Жүніс Сахиев. Ғарыштағы гүлдер
Олар Жерге қайтуға асықты. Бейтаныс ғаламшарда болған уақыт та өте шыққан. Жұлдызаралық сапардың бір ерекшелігі де уақыттың осындай санаулылығында. Әйтпесе, мына көз алдарындағы ғажайып әлемді ешқайсысы да қиып тастап кетпес еді. Әлі де жүре бермек. Бірақ уақыт деген бәрінен де қатаң. Мына ғаламшардың бетін көмкеріп жатқан сантүрлі хош иісті гүлдер мен өсімдіктердің нәзіктігіндей емес. Бір ғана өсімдіктің өзі талай тағдырды шешеді. Сондықтан да ойлануға тура келген.
Кеме басшысы Мерген Тұрлығазыұлы жан-жағын жіті бақылап, ілгері бастап келеді. Айнала қалың шөп, самсаған неше түрлі гүлдер. «Тек қана өсімдік пен гүлдерден тұратын мұндай да ғаламшар болады екен-ау» деп таңданған еді Мерген алғашында. Бірақ ғаламшар тіршілігіне бірте-бірте көзі үйрене бастаған кезде осы өсімдік пен гүлдер әлемінің де өзінше бір бөлек тіршілік кешіп жатқан біртұтас елдей екеніне көз жеткізе бастаған. Қасындағы байланысшы Жеңіс Қасиманұлы, ботаник Гүлжан Қасенқызы, дәрігер Маржан Кенжемұратқызы, жұлдызнамашы Мейірбек Оразұлы, күйші әрі әнші Жұматай Кәрімұлы да осы ғажайып әлемге азғана уақыттың ішінде бауыр басып қалғандай еді.
Бұл ғаламшардың ғажайып ерекшелігі Жерден осылай қарай аттанбай тұрған кезде де байқалған болатын. Жер төңірегіндегі, Ай мен Қызыл ғаламшардағы ең ірі деген радиотелескоптармен жіберілген радиодабылдарға да бұл ғаламшардан еш жауап болмаған. Соның өзі-ақ мұнда саналы тіршілік иелерінің жоқ екенін байқатқан-ды. Ол дұрыс болып шықты да. Жер жұлдызшыларының даналығы тағы да бір дәлелденді. Ғарышкерлер ғаламшар бетінде қанша уақыт сабылса да, тіл табысар ешбір пендені кезіктіре алмаған. Оның есесіне қызу тіршіліктегі қалың өсімдіктер мен гүлдер әлемін кезіктірді. Мұндағы ауа райы да Жердің сонау адам баласы өркендемей тұрған кездегі бір көріністі көзге елестеткен еді.
Осы ғаламшарға аман-есен қонып, табиғатын аралағалы қай-қайсысының бойында да күш пен жігер пайда болған. Таза ауа мен тамаша табиғат аясының кез келген адам баласының көңіл күйін көтеріп жіберетіні белгілі. Зерттеуден қолы босаған сәттерде Жұматай ерекше жігерленіп, қолына ою-өрнекті домбырасын алып, оған қосыла әндетіп те жібереді. Сондағы ғаламшар өсімдіктері мен гүлдерінің оны ұйып тыңдағандай тым-тырыс қалатыны ғарышкерлердің таңдайларын қақтырған. Жалпы, гүл атаулыға күй мен әуеннің ерекше әсер ететінін ғарышкерлердің қай-қайсысы да о бастан жақсы білетін. Ал қайран қалғандары, мұндағы өсімдік пен гүл әлемінің осы ғаламшарға өздерінше ие болып алғандай көрінетіні еді.
Ғарышкерлер ғаламшарға алғаш қонғанда неше түрлі дыбыстарды естіген. Соған қарап «Бұл ғаламшарда саналы тіршілік иелері бар екен» деп ойлап та қалған болатын бәрі де. Жоқ, олай емес, мылтықтан оқ атқандай болып тарсылдап жатқан да, әуеде қалықтап, қалбалақтап ұшқан да, ғаламшар бетімен бауырлай жылжыған да, байқаусыз жанап кеткенде бырс етіп, ащы сұйық шашатын да осындағы өсімдіктер болып шықты. Ғаламшардағы өсімдіктердің қай-қайсысы да ғарышкерлерге өсімдік емес, бейне бір әрекеті бар жәндіктердей көрінген. Араларында ботаник болғандықтан, көп нәрсені тез түсініп, олардан аса сескене қоймаған. Бірақ қанша дегенмен де, шалғай жұлдыз жүйесіндегі бөтен ғаламшар болғандықтан, сыры белгісіз өсімдіктер мен гүлдер көп еді. Оларды Жерде белгіленген аз уақыттың ішінде біліп болу еш мүмкін емес. Сондықтан да кеме басшысы, геолог Мерген ғаламшардан қандай да бір өсімдіктің, гүлдің бір талын алуға тыйым салған. Жұлдызаралық кеме ішінде өсімдік пен гүл өсіруге арналған арнайы бөлім де, ыдыс та жоқ еді. Оранжереяда Жерде өсірілген өсімдіктер мен жеміс ағаштары бар. Ал олармен бөтен өсімдіктерді араластырудың еш реті жоқ-ты. Оның үстіне ондағы жасыл әлемге қажетті топырақ пен су да есептеулі.
Осындай себептерге байланысты ғарышкерлер алапат жұлдызаралық кемелеріне мінер алдында үсті-бастарын қағып, арнайы тазалағыш сұйықпен тазалап, басқару бөліміне еніп, өзді-өзді орындықтарына жайғасқан. Енді бар қиындық та, қатер де кейінде қалғандай. Бірнеше минуттардан соң, бұл ғажайып әлеммен біржолата қоштаспақ. Сыры беймәлім өсімдіктер мен гүлдерден біржолата құтылмақ.
Ғарышкерлер алапат кеме бар денесін ауырсынғандай өте баяу көтерілгендіктен, иллюминатор арқылы ғаламшар бетінен көз алмады. Отырған орындықтары да барлық жаққа оп-оңай айнала қозғалатындай етіліп жасалған. Соның арқасында ғарышкерлер бетін ғажайып өсімдіктер мен гүлдер көмкерген ғаламшарды қызықтай алды. Ғаламшар минут санап көз алдарында алыстай берді. Әлгі гүлдер де енді тұтасып, тек бір қызыл түсті аймаққа айналды. Мерген сондай жыпырлаған неше түрлі өсімдіктер мен гүлдерден дін-аман ұшып шыққанына ішінен қуанды. Соның өзінде де өз көзіне өзі сенбегендей кеменің ішкі қабырғаларына, достарына, киімдеріне жиі-жиі көз салумен болды. Өйткені ғаламшардағы өсімдіктер мен гүлдердің бірінің кеме қабырғасына немесе достарының бірінің киіміне байқатпай жабысып қалуы әбден мүмкін де еді. Бірақ әзірге ондай ештеңе байқалмады. Сәлден соң ғарышкерлер кемені ғаламшардың төңірегіндегі айналма жолға шығаруға кірісіп кетті.