Бақытсыздыққа душар болған қыз ата-анасын кешірмеді

Oinet.kz 15-11-2024 1288

– Асылым, Асылым, қайдасың? Төргі бөлмеден еміс-еміс естілген дауысқа Қаламқас елең ете қалды. Ас үйде түскі астың қамымен жүрген. Құлағын тосып, тың тыңдаған. Ештеңе естілмеді. Қағыс естіген болармын деп жұмысын жалғап кетті. 

Screenshot_3.jpg

Бір сәт тарс еткен дыбыс пен шаңқ еткен дауыстан алдындағы жуып тұрған ыдысын тастай сала алға ұмтылды. Ылғал қолын көйлегінің етегіне жүгіре сүртіп, ішкі бөлмеге сүріне-қабына ентеледі.

Екі беттей құлаған Қасымның денесін қоларбасы басып қалған. Басы ғана баяу қимылдайды. Қаламқас жанұшыра ұлын қолтығынан сүйеп тұрғызбақ болды.

Ұзын бойлы, сотқалдай жігітке әйел адамның әлі келсін бе?! Қанша тыраштансада жерден көтере алмады. Жолдасы Әділді іздеп сыртқа жүгірді. Қорасындағы он шақты құсының жем-суын беріп, баптап жүрген Әділге аптыға жетті. «Ойбай, әкесі таста бұларыңды, балаң құлап қалды. Үйге жүр», – деп келген ізімен жүгіре жөнелді.

Екеулеп әупірімдеп, Қасымды төсегіне жатқызды. Қос қолымен жансыз аяқтарын сабалаған Қасым: «Е, құдай, бұндай бейнет берердей мен өзіңе не жаздым» деп налыды. Жасқа толған жанарын әке-шешесінен жасыру үшін теріс бұрылып, бүк түсіп жатып қалды.Ұлының шарасыз кейпін көріп, Әділ терең күрсініп, тысқа қайта шығып кетті. Баласының осындай халге түсіп, жалғыз қалуына өзін іштей кінәлі сезінетін Қаламқастың жан-дүниесі тіптен алай-дүлей.

Осыдан үш жыл бұрын Әділ мен Қаламқастың жалғыз ұлы Қасым қаладан қуанышты жаңалықпен келді. Биыл оқуының соңғы курсы. Университет қабырғасына алғаш барған жылы танысқан Асылыммен қыз-жігіт болғандарына да төрт жыл толыпты. Ендігі мақсат, жазда қолдарына дипломдары тиісімен шаңырақ көтеру. Қасымның бұл жаңалығына әке-шешесі ерекше қуанды. Ағайын-туыс құлақтанып, тойға дайындық басталып та кетті. Жалғыз ұлдан несін аясын. Әділ мен Қаламқас бар жиған-тергенін тойда шашты.

Асылым Алматының аруы. Қалалық қыз ауылдың тыныс-тіршілігін үйіріп әкету үшін тырысып-ақ жүр. Қаламқас та жас келінге аса көп жүк артпайды. Елуді енді ғана еңсерген оның қартайып тұрғаны шамалы. «Келін қызмет қылсын» деп қол қусырып отыратындардың қатарынан емес. Бір жағына шығысып, Асылымға қолғабыс етіп жүреді.

Атасы Әділ де «Айналайын, Асылым» деп құрақ ұшады. Асылым да бұл үйге бөтендік танытпады. Ақжарқын, ақкөңілімен елпілдеп, қонақ келсе, зыр жүгіреді.

Бақытты отбасының берекесін қашырған Қаламқастың немере сіңілсі Балхия еді. Көрінгеннің қызығын қызғанып, қуанышын көре алмау Балқияның байырғы әдеті. Анау анадай, мынау мынадай деп елдің бәрін жақтырмай отырады.

– Әй, Қаламқас, келінге тым жұмсақ екенсің. Ертең басыңа шығып кетеді. Тәйт деп қойсаңшы.

– Қойшы, келгені кеше. Ол да біреудің баласы. Оның үстіне оқуларыда бар. Соған дайындалады. Үй шаруасына жегіп қоятын ойым жоқ.

– Оқуы не? Екеуі де бітіріп келген жоқ па?– деп Балқия Қаламқасқа сұраулы жүзбен қарады.

– Екеуі де магистуратураға тапсырмақшы. Бақтарын сынап көрсін, біз тек тілекшіміз ғой. Жас кезде білім алсын, оқыған көптік етпейді.

– Ойбай, қайдағы оқу, Қаламқас? Әй, осы кезге дейінгі оқу жетпеді ме? Бері жақында, құлағыңды әкел. Келінің, ұлыңды қалаға алып кетудің амалын қылып жүр, – деп сыбыр ете қалды. Қаламқастың құлағына одан әрі жармасып, «Қалалық ғой, бұлар ауылды жатсынады. Қалай да Қасымды қолтықтап, кетіп тынады. Сосын отырғаның не бала жоқ, иа келін жоқ. Қартайғанда қатарыңа қарап, қызығып, жәутеңдеп...

Балқия бой бермей барады.

– Ту, Балқия бәле шақырмай отыршы сен.

Қаламқас тыйып тастады. Арада екі-үш минуттық үнсіздік орын алды. Балқия ананы бір, мынаны бір айтып, күн ұясына батар шақта қайтуға жиналды.

– Қасым, Балқия әпкеңді жеткізіп сал үйіне. Күн кешкіріп барады, – деп Әділ ұлына бұйыра сөйледі. Қасым екі сөзге келместен көлігін оталдырды.

Күнделікті күйбең тірлікпен уақыттың қалай зырылдап жатқанын байқамай да қалыпты.

– Мама, біздің үйленгенімізге бір ай толды. Кешке Асылым екеуміз қала жаққа шығып қайтсақ, қалай қарайсыздар? – деді Қасым анасына сұраулы жүзбен.

– Иә, әрине балам. Қыдырыңдар, жүріңдер жассыңдар ғой. Асылым да бойын жазып қайтсын, – деп Қаламқас қуанып қалды.

Жас жұбай қалаға шығып бара жатқанда Балқия үйге кіріп жатқан-ды.

– Қалайсыңдар Қаламқас, бұлар қайда кетті? – «бәрін білсем» деген әдетіне салды Балқия.

– Бүгін бір айлық дей ме, жастар ғой қыдырғысы келеді. Шығып қайтсын.

Балқия келсе, Әділ бір-екі кесе шайдан кейін «әйелдердің әңгімесін түсінбеймін» деп әзілдеп, бөлмесіне кетеді. Газет-журнал оқып, теледидар қарап, саяси сауаттанып, рухани азық алатын Әділ бәдік Балқияны аса жақтырмайды. Десе де бұнысын білдірмейді.

– Қаламқас, бір адам бар, келінді осы үйдің босағасына байлап қояды. Қусаң да кетпейтіндей етеді. Суретіне қарайды да жасайтынын жасай береді. Ал деген затын аласың да келініңнің тамағына қоса қоясың.

– Не деп кеттің, Балқия? Нені қос дейсің?

– Туууу, Қаламқас осы сенің аңғалдығың-ай. Оқиды деймін. Әлгі нені оқиды.

– Құдай сақтасын, қой әрі. Бәлеңнен аулақ, Балқия тыныш отыр, – Қаламқас ыршып түсті.

– Ау, ештеңе де болмайды. Келінің тез сіңсіп кетсін деген ой ғой менікі. Әйтпесе сендерде нем бар. Бұларға болсын десең де жақпайсың. Мейлі, мен жай айттым, – деп Балқия әңгіме ауанын өзгертті.

Ара-тұра: «Пәленшенің келіні баласын өзімен ерте кетіп, әке-шешесі немерелерін бір көруге зар болып жүр. Қалалық келін ауылға балаларын жібермейтін көрінеді. Бұлар қалаға барса, жақтырмай ұрыс шығарады екен. Содан не керек ұлының үйінде екі күн болар-болмас ауылға қайтады», – деп тағы да ескі әуеніне басты. Аңқау Қаламқас Балқияның арбауына түсіп, ақыры келінінің суретін қолына қалай ұстатып жібергенін аңғармай қалды.

Осы оқиғадан кейін Балқия бұл үйге келуін тіптен жиілетті. Бұрын құр қол жетіп келуші еді. Қазір келінге деп тәтті ала келетін болған. Арамдықтан ада Асылым рақметін жаудырып, тәтесі әкелген «тәттіні» жеп алады.

Кейінгі уақытта бұл отбасының берекесі қаша бастады. Бұрынғы зыр жүгіріп жүретін Асылымның ештеңеге қолы бармайды. Төсектен тұрғысы жоқ. Еңсесін басқан зіл батпан күш «жата бер, тұрма» деп азғыратындай. Бұрынғыдай таза үй, дайын тамақ, салулы төсек жоқ. Қасым келіншегінің бұл қылығына қайран қалды. Асылым қатты өзгерді. Ата-енесінің де бұған көңілі суып барады. Жатып ішер жалқау келін кімге жақсын. Қаламқастың қабағы түйіліп, кейде Қасымға: «Қайдан ғана тауып әкелдің?» деп қатты кетіп қалатыны бар. Ондайда Әділ барынша араша түсіп: «Ауырып жүрген болар. Сөйлессеңші», – деп әйеліне зекейді.

Қасым мен Асылымның арасы күн өткен сайын қиындай берді. Қыздарының қылығы қаладағы ата-анасының құлағына жетіп, ауылға асықты. Өз қыздарын танымай қалды. Екі құдағидың әңгімесі Қаламқастың: «Қызыңды алып кет» деген ащы сөзімен аяқталды.

Асылым Алматыға келген соң да өзгермеді. «Мама, басым ауырып барады» деп жата кетеді. Білікті дәрігерлердің барлығы дерлік денсаулығында ешқандай «ақаудың» жоғын айтып шығарып салады. Жап-жас жиырмадан енді ғана асқан қыздарының жағдайы ата-анаға ауыр тиді. «Адам емдейді» дегендердің барлығының есігін тоздырды. Бір емші: «Қызыңыздың басында дуа бар» дегенде Асылымның анасы шошып кетті. Бұндайды бұрын-соңды естігені болмаса, бетпе-бет кезігіп көрмепті. Етегі жасқа толып: «Апа, емдеп бере көріңіз. Қанша болса да ақыңызды жемеймін» деп жалынды.

Арада жыл өтті. Асылым өз-өзіне келе бастады. Жұмысқа орналасты. Өткен өміріне оралғысы жоқ. Неге екенін қайдам Қасым мен оның ата-анасына өкпелі. Қасым қанша хабарласса да Асылымның жүрегі жібімеді. Тіпті телефон нөмірін ауыстырып жіберді. Асылым кеткелі Қасымның күйі кетті. Ашушаң болып алды. Алғашында аяғы жансызданып, жиі ұйып қалатын. Ауру меңдеп, төсекке таңылды. Қоларбада отырғанына да жылға жуықтады.

Неге бұл күйге түскенін түсінбей әлі күнге ішкі ойымен арпалысып әлек.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
«Бақытты болмайсыңдар» деп еді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу