Үміт Жәлеке. Тұмар мен Томирис (новелла)

Oinet.kz 09-11-2019 1052

Тұмар немесе Томирис патшайымның өмірі туралы 10 факт - Тарих -

Тұмар апасының жалғызы еді. Әкесін көрген жоқ. Өзінің тумай жатып жетім қалғанын есейгесін білді. Машина апатынан қайтыс болыпты. Артында қалған қазынасы - сөре-сөре кітап.

Тұмардың қол бостағы ермегі - сол кітаптар. Әсіресе, ертегі-аңызға әуес. Өзінің өзге құрбыларынан таным-түйсігі, сана-сезімі бөлектеу екенін байқаған сайын, көпшіліктен бойын аулақ сала беретін. Бұның сөзін жұрт ұғып жарымайды, өзгенің сөзін Тұмар түсіне бермейтін. Көбісінің күлкісі — жалған, сөзі - жат. Ақыры ортадан оқшауланды. Ойындағысын жасырмай айтып салатын Тұмарды ешкім ұнатпайтын. Тұмар да қасындағы құрбыларынан гөрі кітаптағы кейіпкерлермен тіл табысқыш. Пір тұтатыны - сақ патшайымы Томирис.

Кейде өзін сақ дәуірінен ұмытылып қалып, XXІ ғасырға дейін үздіксіз өмір сүріп келе жатқан ежелгі адамдай сезінетіні бар.

Қыз басымен жылқыны ұнатады. Соның ішінде сүліктей мақпал қарасын сүйеді. Қызығып қарайтыны — қырғын соғыс, жойқын жорық. Оқитыны - жауынгерлік, батырлық жыр-дастандар. Тыңдайтыны — өсиет терме мен күй.

Тұмар өте қиялшыл еді. Кейде тіпті өзін қайта туылған Томирис шығармын деп те ойлайтын. Өз бойынан онымен ұқсастық тапқысы келетін.

Ол — әкенің жалғызы, бұл — шешенің. Екеуі аттас есеп. Туып-өскен жерлері — ортақ. Патшайымның сырт бейнесін де іштей өзіне ұқсататын.

Ұзын бойлы, ат жақты, дөңестеу қыр мұрын, қиықтау үлкен отты жанар, — қара емес, дәл өзінікіндей қою жасыл, теңіз толқыны түстес. Биік қабақ, жазық, кең маңдай. Ақша жүз. Ту жылқының құйрығындай қатты, қалың, қызғылт сары шаш. Өзінікі, әрине, боялған. Оймақ ауыз. Сүйір иек. Қолдары қарулы. Саусақтары сақина салуға емес, семсер ұстап, садақ тартуға жаралғандай. Сәйгүліктей сұлу мүсін. Ширақ қимыл.

Тұмар Томиристі бір көрсем деп армандайтын. Ақыры онымен жүздесті. Тіпті тілдесуге де мұршасы келді.

* * *

Иен дала. Бұлар құдық басында кездесті. Әйкелденген, түбінде күміс теңгедей боп тұп-тұнық суы мөлдіреп жатқан терең шыңырау. Бұл сол шыңыраудан құлаштап қауға тартып тұр екен. Шып толы қауға. Айнала жап-жарық. Сол сәтте шығыс беттен үш атты көрінді.

Ортада — Томирис. Күн дидарлы сақ патшайымы. Екі жағында біреуі шұбар, біреуі жирен қасқа атқа мінген, бірі жастау, бірі егдерген екі кісі.

Үшеуінің басында бірдей алтын тәж. Шал көк бурыл сақал, қой көз, келісті көркем жүзді, батыр тұлғалы, боз шекпен жамылған, жасы алпыс-алпыс бестер шамасы. Жастауы отыз-қырықтардағы қоңқақ мұрын, қызыл сары жүзді, қою қара сақалды, үлкен ала көзді, қалың қара қасты жігіт ағасы. Аң терісінен бешпеті бар.

Қақ ортасында қара ат мінген хас сұлу — Томирис. Патшайым болса да үстінде үлде мен бүлде жоқ. Былғары ма, барқыт па, бағалы күрең бешпенттің білек тұсынан қарыс жарымдай жалпақ күміс білезік салыпты. Әдемі өрнекті. Бұған оң қолын ұсынды. Аппақ салалы саусақтары тарамыс, шымыр екен. Ортаңғы саусағында сопақша алтын жүзігі бар. Мөрі болса керек. Беті таңбалы. Шашы жиюлы. Басындағы алтын тәж күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Асыл тастармен безендірмеген шытыра өрнегі бар құйма алтын. Кескін келбеті мен атта отырысының өзі асыл текті айбынын алыстан танытып-ақ тұр. Өңінен өрескел паңдық нышаны байқалмайды. Бір түрлі бекзат болмыс. Мақпал қара тұлпардың жүген-айылы — түгел күміс.

Үшеуі аттан түспестен Тұмардың жанына келіп, қауғаның ернеуінен кезектесіп су ішті. Қауға түбінен тамған су тамшылары күн сәулесімен алуан түске еніп, хрусталь моншақтардай құбылады.

Томиристің жасыл жанары жабайы қабыланның көздеріндей жарқ-жұрқ ете қалды да, жымиып күлді.

Сонда, бойын билеп ала қойған Тұмар:

— Сіз Томириссіз бе? — деп сұрады, әлі де сенер-сенбесін білмей. Ол басын ханшайымдарға ғана тән кербездікпен сәл игендей ишара білдірді.— Мен Тұмармын.

Томирис «білемін» дегендей үнсіз езу тартты.

— Мен сізбен кездесуді көптен армандап жүр едім.

— Иә. Мені көргің келгенін білемін. Біз күнде осы жерден өтеміз. - Оның аппақ арайлы жүзінен нұр шашырағандай болды. Әдемі қан қызыл ернінде жаңа ғана ішкен судың бір тамшысы тұнып қалыпты.

Бұнымен сөйлесіп қалған Томириске анадайда екі серігі қайырылып, қарайлап тұр екен. Томирис енді аялдамады. Ат басын солай қарай бұрды.

Енді бір мезетте үш атты батысқа қарай жайбарақат кетіп бара жатты. Үшеуі өзара күлісіп, әңгімелесіп барады. Бастарындағы алтын тәждері жалт-жұлт етіп, батыс бетті жарық сәулеге қарықтырып барады.

Үміт Жәлеке. Алланың нәсібі немесе «Өлмегенге — өлі балық» (болған оқиға ізімен)
Ыбырайдың біз ұмытқан 3 ертегісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу