Шымкентте құс фабрикасы ашылды
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданында құс фабрикасының ашылуына қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарлады.
"Аймар Құс" ЖШС бірінші кезеңде жылына 72 млн.дана жұмыртқа өндіреді. Бұл қала халқының жұмыртқа өніміне сұранысының 42%-ын қамтиды. 4 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жоба 50-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жаңа құс фермасының өндірісімен танысқан қала басшсы бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саланы дамытуда
Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктегеніне тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Президент халыққа Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобалардың басым бағыттар болып табылатынын атап өтті. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Құс фермасының іске қосылуы азық-түлік белдеуінің қалыптасуына оң әсер етіп қана қоймай, қала тұрғындарын жергілікті өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 1- санаттағы жұмыртқалардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылған "Аймар Құс" ЖШС-мен айналым схемасы тетігі шеңберінде шарт жасалды. Форвардтық шарт аясында серіктестік 1-санаттағы жұмыртқаларды қала аумағындағы сауда нүктелеріне белгіленген бағамен өткізетін болады.
Осы жерде айта кетері, қала аумағындағы базарлар «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңында көрсетілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіріліп, модернизациялаудан өтетін болады. Қазір қалада 19 базар жұмыс істейді. Олардың 15-де атап айтқанда «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай», «Акбар», «Ынтық ата», «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шахар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна» базарларында жұмыстар аяқталған.
Сонымен қатар, 4 базарда («Авто Нұр», «Қырғы базар», «Алаш», «Самал») модернизациялау жұмыстарын жүргізу туралы Жол картасы бекітілген. Осыған сәйкес «Алаш», «Самал» базарларын заманауи талапқа сай жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. «Авто Нұр» мен «Қырғы базар» базарларында бұл бағыттағы құрылыс 2025 жылдың соңында атқарылады.