Енші малы
04-11-2023
Қуғын-сүргін, ашаршылық
Құрбандарының рухтарына арнаймын.
Жандары жәннатта болсын!
Автор
Біздің жақта бір өте сүреңсіз орын бар. Өзі ел-жұрттан аулақ жерде, таулы қыраттардың түстік жағында орналасқан. Сол жерлердің жайқалып тұрғанын да көрмеппін, тек ерте көктемде эфемер гүл-шөптер аз уақыт гүлденіп тұрады да, мамыр аяқталар-аяқталмастан сарғыш тартып, сұрқайсызданып жатып алады. Мойнақ сияқты тауға иіле кіріп жатқан тұйық сайдың аяғы, ескі арнаның сүреңі. Сайдың аузындағы күнгей бетте, көне, тастан салынған қораның орны байқалады. Айналасы бір шақырымдай жерде қурай, қалуен, алабота, қарасора, түрлі тікенектер сияқты арам шөптерден басқа ештеме өспейді де. Ел «ырымы жаман жер» деп айналып өтуге, немесе мүлде бармауға тырысады. Сайдың етегінде, жалпақ тастардан қалап шығарған ескі, көне мазар, ал, оның айналасы қаптаған төмпешік-төмпешік молалар.
Қырсық қылғанда, айналып өтпесең, жол тура соның ортасынан өтеді. Түнде тұрмақ, күндіздің өзінде кез келген адам, жан-жағына тітіркене қарап, ол арадан тезірек өтіп кетуге асығады.
Жер аты да жақсы естілмейді – «Қараңғы апан». Неге солай аталғаны туралы үлкендерден нақты, толықтай мәліметтер де естімедім, олар да айтуға құлықсыз еді, маңайынан апан-ін де көрмедім. Дегенмен, әркімнен біраз әңгімелерді құлағымның шалып қалғаны да бар: - Баяғыда бір ауыл тұрақтаған керемет қыстау болған екен; Қазіргі қурап жатқан, тасты арнадан сылдырап аққан бұлақтың мол суы үзілмеген көрінеді; Орыстар келіп, қазақтарды атып-шауып қырып бастағанда, ашаршылыққа ұрынған ел, қырылғаны қырылып, жан-жаққа безіп тоз-тозы шықан; Ауыл ақсақалы шарасыздықтан бұлақ көзін құрым киізбен байлап тастапты, сонымен су қашып кеткен; Содан бері ел онда қоныстанғысы келмейді, тіпті, бергі колхоз-совхоз заманында да ешкім отырмаған...
...Сол жердің арғы төбесінде кекілік қалың болады, бірде күзгі каникулымда ерінбей сонда барып құс атып қайтып келе жатқам, атым пысқырғанға қарай қалып, ескі молалардың қасында бүкшиіп отырған біреуді, байланған есекті көріп селк ете қалдым. Сонда да сыр білдірмеуге тырысып, жақындағанымда есек те азынап қоя берді, шал да көзін алақанымен көлегейлеп қарай қалды. Тани кеттім! Көрші ауылдағы, қысы жазы үстінен жамау шапанын тастамайтын, басын кір-кір орамалмен байлап жүретін, бүткіл ел «жынды шал» атаған кісі. Қашан көрсең, иегіндегі сирек сақалы, ағарған сарғыштау мұрты не өспей, не кішіреймей бірқалыпты жүретін, ал, бір көзі адамға тура қарамай үнемі жыпықтап тұрушы еді. Бетін өрмекшінің торындай әжім басқан, өзі сол қалпы, сәл еңкіштеніп, бір аяғын сылтыңқырап басатын. Осы кісіні, шынымды айтсам, неге «жынды» дейтінін де түсінбеймін, ешкімге зияны жоқ, кейде есекпен, кейде таяғын беліне айқастырып жаяу, әйтеуір бір жаққа кетіп бара жатады! Артынан жүгіріп, мазақтаған балаларды да, айқайламай, таяғымен жасқап қойғаны болмаса, ұрмайды. Кейде өз-өзінен ыңылдап, күбірлеп бара жатқанын да естігем. Жұмбақ жан!..
- Ассаламалейкум, ата!
- Уағалейкум ассалам! Еее... Әлекеңнің баласы екенсің ғой, атыңнан және мына сығырайған көзіңнен таныдым. Кекілік аттың ба, бағанадан тарсылдаттың ғой, естідім.
- Иә, ата, оқудан демалысқа келгем ғой. Мәңіз, Сізге үш кекілік берейін, сорпа жасап ішіңіз.
- Рахмет, айналайын! (Иіскеп көріп, күбір етті: - Жарықтықтың иісін-ай! Кепкен шиесабақ, итмұрын, қарақат жеген екен ә! Жемсауының толығын қара! Ухх.., сол кезде жоқ боп кетіп еді ау, қазір қайта көбейді...).
- Ата, осылар суды қайдан ішеді, мына шөл-тақырда?
- Еее қарағым, даланың құсы ғой, жалпы, бұл жерді қу тақыр деп кім айтты, шын іздесең өзің де су табасың, оның үстіне ана арғы теріскей сайда су бар ғой (Шалдың зеректігіне таң қалдым).
- Айтпақшы, ата, өзіңіз қайдан жүрсіз, осынша жерде?
- Әке-шешемнің басына құран оқуға кеп едім. Ауылдан аса алыс емес қой, желдіріп келдім, менің есегім сенің атыңнан қалысады деп кім айтты? Қазір бірге қайтамыз, өзің де көресің.
- Қойыңызшы ата, бұл молалар тым ескі сияқты ғой.
- Кім айтты?! Өзім қолыммен қойсам әке-шешемді, бауырларымның қайда жатқанын білмейді дейсің бе? Содан бері елу жылдан асыпты, әкем қазіргі менің жасымда еді, марқұм. Сағындым, шақырып жүрген сияқты ғой...
...Үнсіз қалдым. Шалдың есегі шынымен жорға екен, ауылға қарай тыпыңдап аяңдағанда, менен қалысар емес, әрине, атымды шаужайлап ақырын жүргізуге тырысып келем. Ақыры, шыдамай үнсіздікті бұздым:
- Ата, жаңағы жердегі туыстарыңыз туралы айтыңызшы, қалай болып еді?
- Айтсам несі бар, айтайын, ешкімге айтпаған әңгімем еді. Тып-тыныш отырған ел едік қой, қызылы-ағы-орысы-бандысы кеп быт-шытымызды шығарды емес пе! Осындағы бар елден жалғыз үй қалдық. Ашаршылық басталды, өзің де біраз әңгіме білетін сияқтысың ғой. Үлкен ағам оқыған кісі еді, теміржолға өкімет үй-ішімен алып кетті, қызметкер болды.
Мен болсам, басында стансадағы бір орысқа малай болып жалдандым, сосын теміржолға жұмысқа кірдім. Ағам екеуміздің жұмысқа кіргеніміз жақсы болды, әйеуір там-тұмдап тапқанымызды үйге әкеп береміз, жан-жақта ашаршылық. Осындай күздің қара суығы еді, үйге екі баласымен күйеудегі әпкем келді, ісіп-кеуіп кеткен, ол жақтағы құдалар түгелдей қараусыз қап, опат бопты. Қанша қарағанымызбен бұлар да адам болмады, кешікпей-ақ үшеуі де көз жұмды. Басқа жақтағы, одан үлкен әпкемді үй-ішімен Қытайға асып кетті деп естідік, әлі күнге хабар жоқ...
Кейінірек, район құрылып, ел есін аздап жинай бастаған сияқты еді, «ұстау» дейтін тағы бір сұмдық басталды. Елде үрей қалмады. Бірде жұмыстан «ағаң ұсталыпты» деген суық хабар естідім, өкпемді алып-ұшып үйге кеп әкеме айттым. Оны естіген шешем бүк түсіп жатты да қалды, сол жатқаннан тұрмады ғой, жарықтық. Кешке дейін жылай береді! Ақыры, әкем екеуміз кештетіп қалаға шығып кеттік. Жаяу-жалпылап жолда бір қонып, ертеңіне түнде қаланың шетінде тұратын, әкейдің бұрыннан жақсы таныс, тамыр ноғайы бар еді, соның үйіне жеттік. Обалы не керек, шамасынша қарсы алды. Ақыры шаруамызды естіген соң, басын шайқай отырып, кешке, менімен құралпылас, «милитсадағы» баласын ертіп алып келді. Ол «біліп берейін» деген еді, ертеңіне кешке келіп ағамның атылып кеткенін естіртті. Соған ілесіп, жеңгемнен, кішкентайларынынан хабар білмек болып барып едік, үйлері жабық, өздері үшті-күйлі жоқ. Не болғанын білмеймін, содан табылмады ғой.
Әкем ноғай екеуі біраз сыбырлай әңгімелесіп отырды, сосын баласын шақырып, ағамның нақты қай жерде жатқанын сұрап алды да, «Болар іс бопты, енді сендерге масыл болмайық, зиянымыз тиер» деп қоштаса бастады. «Милитса» ұлы да көңіл айтып, «Өзін көрмегенімізді, танымайтынымызды айтуды қайта-қайта өтініп» кетіп қалды. Ноғай әкеме, «Әй қиын болады-ау, таба аласың ба? Ол жерді солдаттар айналып күзетіп жүреді, жақындаған бөтен адамды сұраусыз атып тастайды, байқашы...» дегенімен, қолымызға кішкене күрек, үлкенірек дағар қап, аздап жейтін тамақ беріп, шығарып салды.
Әлі қар түспегенмен қара суық, ызғырық болып тұрған күздің уақыты, ай сүттей жарық. Байқауымша, әкем айтылған жерді білетін сияқты, екеуміз түн ортасына таман уақытта, бір адырлы-сайлылау жерге жеттік. Мөлшерлеп қарап тұрып, жаңа топырақты да байқағандай болдық. Әкем күбірлеп дұға оқып, бетін сипап, соны қаза бастағанымызда құдай басқа салмасын, лақтырып тастаған адам денелері шыға бастады. Сасық иісі қолқаны алады! Ақ дамбалдары, көйлектері қанға малынған мәйіттер! Бір шұңқырға қалай болса солай тастай салып, бетін ғана аздап топырақпен жауыпты. Бес-алты денені қарап, былайырақ сүйреген соң, ағамның да сүйегін тауып алдық, бүк түскен қалпы жатыр екен. Өзі етжеңді, денелі, сымбатты кісі еді, мына түрін көрсең адам шошырлық, сақал-мұрты өсіп кеткен, бір көзі ағып, ақшиып кетіпті. Оқ кеудесінен және көкірегінен тиіпті, жатқан түріне қарағанда, бірден жүріп кетпей, қиналып, ары-бері аунаған да сияқты.
Әкем дірілдеп: «Тұңғышымнан айрылдым! Қарғыс атқырларды қарғыс атсын! Шешеңе не деп барам, тастамаймын мұнда, құзғындардың жемтігіне, бірақ, мына қалыппен жеткізе алмаймыз.., артық жерін алып тастайық» деді. Сосын естісең де сол, естімесең де сол, борси бастаған етін сылып, ішек-қарнын ақтарып жаңағы шұңқырға лақтыра бастады.
Өлімнің түрі суық қой, кеше ғана «қарағым, алтын інім» деп басымнан сипап жүрген ағамның денесіне қол тигізе алмайтындаймын. Әйткенмен, адам баласы өте көнбіс қой, оның үстіне өліктерді көп көре берсең ет-денең үйреніп те кететіндей. Ана атаңнан сұрасаң айтады, өлген солдаттарды окоптарының сыртына қойып, өздеріне қалқа жасайды екен ғой соғыстағы әскерлер. Әкем бұрындары көбірек жатып қалған өлік көрсе, «уланып қаласың» деп жақындатпайтын, ал бұл жолы күннің суығынан болар, жердегі тоңда жатқандықтан ба, мәйіттер мұздай сұп-суық екен. Сонымен, қанша егілсем де, езілсем де, өз-өзімді ұстай отырып, пышағымды алып, аяқ жағының етін сылуға көмектестім. Әкейде үн жоқ! Ақыры, ағамның тазарған қаңқасын бөліп-бөліп қапқа салып, белбеулерімізбен шандып, аяңдап кете бардық. Кәп-кәдімгідей жиырма төрт-жиырма бестердегі жігіт болсам да, есім бір кіресі, бір шығасылы.
Бұта, қараған, жыңғыл, сай-тастарды қалқалай жүріп бара жатып, қоршаусымақ сияқты бірдемеден де аттап өтіп кеткенбіз, алдымыздан мылтықтарын кезенген екеу, атып тұрып, «Стой! Стрелять буду! (Тоқта! Атамын!)» дегенде, әкем қалшиып тұрып қалды да, мен қол-аяғым дірілдеп, жерге отыра кеттім! Әкемнің сыбырлай «Қаш!» дегенін естісем де, қозғалуға әлім жоқ, сол қалпы қалдым!
Екі орыс солдат жақындап келіп, орысшалап боқтап жүр: «Мородеры! Адам жегіштер, оңбаған, сұмдар...».., сосын буғанымызды түсіртіп шештірді! Оны көрген соң, екеуі артқа шегініңкіреп, «Бұлар адам жегіштер, атып тастайық!» деді. Орыстың қолында болғаным бар, теміржолда істегенім бар, орысша жап-жақсы түсініп, сөйлеймін ғой, алдыға бір аттап: «Бұл менің туған ағамның сүйегі! Мынау әкем, ауылға жерлеуге апарамыз! Ешқандай да адам жегіштер емеспіз!» дедім! Мосқалдау мұртты солдат, шошына қарап, қайта-қайта шоқына берді де, әкеме жақындап, қолын сілтеп: «Кет! Кетіңдер тез...» деп сай жақты нұсқады да, жастау солдатты ертіп, кете барды, екі иығы селкілдеп, бүкшиіп, жылап бара жатқанын байқадым.
Сүйектерді жинап, қайта орап, кезек-кезек көтеріп, сол жүргеннен күн арқан бойы көтерілгенде қалқалау жердегі судың жағасына тоқтадық. Әкемнің түтігіп кеткен түріне тура қарай да алмадым, тек астыңғы ерні көнектей болып ісіп кетіпті, тістелей бергеннен жартысын жеп қойған тәрізді! Суға жуынып, сонда тығылып кешке дейін жаттық! Әкем нәр сызбады, жер бауырлап жатты да қойды! Содан кеш қарая жолға шығып, таң атқанда үйге де жеттік.
Үйге кірмес бұрын ағамның сүйегін шығарып, қайтадан жинап, тіктеп адам құсатып орадық, сыртынан әкем шекпенін шешіп, қайта бөлеп, екеуміз көтеріп үйге алып кірдік. Шешем көзі көрмей қалыпты, еңбектеп келіп, ағамды сипалап ыңырсып, сыңсып зарлай берді. Әкем екеуміз қайта көтеріп молалардың арасына тығып қойып, шамамыз келгенше жер қаздық. Сонда жерледік, әкей тездетіңкіреп құран оқып, бет сипадық.
Содан үйге келгеннен бастап, әкем де тұрмай қалды! Мен де құлаған едім, «адам ит жанды деген» рас екен екі-үш күннен кейін тұрып, әке-шешеме қарай бастаған едім, болмады ғой, екеуі де бір жетінің ішінде көз жұмды. Шамам келгенше көр қазып, ағамның қасына жерледім. Содан бастап, мына көзім жыпықтап, мына аяғым тартылып қалды. Бағана айттым ғой, одан бері елу жылдан асты, бірақ, бәрі де көз алдымда. Әкем осы менің жасымда еді, қазір шақырып жүргендей ғой...
...Мынандай сөздерден, жантүршігерлік әңгімеден соң денем дір ете қалып, өзімді суық сезіндім, өне бойыма бір діріл пайда болғандай. Еріксізден көзім шалдың бетіне түсіп еді, көзінен тарамдап аққан жасы сирек сақалына сырғып жетіпті. Не дерімді де білмедім!.. Үнсіздікті өзі бұзды:
- Әй, одан да мен сенің атаңның қандай мықты кісі екенін айтып берейін.
- О ата, айтыңызшы.
- Шындығында ол да сол жолы мен сияқты «жынды шал» болып қалатын еді, әйтеуір мықты екен, бой бермеді.
- Сіз жынды емессіз ғой...
- Ел солай дейді ғой, мейлі, айта берсін. Атаңның соғыстан келіп, «керой» боп жүрген кезі, ол кезде бастықтар елді атпен аралайды ғой, астында жүйрік күрең қасқа аты, тақымында мылтығы, осы маңдағы қыстауларға кеп тұратын. Ел енді ес жия бастаған кез, негізі, «пронтовиктер» болмаса, басқа ешкім арақ ішпейтін. Ауыз әрең-әрең тамаққа еркіндеу тие бастаған уақыт қой.
Бағанағы жердің бер жағындағы төбеден кеш бата бастаған соң жайған қойымды қораға айдамақ болып отырғам, ар жақтан салт атты біреу шайқатылыңқырап келе жатыр екен, тоқтап қарай қалдым. Бағанағы өзің көрген молалардың ортасына келгенде аты жалт етіп қарғып кетіп, шапқылай жөнелді, үстіндегі әйтеуір, құлап қалмады. Менің қасыма келгенде атын «тыр-тырлап» сүйретіле түсті, сенің атаң! Есім қалмай «не болды, не болдылап» жатырмын! Түрінен түр қалмапты, боп-боз! Қырылдаңқырай сөйледі:
- Бір жаман дауыс шығып, атым үркіп, ала қашқаны, мында әрең жеттім!
- Зарлаған байғыз болар, мен де көрген ем...
- Әй қайдам.., таныр ем ғой құс болса... оны қойшы, мына оң жақ аяғым мен қолым тартылып барады, сал боп қалмасам болды!..
- Қап-ай ә, оның үлкендерден естіген бір емі болушы еді! Жаңағы жерге қайта баруың керек! Әйтпесе, шынымен жаман боп қалуың мүмкін...
...Атаң бетіме қарап тұрды да, атына қайта мінді. Қолтықтап, көмектестім. Сол қалпы атын қамшымен тартып жіберіп шауып ала жөнелді, құрдасым ғой, жолын құдайдан сұрап, қарап тұрмын! Нағыз ер екен, қайтпады, тоқтамастан шапқан қалпы, әлгі жерге жақындағанда тарс-тарс еткізіп екі рет мылтық атып, ары қарай өтіп кетіп, аттың басын қайта бұрып бері шауып өтті!
Бағанағыдай емес, маңдайы тершіп, көзі қызарып, түрі кіріп қапты! «Үйге жүр» дегеніме қарамай ауылға тартып кетті. Ол сөйтіп өзінің үрейін жеңді, әйтпесе, мен сияқты «жынды» болып қалар еді.
- Осы сөзіңізді қойыңызшы ата, Сіз ешқандай да жынды емес, көпті көрген, нағыз сыр тұнған шежіре қарт екенсіз ғой...
...Арада екі-ақ ай уақыт өтіп, қысқы каникулымда ауылға келгенде «жынды шалдың» да қайтыс болғанын естідім...
Азкен Алтай Жетысуский