Мұхтар Әуезов. ҚЫР ӘҢГІМЕЛЕРІ. Сыбанның моласында (әңгіме)

Oinet.kz 06-02-2017 2379

Сыбанның моласында - Мақалалар - Bilim - All

Ел Көксеңгірдің күнгейінде. Жайлауда жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары суға келіп шығып, алды өріске кетіп бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар дүниені у-шу қылып мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі Жортар ақсақалмен әңгімелесіп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.

Оңтүстік жақ жазықта жапырлап отырған көп ауыл айналасында шұбыртып қыбырлап жүрген малдарымен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, көз қуантып тұр.

Көкжиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман көтерілген сайын, біздің көз алдымыздағы көрініс суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірі өзінің ең дырдулы шағын көзге көрсеткендей болды.

Даладағы мөлдір таза ауадан, сүйкімді суреттен көңілге белгісіз бір үміт кіргендей болады, қиял кезеді. Қөңілдің осы шағына не үйлесер еді деп ойлап келе жатқанда, көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол — қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді. Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын. Тыным-тыныштықты білмеген, барымта, соғыс десе — алағызып қолды-аяққа тұрмайтын қызулы жас болыпты. Жортар мықтылық, батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болды десетін. Бұл сипаттың бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып қартайған түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күннің көмескі түсі елестегендей еді. Сүйекті зор денесі апсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен маңғазданып, туыстағы ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей. Көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі тентек күндердің таңбасы сияқтанады.Ұзақ жолда ыстық күннен оңғандай болып сарғыш тартқан отты көздері, үлкен құлақ, кесек мұрны бұл адамды ескіліктің тірі қалған белгісіндей көрсетеді. Жортар ескінің шын сарқыты деседі. Қасымыздағы екі-үш кісімен дөң басына келіп отырған соң, көңілге алған тілекті айттық.

Ақсақал басында әдепті жылы шыраймен: қарағым, көргеннің көбі көмескі тартып ұмытылып қалды ғой, еске түседі деймісің? — деп аз отырды. Артынан қасымызға отырған Құдайберген ақсақал: «Айтып бер бір әңгімеңді балаларға, енді бізге әңгіме айтқаннан басқа не қалды?» — деп күлген соң, Жортар ақсақал бар әңгімесін айтпақшы болды.

Батырдың ұғымды шешен тілмен айтқан әңгімесі мынау еді:

— Сендерге мен көрген соғысымды, ұрыс-төбелесімді айтпай-ақ қояйын, — деп бастап келе жатып, сары шақшасып суырып: — Өзімнің бір қатты қорыққан жерім болды, соны айтайын — деді.

Біз тыңдауға ыңғайланып, батырдың салқын жүзіне телміріп: «Айтыңыз, айтыңыз!» — дедік.

— Өздеріңдей жас шағым еді — құлағы көрініп, аты естілген пәле болса, іздеп барып соқтығатұғын. Ол кезде «көп қолмен» көшкен елдей шұбатылып кім жүреді дейсің? Ұзақ жорық болса да, көбінше жалғыз - жалғыз аттанатұғынбыз. Аз жүрсек — ай жүреміз, апта жүреміз кейде талай айға шейін жоғалып та кетуші едік. Жортуылға шыққанда көбінесе баратынымыз — өр болатын. Тарбағатайдан асып барып, Қара Керейді, Семіз Найман — Мұрынды торимыз.

Бір жыл күздігүні сол жаққа қарай аттандым. Қарашаның кезі еді. Өрге қарай жүріп, Сыбанның ішіне жеткенімде сол елдің бір Төбет деген батыры есіме түсті. Менімен кездесуге ізденіп жүр дегенді алдында естігенмін.

Далада ұзақ жүріп еріккен соң, қадап шыққан жауым ол болмаса да, бір шайқасып кетпек болып, бір түнде соның ауылының тұсына келдім.

Сол жылы күз жаңбырлы болған. Түстен бері қарай бір мазасыз жауын дамыл алмай құйып тұрған. Кеш батқан coң күн ашыла ма деп едім — ашылмады. Оның үстіне бір қара суық жел шығып, гуілдеп соғып, мазаны кетіре бастады, Түн көзге түртіп алса көрінбейтін тастай қараңғы еді.

Бірақ бір қасиетім — қысқы ат құлағы көрінбейтін ақ боранда, жазғы тұнжыраған меңіреу қара түнде адасу дегенді білмеуші едім. Іздеген Төбеттің ауылының тұсына дәл келген екем. Аласұрып ұйтқып соғып тұрған жел даусымен бірге сол жел жағымда алыста жатқан қалың жылқының сарынын естідім.

Астымда есік пен төрдей ақ боз атым бар. Өзі алысшыл, төкпектеп шабатын мықты жылқы еді. Шу деп салғанда кібіртіктеп шаба алмайтын. Әрберден соң, ұшқыр жылқының бәрі жетпеуші еді. Әлгі атым қатты жаңбырдан жиреніп, жөндеп жүрмей, ығысып келе жатыр еді. Бір мезгілде осқырып тұра қалды. Аттың жалына жатып қарасам, алдымда бір қарайған тұр екен. Біраз жүріп қасына келдім, қарасам — төрт құлақты бейіт.

Бір Сыбанның моласы болса керек. Әлгіге келгенде өзімнен, бір жағынан, суық жел өтіп, бір жағынан, су өткен соң, жаңбыр айыққанша осында тұра тұрайын, күн ашылған соң, Тәбетті тауып алармын деп аттан түстім де, жетектеп бейіттің аузына әкеліп, ыққа қойдым.

Шылбырды беліме байлап, өзім моланың ішіне кіріп, төрдегі бір бұрышына барып отырдым. Бейіттің іші тастай қараңғы: көзге түк көрінбейді. Жел гуілдеп соғып тұр. Жаңбыр да басылмайды: сытырлап жауып тұр. Бейіттің ішінде біраз отырып бойым жалынған соң, қамшымды жерге тіреп, соған екі қолыммен сүйеніп, басымды қойып отыр едім, қалғып кетіппін.

Алдында бейіттің іші тіпті қап - қараңғы болып, көрдей азынап тұрған соң, алғашқы кірген жерде кішкене етім сескеніп еді. Артынан көзіме бөтен ешнәрсе көрінбеген соң, тынышталып отырдым. Бұрын әркім сондай кезде бейітті жерде жынпері, жезтырнақ дегендер кездеседі дейт ұғын.

Бірақ ол жерде бұның ешбірін де ойыма алған жоқпын. Сөйтіп отырып көзім ілініп кеткен екен, бір мезгілде маған қарсы бір бұрышта бір нәрсе тырс еткендей болып еді, қап-қараңғы меңіреу болып тұрған бейіттің іші жарқырап кеткен сияқтанды. Өзім ондайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай ашылып кетті.

Әлгінің. не пәле екенін біле алмадым, жүрегіме қорқыныш кіре бастады. Бір ойдан, бұл мені айналдырып жүрген шайтан ғой деп ішімнен білген дұғамның бәрін оқып отырмын. Дыбыс шыққан жаққа барып, жөнін білуге де дәтім шыдамады. Төменшіктеп бұққандай болып, көзімнің астымен қарап едім, қараңғы бұрышта бір тіпті үлкен нәрсенің қарауытқан нобайы көрінген сияқтанды.

Бұрынғыдан да шошынып, не қыларымды білмей, отырып қалдым. Сол күйде бір азғантай отырған соң, бір мезгілде әлгі тырс еткен дыбыс тағы шықты. Бейіттің іші әлгіден де жарық болып кетіп артынан бәсеңдегендей болды. Алғашқы кезде қарауға дәтім шыдамай бұғып қалып, артынан бәсеңдеген соң сол жаққа көзім түсіп кетіп еді: құдай көрсетпесін — көзіме өзінің бұрын түсін көрмеген, атын естімеген бір пәле көрінді.Алғашқы көрген кезде «жалмауыз» дедім. Нобайы адамға ұқсамайды. Қап-қара, тырдай жалаңаш. Бойы еңгезердей үлкен, биіктігі кісі бойы — қол сұғымдай,. шашы бұрқырап тұр. Көзіме түскен әсіресе қорқынышты жері — аузы. Ырсиып от болып, тістері ақсиып сойдиып тұр екен. Аузынан кәдімгідей от бүркіп тұр.

Әуелгі қараған жерде өзге ешбір жері көрінбейді. Қараңғы бұрышта қып-қызыл от болып жанып тұрған ырсиған ауыз, ақсиған тіс қана көрінгендей болды. «Жалмауыз, не айдаһардың аузы» дедім.

Зәрем кетіп қалды. Сөздің шыны керек, тұрайын десем, буынымды баса алатын емеспін. Тағы екі рет тырс етіп, жарқ-жарқ етті. Бір жолда ақырын қарап едім, тағы да от болып тұрған ауызды көрдім.

Енді ол жаққа қараудан қалдым. Жердің тесігі болса, кіргендей боп басым төмен тұқырып өзім бұғып, бір орнымда қатып қаппын: қозғаларға шамам жоқ. Қашан келіп бассалар екен деп, құр сүлдем отыр. Атым әуелгі жарық шыққанда ішін тартып осқырып, атқып жөнелгенде шылбырды үзіп кетіп қалған.

Ойлап отырғаным ат емес. Қарудан найза мен шоқпарым бар еді. Оның екеуін де, бейітке кірерімде, сыртқа сүйеп қойып кеткем. Жалғыз ғана семсерім бар еді — ол ішімде, қында болатын. Енді соны алуға да дәрменім келмеді. Қыбыр етіп қозғалсам, бассалатын сияқты қорқып отырмын.

Уақыт сонда түн ортасының мезгілі ғана еді. Жел бұрынғыдай алай-түлей болып соғып тұр. Күн ашылған жоқ, жаңбыр да шелектеп құйғандай болып, сабалап жауып тұр. Әлгі бәленің түсін көрген сайын: «Өлген жерім осы ғой, жапан түзде бір айдаладағы моланың ішінде қаңғырып өлуге жазған екен ғой», — деп отырдым.

Сөйтіп, зәрем кетіп отырғанда: әлгі нәрсе қыбырлап, маған қарай қозғалғандай болды. Қарауға дәрмен жоқ. Бір суық пәле келе жатқанын тек денем сезді. Иманымды айта бастадым. Бір мезгілде: тырс еткізіп дүниені жап - жарық қып жіберіп, қараңғыда құтырғандай қатты дауыспен ақырып келіп, иығымнан бассалды.

Еңгезердей, қап-қара болып үстіме төніп келе жатқанда, өзіме қарай созылып келе жатқан қолдарына көзім түсіп еді. Қолдарының ұзын салалы қап - қара саусақтары бүркіттің тұяқтарындай болып бүрісіп, тырысып, сіңірі тартылғандай көрінеді. Қапқалы келе жатқан қасқырдың аузындай ырсиып ашылған шеңгел түйіліп келе жатыр екен. Үстіме аюша ақырып келіп қона түскенде, сол шеңгелімен сүйектерімді ұсатады ғой деп отыр едім, жоқ — олай тимеді, тегеуріні қатты болса да, қолы адамның қолы сияқты.

Иығымнан басып келіп, жұлқып сүйреп, әмірлі дауыспен ақырып:

— Киіміңді тастап көрге кір, сен өлдің! — деді. Даусы кісінің даусы екеніне әбден көзім жетті. Сонан соң жүрегім орныға бастады. Сүйреуге айналғанда, екі қолынан ұстап, алыса түрегеліп:

— Мен киімімді тастағанда, сен киетін шығарсың!? Мен туғанда да шешем еркек бала таптым деп қалжа жеген, құдай - ақ та! — деп жағаласа кеттім.

Мұнан кейін оның да, менің де үнім өшті. Қараңғы бейіттің ішінде екеуміз шаппа-шап келіп қапсыра құшақтасып, таласқан екі аюдай үн-түн жоқ сіресіп, қатып қалдық.

О да қысты, мен де қыстым; жалаңаш еті басында ұстауға ыңғайсыз болып еді, құшақтап алған соң, жақсы болды. Аздан соң ышқынып келіп, опыр - топыр болып, кезекпе - кезек қайрат қылып алысып кеттік. Байқауымша күші маған соншалық басым көрінбейді. Бір мезгілде қуатымды әбден жиып, жүрегімді тоқтатып алып, тік көтеріп алып, жерге қойып келіп жіберіп, кеудесіне мініп алдым. Өзіме - өзім сүйсінуім әлей болды! Бағанадан қорқытқанның ызасы үшін: бір қолыммен кеңірдегін қысып, қылғындырып, бір қолыммен өкпеден қойып-қойып жіберіп, семсеріме ұмтылдым. Оны жан дәрмен суырып алып, қайнаған ашумен бауыздап жібергелі тамағына алып барғанымда, қараңғы түнде жарқ еткен семсерді көріп:

— Ой, сен Жортармысың? Жұдырығыңнан таныдым ғой! — дегені.

Сол арада дауысынан мен де тани кетіп, семсерімді тастай бердім. Тоғай байындағы Бура — Алтаяқ деген батыр екен. Бұрын жорықта кездесіп бір бақырдан дәм татысқан тату едік. Бағанадан бері қорқып отырған тажалым сол болып шыққаны!

Сөйтсем ол Сыбанды тори келіп, бір күні күндіз елсіз таудың ішінде қарауылсыз бейғам жатқанда, Төбет келіп түсіріп алған екен. Соның қолында бір айдай тұтқында жатып, нақ сол күні түнде қашып шыққан екен. Түн суық жауынды болған соң, киімі нашар, тоңып, әдейі бейітті пана қыла келіпті. Мен келген соң, құдай бір жұмсақ жемді берді деп күш жұмсап айламен алмақ болып, барлық киімін тастай қойыпты. Бойында қару жоқ. 

Жалғыз бұйымы: елінен алып шыққан бір сауыт сіріңкесі бар екен. Әлгі бағана тырс етіп, жап -жарық боп кететін уақытта, соны шағып жіберіп, отымен аузына тығып үрлей қояды екен. Менің, зәремді кетіріп жүрген ырсиған ауыз сол сіріңкенің кеселінен болып тұр екен. Ол күнде сіріңке қуды кім білген? От керек болса, шақпақ қуды тұтатып алып, жаға қоятынбыз. Сөйтіп мені қорқытып жүрген — жаман сіріңке болып шыққаны деп, — ақсақал мәз болып күліп, әңгімесін тоқтатты.

Бәріміз де ақсақалдың шын күлкісіне қосылып, қошеметтеп күлісіп, қас қарайып қалғандықтан, ауылға қарай жүрдік.

Харуки Мураками. Зомби
Мұхтар Әуезов. ҚЫР ӘҢГІМЕЛЕРІ. Текшенің бауырында (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу