Бүгін Әбділда Тәжібаевтың туған күні
04-02-2021
(әзіл орнына)
...Кезінде тоқтап, кезегінде ішіп,
Жігіттер біздің болса ғой пысық.
Ұрынып онда ойларға мұндай
Отырар ма едім күйіп бір пісіп.
Доғара қалмай кезінде тежеп,
Жұтқан соң жігіт болады өжет.
Күш деген шіркін кетеді қайнап,
Келіндер сонда қағады безек.
Сапырылып не бір сұрапыл сөздер,
Қозады не бір қозбайтын бездер.
Соғысып түнде сырықтай қолдар,
Ертемен ісіп шығады көздер.
Тежегіш еркін тіл менен қолдың
Осынша неге сабырлы болдым!
Қайтер ем өзім қыршын жас болсам,
Жатар ма ем бұғып астында тонның?
Жастығым, қайран өтті ғой менің,
Басылып қапты кеудемде желім.
Түнімен тынбай жолбарыс жортыл,
Таңертең әрең келетін едім.
Өтті ғой бәрі, өтті ғой соның...
Көрдің бе бүгін шыдамның көбін.
Ақылды - ақ екем, айтамын нақыл
Өтіп болған соң жігіттік жолын.
Оралшы тағы сол өткен шағым,
Қанатты қағып қуайын сағым.
Жүрейін ішіп, темпешке түсіп,
Ойлаймын демей жас болашағын.