Күләш Байсейітованың өліміне кім кінәлі?
Менің жадымнан шықпайтын, көкейімнен кетпейтін бір мәселе бар. Өте өкінішті, аянышты жағдай. Ол қазақтың бұлбұлы атанған — Күләш Байсейітова хақындағы әңгіме. Біздің Күләш апамыз қырық бес жасында дүниеден өтті ғой. Қазақшалап айтқанда, өмірден қыршын кетті.
Қытайға бір топ әртістермен гастрольге кетейін деп тұрған жерінен алып қалады. БІРНЕШЕ АДАМ ҮСТІНЕН АРЫЗ ЖАЗЫПТЫ. Күләш Байсейітова қапа болғаны соншалық Башқұртстанда тұратын бір құрбысына кетіп қалыпты. Кейін үстінен жазылған арыздың жалған екенін өз аузымен түсіндірмекші болып Мәскеуге, партияның орталық комитетіне барған ғой, бірақ, қабылдамаған. Қатты күйініштен Мәскеудің қонақүйінде жүрегі жарылып, басына қан құйылып, қайтыс болады.
Ал енді сол Күләш Байсейітованың қазасына келген халықта есеп болмады, өте көп жиналды. Еңіреп жүрген халық легі опера театры мен консерваторияның алдына сыймай, қазіргі Абылай хан даңғылының бойымен туу сонау Төле би көшесіне дейін созылды. Үстінен арыз жазған сол адамдар Күләш өлгенде басында тұрды. Кейбіреуі әлі тірі болуы керек. Қалай түсінуге болады осыны?
Мінекей, "қызғаныштың қызыл иті" деген осы. Жібекті әлі сол Күләштан асырып ешкім ойнап жатқан жоқ. Өмірде бәрі кездеседі екен. Мұны да кейінгілердің білгені жөн. Осындай жаман әдеттен арылу керек екенін кейінгі ұрпағымызға айтып отыруға тиіспіз. Бұл өзі бұрыннан келе жатқан жаман бір қасірет.
Театр актері Сәбит Оразбайдың естелігінен
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды