Кесене кезген елес жұрттың зәресін ұшырды...
«Домалақ ана» кесенесіне жол түсіп, зиярат жасап барғанымда осында бірнеше жылдан бері дүңгіршекте сатушы болып істейтін Сәттігүл Дәулетова апа менің тілші екенімді біліп, өзін толғандырған біраз жәйттерді айтып берген болатын.
Апамыз әулиелі жерге барғанда адам өзін қалай ұстау керек, қандай ниетпен бару керек деген мәселе төңірегінде пікірін білдіре келе, өз басынан өткен, осында жиі кездесетін тылсым жәйттерді де сөз етті. Ол кісінің таңқалдырарлық оқиғаларын назарларыңызға қалыбын бұзбай, өзінің айтуы бойынша қаз-қалпында, сөзбе-сөз жеткізуді жөн санадым.
Жас бала кім болды?
Қайбір жылы жаз мезгілінде «Домалақ ана» кесенесіне Алматы қаласынан бір отбасы зиярат жасап келді де, осында түнеді. Әйелдер жағы басқа жаққа, ал сол әулеттің ақсақалы және оның екі ұлы мен немересі кесене маңына жақын орналасқан тапшанға жайғасты. Күн ұясына батып, қас қарайған шақта ер кісілердің жанына үстіне ақ киім киген кішкентай бала келіп жатпақшы болады. Тапшандағы кісілердің «бізде орын жоқ, ары бар», «кімсің сен? нең бар бұл жерде?» деп айтқан сөздеріне бала назар аударып, тіл қатпайды. Тек төсекке жатуға әрекеттенеді. Ұлдарының зекіп сөйлеген даусынан оянып кеткен ақсақал ит кіріп кетті ме деп тапшанның астына, жан-жағына қарайды, алайда ол кісіге ештеме көрінбеген. Ол екі ұлының неменеге бажылдасып жатқанына түсінбей аң-таң болады. Елес тек ағайынды екі жігітке ғана көрінген. Түсіндіріп айтқан сөзге кете қоймаған соң, ағасы ашуланып інісіне «баланы әрі әкетші» деп бұйырады. Ал, інісі ашумен баланы ұрып жібереді. Бірақ сілтеген жұдырығы ағасына тиеді. Ағасы да «елес баланы» ұрады, бірақ жұдырығы інісіне тиген. Бірақ екеуі бірін-бірі ұрып жатқанын сезбеген.
Сол уақытта түн ортасында айқай-шудан оянып кеттім. Бір кезде әйелдер жүгіріп келіп, маған «тәте, тәте біздің ер кісілерімізге бірдеңе болып жатыр, жүріңізші» деді. Өздері қорыққандарынан қалтырап, дауыстары дірілдеп, жыларман күйде тұр. Менің жүрегім зырқ ете қалды. Өйткені алдыңғы кезде сол тапшанда құрылысшы жігіттер жатқанда олардың қойнына жылан кіріп кеткен болатын. Мен оларды «жылан шағып алды-ау» деген оймен қастарына асыға-аптыға жүгіріп бардым. Барсам қорқыныштан екі жігіт қалт-құлт етеді. Сөйтсем осылай-осылай болды деп болған әңгімені маған айтып берді. Мен таңқалып, жылан шақпағанына бір шетінен қуанып, кішкентай баланы періштелер келген шығар дедім де қойдым.
Елес бала суретке түсіп қалған
Бір күні кесенеге Алматыдан екі әйел зиярат жасап келді. Оның бірі «Домалақ ана» кесенесінде тұрып, «әулие деген кім? аруақ жоқ!» деп сенімсіздік танытады. Сол кісілер кесене алдына суретке түседі. Сонда олардың жанында үстіне ақ жамылғы жамылған бір кішкентай баланың бейнесі пайда болған. Суреттегі елесті алғашында әйелдер көрмеген. Кейін Алматыға барғаннан соң бізге хабарласып, «Сендерде томпақтау келген кішкентай бала бар ма еді?» деп сұрайды. Бірақ біз ондай бала болмағанын айттық. Сөйтіп олар Алматыдан қайтадан арнайы бізге келіп, әлгі суретті көрсетті. Біз де суреттегі беті балпандай, үстіне ақ жамылғы жамылған, аяғында жаздық тәпішкесі бар баланы көріп, жағамызды ұстадық (ұялы телефоннан суретін де көрсетті – Б.Н.). Себебі, мұндай баланы бұрын-соңды көрмегенбіз. Мен оны әулиеге сенбеген әйелге «бала құрлы миың жоқ па?» дегендей, құдіретті күштен келген бір белгі шығар деп түсіндім.
Құрманбек Молдабекұлы, кесене шырақшысы:
– Кесененің ішінде, алдында суретке түспеген жөн. Және бұл жерге шын ниетпен, тазаланып келген дұрыс. Қыздардың басында орамал, денесін тұтас жауып тұратын жабық киім, ал жігіттерде ұзын шалбар, басында тақия болғаны ләзім. Келгеннен соң дауыс көтеріп сөйлеу, қарқылдап күлу секілді жағымсыз қылықтарды тыю қажет. Ішкілік ішкендер қақпадан мүлдем ішке кірмеуі керек. Кесене аумағынан ырым қылып топырақ, тас алып кетуге болмайды. Бір мысал, Сайрам ауданы, Мәдени деген ауылдан бір апа келіп, үйіне бір уыс топырақ алып кеткен. Кейіннен күйеуінің аяғын жылан шағып, онысы ісіп, дерті асқына берген. Біраз дәрігерлерге барып көрсетсе де нәтиже болмаған. Сонда Отырар ауданындағы бір көріпкел кісіге барып көрінгенде ападан «Домалақ ана кесенесінің аумағынан топырақ алған бе едіңіз?» деп сұрапты. Апа алғанын мойындайды. Сонда көріпкел «орнына апарып қой, сонан кейін бәрі дұрыс болады» деген. Апамыз осыдан кейін Алладан кешірім сұрап, топырақты қайта алып келіп, қойып кетті.
Көзіне сиыр елестеген
Осындай жаздың тамылжыған күнінде өзім сауда жасайтын дүңгіршектің ішінде ұйықтап жатқанмын. Түнгі сағат 2-лер шамасында кетіп бара жатқан сиырдың тұяғының дыбысынан шошып ояндым. Терезеден қарасам гүлдердің үстінде көршімнің ала сиыры жайылып тұр екен. «Қап, мына жақтың бәрін майқандайтын болды-ау» деп, кесененің жанында тұратын көршім Есімбекке телефон соқтым. Ол телефонын алмаған соң, үйіне жүгіріп бардым да «сиырыңды қамап қой, гүлзарға түсіп шөптің бәрін майқандап жатыр» деп айтсам, ол сиырды жібермегенін айтып бой бермейді. Сөйтіп дереу гүлзарға барды да ары-бері іздеп, ешқандай сиырды байқамағанын айтып қайтып келді. Тексере салайын деп қорасына барса сиыры орнында байлаулы тұр, ал қораның есігі жабық. Сонда көзіме не көрінгенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Өзге біреудің сиыры дейін десем, мұнда басқа жақтан мал келмейді. Оның үстіне кесене аумағы тұтас темір шарбақпен қоршалған. Тағы көзіме елестеген ала сиыр тура көршімдікінен аумайды. Айтпақшы, ертесіне түндегі сиыр жайылған жерден ешқандай із де, шөптің жұлынғаны да байқалмады. Бұл не жұмбақ?!
Жыланның киесі ұрған ба?
Көктем уақытысында Ақбастау ауылынан екі орақшы жігітті шақырып, кесененің айналасындағы шөптерді орғызған болатынмын. Ол екеуі шөп орып жатқанда жуандау келген жылан бұларға қарап ысылдап, айбат шеккен. Оның бірі қорыққаннан қашып кеткен де, ал екіншісі орақпен жыланның қақ белінен шауып тастапты. Содан жыланды өлтірген жігіт кешкісін үйіне барғанда өзінен-өзі қалтырап, қатты мазасыздана бастаған. Үйіндегілер қорқып, дәрігер шақыртыпты. Бірақ дәрігер ары-бері қарап, қызуын түсіретін, басқа да дәрілерді берсе де, науқасқа еш көмек болмаған. Ал ауырған жігіт сандырақтап, «дәу қара келе жатыр» деп қайталап айта беріпті. Амалы таусылған әке-шешесі бір молдаға апарып оқытқаннан соң дерті қайтып, жігіттің беті бері қарапты. Сонда өлтірілген жыланның киесі ұрған ба бұны? Бұл да бір тылсым.
Мазараттан шыққан дауыс
Көктем уақытысында кесене жанындағы мазараттың ішіндегі ескі шөптерін жұлып, реттеп қояйын деген оймен ішіне кіре бергенімде «ары бар» деген дауысты естідім. Бірақ мен мән бермей тағы жүргенімде әлгі дауыс қайтадан қайталанды. Бұл жолғысы алдыңғысынан қаттырақ шықты. Құлағыма шалынып жатқан шығар деп, қайта қозғала бергенімде «кет, жоғал» деген қатты дауыс дәл құлағымның түбінен жаңғырып шықты. Зәре-құтым қалмай, қорыққанымнан қаша жөнелдім. Кейін өзіме-өзім келгеннен соң, ойлана келе марқұмдардың әйел баласының қабірді басқанын қаламаған шығар деп түйдім.
Ақ жамылған апаның бейнесі көрінген
Қарағандыдан осында зиярат жасауға 3 қыз келіп, түнде кесене алдына тұрып суретке түседі. Сонда суретте өздері көрінбей, тек кесене мен кесене алдындағы мрамордан жасалған кітап үстінде тұрған ақ киімді апаның бейнесі ғана көрінген (ұялы телефоннан суретті көрсетті – Б.Н.). Енді мұны неге жорырымды білмедім. Дегенмен бір құдіреттің бары ақиқат.
Есімбек КӘРІБАЕВ, кесене маңында тұратын шаруа кісі:
– Жаз мезгілінде кесенеге зиярат етіп бір топ жастар келіп, осында түнеген болатын. Кешқұрым бір топ қыздар кесенеге келе жатыр екен. Мен оларды қорқытпақшы болып, үстіме ақ мата жамылып, кесененің артқы жағынан «уа-а-а» деп айқайлап шыға келдім. Қыздар қорыққандарынан тұра қаша жөнелді. Бір кезде менің жамылған ақ матамның етегінен біреу ұстап тартып қалды. Мен зәрем ұшып, матаны тастай салып, артыма қарамаған күйі үйге қаша жөнелдім. Бұдан кейін ешқашан бұлай ойнамайтын болдым.
Дүрсілдеген дауыс
Қайбір жылы Леңгір қаласынан бір әйел келіп, ырым ретінде кесене маңынан үйіне бір уыс топырақ алып кеткен болатын. Кейін әйелдің мазасы кетіп, түнгі мезгілде бөлмеден дүрсілдеген дауыс шыға беретін болыпты. Тағы ол дауыс жиі қайталана берген. Өзінің дұрыс істемегенін түсінген ол кісі кейіннен осында келіп, топырақты қайтадан орнына төгіп кетті. Мұндай мысалдар жиі болып жатады. Осы жақтан тас алып кетіп, қайта әкеліп орнына қойып жататындар да бар.
Сәттігүл апа неге ренжулі?
Қазір ауданымызда отау құрғандар осында келетіні белгілі. Сол үйленгендермен бірге еріп келген қыздардың киген киімі ашық-шашық, көйлегінің ұзындығы екі-ақ қарыс күйінде, ал жігіттері ішіп алып, дәретсіз кесене ішіне кіріп кетіп жатады. Бұлардың тірлігіне күйініп, «Мұның қалай, бұларың дұрыс емес» десем, кейбіреулері өзіме қарсы сөйлейді. Ал қыздарға «орамал тақпайсыңдар ма» деп айтсам, олар «ой апай, қазір 21 ғасыр ғой» деп қасарысады. Қыздар бауға келіп, көк шөпті басып олай да, бұлай да тұрып суретке түсіп жатады. Басқа үлкен кісілерден ұялмайды да. Кесенеден шыққан соң, музыканы дауыстатып қойып билейтінін қайтерсің?! Кесене сыртында спирттік ішімдіктер ішіп алып, сырадан, сусындардан босаған құтыларын сол жерде шашып кете салады. Кейде мас жігіттер бір-бірімен ерегісіп, төбелесіп те жатады. Бірде мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазиева кесенеге зиярат етіп келіп, дәл осындай жігіттері ерегісіп, қыздары ашық-шашық жүрген жастардың үстінен түсіп қалып, біздерге қатты сын айтты. Осыдан кейін болған жайды жасырмай айтуға тура келді. Менің ойымша отау құрған жастар кесенеге дәл үйлену тойында келмей, оған дейін немесе одан кейін келіп, зиярат жасап, құран оқытып кетсе де болады ғой. Бұл жерге кім келсе де, тазалық пен тәртіпті сақтап, шын ниетпен зиярат етіп келгені жөн.
Түйін:
Жоғарыдағы кісілердің басынан өткендерді тыңдап отырып, бойыңды қорқыныш билейді екен. Мұндай оқиғалар ел ішінде көп кездескенмен, былайша айтыла бермейді. Кесене аумағынан елес болып көрінген кішкентай бала туралы «7-ші арнадан» берілетін «Знаки» деген арнайы бағдарламада да айтылыпты. Дегенмен әр адам мұнда тазаланып, шын ниетпен келсе, ешнәрседен үрейленудің қажеті жоқ. Тек ащы судан ұрттап алып, тәртіпсіздік көрсетіп, осында жатқан әруақтардың мазасын алмаған жөн. Бірақ болған оқиғаларды естігеннен соң, қайткенмен де бір тылсымның барына таңданбасқа шараң қалмайды.
Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ
«Оңтүстік Рабат»