Бата дегеніміз не?
Бата дегеніміз не? Ол қалай шыққан? Бата не үшін беріледі?
Адам баласы өзінің бергі тарихының 2000 жылдық кезеңіне шығып тұрған кезде “бата” секілді көне дәстүрдің не керегі бар? Электроника шексіз дамып, көп үйде компьютер мен интернет орнығып алған осы заманда баталар өз-өзінен жойылып кетпей ме?! Осы сұрақтарға жауап таппай, бүл кітапшаны қолға алудан не пайда?!
Батаның құдіретін Ғалам және Адам жаратылысының тылсымынан іздегеніміз жөн.
Сөз — бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Ал, қазақ халқының адал жаны, бүкіл рухы, откен тарихы Сөзге тығыз байланысып тұр. Ежелден осылай. Әлем халықтарының барлығында дерлік мұндай дәстүр жеткілікті. Түркі жұрты, қазақ халқы сөз атаулының қасиет екенін ежелден білді.
Бір іске қадам баспас бұрын, ойға алған дүниені бастамас бұрын адам Ниетін түзеп, Тілек тілейді. Өз мақсатына жету үшін Аллаға жол іздеп, Жаратқан Иеміздің рұқсатымен ғана бастайды. Тілегіңді бар жаныңмен осылай құлай сұрағанда тілеушінің рухында да, тілектес адамның рухында да аса бір куатты серпін туады. Бүкіл Ой, Ниет, Тілек түгелімен шарболаттай сығымдалып, Сөз болып бір арнаға құйылады. Тілек, Бата дегеніміз — осы. Тілек тілеп, бата берудің бүкіл ғаламдық күдіретті күші — осында.
Қазақ халқы осы құдіретті байланыстысты ежелден-ақ білді. Сондықтан өзінің әрбір іс, әр қимылын бүкіл Ниет, Тілегін жиынтықтап алып, ақ тілек, ақ батамен бастап отырды.
Сөйтіп, тілек тілеп, бата берудің көп ғасырлық тәжірибе-тәрбиесі қазақ халқында жаратушы Иеміз – Алламен байланысудың Ғаламдық күш-құралына айналып кеткендігі анық. Яғни, Бата – біздің халқымыз үшін – Ой, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы, күллі сенімнің бірлігі. Дүниетануымыздың ұлттық бір жүйесі — бата. “Бабадан асқан әз болмас, батадан асқан сөз болмас” деп тіке байлам жасаған халық: “Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер” деп нақты шешімін айтқан. Сондықтан да Ақ Бата — әрқайсымыз үшін де теңдесі жоқ асыл сөз. Бата — бастағалы тұрған істің қасиетті тұмары. Ілгері басқан қадамның тұсаукесері. Көне — көк түрік жұртымыздан бастап, міне, XXI ғасырға келіп жеткен қазақ халқы өзінің әрбір ісін ақ тілекке толы ақтарылған батамен бастап келеді. Және бұл өте дүрыс.
Алайда, бата берудің өзіндік орны, жолы, жөні, кәдесі болады. Асылында, батаны топ ішіндегі жас тоқтатқан, сақа адам беруге тиіс.
Болмаса, көптің рұқсатымен, жастау болса да жолы, жөні бар, жұрттың ойынан шығатын адам беруіне болады. Қазақ халқында ел арасында аса даңқы шыққан, киелі, кейуана болмаса, ерлер отырғанда еш уақытта әйел адам бата бермейді. Керісінше, әйелдер арасында ес білетін, сөз білетін ер бала болса — батаны сол беруге тиіс. Бұл — Ата жолы. Ертеде ауыл-ауылдың берекесі мол жиындарында жасы үлкен, елге құрметті ақсақал ортаға шығып, тілегін айтып, ақ батасын беретін болған. Ол кезде дәл қазіргідей жапа-тармағай сөйлемеген; бата да, байлам да өздері құрметтейтін бір-ақ адамның аузынан шығады да, басқасы соған бағынады.
Бата мен тілекке аса бай болу керек. Бата — Құдай алдында берілген серт, айтылған уағда, сұрап алған үкім. Сондықтан да ақ батаны, баталасуды ешқашан да, ешкімнің де бұзуға хақысы жоқ. Ақ батаға қарсы бол¬ған, не оны бұзған адамның өзі де, ұрпағы да оңған емес. Батаны қайтару не қайтып
алу үшін, болмаса теріс бата беру үшін сол алқалы жұрт қайта жиналып, бізді жаратқан Алланың алдында батаның тілектерін өзгертуге қайта жалбарынып, батаны қайта беруге тиіс. Мұндай батаның қабыл болу болмауы енді тек Аллаға ғана аян болмақ. Сондықтан, әсіресе, теріс бата (қарғыс бата) беруге адамның өзі сақ болғаны жөн. Өйткені, халқымыз оны асқан даналықпен “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” деп қатты ескерткен.
Батаның түпкілікті мақсаты — ел-жұртының бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін айту, достыққа, береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа шақыру, жақсы іске бас болу, үлкен-кішінің жолын ашу, алдағы өмірге мақсаттар белгілеу. Яғни, Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді деген халық даналығы.
Ендеше, ежелгі замандардан халықтың Ойы, Ниеті, Тілегі мен Ісінің рухани шырқау пирамидасы болып келе жатқан Аталардың, Ак батасына жаңа мыңжылдыққа асып бара жатқан ата тарихымыз да, бүгінгі ең жаңа компьотерлік техника мен интернеттік жүйелер де ешбір тосқауыл қоя алмайды. Қазақтың Ақ Батасы — Жаратқан Алламен шын жүректен байланысу арқылы бар тілегін ұрпағынан-ұрпағына жеткізіп, бір Алланың ғана қолдауымен қиналғанда көмек беріп отыратын, бүкіл кедергі-тосқауылдарды қақ жара өтіп келе жатқан ұшқыр мұрасы, қасиетті тұмары, асыл қазынасы.
Аталарымыздың Ақ Батасы өмірде жолыңызды ашып, әрдайым қорған болып жүрсін өздеріңізге!