Орыс қызға үйленіп, ата-анасының жаназасына да келмеген жігіттің тағдыры
70-ші жылдары бір туысқан ағамыз Целеноградта оқып жүріп сол жақтың қызына үйленетін болды. Алғаш естігенде, ата-анасы оған түбегейлі қарсы болған. Өйткені, ол кезде оңтүстік пен солтүстік өңірдің салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі, түсінігі, көзқарасы бәрі-бәрі өзгеше болатын. Бірақ жаңағы ағамыз алған бетінен қайтпай, ақыры сол қызға үйленді. Елге алып келген соң, амалы таусылған ата-анасы шағын етіп ауыл тойын жасап берді.
Алайда жеңгеміз бір ауыз қазақша білмейтін болып шықты. Ал ауылдағылардың арасында орысша білетіні бірен-саран ғана. Сондықтан ағамыз үйдегілер мен жеңгемнің арасында штаттан тыс тілмәш болып жүрді. Ауылдың тіршілігі жалықтырса керек, бір аптадан соң жеңгеміз кетемінге басты. Шыны керек, атам мен шешем (туысқан ағамыздың ата-анасын мен солай атайтынмын) «бір жолата кетсе екен» деп тілеп жүрген. Олардың тілегі тез қабыл болды. Жеңгеміз жолға жиналды. Бірақ ағамызды ерте кетті.
Сол кеткеннен мол кетті. Ағамыз араға екі жыл салып, төбесін бір көрсеткен. Бірақ жеңгемізді Алла тағала содан кейін арадан 18 жыл өткеннен кейін ғана көруді жазған екен. Екі қызы бой жеткен соң әкесінің ауылын көріп, туған-туысымен танысқысы келіпті. Ағамыз бен жеңгеміздің ауылға келулеріне түрткі болған да сол екі қыз секілді. Бірақ ол кезде атам да, шешем де дүниеден өткен еді. Жеңгеміздің етегінен ұстап кеткен ағамыз ол кісілердің жерлеуіне де келмей, жамағайын адам сияқты телеграмма салған. Сол ағамыз ата-анасының басына құран оқытып қайтпақ ниетпен бала-шағасын ертіп елге келді.
Мазарат ауылдан үш-төрт шақырым жерде, облыс орталығынан келе жатқан жол бойына жақын маңда орын тепкен болатын. Әке-шешесінің басынан аттап кетпейін деді ме екен әлде ата-анасының жерлеуіне келмеген қателігін кеш болса да түсінді ме екен, алдымен ата-анасының қабіріне сәлем беріп, басына құран оқуды ұйғарыпты. Такси жүргізушісінен өтініп, жол-жөнекей әке шешесінің басына соғып, құран оқытып келіпті. Алыстан келген қонақтың құрметіне дастархан жайылып, қасына туған-туыс жиналды. Жиналағандар арасынан біреу «әке-шешеңнің бейітін қалай таптың?» деп сұрады. Ағамыздың жауабын естігенде, дастархан басында отырғандардың бәрі аруақ көргендей бір сәтке тілден қалып, үнсіз қатты да қалды. Оның себебі бар еді...
Ағамның айтуынша, олар мінген таксист біздің ауылдың адамы емес екен. Сол себепті біздің ауылдың мазараты оған таныс емес. Атам мен шешемді де танымайды. Сондықтан мазаратқа келген соң таксист көлігінде қалыпты. Жеңгеміз бен екі қызы да мазарат ішіне кіруге қорыққан көрінеді. Сонан соң ағамыз жалғыз өзі мазарат ішінен әке-шешесінің бейітін іздеуге кірісіпті. Бейіт басына қойылған тастардағы қайтыс болған адамдардың аты-жөнін қарап біраз жүреді. Бір кезде, анадай жердегі бір бейіттің басына құран оқып отырған адамды байқайды. Бірден таниды. Өзімен бір сыныпта оқыған Әділ. Көптен көрмеген сыныптасын кездестіргеніне ағам қатты қуанады. Жолы болды, енді әке-шешесінің бейітін де табады, басына құран оқитын да кісі табылды. «Әділ» деп айғайлайды. Бірақ Әділ жауап қатпайды. Естімеген болар деп қайта айғайлайды. Бірақ Әділ басын бұрмайды. «Е, құран оқып отырған соң қарамады ғой, айғай салғаным әбес болған екен» деп Әділдің қасына барады. Әділ ағамызды танымайтын кісіше суық қарсы алады. «Әділ, мен Қадірханмын ғой, танымадың ба?» дейді. Бірақ Әділдің жүзінен жылылық байқалмайды. «Маған реніші бар ма екен?» деп ойлаған ағамыз, әңгімені көп созбай, әке-шешесінің бейіті қай жерде екенін сұрайды. Әділ соңымнан ер дегендей ишара жасап, алға қарай жүреді. Сәл жүрген соң Әділ қатар тұрған екі бейіттің қасына келіп тоқтайды. Ол Қадірхан ағаның әкесі мен шешешісінің бейіті екен. Ағамыз Әділден құран оқуын сұрайды. Әділ тізерлеп отырып, дауысын шығармай, ернін жыбырлатып құран оқиды. Құран оқып болған соң Әділ орнынан тұрып, ештеңе деместен кетіп қалыпты. Әділдің бұл қылығын түсінбеген ағамыз «мынаның есі ауысқан ба?» деп ойлап, күтіп тұрған таксиге келіп отырып, ауылға келіпті. Ал енді дастархан басында отырғандардың Әділ туралы айтқанын естігенде ағамыз тілден қалды...
Өйткені, Әділ жарты жыл бұрын қайтыс болған еді. Әке-шешесі, екі інісі мен қарындасы, бес туысының бір мезетте көлік апатынан қайтыс болуы Әділге қатты соққы болған. Туыстарын жер қойнына тапсырған соң, Әділдің жүйкесі сыр берген еді. Ол күнде туыстарының бейітінің басына баруды әдетке айналдырған. Мазараттан шықпайды. Таңертең барып, кешке қайтады. Сөйтіп жүріп, арадан алты ай өткенде Әділдің өзі де сол мазараттан мәңгілік орын тапты. Бұл әңгімені естігенде ағам сенер сенбесін білмей, реңі оңып, мелшиіп отырып қалды. Ал жиналғандар болса, ағамның айтқанына сенер, сенбесін білмей дал болды. Бірінен-бірі «шын ба, қалжыңдап отырған жоқсың ба?» деп сұраумен болды.
Ертеңінде ағам ауыл молдасы мен екі-үш үлкен аталарымызды ертіп әке-шешесінің басына арнайы барып, құран оқытып қайтты. Барған кісілерді кеше Әділді кездестірген бейітке де ертіп барған. Бейіт басындағы тасқа жазылған «Әділ Әмірқанұлы» деген жазуды көргенде ағам есінен танып қала жаздапты. «Сонда кеше кездестірген кісім Әділдің аруағын болғаны ма?» деп молдадан мән-жайды сұрайды. Молда, «ол Әділдің аруағы. Сенің әке-шешесінің бейітіне арнайы келіп, құран оқытпақ ниетіңді құп көрген. Досың риза болыған соң оның аруағы саған жол көрсеткен» дейді. Ағам молданың бұл айтқандарынан сенер сенбесін білмейді. Бірақ кешегі болған жағдайға түсінік таба алмайды. Сонан соң Темірхан аға Әділ мен оның туыстарының басына құран оқыпты.
Сол күні Темірхан аға ата-анасына арнап ас берді. Құран оқыларда молдадан Әділ мен оның туыстарын да қосуды сұрады. Одан кейін де, Темірхан аға отбасымен ауылда тағы бір аптадай болып, ауылына қайтты. Олар кеткен соң ауылда Темірхан ағаның мазараттан Әділді көргені туралы әңгіме біраз уақытқа дейін тоқтаусыз айтылды. Біреулер «ол расымен де Әділдің аруағы болған» десе, енді біреулер «Темірханға елес көрінген» десті. Базбіреулер «ол Темірханның ойдан шығарғаны» деп сенбеді. Бірақ Темірхан ағаға өтірік айтудың қажеті қанша?! Алайда ол оқиғаға дәлел табу мүмкін емес. Десе де, Темірхан ағаның мазаратта қандай да бір тылсым күшке кез болғаны анық еді.
Данияр Райымбеков
Аlashainasy.kz