Тәрбие сағат: Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Oinet.kz 29-09-2020 1128

Ашық сабақтың тақырыбы: Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Мақсаты: Оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-біріне және қоршаған ортаға жақсылық жасай білуге, оқушының ой-өрісін дамыту.

Міндеті: 

1. Адам қарым- қатынасындағы жақсылық ұғымы туралы түсінік

беру.

Оқушылар арасында жақсылық пен жамандық сезімдері туралы

түсініктерді  дамытуға ықпал ету.

Оқушыларды сыйластыққа,әдептілікке, шыншылдыққа, адалдыққа, жақсылық  жасай білуге тәрбиелеу.

Көрнекті құралдар: нақыл сөздер,сәйкестендіру кестесі,өлең жолдары

Сабақтың барысы:

 

I.Сәлемдесу

Арайлап таң атты

Алтын сәуле таратты

Жарқырайды күніміз

Жарқырайды даламыз

Қайырлы таң,қайырлы күн!

Күліп шықты күн бүгін

Бір-бірімізге бүгінгі күніміздің тамаша өтуіне арнап жақсы тілектер айтайық.

II.Миға шабуыл.


Сұрақтар:

Жақсылық деген не?

Жамандық деген не?

«Өзіңді тану» өлеңін бірге талқылайық.

Жақсы болу- өзіңнен, 

Жаман болу-өзіңнен.

Өзіңді өзің ая да,

Өзің үйрен өзіңнен.

Жақсылық көрсең біреуден,

«Мен қандаймын?» деп ойла.

Өзіңді өзің қолыңа ал,

Өзіңсің-ақыл айнасы.

Тиеді саған мәні бар

«Өзіңді тану» пайдасы.


Сұрақтар:

«Жақсы болу-өзіңнен,

Жаман болу-өзіңнен»,-деген өлең жолдары туралы қандай пікір айта аласындар?

 

« Жақсылық көрсең біреуден,

« Мен қандаймын?» деп ойла» деген сөзіне көзқарастарың қандай?

« Жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың» деген ой туралы қандай пікір айта аласыңдар?

 Сүйікті Пайғамбарымыз(с.а.у)былай дейді: «Жақсы адамдармен жолдас болуды хош иісті сулар сатылатын дүкенде отырғанға ұқсатады.Дүкеннің қожайыны оған ештеңе ұсынбаса да ол жердің хош иісінен әсерленеді.»

«Жаман адамдармен жолдас болуды темірші ұстаханасына  ұқсатады.Ол жерде отырған кісіге оттың бір ұшқыны шашырайды,я болмаса иісі мазасын алады деген.»Міне осы сияқты жақсы адамдармен жолдас болғандарға жақсылардың мінез құлқы әсер етеді.Ал жаман мінез адамдармен достасқандарға олардың жаман іс-әрекеттері әсер етіп, уақыт өте ол адамның да мінез-құлқы бұзылып,жаман жаққа өзгереді.Хазіреті Пайғамбарымыз(с.а.у)айтқан «Жақсылық кең тыныс алып,көңіл марқаятын іс.Ал жамандық керісінше.деген.

Біздің міндетіміз болса жора-жолдас таңдағанда абай болу,жақсы және білімді адамдармен дос болу,олардың сөз және іс-әрекетінен жақсы өнеге алу,жаман адамдардан қашық болу.Бірақ оларды сол жаман іс-әрекеттерінен құтқару мақсатында олармен жақсы араласып,адамгершілікке,парасаттылыққа тарту қажет.

III.Кім шапшаң? ойыны.( мақалдарды сәйкестендіру)

«Жақсылық жасай білейік» (мақал-мәтел сайысы)

Шығармашылық жұмыс.

1 топ. Жақсылық пен жамандық туралы ой толғау жазып келу

2 топ. Жақсылық пен жамандық туралы көрініс дайындау

Ойын. « Атыма сай мінезім»

Ойынның барысы: : мұғалімнің лақтырған добын алған бала өз есімдерін атап, есімдерінің бас әрпінен басталатын бойларындағы қасиеттерді айту керек. Мысалы: Айсұлу – айдай сұлумын, Айымгүл – ай тәрізді гүлмін, т.б.

 

VII. Әңгіме талдау.

Жасы үлкен ата мен оның немересі үйдің алдында ырсылдап, алпарысып жатқан екі итке қарап отырыпты. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара. 12 жасар немере өзін білгелі осы иттер үнемі атасының үйі алдында алпарысып жататын. Атасы көзін алмай қарайтын ірі иттер еді бұлар.
Немере: «Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен — үйіңізді қорғауға біреуі де жетер еді ғой, неге екеуін ұстайсыз? Ал түстері ше — неге біреуі ақ, екіншісі қара болуын қаладыңыз?» деп атасынан сұрады.
Жасы 70-ке жеткен ата немересіне күлімдеп қарады да:
«Ол иттерім, мен үшін екі таңба, балам.» — деді.
— Ненің таңбасы?
— Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын.
Кішкентай бала, күрес болса онда жеңген мен жеңілген де болуы керек деп:
«Қалай ойлайсыз, осы күресті қайсысы жеңіп шығады екен?»
Атасы балаға қүлімдеп қарап:
«Қайсысы дейсің ба, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем — сол!»

 

Атасы немересіне не айтқысы келді? Бұл әңгіме туралы пікірлеріңіз қандай?

 

VIII. Топтастыру.

«Мен жақсы бала болу үшін…» қандай бала болуымыз керек?

Күн тармақтарына озіміздің жақсы бала болуға керекті қасиеттерімізді толдырайық. Мысалы:рухани бай адам,білімді адам,өзіне сенімді бала,еңбекқор бала,…болуымыз керек.

«Жақсылық тамшысы»

Оқушылардың санына сәйкес алдын ала дайындалған тамшы үлгісінде қиылған қағаздарды үлестіріледі. Әр бала тамшыға жақсылық сөздерді жазады.  Мұғалім тақтаға тамшыларды ілуді ұсынады. Тамшыны  іліп жатқанда әр бала өзгелерге,  айналасына өзі жасаған жақсылықтарын жария етеді.

— Балалар, әрқайсысыңның тамшыдай жасаған жақсылықтарыңды қосқанда үлкен дарияға (мұғалім тамшылар ілінген плакат астына көкпеңбек дария суретін апарып іледі) айналды. Яғни, әр адамның жаны жақсылыққа толы болса, жер бетінде бейбітшілік орнап, адамдар бақытты өмір сүреді.

Жақынды, досты аяла,

Қанатың сонда талмайды.

Барыңды жұрттан аяма,

Жақсылық жерде қалмайды.

Жайдары жүзбен жарқыра,

Қатігез болсаң -* сол қайғы.

Қайырымды бол халқыңа,

Жақсылық жерде қалмайды

деп бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз!

Тәрбие сағат: Аталар мұрасы – халық қазынасы
Ашық сабақ: Жалаң және жайылма сөйлем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу