Жұмекен Нәжімеденов: Көремісің, көз?
24-08-2020
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Сен екенсің іштегі күйік көптен.
Қарап тұрмын қасында көз ала алмай,
Бұрынғыдан кетіпсің биіктеп сен.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Халқымның құтысың ба, үйіп-төккен.
Шуақты шындарыңа шығар мені,
Арман жоқ,
Алауынан күйіп кетсем!
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен.
Шертші бір,
Күй кеудеңді күмбірлетіп,
Ғажап емес,
Нөсердей құйып кетсем.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Самалың сипап жатыр,
Сүйіп беттен.
Білмейтін қадіріңді балаң кезде,
Кешір, сендей сұлуды
Қиып кетсем!..