«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Сол оқиға есіме түссе әлі күнге денем түршігеді. Адам жас кезде жастықпен еш нәрсенің байыбына бара бермейді екен. Біз де жас болдық, үлкендердің болмайды деп тыйым салынған нәрсесінің барлығы бізге қызық көрінетін. Және тыйым салынған нәрсені міндетті түрде жасап көргіміз келіп тұратын.
1999 жылы С. Асфендияров атындағы медициналық университетке оқуға түстік. Жатаханада қыздар басымыз қосылғанда карта ашу, кофемен бал ашу, тарелкемен әруақ шақырып, болашақты болжау секілді нәрселерге әуес едік. Қолымыз қалт етсе болашағымызды болжағымыз келіп тұратын.
Бір күні тағы солай басымыз қосылғанда болашағымызды болжап көруге, оның ішінде қашан тұрмыс құратынымызды болжап көруге бел байладық. Үлкен картон қағаз алып бір жағына жылдарды, келесі жағына әріптерді тізіп жазып шықтық. Бір жұқалау тарелкені алып, қара қаламмен, қас бояйтын карандашты сулап жүріп, екі жаққа қаратып стрелка сыздық. Түнгі 10-ның кезі болғандықтан сырттан түсетін жарығы онсыз да әлсіз бөлменің жарығын сөндіріп, бір шырақ жағып, биіктеу киім салатын шкафтың үстіне орналастырып қойдық. Артынша бөлмедегі төрт қыз, басқа бөлмеден қонаққа келген группалас тағы екі қыз үстел үстін қаумалап, ортадағы тарелкеге қолымыздың ұшын жақындатып, әруақ шақыра бастадық.
Арамыздағы Айғаным бастап дауыстап өзінің ертеректе қайтыс болып кеткен әжесін шақырып, болашақ жарының есімінің қай әріптен басталатынын сұрады. Бір кезде тарелке жылжығандай болды да, шкаф үстіндегі шырақтың үстін бірдеңе желпігендей болды да шырақ өшіп қалды. Бір бірімізді басқан күйі, құлап жығылғанымызға қарамастан, шыңғырып бөлмеден атып шықтық. Енді қайтадан ана бөлмеге кіре алсақшы. Коридордан түскен жарықпен, қаумалап жүріп, алдымен бөлменің жарығын жағып бөлмеге кірдік. Алайда бал ашуды одан әрі жалғастыруға дәтіміз шыдамай бәрін жинап тастадық.
Өз шаруамызға айнала бергеніміз сол еді, енді бөлмедегі электр жарығы жалп етіп сөніп қалды. Тағы бөлмеден шыңғырып атып шықтық. Көрші бөлмедегі курстас балаларды ертіп келіп қарасақ, лампочка күйіп кетіпті. Бір бірімізді тыныштандырып, бөлменің лампочкасын ауыстырып, қорқынышымызды басып «шай ішейік» десіп, көңіл алдарқатып, басқа әңгіме айтсақ та қорқынышымыз сейілмей қойды. Сөйтіп төсек салып жатсақ та, жарықты сөндірмей ұйықтауға келістік.
Түннің бір уағында Әселдің үстінде жоғарғы керуетте жататын Шынар сатыр-сұтыр етіп құлағанда бәріміз өре түрегелдік. Бұрын мұндайы жоқ болатын. Шынар жылап тұрып «ұйықтап жатқанда біреудің төбесінен төніп тұрғанын, түсім екен деп жата бергенмен әлгі елестің кетпей қойғанын сосын содан қашам деп керуеттен құлағанын» айтып, өкісігін баса алмады. Бұдан кейін тіпті ұйқымыз қашты. Бір кезде өздігінен, киім салатын шкафтың есігі ашылып кетті. Тіпті құтымыз қашты. Түнгі төртте кімді ертіп келесің. Оның үстіне Шынардың маңдайы шкафтың бұрышына тиіп жырылып, қанап тұрған соң, вахтадағы Маржан апайға шұбырып бардық. Бөлмеде қалуға ешкімнің жүрегі дауаламады да. Маржан апай мән-жайды естіп болған соң «әруақты бекер мазаладыңдар» деп, бізге ұрсып сөйлеп жүріп бөлмеге еріп келді. Әлдебір дұғаларды айтып, бөлме ішін аластағандай болды.
Біз Шынардың маңдайына салқын су бастық. Өзіміз де үрейленіп, ауық ауық салқын су ұрттап жүрміз. Маржан апай бәрімізге ертемен мешітке барып құран оқытуды айтып, таңатқанша қасымызда отырды. Өзіміздің де одан кейін ұйықтауға құлқымыз болмады.
Сол күні кездейсоқтық па, әлде қандай да бір түсіндіріп бере алмас құбылыстар болды ма, әлде шынымен әруақтардың мазасын алдық па сондай бір мазамызды алған жағдай орын алды. Таң атқан соң сабақтан кейін мешітке барып, садақа беріп, құран оқыттық. Бірақ содан кейін бөлмеміз тынышталды. Жөнсіз бал ашып, болашақты болжауды да қойдық. Содан бері бізден басқа бөлек бір әлемнің барына, олардың ретсіз мазасын алуға болмайтынын да түсіндік.
Ақжарқын ЛЕПЕСОВА, Талдықорған қаласы