Филология. Реферат. Хандық дəуір əдебиетіндегі жырау тұлғасы

Oinet.kz 12-09-2020 711

 Тарих қашан да өз перзенттерінің құнды мұраларымен қымбат, əрі барлық кезеңдердің сарапшысы. Ерлігімен еркіндікке құштар күрестерге, батырлығы мен бостандық дегенде жан салмайтын байламдарға, шешендер мен ел тағдырын шешетін сəтте ақыл-парасатымен, дана- сəуегейлігімен өмір шындығын толғап жеткізуші жырауларға толы əдебиетіміз бүгінгі күнге өз жемісін жеткізіп отыр.

Тарих толқынында қазақ əдебиеті үшін жарқын белестерге толы бір кезең — XV–XVIII ғасыр əдебиеті. Алтын Орданың ыдырауымен ноғай, қазақ дербестігін алып бөлініп шықты. Ақ Орданың жеке мемлекет болып қалыптаса басталу тарихында да заман өз қиындығын кездестірді. Бірінші орынға елдікті, қазақ ұлтының біртұтастығын мақсат еткен хандармен бірге, елді басып-жаншуға, өзге елдермен қазына үшін соғыстырып, ел берекесін кетіруге, халықты қалың тобыр деп қана түсінетін қатігез кейбір ел билеушілері де кездесті. Осы бір аға мен іні хандық үшін жауласып, əке мен бала билік үшін араздасып, хан тағы үшін бала əкесін, іні ағасын жұтқызып жіберіп жатқан, хандар билігі жиі-жиі ауысып, ел басына біркелкі заман орнату қиынға соққан кезеңдерде ел қамы үшін, ұлт жаны үшін тарих төріне əдебиеттің бірегей өкілдері жыраулар келген еді.

Көне түркі дəуірінен кейін, XV ғасырдан бастап қазақ ұлтының атымен аталатын төл əдебиеті алға өрлеп, əн-күймен қатар түрлі өнер саласы қайта жанданды. Осы бір кезде тарих тұғырында да, əдебиет əлемінде де елеулі орны бар жыраулар поэзиясы сөз өнерінде өз тұғырын айқындауға батыл қадам жасады. Егер халық «Өнер алды — қызыл тіл» деп есептесе, сол тіл өнерін жете меңгерген, аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеп жыр құйыла жөнелетін дарынның жұрт алдында зор беделге ие болуы — заңды құбылыс. Сөз өнерін тек қазақтар ғана емес, қазақ сияқты көшпенді халықтардың барлығының да аса жоғары бағалап, өздерінің ақын-жырауларына бас игенін көреміз. Бұл жайында араб əдебиетінің тарихын жазған профессор Ханна аль-Фахури: «Басқа жұрттың сөзінен гөрі, ақынның сөзі өтімдірек келетін; кейде оның беделі мен билігі, тіпті ру көсемдігінен де артық болатын», — дейді (Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. — Т. 1. — 1959. — С. 51, 52).

Көшпенділер арасында тіл өнерінің қадірлігі сондай, сөз зергерлері кейде шыққан тегіне қарамастан, үлкен əлеуметтік сатыға көтерілетін болған. Араб классикалық поэзиясының даңқты перзенттерінің бірі — Антара (525–615) сүйегі құл, тəні қоңырқай түсті екендігіне қарамастан, өз руының көсемі қызметін атқарған исламға дейінгі араб ақындарының көпшілігі-ақ билеушілер тобынан шығып отырған. Өз əміршілері алдында үлкен беделі болған Шалкиіз, Жиембет сияқты жыраулар да дала феодалдары тобынан. Алайда олар өзінің хан алдындағы, халық алдындағы құрметіне шыққан тегімен емес, құдіретті сөзінің күшімен жеткен [1].

Жырау — классикалық қазақ əдебиетінің көрнекті өкілі. Əдебиетте де, тарихта да маңызды орын алар бірегей тұлға. Əлкей Марғұлан атап өткеніндей, жырау рубасы ақсақал, халықтың көкейкесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын сипатқа ие жойқын өнер иесі [2]. Өз жанынан суырып шығарып жырлайтын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Жырау тұлғасының көркемдік дəстүр арнасындағы тамыры тарих тереңінде.

«Сəугейлік, батагөйшілдік, түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына т.б. жайларға қарай болжам жасау, абыздың бір міндеттерін атқару — көне дəуір жырауларына тəн қасиет» [1, 119]. Иə, жыраулық мектептің түпнегізі ұлы дала абыздарынан басталады. Ел ертеңі жайлы болжам жасап, данышпандығымен дараланып жүрген жыраулар хан сарайында отырып, алдағы болар қауіп-қатерді болжап отырды. Хандардың түсін жорып, халық арасындағы қарым-қатынастардың қалай бағыт алатынын болжап, оны жыр жолдарымен жеткізіп, абыздық дəстүрді əдебиетпен байланыстыра дамытты. «...жырау — өз руластарының ақылшысы, көсемі. Көпті көрген көне қалт айтпайды, сондықтан оның сөзі, берген кеңесі жерде қалмайды. Өз сөзінің құдіретін білген жырау жай ақылшы ретінде ғана емес, əмірші ретінде де сөйлейді. Жыраудың хан алдында осыншама ықпалды болуы халық арманынан туған жай аңыз емес; бұған дəлел ретінде арыдағы Шалкиіз, Жиембеттерді былай қойғанда, күні кеше өткен Бұқардың өзінің Абылай алдында қандай бедел, құрметпен пайдаланылғанын еске түсіру жеткілікті» [3], — дейді М.Мағауин.

Қазақ əдебиетінің тарихынан орын алып мұрасы ұлт руханиятының игілігіне айналған жыраулармен қатар есімі ел аузында сақталып, аңызға айналып жүрген жыраулар да өте көп. Дегенмен оларды зерттеудегі бір қиындық, біріншіден, жыраулар шығармаларының ауызша таралып, бүгінгі кезге ауыздан ауызға таралу арқылы жеткендігінде, екіншіден, «авторлық ауыз əдебиеті» деген ұғымның нақты ғылыми негізделуіндегі қиындықта болса керек. Осыған байланысты С.Қасқабасовтың «Жалпы, қазақтың сөз өнерін фольклор деп бір бөліп аламыз да, авторлық ауыз əдебиеті деп үлкен екі салаға айырып жібереміз. Жазба əдебиет өз алдына. Авторлық ауыз əдебиеті дегеніміз — баяғы Сыпыра жыраулардан бастап кешегі Жамбыл, Нұрпейістерге дейінгі, өлең жырларын ауызша таратқан ақын-жыраулардың шығармашылығы. Авторлық ауыз əдебиеті деп аталады. Бұл — жаңа ұстаным» деген сөзі бар [4].

Жыр жəне жыраулар туралы деректер М.Қашқаридің «Диуани-лугат-ат түрк» еңбегінде кездеседі. Оның еңбегінде Шөже жырау (XI ғ.) туралы сөз болады. Онда Шөже жырау əрі көп жыр білетін жыршы екендігі жайлы айтылады. Сонымен қатар Қорқыт (IX ғ.), Сыпыра жырау (XIV ғ.) есімдері арқылы біз жыраулық поэзияның тамыры əріде жатқандығын білеміз. Дегенмен XV–XVII ғасырлар жыраулар поэзиясының дамып, жетіліп кемелденген шағы болып табылады.

XV–XVIIІ ғасырларда жасалған əдебиет ел мүддесін, жұрт мақсатын алдыңғы орынға қойды. Бұл кезеңдегі жыраулар поэзиясы əдебиетте өзіндік түр тауып, ұлттық сипатта қалыптасты. Қазақ елінің ұлттық болмысын, ерекшелігін саралап көрсетіп, тарихын, салт-санасын, дəстүрін таңбалайтын келер ұрпаққа тəрбиелік өредегі ұлы туындылар қалдырды. Осы кезеңдегі жыраулар тобынан Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын алып қарасақ, бұларда кір жуып, кіндік кескен атамекен мен туған елге деген махаббат, отаншылдық сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Жыраулар, көбінесе, кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басынан кешкен əр алуан ерлік пен қиыншылық сəттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, олардың ел мен жерге деген əлгіндей сүйіспеншілігі де нақтылық мəнге ие болып отырады. Айталық, Қазтуған өзінің «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты белгілі толғауында атасы Сүйеніш пен анасы Бозтуғанның бірі күйеу, бірі келін боп түскен құтты қонысы — айдынды Еділін еске алып, тебірене толғайды. Бұл — өз елін, өз жерін беріле сүюдің əдемі үлгісі деуге тұрарлықтай асқақ жыр [5].

XV–XVIIІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы қазақ жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нəр алды, ежелгі дəстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нəтижесінде қанат жайды. Діни, тəрбиелік, қоғамдық, əлеуметтік, ерлік пен ездік, қарыз бен парыз, о дүние мен бұ дүние, тағы басқа жайындағы философиялық туындылар жыраулар поэзиясының терең дүниетанымдық сипаты болды. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдерінің бірі деп Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы болса, кейінгі өкілдері Асан Қайғы (Хасан), Қазтуған Сүйенішұлы, Доспамбет жырау, Тіленішұлы Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа жыраулар болды. Олар жаңа əдеби салаларды қалыптастырушылар ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар болып табылады. Олар шығарған əдебиет үлгілері — негізінен заман, қоғам, өмір жайлы ойлы сырлы толғаулар, ақыл-өсиет түріндегі шешендік сөздер, мақал тақілетті, тұспал-дидактикалық термелер, сондай-ақ елді жеңіске бастаған батырлардың көзсіз ерлігін жырлаған. Ерлік эпосы, ел қожаларын дəріптейтін мадақ жырлар, қайғылы қазаға байланысты азалы сөз, естірту, жоқтау немесе қара қылды қақ жарған əділ қазы, я болмаса табан асты тапжылмастан сөз бастап, терең оймен жұртты ұйытқан ақыл иелерін қошамет тұтар арнаулар болатын.

Жаугершілік заманда жырау жауынгер болуға да тиіс. Бұл жайт жыраулар шығармашылығында үлкен із қалдырды. Жырау туындылары, əдетте, өршіл романтизмге, азаматтық пафосқа толы келеді. Жырау аузынан шыққан жырлар өзінің сыртқы формасымен де, ішкі мазмұнымен де көбіне-ақ ұран іспеттес. Сондықтан да жыраулық поэзия — белгілі дəрежеде жаугершілік поэзиясы [6].

Өзі де жорықтарға қатынасып отырған, кейде, тіпті батыр, қолбасы да болған жыраулар əскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырлар туғызуға тиіс еді. Біздің заманымызға жеткен бұл тақырыптағы шығармалар батырдың өзіне, атына, қаруына мадақ немесе жауынгерлерді ерлікке, жаудан тайсалмауға шақырған өр ұран, иə болмаса қайрау бермеген қара қанжардай қайтпас ерлерді мадақтау, қаза болған батырларды жоқтау түрінде келеді. Жауынгер ретінде жорықтарға қатысу жырау репертуарын одан ары байытты. Ескіден қалған мұра — қаһармандық жырларды туғызушылар — жыраулар болып есептеледі.

«Қазақтың белгілі батырлар жырын ең əуелі Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жыраулар шығарып таратса керек. Нұрпейіс Байғанин де, Мұрын жырау да өздері жырлап берген батырлар жыры алты- жеті атаға дейін жыраудан жырау үйреніп тарағандықтығын жəне желілі жырларды ақындардан емес, жыраулардан үйренгендігін айтады» [7], — дейді əдебиетші Е.Исмаилов.

Жыраулар шығармашылығындағы көшпенділер дүниетанымы, сұлулық əлемі, өршіл де намысты жəне алдаспандай өткір қайсарлық болмысы толғау жанрының табиғатына, поэтикасына тəн лиризм мен психологизмді айшықты ашу əдеби-эстетикалық талдаулар арқылы тұжырымдалды. Ол елдік үшін ерлік деп білген жыраулар тұлғасын, мұрасының поэтикалық қуатын тануға мүмкіндік берді. Ең бастыстысы, жыраулар мұрасындағы көркем шежіре халыққа Əз-Жəнібек, Тəуекел, Абылай, Есімхан сынды хандардың, Бөгембай, Қабанбайдай батырлардың ұлтқа ұйытқы, елге тұтқа болған тарихи тұлғаларын танытты [8].

Əдебиеттанудағы осындай кемел зерттеу, іргелі жинақ барысында «Жыраулар поэзиясы — ХV– ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы біздің ұлтымыздың, мəдениетіміздің тарихындағы айрықша бір құбылыс деп айтар едім. Өйткені мұндай биік өредегі көркемдік, мұндай ой жүйесі, мұндай ақындық шеберлік, ақындық рухтың шалқуы өте сирек кездесетін құбылыс» [9] болып табылатынын дəлелдей отырып қазақ рухына сіңірді.

Ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жеткен ақын жыраулар поэзиясында қазақ ұлтының тағдыр талайы көрініс тапқан. Терең бойлаған сайын рухыңды аспандатып, кең даланы көз алдыңа елестетіп, ат тұяғының дүбірін құлағына келтіретін баға жетпес мұраларымыз елдігіміздің жырмен жазылған шежіресі іспеттес.

Əдебиеттер тізімі

  1. Мағауин М. Қобыз сарыны. — Алматы, 1968. — 119-б.

  2. Маргулан А. О носителях древней поэтической культуры казахского народа // Сб. ст. к 60-летию М.О.Ауэзова. —Алматы, 1959.

  3. Мағауин М. Ғасырлар бедері. — Алматы, 1991. — 124-б.

  4. Қасқабасов С. Олжа салған 10 томдық // Қазақ əдебиеті. — 2009. — 28 ақп.

  5. Қазақ əдебиетінің тарихы. — ІІІ-т. — Алматы, 2000. — 47-б.

  6. Мағауин М. Қазақ хандығы дəуіріндегі əдебиет. — Алматы, 1992. — 144-б.

  7. Исмаилов Е. Ақындар. — Алматы, 1956. — 44-б.

  8. Жұмағұлов С. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдебиеттану ғылымы (1956–1991 жж.) — Қарағанды, 2008. — 217-б.

  9. Мағауин М. Сұхбат // Жұлдыз. — 1997. — № 12. — 181, 182-б.

Филология. Реферат. Қазақ əйелі бейнесінің эволюциясы
Филология. Реферат. Ғылым тілі: Теория, тəжірибе, ұсыныстар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу