Ақылды Бадма және ақылсыз Лама (ертегі)
Баяғы өткен заманда бір шалдың қолында Бадма деген жетім бала тұрады. Бадманың әке-шешесі кім болғанын ешкім білмейді екен, шал да бұған мән бермейді. Сөйтіп, Бадма өзінше өмір сүріп жатады, шалды аға деп атайтын көрінеді.
Бір күні Бадма балалармен бірге жол үстінде ойнап отырады. Жол үстіне ағаш пен тастан қалап балалар үлкен ойыншық қала салады, сөйтіп жолмен ешкім әрі де, бері де жүре алмайтын болып қалады. Осы кезде бір арба келе жатады, арба үстінде лама отыр екен. Балалардың жолды бітеп тастағанын көріп, ашуланып, алыстан:
-Әй, балалар! Жолға неге ойнайсыңдар! Әне жолды жауып тастапсыңдар.
Кәне, мынау үйлеріңді бұзыңдар, әйтпесе құлақтарыңды жұлып аламын!- деп айқайлайды. Балалар қорқып қаша жөнеледі. Бадма ғана қорықпай, қашпай, қалып қояды.
Сосын ламаға қарап: — Қала қашан адамға жол беретін еді? Адам қаланы айналып өтпей ме?- дейді.
Лама айтатын сөз таба алмай, балалардың қаласын айналып өтеді.
Лама айналып өткен соң, жолда кетіп бара жатқанда: «Бұл қалай болды, а? Мен, ақылды лама, кішкентай балаға жауап қайтара алмадым. Енді жұрттың бәрі «біздің лама баладан да ақымақ» дейтін болды ғой.
Тұра тұр, бәлем, ламамен қалай сөйлескенді мен саған ертең көрсетермін!» деген ойға батады. Қатты ашуланған лама таңертең Бадма тұрып жатқан киіз үйге келеді.
Келсе, шал мен Бадма өгіз жегіп жер жыртып жүр екен. Лама Бадманы шақырып алып, оған: Әй, бала! Сенің өз теліміңді соқамен неше рет айналып өттің? — деп сұрайды.
Бадма ойланып тұрып, былай деп жауап береді: Санаған емеспін. Бірақ сіздің атыңыз үйден шыққалы қанша қадам жасаса, содан көп емес.
Лама тағы да жауап таба алмайды, бұған одан әрі ашуланады. Бадманың ағасының да мысқылдай күліп тұрғанын көріп, ашуланады. Жалма-жан шалдың жанына жетіп келіп: Бүгін кешке өгізіңді сауып, маған сүт ұйытып қой. Ертең келіп алып кетемін. Егер олай етпесең, өгіз менікі болады, — дейді.
Ламаға өгізді саууға болмайтынын қалай айтамын деп шалдың басы қатады. Айтатын нәрсесі ойға келген кезде қараса, лама кетіп қалыпты. Бадма ағасының уайымға батып отырғанын көріп, оның қасына келеді. Аға, саған не болды? Лама маған өгізді сауып, сүт ұйыт деп кетті. Егер олай істемесем, өгізімді тартып алмақшы. Не істерімді білмей басым қатып отыр, — дейді шал. Мұңайма, аға!-дейді Бадма.
— Ертең ламамен мен өзім сөйлесемін. Лама ертеңіне шалдың киіз үйіне келеді. Есіктің алдында Бадма отырады. Шақыр ағаңды! — деп бұйырады оған лама. Ақылды лама, қазір оны шақыруға болмайды! — дейді Бадма. Мен бұйырып тұрғанда қалай шақыруға болмайды! Біздің өгіз бұзаулап жатыр, қайырымды лама.
Ағам соның қасында оған көмектесіп отыр. Өй, ақымақ бала! Өгіздің бұзаулағанын қайдан көріп едің? Соқпа, өтірікті! Шақыр одан да ағаңды! Қасиетті лама, сіздің өзіңіз менің ағама өгіз сауып, сүтін ұйытуды тапсырған жоқсыз ба? Ағам соны істейін деп жатыр. Өгіз бұзаулаған бойда сауып, сүтін ұйытады, — дейді бала.
Лама тағы да бұған жауап таба алмайды. Одан әрі ызаланып, ағаң ертең маған келсін деп бұйырады. Ертеңіне шал келген кезде оған: Маған күл арқан қажет. Шұғыл түрде күлден арқан есіп әкел. Есіп әкелсең, ақысына үш қой беремін. Олай істемесең, киіз үйіңді тартып аламын! — дейді. Шал ламаға күлден арқан есілмейтінін қалай айтып түсндірерін білмейді. Ламаның үйінен ағасының мұңайып келгенін көріп, Бадма одан мұның себебін сұрайды:
Аға, саған не болды?
Лама маған күлден арқан есіп әкелуді бұйырды.
Ақысына үш қой беремін деді. Олай етпесем, киіз үйімізді тартып алмақшы.
Не істеймін? Жат та ұйықта, аға, — дейді оған Бадма. — Оған ертең күл арқанды апарып бересің.
Шал ұйықтауға жатады, ал Бадма сабаннан ұзын қылып арқан еседі. Таңертең шалды ертерек оятып, былай дейді: Мына арқанды алып, ламаға апарып бер. Оны киіз үйінің жанына төсе де, екі ұшынан жақ. Сабан жанып болған кезде, ламаны арқанды ал деп шақыр. Шал арқанды алып ламаға кетеді.
Бәрін де Бадма айтқандай қылып істейді. Сабан жанып болған кезде ламаны шақырады: Кемеңгер лама, мен сіздің тапсырмаңызды орындадым. Енді маған үш қойыңызды беріңіз де, арқанды алыңыз.
Егер сізге тағы да күлден жасалған арқан керек болса, айтыңыз, арзан бағасына есіп беремін, — дейді. Лама шалға үш қойын беріп, тезірек шығарып салады.
«Шалды қатырдым» деп кейін ұзақ уақыт бойы құдайына алғыс айтып жүріпті.