Шымкент—Париж арасында әуе тасымалы ұйымдастырылды
Жүк ұшағы Париж бағытынан Шымкент қаласының әуежайына алғаш рет қонды. Әуежай басшылығы экипажды жылы қабылдауды ұйымдастырды. Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.
Париж-Шымкент-Хайнань бағытымен қатынайтын әуе кемесінің техникалық қонуы "FTL airlines" француз жүк тасымалдаушысы арасындағы уағдаластықтар аясында Шымкент әуежайында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, алдағы уақытта Шымкентке жүк авиатасымалдарын тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл мегаполистің логистикалық инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Қазақстанның Еуразиядағы тораптық транзиттік хаб ретінде өз позициясын күшейтіп, толыққанды көліктік-логистикалық державаға айналуға тиіс екеніне тоқталған болатын.
-- Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.
Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс,--деп атап өтті президент. Сонымен бірге Мемлекет басшысы:
-- Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет,--деген болатын.
Шымкенттегі "Сауда-логистикалық орталық" аумағының жоғары жүктемесіне байланысты хабтың жалпы ауданын 92-ден 136,29 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданды.
Бүгінгі таңда мұнда жалпы құны 25,2 млрд. теңге болатын 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 285 жұмыс орны ашылды.
Қазіргі уақытта жалпы құны 59 млрд. теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаның пулы құрылды.