Шымкент: Батысқа көмектің екінші легі аттанды

Oinet.kz 10-04-2024 718

22.jpg 

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек беру жөніндегі өңірлік штаб жұмысын белсенді жалғастыруда. Қазіргі таңда қалада ҚХА белсенділері ашқан бекеттерде құны – 18,5 млн. теңгеден асатын 40 тоннаға жуық зат жиналған. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Бүгін ассамблея мүшелері гуманитарлық көмектің екінші легін Батыс Қазақстан облысына жіберілді.

– Біз «Жүректен жүрекке» жобасына атсалысқан өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «АлемТрансЖол» компаниясына, «Яворский & партнеры» адвокаттық конторасына және игі бастамаға үлес қосқан барша тұрғындарға алғыс білдіреміз. Осындай қиын-қыстау кезеңде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», көмек қолын созуға бар ынтамызды салып жатырмыз. Көмек жинау жалғасын тауып жатыр, бекеттер күні-түні жұмыс істеп тұр, – дейді Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.

Бүгінде бекеттерде жиналып тұрған 20 тоннаға жуық көмекті жақын арада үшінші лекпен тасқыннан зардап шеккен өңірлердің біріне жіберу көзделіп отыр.

6 сәуір күні Шымкент қалалық ҚХА белсенділері алғашқы лекпен құны 10 млн. теңгеден асатын 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті Атырау облысына жіберген болатын.

Айта кетері, бұған дейін су тасқынына байланысты халыққа арнаған Үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

--Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді,--деген болатын.

Су тасқынына ұшыраған халыққа көмек барлық өңірлерден ағылуда.

 


Шымкент: Түйткілді мәселелер әкімнің бақылауында
Шымкент: «Таза Қазақстан» 5 аптаға созылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу