Есірткі—зұлым
Есірткі – зұлым! Әрбір саналы адам мұны түсінеді. Ең бастысы, дер кезінде «жоқ» деп айту. Адамның мықты ішкі өзегі, күшті рухы болуы қажет. Осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Еңбекші ауданындағы №40 мектепке барып, оқушылармен кездесті. Іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Еңбекші ауданы полиция басқармаларының жауапты қызметкерлері қатысты.
Полицейлер оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, құқық бұзушылық және тәртіп бұзушылық жол бермей, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын дұрыс ұстануға және бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды.
Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, оның ауыр зардаптарға алып келетінін, болашақта жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп және білімімен ерекшелену қажеттілігін жеткізді.
Адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниелердің жоқтығын атап өтіп, қауіпсіз қоғам құру еліміздің әрбір азаматының міндеті екеніне тоқталды.
Айта кетері, жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
--Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.
Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын,--деген болатын.