Шерхан Мұртаза. Жарамазан

Oinet.kz 14-09-2020 2104

Ораза айы еді. Жарықтық ораза айы осы жылы қыстың қақаған ортасына тап болар ма. Әсіресе алыстағы ауылда жатаған үйлерді аязды күн қатарынан соққан боранынан күртік қар басып қалады.

Жарамазан

Мүсірепхан сол боранды сағынды. Ақырған ақ боранға қарсы жүрсе көзі ашылып кететіндей көрінді де тұрды. Мүсірепхан бесікте жатқанда қара шешекпен ауырды. Тумай жатып соншама қатерлі дертке шалдырған құдайдың құдіретіне дауа бар ма? Қара шешек құры кетпеді, Мүсірепханның қос жанарын ала кетті.

Сондықтан да, Мүсірепханда ақ, қара, қызыл, сары көк, жасыл яғни түс деген ұғым болмайды. Аспанда жарық күннің бар-жоғы оған бәрібір.

Дүние ол үшін шексіз қара түнек. Әкесі байғұс Мүсірепханды апармаған дәрігері, бақсы-балгері қалмады. Еш дауа болмады.

Ақыры болмаған соң қаладағы соқырлардың оқуына өткізді.

Мүсірепхан үшін ауылды сағыну содан басталды. Кей-кейде ауылға кетіп қалғысы келеді. Бірақ оның қай тұста екенін білмейді. Мүсірепхан үшін Оңтүстік, Солтүстік, Күншығыс, Күнбатыс деген ұғым жоқ.

Мүсірепхан үшін дүние төрт қанатты шаршы емес. Дөп — дөңгелек. Ол жатқан интернаттың айналасы биік дуал. Дуалдың бұрыштары жоқ, шеңбер сияқты.

Осы шеңбердің ішінде Мүсірепхан ержетіп, бозбала дәуіріне де жетті. Бірақ бәрібір ауылды сағынғанын қоя алмады. Қошақан, қозы-лақтың маңырағаны, сиырлардың мөңірегені, жылқылардың кісінегені, тіпті есектердің ақырғаны құлағынан кетпейді. Олардың түсін түстеп, түр-тұрпатын болжай алмайды. Тек дауыстарынан таниды.

Жаратушы Құдырет Мүсірепханға көз жанарын бермегенмен, құлағын мейлінше нәзік, мейлінше сезімтал жаратқан.

Соқырлар мектебінде әнші-күйші, түрлі өнерпаздар үйірмесі бар. Мүсірепхан сол үйірменің белсендісі. Көп балалардың ішінде Мүсірепханға туған бауырындай болып кеткені Хәкім еді ғой. Хәкім шебер домбырашы.

Хәкім домбыра тартып, Мүсірепхан ән салғанда соқырлар әлемінде өзгеше, бөтен планетаның періштелері шырқағандай болар еді.

Жарық дүниенің нұрлы сыбағасынан құр қалғандарды Жасаған ием осындай өнер арқылы өзгелермен теңестірген сияқты.

Сондықтан да қалалық оқу басқармасы бұл екеуін айрықша марапаттап, біреуіне домбыра, біреуіне қобыз-сырнай сыйлаған.

Соқырлар мектебінің қысқы каникулы сол жылы ораза айына тұспа-тұс келіп, елден Мүсірепханның әкесі қатынап, демалысқа ауылға алып келіп еді ғой...

Ауылдағы Шәріпхан Мүсірепханмен түйдей жасты еді ғой. Ауыл мектебінен жетінші класс бітірген соң қаладағы кинотехникумға түскен. Қазір бұл да қысқы каникулға шыққан кезі екен. Шәріпхан Мүсірепханның үйіне сәлемдесе келгенде Мүсірепхан домбыра тартып, ән салып, Хәкім гармонь тартып отыр екен.

Шәріпхан Мүсірепхан екеуі құшақтасып көрісті. Мүсірепхан Шәріпханды Хәкіммен таныстырды.

Шәріпхан ай-шай жоқ, екі соқырға бірден ұсыныс айтты:

— Үйде бұйығып, боранды күнгі күшік құсап жата бересіңдер ме? Қазір ораза. Кешке үй-үйді аралап, жарамазан айтасыңдар. Қарап жата бергенше азын-аулақ ақша табайық.

— Вот это идея! — деп Мүсірепхан қуанып кетті. Лезде:

— Жәкем ұрсып жүрмесе, — деп күмілжіді.

— Ей, о не дегенің, жәкең қайта қуанбай ма. Оразадағы жарамазан айтқанның сауабы мың есе, — деді Шәріпхан ентігін баса алмай аптығып.

Мүсірепхан шешесіз жетім еді. Әкесі Мүсірепханды жанындай жақсы көреді-ақ, бірақ өгей шешесі құрғыр қызғана ма, немене, әкенің баланы айналып-толғанғанын жақтырмай көкбеттеніп қалады.

Сонымен не керек, Шәріпхан бастап, Мүсірепхан мен Хәкім қостап, жарамазан жорығына шығады ғой.

Ауыл түгел ауызашарға отырғанда, шарт аязда үш қасқа күртік қарға сүріне-қабына алғашқы үйдің тұсына келіп, қасиетті жарамазанды бастап кеп жібереді.

Қобыз-сырнай, домбырамен қосылып, оған Мүсірепхан әні үйлесіп, түнгі ауыл таң-тамаша әуенге бөленді. Көптен бері жарамазан әуенін естімеген ел елең ете қалды.

— Ой, жарықтық жарамазан тірілді, елге-жұртқа иман оралды! — деп үлкендер жағы жадырап қалды.

Ассалаумағалейкум, жатқан байлар

Жылқысын Сусамырға баққан байлар...

Мүсірепханның даусы аязды кеште дірілдеп шығады. Сол діріл оның әуенін құлпыртып жіберетін сияқты. Мүсірепханның діріл қаққан даусы Хәкімнің қобыз-сырнайына қосылғанда бір ғажайып үйлесім табады. Ауру адам сауыққандай, кәрі адам байығандай бір заман.

Ауызашарда отырған адамдар алдарындағы асты ұмытып кетіп, әдемі әуенге ұйып қалғаны сонша олар Мүсірепханның мына қақаған қыста Сусамыр жайлауын еске алып, жадыраған жазды көзге елестеткенін де ерсі көрген жоқ.

Осы үйде жеңешем бар аппақ қана

Береді бізге орамал сақтап қана...

«Аппақ жеңешесі» сыртқа шығып, бетін аяз сүйіп, бір тостаған талқан ұсынады. Шәріпхан: — Мұның не, жеңеше, сені бұлар сонша мақтағанда талқан бергенің — деп ұялтып тастады. — Бұлар қаладан келген атақты әншілер. Талқан алмайды, берсең ақшалай жарылқа.

«Аппақ жеңеше»:

— Ойбүй, — деп ұялғансып, бетін басып, үйге кіріп кетті. Мүсірепхан мен Хәкім кешкі аспанды күңірентіп, жарамазанды соза түсті.

Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,

Айы туып, күні шыққан жақтан келдік.

Айтты деп жарамазан сөзге көрме,

Пайғамбар жолын қуған адам едік.

Айтамыз жарамазан елімізге,

Байлаңыз ақша-орамал белімізге,

Қайтамыз мақтай-мақтай елімізге...

Ауызашарда отырған жұрт, ауданнан келген татар молдасы бастап;

— Әб, бәрекелді, дұрыс айтады. Берсеңдер ақшалай беріңдер, – деп мырзақол болып, көңілденіп, қалталарына қол сала бастады.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазадынын,» кері келіп, жарамазаншылар қыза-қыза көрші ауылға өтіп кетсін.

* * *

Бұлар қызды-қыздымен жүріп, байқамай қалыпты, әтештердің алғашқы шақырғандарын да елемепті. Күн батыстан қар суырып, жаяу бұрқасын жүре бастаған екен. Соны сезген Мүсірепхан:

— Әй, Шәріпхан, түн ортасы ауып кетті білем, енді есіміз барда елімізді табайық, — деп қалды.

Жарамазанның олжасын жиып жүрген Шәріпхан әлгінде дүкенші Төленіштің үйінен ақшасын төлеп тұрып, бір шөлмек арақты қойнына тығып алған еді. Батырың сол арақтан қылқ-қылқ ұрттап қойып, «Сырдың суы сирағынан келмей», — суықты елемей, жарамазан табысына басы айналып қалған.

— Шыда, Мүсірепхан, шыда, ұйқың қанады әлі. Бүгінгідей сәтті күн бола бермейді. Жиналған ақшаны қолдарыңа қақ бөліп беремін. Қалаға барып қайтасыңдар, — деп дес бермейді.

Әйткенмен жаяу борасын екпін алған пойыздай қарқындап, ақтүнек боранға айнала берді. Жарамазаншылардың қойны-қонышы қарға толып, тыныстары тарылып барады.

Әсіресе, әлжуаз Хәкім әлсірей бастады. Жол қайда, жосық қайда? — ешкім білмейді. Көзі ашық деген Шәріпханның өзі қалай қарай жүрерін білмей, қаңғалақтап, тәлтіректеп сүріне берді.

Айнала ақ түнек. Әйтеуір жолды бір білсе осы білер деп, Мүсірепхан Шәріпханның етегінен тас қылып ұстап алған. Хәкім байғұс Мүсірепханнан айырылмайды.

Жол да жоқ. Жақын арада ауыл да жоқ. Тым құрмаса, иттер де үрмейді. Түн-түнек, тылсым дүние. Соқырлар үшін түн-түнек үйреншікті әлем. Ал, Шәріпханға не бәле көрінді? Қайта-қайта сүріне береді, күртік қарға құлай кетеді. Түймесі ағытылған кеудесін қар кеулеп, нығыздала берді. Санасында бір нәрсе: шөлмектен айырылып қалмау. Сұрапыл боран үрлеген қар аузы-мұрнын бітеп, тыныс алуы қиямет болып барады.

Дүлей боран құйын соққандай пергенде қосақталған екі соқырды шыр айналған ұршықтай иіріп әкетті. Мүсірепханның етегінен айырылып қалған Хәкім:

— Мұсеке! Мұсеке! — деп жан даусы шыға шыңғырып-шыңғырып жіберді. Мүсірепхан қызылторы алқоры таяғымен ауаны піскілеп:

— Хәкім! Хәкім! — деген даусын боран қақпақылдап, үзіп-үзіп әкетті.

— Мұсеке! Мұсеке! Тастама мені! — деп шырылдады Хәкім.

Мүсірепханның қызылторы алқоры таяғы әлденеге тірелгендей болды да:

— Ә, сенсің бе, Хәкім? Жылама! Бір құдай жар болар. Ұста менен мықтап! — деді. Өзі таяғымен боранды дүниенің о жақ, бұ жағын түртпектеп, піскілеп алға жылжи берді.

Бір кезде алқоры таяқ жұп-жұмсақ бірдеңеге тірелді. Мүсірепхан қолымен сипалап көріп еді, шөп екен. Бір мая шөп.

— Хәкім! Енді өлмейміз, — деп Мүсірепхан алай-түлей боранмен жағаласа айқай салды. Маяның ықтасын жағын іздеді. Хәкімге айқайлап: 

— А, байғұс бала, азынап келген ажалдан аман қалатын сияқтымыз — деді. Мына шөпті кеулеп суыра бер. Кеуек жасап, соған кіріп жатамыз. Сонда бізді жау алмайды.

Екеуі жанталаса жұлған сол маядан едәуір қуыс пайда болды. Бірақ ұйытқып соққан боранның қары кеуекті де қимайтын сияқты арпалыса түсті. Мүсірепхан Хәкімді қуысқа итеріп кіргізді де, жұлынған шөппен кеуектің аузын қалқалап, қайта бекітіп, соның астынан өзі қуысқа еңбектеп кірді.

Қуысқа кіріп алған соң да бұл екеуі кеуектің ішін кеңітіп, шөпті қолмен суырып, оны ауыз жаққа үйе берді, үйе берді.

Маяның қуысы жұмақтың төріндей көрінді. Киікоты, жусан мен изен аралас шөптің кекіре иісі аңқып қоя берді. Мұншама дәру иіске шыдай алмай екі соқыр қатты өкіріп, түшкіріп алды. Қатты түшкіргендері сонша, соқыр көздерінен жас парлап, одан жазылып, айығып кетердей көрінді.

* * *

Рас болса, екі соқырдың көздері осыдан кейін құлантаза жазылып кетпесе де, жарық сәулені сезетін болған деседі.

Дүлей боран басылып, күн шайдай ашылған соң, адамдар әлгі маяның ар жағынан, қар астынан көк мұз болып қатып қалған Шәріпханның өлігін тауып алыпты. Қасында жатқан шөлмектің түбінде бір жұтымдай арақ.

Шерхан Мұртаза. Бұршақ
Шерхан Мұртаза. «Бабаның оралуы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу