Тозақтан оралған жандар
Мақаламызды осылай атудың да өз себептері бар. Осыдан дәл он жыл бұрын осы тақырыппен Қобда, Ырғыз аудандарында газет редакторы болған Бахман Нұрсұлтановтың 1938 жылы 1 сәуірде 58 баппен ұсталып, білімділігі, табандылығы, өмірге құштарлығы арқасында Сталинге хат жазып, 1940 жылдың 18 қарашасында толықтай ақталып шығып, Ұлы Отан соғысына қатысып, одан аман оралып, елде еңбек етіп, одан кейін дәмі таусылған күні өмірден өткенін жазған екенмін. Облыстық «Ақтөбе» газетіне.
Араға он жыл салып оның жерлесі, партиялас жолдасы Сары Тұрдалиннің де Бахманмен тағдырлас болғаны анықталып отыр. Сарының кенже ұлы, оның өзі секілді көп жылдар аудан көлемінде жауапты қызметтер атқарған Құдайбергеннің мұражайлардан жинаған әке өмірінің беймәлім сәттері көрінісі - соның куәсі.
Айта кетерлігі, газет редакторы Бахман 1928 жылы әке-шешесімен Қобда бойына адайлармен жер аударылып келсе, бұл жер Сарының кіндік қаны тамған туған мекені. Сәлемнің де сәті бар деген, Құдайбергенді сонау парткомда өзіміз қызметтес болған 1980 жылдардан біліп дәмдес болсақ та, бір құлаш құжаттарын арқалай келген ол әке тағдырын маған енді ғана, биылғы 31 мамыр қарсаңында айтып отыр.
Сары - «қырық өзен бір жаққа ақса, «қыңыр» өзен кері ағатын» Қобданың Терісаққан өзені бойындағы қасиетті Абат-Байтақ кесенесі маңындағы Табын руының Сармантақ бөлімінен тарайды.
Құжаттарда айтылғандай, Сары ғасырлар арасы-миллениумде 1899 жылы туған, жастайынан алғыр Сары Кеңестер келмес бұрын арабша екі кластық білім алып үлгеріп, жаңаша 4 кластық мектеп және Семейдегі партия курсын тамамдаған. Ауданда алғашқылар қатарында 1924 жылы партия қатарына өткен соң заман ағымымен тасы өрге домалап,15 ауылда оқу үйін басқарады. Бұл 1928 жылы Қобда болысында орын алса, аудан құрылған келесі жылы тұңғыш аудандық парткомда «Кедей» одағының нұсқаушысы жауапты қызметін атқарады. Әзірге ойдағысы жүзеге асып жатқан Сарының және жары Рабиғаның перзенттері жастайынан шетінеп, ұрпақ тұрмайды. Қазақ мұндайда қоныс ауыстырады. Сондай аштық-мұқтаждық, тар заманда адамдық қасиетін сақтағандар да болған ғой, Сарының тілегі орындалып, оны сол замандағы Алтықарасу ауданының Сейітов ауылдық кеңесіне төраға етіп жолдайды. Қазір бұл ауылдық кеңестің ізін табу оңай емес, дегенмен сексеннен асқан, республикаға есімі аян көнекөз қария Өтеміс Әкімов сол жылдары тап күресінде кеңеске қарсылар осы Сейітов, Бақаевтар бар топты өртеп жібергенін айтады. Бүгінгі таңда оларға Ойылда ескерткіш сақталған, ал Сейітов атында ауылдық кеңес болған-ды...
Әзірге жас жұбайлардың тілектері қабыл болып, Рабиға ұл табады. Сол қазақы ырымға жүгініп, бауы берік болсын деп ұлдарының есімін Кете руының бір тармағы Бостыбай деп атап, азан шақырады. Реті келгенде айта кеткеннің артығы болмас, Қобда ауданын 18 жыл басқарған Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжанов ағамыздың есімі де Әйтеке би ауданындағы Хан моласы маңындағы қыстағы ортақ, аз ғана Алтын руының құрметіне қойылған екен. Енді өзіміз көз көрген Бостыбай ағамызға тоқтасақ, ол да әке көрген оқ жонады дегендей, көп жыл ауыл шаруашылығы маманы, Калиновка, Успен ауылдарында партия, кеңес қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Бастысы, әкесі Сарының жалғасы Мардан, Мәрен және Нұрлан есімді ел қатарлы азаматтарды баулып өсірді. Олардың алғашқысы МАИ сапында абыройлы еңбек етті, екіншісі кәсіпкер-стамотолог, ең кішісі болса Ленинградта білім алған бүгінгі заманның батыры десе де болады, ол - эпидемиолог-дәрігер.
Ал өткенге оралсақ, Сары 1934, 1936 жылдары қызметі жоғарылап, Ойылдағы аудандық тері дайындау мекемесін басқарады. Келесі екі жылда аудандық партия комитетінің партия кабинетінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, оны Алматыға жоғары партия мектебіне жібереді. Бұл бүкіл Қазақстандағы сияқты Ойылда да «Қызыл террордың» қайнап тұрған шағы - 1938 жылдың мамыры болатын.
1937 жылдың 15 қарашасында Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы Буланин қол қойған обком бюросының «Ойыл аудандық партия комитеті жұмыскерлерін күшейту туралы» қаулысы қабылданып, құпия құжатта халық жауы, ұлтшыл фашист Әбдікәрімов ауданға ұлтшыл-фашист қарақшыларды да қойып, контрреволюциялық, бүлікшіл іс-әрекетпен шұғылданғаны айтылған. Соның салдарын жою мақсатында бірқатар жұмыскерлер жіберілген. Солардың бірі әуелі 3-хатшы, артынан ауданды басқарған көрнекті қайраткер Ідіріс Ермағамбетов болатын. Жиналған құжаттардан Сарының осы бір аяулы да ержүрек адаммен қызметтес болғаны көрініп тұр.
Тергеуші-жендеттердің жалған куәгерлерден жалған жауап алып, қисынсыз кінә тағып, жазықсыз жандардың обалдарына қалғаны айдан анық. Дегенмен, сол ажал машинасының өте жоғары деңгейде қимылдағанына қайран қалмауға болмайды. Мысалы,1933 жылы 7 ақпанда осы ауданда 58 бап, 2 және 11 тармақтармен Қанапин Елтай Сарбасұлын және басқа 31 азаматты айыптау ісі жүргізілді. Сол істе 19 мамырда Ысқақ Ниеталин тергеушіге былай деп жауап береді: Бұл 1931 жылдың мамыр айында болған еді. Алтықарасуға (бұрынғы Алтықарасу ауданы орталығы) Алматыдан сол кезде өлкеде қызмет жасайтын Әубәкір Молдағұлов келген болатын. Оның айтуы бойынша, ол қызмет бабы іссапарымен келген сияқты, бірақ өзім дәл солай деп айта алмас едім. Маған жария болғаны - ол осы ауданға келген іссапарын тұрғындардың жаппай ауа көшуін ұйымдастырумен байланыстырғанға саяды. Мен Ет дайындаушылар одағында агент болып жүргенде, Алтықарасудағы бір кездесуімізде ол осы Алтықарасу ауданындағы 22-ауылды өзге жаққа жаппай көшіруге келгенін айтқан болатын.
Енді жазалаушы жүйенің мақсатты жұмысына көңіл аударыңыз, арада төрт жыл өтсе де, 1937 жылдың 27 маусымында Ақтөбе облысы ОГПУ бастығы Титов астанадағы ПУГБ-4 бөлімі бастығының орынбасары аға майор Гендинге төмендегідей ақпарат беріп отыр: Мен 1902 жылы туған, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы (бұрынғы Алтықарасу ауд.) тумасы, тұрақты мекен-жайы Алматы қаласы, 2 баласы және шешесі бар жарлы, ата-анасында 5-6 бас мал болған, Алматы стансасының партия ұйымының нұсқаушысы, үйленген, Ташкенттегі Орта Азия университетінің 2 курс студенті, 1928 жылдан ВКП(б) мүшесі Әубәкір Молдағұловтан жауап алдым.
Оның көрсеткені төмендегідей:
1932 жылдың күзінде мені Хабиев Бисембайдың үйіне шақырды (Әубәкір де, Бисембай да Әлия Молдағұлованың нағашылары. Авт.). Оның үйінде Нұрпейісов Ержан, Нұрпейісов Қасым, Ділманов Бектемір, аты-жөндері есімде жоқ тағы басқа адамдар болды. Жиналған барша кісілердің алдында Нұржанов Ерпейіс кеңес үкіметіне қарсы көзқарас танытты.
Байқалып тұрғандай, әрбір адам есепте болып, ол туралы әшкерелеу деректері жиналып отырған. Мұндай әрбір жанның үстінде Домоклов семсері ілулі тұрғанда тозаққа түспеу мүмкін де емес еді. Сарының азап заманы жолдамамен партия мектебіне Алматыға келгеннен басталады. Оқудың орнына ол жедел тұтқындалып, Ақтөбеге абақтыға жабылады. Сөйтіп,1938 жылдың 26 желтоқсанында Ойыл аудандық бюросы оны НКВД органдары тұтқындаған халық жауы ретінде партия қатарынан шеттетеді. Тұрдалин тұтқындалып, контрреволюциялық ұлттық ұйым мүшесі болып және зиянкестік әрекеттер жүргізді деп айыпталады. Зұлмат оның 15 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа жер аударылуына соқтырады.
Дегенмен, жазықсыз жала өз заманына сай білімді, қайсар жанды мойытпайды, ол өзінің жазықсыз жапа шегіп отырғаны туралы «бүкіл халықтар көсемі» Сталиннің өзіне хат жолдап, Алладан болды ма, басқа себеп пе, бостандыққа шығуға қолы жетеді. Бұл оқиға ол заманда тозақтан оралумен парапар болатын.
Нобель сыйлығының иегері А.И.Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГЫНДА» да, осы тақырыптағы өзге еңбектерде де мұндай фактілерді кездестіру мүмкін емес. Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді деп, Сары араға қайғысы мен қасіреті мол бір жарым жыл салып, туған жермен қайта табысады. Ақтөбе обкомы хатшысы Я. Иночкин қол қойған облыстық партия комитеті бюросының 1940 жылдың 14 мамырдағы шешімімен оның өзі қатысуымен өткен отырыста ол толықтай ақталып шығып, осы жылдың 29 қаңтардағы Ойыл аупарткомының (сол І. Ермағамбетов әлі 1-хатшы) Тұрдалинді партия қатарында қалпына келлтіру туралы бюро шешімі бекітіледі. Осы шешіммен кезінде өзін партия қатарына алған Қобда аупарткомы Сарыға көптен күткен партия құжаттарын қалпына келтіріп қана қоймай, жауапты да құрметті жұмысқа жолдайды, ол Жанкелдин атындағы колхоз басқармасы болып сайланып, тылда адал қызмет атқарады. Ал 1942 жылдың шілдесінде әскерге шақырылып, Башқұртстанның Туймаза стансасында орналасқан 4-запастағы атты әскер полкын дайындауға атсалысады.
«Жасы ұлғайып, еңбек демалысына шыққанда колхоздың егін күзетшісі болып жүріп анда-санда орыстарға мен кавалеристпін дейтін. Соның сырын енді құжаттарымен танысқанда түсіндік», - дейді ұлы Құдайберген. 1945 жылы елге оралған Сары Тұрдалин өзі еңбек жолын бастаған Жангелдин атындағы колхоз басқармасының төрағасы, «Қобда» кеңшарының ферма меңгерушісі, Астрахан сельпосында сауда қызметкері болып жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шығып, 1973 жылы өмірден озды.
«Орыны бар оңалар» деген, оның артында есімін мақтан ететін екі ұл, екі қызы қалды. Кенже ұлы ол жөнінде тың деректер жинап, әке есімін жаңғыртуда, ал оның ұлы полковник Мирас Тұрдалин Ақтөбедегі №6655 ұлттық ұланның әскери бөлімінің командирі. Ол 7 мамырда Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ең бастысы, қасіретті өмір кешкен Сары Тұрдалиннің ұрпағы оның есімін құрметтеп, әруағына тәу етіп, оның басынан өткен тар жол, тайғақ кешу, зарлы заманның азаптарын ешкім көрмеуі жолында еңбек етуде.
Балнияз Әжниязов,
Ақтөбе қаласы.