«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Біз ол кезде 50-60 отбасыдан құралған совхоздың бөлімшесінде тұратынбыз. Совхозға дейінгі аралық 3-4 шақырым шамасы. Балалар бастауыш класты бөлімшеде оқып, бесінші кластан бастап интернатта жатып, совхоз орталығындағы мектепте оқитын. Интернатта жатып оқитын балалар сенбі күні түстен кейін үйге қайтатынбыз. Демалыс күні түстен кейін интернатқа қайта келеміз. Ол кезде бөлімшеге қатынайтын арнайы көлік болмайтын. Сол себепті көбінесе үйге жаяу барып қайтатынбыз.
Мамыр айы. 9 сыныпты бітіретін жыл. Жексенбі күні түстен кейін интернатқа қайтуымыз керек болатын. Досым Өмірбек үй шаруаларымен бөгеліп, екеуміз өзге балалардан қалып қойдық. Ол шаруаларын бітіргенше кеш болды. Біз совхоз орталығына қарай жол тартқанымызда күн де ұясына отырған еді. Ауылдан көп ұзамай-ақ тез қараңғы түсіп кетті. Өмірбек қолындағы Қытай фанаригімен жолға жарық түсіріп келеді. Сөйтіп келе жатып Өмірбек шайтан туралы әңгіме айтты. Мен де қосылдым. Бір кезде өз әңгімемізден өзіміз қорқып, алаңдап жан-жағымызға қарай бастадық. Құдды бір алдымыздан шайтан шыға келетін сияқты. Үнсіз келеміз. Айналадан түсініксіз дауыстар есітілетін сияқтанып кетті. Бұл кезде біз совхоз бен бөлімше ортасында орналасқан ескі қашардың тұсына келгенбіз.
Бір кездері мал ұстауға пайдаланған ескі қашар соңғы жылдары бос тұратын. Есік қашарға жақын қалғанда Өмірбек тоқтай қалып, «ананы көрдің бе?" деп сұрады. «Нені?» дедім. «Әне ақ киімді кісі» деді де, қашарға қарай қаша жөнелді. Ақ киімді кісіні көрмесем де, менде қорқып Өмірбектің соңынан ере жүгірдім. Қашып келіп қашардың ішіне кірдік. Сыртқа қарай ашылатын есікті ішінен тартып тұрмыз. Ақырын тың тыңдадық. Расымен де сыртта бірдеңенің жүргені байқалады. Бір кезде жаңағы сыртта жүрген құбыжық есікке келіп, сыртынан итере бастады. Шамасы есіктің сыртқа қарай ашылатынын білмесе керек деп ойлап тұрмын. Алғашында ештеңені түсіне қоймасам да енді қатты қорқа бастадым. Сәлден соң белгісіз құбыжық қашардың артына қарай кетті. Өмірбек маған есікті тартып тұруды тапсырып, өзі қашардың артқы қабырғасында тезек шығаруға аралған тесікті бекітуге кірісті. Сол жерде жатқан бір ескі киізді алып, тесікті бекітті.
Арадан қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде Өмірбектің бағанағы тесікті бекіткен киізін біреу ішке қарай итеріп түсіріп жіберді. Сыртқа қашып шықпақ болып едік есікті сырт жақтан біреу итеріп тұр. Түсініксіз дауыстар шығады. Қашып бұрышқа тығылдық. Өмірбек фанариктің жарығын қарсы жақ бұрышқа түсірді де, «ананы қара» деп, айғайлап жылап жіберді. Өмірбектің қолындағы фанарикті алып қарсы бұрышқа жарық түсірдім. Үлкен қара кісі тұрған сияқты көрінді. Қорыққаннан жалма-жан фанарикті сөндірдім. Сырттан пыс-пыс еткен дыбыс естіледі. Қозғалуға шама жоқ, екеуміз бір-бірімізге тығылып құшақтасып отырмыз. Бір кезде менің дәл жанымнан біреудің аяқ дыбысы есітілгендей болды. Екеуміз де еш қозғалыссыз қатып отырмыз. Бір уақытта жаңағы беймәлім құбыжық мені жамбасымнан түртпесі бар ма. Зәрем зәр түбіне кетті, жан дауысым шығып, орнымнан атып тұрып фанарикті жақтым. Құрып кеткір, дәл алдымда үлкен егеуқұйрық бажырайып бетіме қарап тұр. Біздің қорқып тұрғанымызды сезді ме, қаймығатын емес. Қайта бізге сес көрсетеді. Еңкейіп жерден кесек алдым да, егеуқұйрыққа қарай жіберіп қалдым. Тиді ме, тимеді ме білмеймін, әйтеуір егеуқұйрық шиқылдап қаша жөнелді.
Бағанадан бізді қорқытып жүрген осылардың дауысы екен ғой деген ой келді де аздап қорқынышым сейіле бастады. «Кеттік сыртқа шығайық» десем Өмірбек орнынан тапжылмайды. Өмірбек деп шақырсам тіл қатпайды. Өмірбек, Өмірбек деп жұлқыладым. Ол менің дауысымды есітімеген кісі сияқты бетіме қарап үнсіз тұра берді. Енді жын-шайтаннан емес Өмірбектің мына күйінен шошып кеттім. Қолынан жетектеп есікке қарай беттедім. Есікті итеріп едім ашылды.
Сыртқа шаққанда байқағаным, ай туып дала жарық болып тұр екен. Есік алдында екі-үш сиыр жүр. Өмірбекке қарап, «бағанадан бізді қорқытып жүрген сиырлар екен ғой» дедім. Бірақ Өмірбек тіл қатпады. Өмірбекті ертіп сол жерден екеуміз кері қайттық. Ауылға жеткенімізде ел жата қоймаған екен. Өмірбекті үйіне апарып, болған жайды әке-шешесіне айттым. Молдаға оқытып, екі ай дегенде Өмірбек тілге келді. Сол жылы жазда Өмірбектің үйі совхоз орталығына көшіп кетті. Олардың көшуі Өмірбектің науқастануымен байланысты болды ма жоқ па ол жағы маған беймәлім.
Сол бір оқиғадан кейін ауыл балалары қашар маңынан жүрмейтін болды. Өмірбекті қайдам, мен жол үстіндегі ақ киімді кісіні де, қашар ішіндегі қара құбыжықты да анық көргем жоқ. Ал кейін ойласам, есікті сыртынан итеріп тұрған құбыжық емес, есікке сүйкеніп тұрған сиыр болған-ау. Пыс-пыс еткен де солардың дауысы болуы ғажап емес. Артқы қабырғадағы тесікті жапқан киіз де асығыс, қорқып жүріп жақсы тықпағандықтан түсіп кеткен болар деп ойлаймын.
Бірақ жаңа оқу жылы басталып, 10 класқа барғанымызда Өмірбек жол үстіндегі ақ киімді кісіні де, қашар ішіндегі қара құбыжықты да анық көргенін айтты. Алғаш жол үстінде ақ киімді кісіні көргенде құлағына біреудің «қашарға қарай қаш» деген дауыс есітілген екен. Қашар ішінде болғанда, сыртта беймәлім адамдардың жүрген анық сезгенін, дауыстарын да анық естігенін айтты.
el24