаға жүгіре шығып, бәрі үн қосып: «Тау», – деп айқай салған екен. Бақса, әрқайсысынікі әртүрлі шығады. «Теңіз!» – деп айқайлайды. Тағы да әр басқа. Содан былай авар, лезгин, даргин, құмық, тат, лак болып кете барады. Содан былай соның бәрі Дағыстан болып аталады». Адамдар қойдан, қасқырдан, жылқыдан, шегірткеден ажырап, жіктеліп шығады. «Жылқы адам болуға бірдеңесі сәл-пәл жетпей қапты», – деседі. Ай, Алланың елшісі-ай! Сонда сен боран мен биік құздан қорқамысың! Көрмей, дәнеме етпей, бізге төге салармысың, соншама тілді? Бүйткенің не қылғаның? Жүрекпен, мінезбен, әдетпен, салтпен, бар тұрмыс күйімен қанша бауыр, жақын адамдарды бөліп, бөлек тіл бітірермісің.

Жә. Жарайды, соған да рақмет. Тілдің жаманы жоқ. Қалғанын өзіміз көріп алармыз. Бір-бірімізге жол тауып, ақтығына келгенде ортақ тіл жасап, бір-бірімізді ажыратпайтын болармыз.

Одан соң бізге Ақсақ Темір, арабтар, Иранның шахы келді, өз тілдерін бізге теліп баққысы келді. Алайда қолымызды қанша тартқылағанмен, саусақтарымыз жұлынған жоқ, біздің ағашымызды қанша теңселткенмен бұтақтарымыз сынған жоқ.

Ана тілім менің! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тірлігім – сенсің, мен сені мақтан етем. Сонау тұңғиық терең жер түбінен жарыққа, күнге, жасыл шөпке асыққан бұлақ суындай ана тілімнің сөздері жүрегімнен қайнап шығып, алқымыма тіреледі. Ернім күбірлейді. Өз күбіріме өзім құлақ тігем, ана тілім, саған құлақ тігем, сонда маған бейне тұңғиықтан шымырлап шыққан таудың асау өзені елестейді. Мен судың бүлкіл қаққан дыбысын сүйем. Мен болаттың сыңғырын ұнатам, қынабынан суырылған екі қанжардың бір-біріне соғылған дыбысын сүйем. Осының бәрі менің тілімде бар. Сондай-ақ махаббат сыбырын да жақсы көреді.

Уа, менің ана тілім, сені де жұртқа білгізу маған өте қиын, сенің алуан түрлі үнің неткен әсем еді, авар боп тумаған кісіге үйрену де қиын оларды, о, егер біле қалсаң, оларды айту дүниенің рақаты емес пе, шіркін!

Халық көп, әр халықтың өз әдет-салты бар. Бар жерде солай. Адам дүниеге туады. Бір халықта баланы шоқындырады. Бір халықта сүндетке отырғызады, үшіншісінде туғаны туралы куәлік жасатады. Енді адам кәмелетке келген кезде өзге тәртіп, өзге салт. Оған қыз айттырады. Қыз айттыру деген, шынында да, салт. Ал үйленген соң, өзге салт тағы басталады. Дағыстанның үйлену салты мен кәде-жорасын айтуға ұзақты күн жетпейді. «Дағыстан халықтарының салттары» деген кітапты қалағандарыңызға сыйлауға болады, үйге барған соң оқисыздар.

Жоқ, Дағыстан, ол тек географиялық ұғым емес. Оның өз кескіні, өз мақсаты, өз арманы бар. Ортақ тарих, ортақ тағдыр, ортақ қасірет, ортақ қуанышы бар.

Жә, сонау тіл үлестіруші жолаушым, сен тауларымызды, ауылдарымызды, жүректерімізді аттап кетпей, шапағатыңнан құр қалдырмағаныңа рақмет!

Өз тілдеріңде өлең айтып, ой ойлаған барлық жан, сендерге де рақмет!

Менің ұлым авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес

Тау ішінде өз тілін қастерлемейтін адам сый-құрметтен жұрдай болады. Шұбар тілмен жазылған жырын да ешқашан тау-ана оқымайды.

Күндердің күнінде Парижде бір дағыстандық суретшіні кездестірдім. Революциядан кейін іле-шала Италияға оқуға кетіпті де, итальян қызына үйленіп, еліне қайта алмай қалыпты. Тау ішіндегі дәстүрге үйреніп қалған әлгі дағыстандық жігіт көпке дейін өзінің жаңа отанына үйрене алмай жүріпті. Жержүзін талай шарлап, алыстағы бөтен елдердің жарқ-жұрқ еткен астаналарында да болыпты. Бірақ, қайда барса да, туған елін аңсап, зарыққан сезім соңынан қалмай-ақ қойыпты. Осындай сезімнің бояу арқылы бейнеге қалай айналдырылғанын көргім келді де, «өзің салған суреттерді көрсетші» деп өтіндім.

Бір суреттің аты «Елді аңсау» екен. Суретте байырғы авар киімін киген итальянка (суретшінің әйелі) бейнеленген. Ол тау ішіндегі бұлақтың басында тұр, қолында – атақты гоцатлин шеберлері нақыштап жасаған күміс құмыра. Тау баурайында – қайғырып, тұнжырап тұрған авардың тас ауылы. Ауыл үстіне төніп тұрған таулар бұдан да бетер қайғырып, тұнжыраулы. Тау төбесін тұман басқан.

– Тұман, – деді суретші, – көздің жасы. Таудың баурайын тұман басқанда, тастың тілім-тілім әжімін бойлап, мөлдір тамшы ағады ғой. Тұман – бұл мен.

Екінші суреттен тікенек бұтаның басында отырған құсты көрдім. Ал бұта болса, жалаңаш тасты қақ жарып шығып, өсіп тұр. Құс сайрап тұр да, оған өз үйінің терезесінен қайғылы бір тау қызы қарап тұр. Менің суретке назар аударғанымды байқап қалды да:

– Бұл аварлардың көне аңызының желісі бойынша салынған сурет, – деп түсіндірді суретші.

– Қандай аңыз бойынша?

– Құсты ұстап ап, торға қамап қойыпты. Торға түскен құс күні-түні бірдей: «Елім, елім, елім, елім, елім», – деп қақсай беріпті… Соңғы жылдар бойы тап осылай қақсап жүрген мен сияқты… Құс иесі ойлапты: «Мұның елі қандай екен, ол қайда болды екен? Мүмкін, мұның елі жұмақтағы ағаш өсіп, жұмақтағы құс мекендейтін гүл жайнаған тамаша бақ секілді шығар? Мен осы құсты далаға қоя берейін де, оның қай жаққа ұшып кеткенін көрейінші. Сонау алыстағы ғажап елдің жолын көрсетсін маған» деп ойлап, тордың қақпағын ашып, құсты босатып жіберіпті. Құс он қадам ұшып барыпты да, жалаңаш тасты қақ жарып, өсіп тұрған тікенек бұтаға қоныпты. Осы бұтаның жапырағының арасында оның ұясы бар екен. Мен де өз еліме, өзімді-өзім қамаған тордың терезесінен қарап жүрмін ғой, – деп аяқтады әңгімесін суретші.

– Елге неге қайтқыңыз келмейді?

– Кеш қой. Кезінде туған жерімнен жанып тұрған жас жүрегімді алып кетіп едім. Енді еліме қаудыраған қу сүйегімді қайтаруға хақым бар ма менің?

Парижден оралысымен, әлгі суретшінің туған-туысқандарын іздеп, тауып алдым. Таңғалғаным сонша, оның шешесі әлі тірі екен. Суретшінің туған-туысқандары тоқал үйге жиналып, өздерінің елден безіп кеткен, туған жерін жат жерге айырбастап жіберген ұлы жайындағы әңгімемді күңіреніп, қайғы-қасіретпен тыңдады. Бірақ маған ұлына кешірім еткен секілді болып көрінді. Олар оның тірі жүргеніне қуанды ма, қалай, әйтеуір, кенеттен шешесі:

– Сендер аварша сөйлестіңдер ғой? – деп сұрады менен.

– Жоқ. Біз тілмаш арқылы сөйлестік. Мен – орысша, ал сенің балаң – французша.

Ұлының өлгенін жаңа ғана естігендей боп, суретшінің шешесі бетін қара орамалмен жауып ала қойды. Үйдің шатырын тырсылдатып, далада жаңбыр жауып тұр. Біз Аварда тұрмыз. Ал жердің екінші жағында, Парижде Дағыстанның адасқан ұлы да, мүмкін дәл осы сәтте жаңбырға құлақ салып отырған шығар… Біраз үндемей отырғаннан кейін, суретшінің шешесі айтты:

– Сен қателестің, Расул, менің ұлым баяғыда өліп қалған. Сенің көргенің – менің ұлым емес. Менің ұлым өзім үйреткен, авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес.

Аударған Кенжеболат Шалабаев

Вашингтон Ирвинг. Қарақшы Кидд
Расул Ғамзатов. Ана тілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу