Мұхтар Әуезов. ҚЫР ӘҢГІМЕЛЕРІ. Текшенің бауырында (әңгіме)

Oinet.kz 06-01-2020 1658

Қыр әңгімелері

Бір жылы июльдің аяқ шенінде жайлауда отырған қалың елден түс ауа шығып, қалаға қарай бес кісі келе жаттық. Бәріміз де салт аттымыз. Қала біздің елдің жайлауынан үш күншілік жерде - тін, ішіміздегі үлкеніміз Сүлеймен мен сол кісінің замандасы Қали еді. Бұл екеуі бір ауылнай елдің жер жайындағы приговорын алып, қалаға арыз бергелі бара жатқан. Біз екі жігіт оқуға келеміз. Бесінші жігіт Бейсембай, бәріміздің атқосшымыз еді.

Ауылдан аттанарда біз тез кетіп қалуға елді қимай, оны - мұныға бөгеліп, ақсақалдардың жүрейік деген мезгілінен кеш шығып едік. Өзіміздің ауылдан шығып алған соң Сүлеймен ақсақал:

— Бүгін кешке таудың күнгейінде отырған елдің біріне барып түсіп, ас ішіп алып, түн қатып жүріп кетеміз, түнде жүріп таудан асып алған соң, аржағындағы жолдың қиындығы болмайды. Ертең күн қызғанша ойдағы елге де барып қаламыз. Түнде жүрген жүріс адамға да, атқа да жеңіл болады, — деп жол туралы өзінің істеген байлауын бізге білдірді.

Біз үндемей көндік. Бізге ауылдан шығып кеткен соң, қалай жүрсек те бәрібір сияқтанып еді. Оның үстіне тау ішімен жарық айлы түнде жүру өз бетінде бір көңілді жүріс болатындай көрінді.

Сол бетпен ымырт жабылып бара жатқанда қалың таудың күнгейінде отырған үш-төрт ауылға келіп, соның біріне түстік. Ақсақалдар күні бойы үй иесімен әңгімелесіп отырды. Біз шай ішіп алған соң, түн қатардың алдында ұйықтап алмақ болып жатып қалдық. Бірақ көпке шейін ұйқы келмеді. Көз алдымнан бүгін шыққан ауылдың жаз бойғы қызығы, жайлаудағы өмірдің көз керген көп желігі, рақаты бірінен соң бірі келіп елестеп, ұйқы бермеді. Ақырында, талып шаршағандай болып, ұйықтап кеттім.

Біз оянғанда етті жасап, алдымызға әкеп қойған екен. Үйдің іші алакөлеңке, жеке жаққан шам жоқ, жарық қып тұрған — қазан - ошақ астындағы тезектің оты. Бұл кейде өшуге айналып бәсеңдеп, кейде жалыны үлкейіп лаулап, жарқырап кетеді.

Үй іші оттың күйіне қарап: біресе — қоңырқай тартып, қарауытып көлеңкеге айналады; біресе — түсі жадырап күлгендей болып көңілденеді.

Шала ұйықтағандықтан, мең - зең болып бойды көтере алмай, ұйқылы көзбен отырып тамақ ішіп алған соң, өзімізді - өзіміз зорлықпен сергітіп, атқа міндік.

Кештен бері отта тынығып, белі көтеріліп қалған аттар, түнгі жүріске өте көңілді сияқтанды. Ығысып, жіті жүріп, қатты аяңдап есіп келе жатыр. Ат үсті алғашқы мінген жерде өзінің көңілді желігімен ұйқыны ашып жібергендей болды.

Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді - ау! Шіркін, құрбының сондағы тілі тәтті еді - ау! — деген әлсіз арман ойға леп - леп ұрады.

Ауылдан шығып біраз жүрген соң, тау ішіне кірдік.

Біз жағалап келе жатқан жіңішке өзен кейде жағасы ұсақ тоғайлы болып, кейде қалың шалғынды болып, иіріліп, көлденең таудың ішін жарып өтуші еді. Соның жағасындағы жалғыз аяқ жолмен бірде шұбырып, бірде қатар жүріп келе жаттық. Жанымызда жіңішке өзен сылдыр қағып, жас жыланша сумаңдап, нәзік тілмен бір нәрсені былдырлап айтқандай болып, еріп келе жатты. Кей жерде суы кеңейіп алаңға шығып, ай сәулесімен ақ беті жарқырап күлгендей болады. Кей жерде күлкілі жүзі өзгеріп, қоңырқай тартады.

Елсіз шың, ұлы таудың іші жым - жырт. Өзеннің бірсыдырғы сыбырынан басқа, дүниедегі ұйқы тыныштығын бұзған ешбір естілген дыбыс жоқ.

Тау ішімен өзенді өрлеп көп уақыт жүрдік. Сай мен өзен тау ішінен мүйіс жасап иіріліп бұралған сайын көз алдымызға жаңа сурет, жаңа көрік көрініп отырды.

Жалғыз - ақ анда - санда әлдеқайда тау астында жүрген түн құстарының бірқалыпты қатты дауыспен, жүргіншіні шошытқандай болып, қылғынып айтып қалған сұңқылы естіледі. Кейбіреулері қарауытқан ұйқылы қанаттарын жалпылдатып қағып, мезгіл - мезгіл біздің үстімізден өтіп кетіп жатты.

Уақыт түн ортасынан өтіп, таңға жеңіл бір ұйқының шамасындай қалғанда, таудың тең жарасынан өттік. Алдымызда Қоянды тауының ең үлкен биігі — Текшенің қара қошқылданған биік басы керінді.

Жүретін жолдың азайғанына бәріміз де көтеріліп, серги бастадық. Қатарымызда келе жатқан Сүлеймен ақсақал Текшенің басын кергенде есіне бір әңгіме түскендей болып, бізге. бұрылып қарап:

— Балалар, жолдың өзі де қысқарып қалды, сендердің ұйқыларың да келген шығар: мен жол қысқарту үшін бір әңгіме айтайын, — деді.

Біз ықыласпен тыңдайтындығымызды білдірдік.

Сүлеймен ақсақал жас кезінде елдегі көп құрбыларының әуеніне кіріп, ұрлық қылған еді. Ол кезде алысқа топтанып аттанып, бейнетті қиын жол көріп, соғыста болу ескі батырлықтың сарқытындай көрініп, ел ішінде қолы бос жүріп желік іздеген бозбалаға ең қызықты істің біріндей болыпты, тіпті жауынгерлік, өнерлілік саналыпты.

Сүлеймен сол ретпен неше жылдай аты шыққан тынымсыз ұры болып жүріп, артынан тоқтатқан екен.

Біз әңгімесін күтіп келе жатқанда, ақсақал насыбайын баптап иіскеп алып:

Мынау көрініп тұрған Текшенің биігін көрген сайын, жас күнімізде істеген бір тентектік еске түседі.

Көп заман болды. Жылында, кем болса, екі-үш рет топтанып аттанушы едік. Ол күндегі қолбасы Жобалай батыр болатын. Атағы шығып жүрген кезі. Жасы сонда 30—35-тің шамасында. Аттанарда бізге астыртын хабар жібереді: «Пәленше күні аттансын, пәлен жерде табысамыз», — деп. Айтқан күнінде, хабарын екі қылмай, қуанып аттанамыз. Сонан соң алыс елге кетіп, бір ай, жарты ай жүріп қайтатынбыз.Бір күні ел жайлауда еді. Бәйгі торы ат деген атым бар. Соны әбден мейіздей қылып қатырып алған кезім еді. Кешке жақын әлгіні суарып: «Енді бір қызығын көрсем-ау!» — деп тұр едім. Құдық басына бір жігіт келіп, Жобалайдан хабар әкелді. «Бүгін түнде не қылса да Текшенің бауырына жетсін. Өзге жұрт сол жерге жиылды. Ертең кездесетін бір жау бар!» — депті.

Ауылдың үлкендері көрсе, жібермейді. Әкемнің дәулеті сол күнде де мол болатын. Сондықтан менің ұрлық қылғанымды барлық ағайын - туысқан иттің етінен жек көретін.

Ұрланып жөнелдім. Болжал жерге жеттім. Жете бере әуелі бір иекартпа кезең бар еді — соған шыға келсем: аттарына өре салып қоя беріп, қарауылсыз - дәнеңесіз, қаннен-қаперсіз жатыр. Көп кісі жиылып қалған екен. Сонан бұларды бір қорқытайын деп қиқу салып: «Қапта - қапта!» — деп тиіп кеттім. Аттары үркіп, жосып шығып кетті. Бірталайы есі шығып бұғып қалды. Келе араласып, бір-екеуін төбеден сойылмен нұқып: «Бас көзді!» — деп жүр едім. Ешқайсысы мені таныған жоқ. Бір мезгілде артыма қарасам: жалаң аяқ, жалаң бас, қолында басы шәугімдей ұзын қайың шоқпары бар Жобалай:

— Уә, кәпір-ай, жасанып жатқан топқа жалғыз шабатын сен — Жобалай шығарсың! — деп келіп қалыпты.

Сонан соң мынау бір жерімді ұсатады екен деп шошып кетіп, бетіне қарап күліп жібергенім. Тани кетті. Бәрі де тұрды, жиылып әңгімеге кірістік: қайда барамыз, не істейміз дестік.

Жобалай жайды ұқтырды. Соның алдында бәріміз бірдей кіжініп, өштеніп жүрген жеріміз — Найман ішінде бір Мырзатай дегеннің ауылы болатын. Жазғытұрым сол ауылдың үстімен аржағындағы Керейге Жобалайдың інісі Сыпатай қасында екі жолдасымен аттанып бара жатқанда далада ұстап алып тонап, өлімші қылып сабап, содан бір ай дегенде зорға келген.

Қасындағы жолдастары қашып кетіп, өзін таудың ішінде елсізде сабап - сабап мыжғылап, өлуге айналған соң: «енді бұл өлді» — деп, бір тасқа тығып кеткен. Артынан бес-алты күннен соң тағы сол жолмен бара жатқан біздің елдің бес - алты кісісі әлгі тастың тұсынан өтіп бара жатқанда ыңырсыған дыбыс естіп, тауып әкелген.

Содан екі айдай қалжа жеп емделіп, зорға дегенде үйге таяқпен кіріп - шығатын болып, ауылда жатқан. Біз сол үшін Найманға кектеніп: «Енді қалай өш аламыз?»— деп тісімізді қайрап жүргеміз.

Жақында Жобалай сол оймен жүргенде бір хабар алыпты: «Мырзатай ауылының бір мырзасының ойдағы бір Матайда қалыңдығы болады екен. Соны көп жасау-жабдықпен ұзатып алып келе жатыр. Бір-екі күнде біздің елдің тұсымен өтеді!», — депті.

Бізді Жобалай сол үшін жиған екен. Сол хабарды естіген соң, бәріміз де қуанып кеттік. «Енді қашан соқтығар екенбіз?» — деп асығып, шиыршық аттық.

Сонан ақылдасып алып, оларды тоспақ жеріміз — Төбеттің Қызылы болсын деп, соған қарай бет алып жүріп кеттік. Түс ауа сонда келіп орнадық. 

Төбеттің Қызылынан бір шақырымдай жерде үлкен қара жол бар. Наймандар сонымен жүрмекші. Маңайда ұшқан кұстан басқа дым жоқ. Құланелсіз. Екі кісіні кезекпе-кезек қарауылға қойып, өзіміз етектегі бұлақтың басына келіп, ас істеп ішіп жаттық.

Сонымен кеш батты. Екінді мен ақшамның арасы еді. «Келмеді ғой» деп бәріміз де көңілсіз тартып отырғанымызда биіктің басында қарауылда қарап отырған кісіміз қолын бұлғаң еткізіп хабар қылды.

Атқа тұра - тұра жүгірістік. Бәрі де ерттеулі, өресімен жүрген. Келіп әп-сәттің арасында мініп - мініп алдық. Санымыз сонда жиырма шақты. Тура бір қолмыз.

Сол арада қарауылда отырған кісіміздің біреуі келді: — Құда - құдағилардың жиырма қаралы кісісі топталып келе жатыр. Бүгін Қызылбұлаққа қонатын түрі бар, енді тосып алыңдар, — деді.

Бұл жолда Төбеттің Қызылы деген биік жүргіншілердің бәріне белгілі қауіпті жер болатын. Бұлар сондықтан топтанып келе жатқан ғой. Көптігіне де сеніп келе жатқан шығар дестік.

Бірақ елсіз жерде, иен далада болған соң бұларды ала алмаймыз деген күдік көңілімізге титтей де келген жоқ. Аяғында, күн батып, көз байлануға тақалғанда жүргіншілер біздің қатарымызға келді.

Сонан соң Төбеттің Қызылынан қара жолға қарай шұбатылып баратын бір ұсақ адыр бар еді, соның қабатымен алдын ала салдық. Адырдың шеті тақ қара жолға барып бітуші еді.

Сол жерге келіп: балта сабы екі кезеңнің түбінде қақ бөлініп тұра қалдық. Түрлерімізден адам шошығандай болып кеткен екенбіз: тымақтың құлағын тегіс жымыра байлап алғанбыз; өңіміз сұп-сұр, қолда — бір - бір шашақты найза, қара сойыл, ұзын айбалта. Азғантай уақыт қана тостық. Бір мезгілде кәдімгі көшкен елдей ырғалып - жырғалып жайымен келе жатқан қыз - келіншек, бозбалалар. Дөң астында тұрып, екі қыздың қосылып салып келе жатқан әнін де естідік.

Сонан әбден жақындап, екі - үш арқан бойындай ғана жер қалғанда қиқуды салып, ағашты қағыстырып сатырлатып келіп, тиіп кеп кеттік.

Жер де айқай, көк те айқай болды. Жүргіншілер жер астынан шыққандай болып самсаған сары - сары қол қаптап қоя берген соң, есі шығып кетті. Қашуға да шамасы келмеді. Келе араласқанда топырлатып түсіре бастадық. Қару жоқ, сасқалақтап жүргенде бір - екеуінің қолына ғана ағаш түскен екен, қарсылық көрсеткен солар болды. Оның біреуі қыздың жас бауыры екен. Біз өзгесімен айналысып жүргенде, жанды бермек оңай ма, қалыңдық пен құдағидың айналасына келген кісіден төрт-бес кісімізді түсіріп тастапты.

Аяғында, өзгесінің бәрі құлаған соң, немене, — оларды да түсіріп алдық. Күйеу жігіт біреуді алдына салып қуып келе жатқанда, Жобалай артынан келіп қарақұстан қағып жібергенде, аттан тымақша ұшты. Әйелдерін ұрғанымыз жоқ, аттан түсіріп алдық.

Қыз — Матайдың ең бір бай жерінің қызы көрінеді. Алты қанат оқ отау мен он шақты түйеге жасау артып толықсып келе жатқан беті екен. Бір топ қыз-келіншек нөкері бар, қара көз, қызыл жүзді, аққұба қыз. Жасы он тоғыз - жиырманың шамасына келген. Сұлу пішінінің толықсып тұрған кезі.

Жасау дегеннен көз тұнады.

Біз келіп түсіріп жүргенде еркектерінің бірде-бірі бір ауыз сөз айтуға жарамап еді. Бір мезгілде қызының жанында тұрған келбетті семіз ақ бәйбіше:

— Әй, жандарым, сендердің де әпке - қарындастарың, алдарыңда тілеулерің бар ғой. Мынау — қойнымдағы алтынымдай сақтаған жалғыз балам еді, бөтен елдің босағасын жаңа аттағалы келе жатқанда, бақытын күйдірмеңдер, аяңдар! Іздегендерің мал, дүние болса, осы әкеле жатқан жасауымның ішінен қалағандарыңның бәрін алыңдар, бірақ бізді бетімізбен қоя беріңдер, — деді.

Сонан соң түсірілгендердің бәрінің атын алып, өздерін топтап иіріп қойып, өзді - өздіміз кеңестік. Арамыздағы кейбіреулер: «Жасауын алып, қоя берейік», — десті.

Сонда Жобалай тұрып:

— Менің іздегі жүргенім әлі дүние ме екен? Олай болса, Найманның жылқысын алудан оңай нәрсе бар ма еді? Мен Мырзатай ауылының өмірінде есінен кетпестей кек алмақшымын. Жасау сөз емес. Алдымен бірнеше күнге дейін тұтқын қылып жатамыз. Қазір бәрінің де көзін таңып, еркектерінің тегіс қолын артына байлап, атқа мінгізіп Текшенің бауырына алып барамыз! — деді.

Бәріміз де осыны мақұл көрдік. Сонымен осы айтқанды істеп, қатын-қыздарды улатып-шулатып, Текше қайдасың деп, ел жатар мезгілде тартып жөнелдік. Келген соң тұтқындарды әрбір жерге отырғыздық. Жүкті түсіртіп, бес - алты күркені тіктік.

Биіктің басына қарауылды мықтап қойдық. Тұтқындардың күндіз - түні көзін шешпейік деп сөз байластық. Жерді танымасын, түсімізді, атымызды білмесін. Және біреуіне не қылып жатқанымызды екіншісі сезбесін дедік.

Сонымен үш қыз, бір келіншекті бір бөлек қойдық.

Қыздың шешесін бұлардан аулақ жерге қасында бір қатынымен бір бөлек қойдық. Көз танулы, қол байлаулы. Қасында аңдып тұрған жігіттер. Күндіз - түні дүниеде не болып жатқанын ешқайсысы да білмейді. Тамағын ішеді де жатады. Жалынып - жалбарынса да, жыласа да бірде-бірін құлаққа ілмейміз. Естімеген кісі болып, үндемей жүре береміз.

Сонымен, қойшы, төрт күн тұтқын қылып ұстадық. Сол уақытта көрген қызығымыздың ұшы-қиыры жоқ. Ерте бастан екі аппақ күркені өзге жұрт жатқан жерден бөлек бір сайға апарып тіккеміз. Жобалай ұзатылып келе жатқан қызбен сол төрт күндей бір күркені жеке алып, күндіз - түні шықпай жатып алды. Өзгелеріміз қалған қыз - келіпшекпен мәз болып жаттық. Бізге тиген әйелдер біраздан соң өзімізге үйреніп, қалжыңдасып, ойнап отыратын болды. Анау ұзатылып келе жатқан қыз дүниедегі қайтпайтын қайсар адамның бірі екен. Сол төрт күнде жылаудан көз ашқан жоқ. Жобалайға:

— Менің бақытым күйді. Жарық дүниеге көрінер бетім қалған жоқ. Енді қызық, бақыт маған жоқ. Сондықтан кіммен қарайсаң — сонымен ағар деп, енді ит болсаң да, сенімен қалар едім, бірақ дүниедегі ең - ең жеккөретін адамым, ең қатты дұспаным сенсің. Өзім көрген жанның ішінде барып тұрған жауым сенсің! — депті.

Жобалай: «Сол арада бетімнен отым шыққандай болып ұялдым, бірақ онымен дауласайын ба, үндегенім жоқ!» — деді.

Сөйтіп дәл төрт күн, төрт түн ертегінің қызығындай қызық көріп, бесінші күн түнде жүктерінің бәрін дәл өздеріндей қылып тиеп, бір сабақ жібін алмастан, бұрынғы аттарына өздерін сол байлаулы қолымен, таңулы көзімен мінгізіп, бәріміз бұрынғымызша аттанып, жолына алып барып, беттерін өз елдеріне қарай түзеп қойдық.

Көздері әлі таңулы. Өздері не болғандарын білмейді. Төрт күндей дүниені көрмей әбден мәңгі болып кеткен. Оның үстіне қайда апаратынымызды, жүгін қайтетінімізді ешбіріміз айтқан жоқпыз.

Жобалайдың батырлығынан бұрын, сондай жерде адамның ойына келмейтін қулықтарды табатын айлакестігі бөлек еді. Әлгінің бәрін істеп жүрген соның өзі. Тұтқындарды түгелімен жолдың үстіне қойып, ішінен көзі таңулы бір-ақ кісіні Жобалай жетектеп алып, бізге: «Жүріңдер!» — деді. Бәріміз жүрдік. Бір дөң асып келген соң, бізді тегіс екінші дөңнің астына жіберіп, жалғыз өзі қалып, әлгі тұтқынның қолын босатып, көзін ашты да:.

— Ана жолдастарыңа барып, бәрінің де қолын шешіп, көзін аш. Содан соң жолдарыңмен «құдай» деп жүре беріңдер. Бір сабақ жіптеріңді алғамыз жоқ. Менің атым — Жобалай. Мырзатайдың ауылы биыл ар жағындағы Керейге бара жатқан менің інімді ұстап алып, өлімші қылған екен. Бұл істегенім — соның кегі. Мырзатай ауылы менің де іргелі ел екенімді білсін!— депті де қоя беріпті.

Сонымен Найман өз бетімен тартып жүре берді. Біз де өз бетімізге кете бердік. Сол енді о заманда болмаған, ел шабысатын үлкен ісі болса да, әлгінің артынан тырс еткен сөз шықпай, өшіп қалды. Өшірген қалыңдық болса керек.

Бағанағы жолдасы барып көздерін ашқан соң, қалыңдық қасындағы жолдас қыздарын шақырып алып, не көріп, не білдіңдер — айт! — депті. Оларға, Жобалай айтпа десе де біздің жігіттердің кейбірі айтып қойған екен: «Қалыңдықты біздің батырымыз алып жатыр», — деп. Қалыңдық өз жолдастарынан бұны естіген соң, оларға өле-өлгенше бұл сөзді ешқайсың сыртына шығарма деп мықтап тапсырып, уәде қылыпты. Сонан соң еркектерге, шешелеріне: «Төртеуіміз бір жаттық, ештеңе көргеніміз жоқ», — депті.

Сонымен қыздар көрген - білгенін жасырған соң, Найман дүниесі бүлініп - шашылғаннан аман болған соң неменеге өштессін?

— Олар да бұл турадан сөз қылуды тоқтатып, өздері өшіруге себепші болды, — деп Сүлеймен ақсақал әңгімесін бітірді.

Бұл уақытта таң ағарып атып қапты. Біз тау ішінен өтіп, жазыққа шығып едік.

Әңгіме біткен соң, бұрынғы аяңды қойып, желіп жүріп кеттік.

Мұхтар Әуезов. ҚЫР ӘҢГІМЕЛЕРІ. Сыбанның моласында (әңгіме)
Баубек Бұлқышев. Ұялдым (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу