Филология. Реферат. Ғылым тілі: Теория, тəжірибе, ұсыныстар
Ғылым тілі — кең мағыналы ұғым, ол бір ғана терминологиямен шектелмейді. Терминология ғылым тілінің негізінде бөлініп, өз алдына отау тіккен, енді қалыптасып келе жатқан сала. Сондықтан терминдердің қолданылуы, қалыптасуы, біріздендірілуі т.т. мəселелер əлі де зерттеліп, болашақта жалғасын таба бермек.
Ғылым тілі кең ұғым болғандықтан, оның терминдерден өзге де қарастырылуы тиіс мəселелері бар. Ғылым тілі — кең мағынасында ғылыми ойды, ғылыми ақпараттар мен мəліметтерді жеткізу үшін қолданылатын тіл, сондықтан ойлаумен де, ғылым саласындағы адамның іс-əрекетімен де тығыз байланысты. Ғылым тілі — əдеби тілдің жетілгендігін, дамығандығын танытатын оның құрамдас бөлігі. Акад. Ə.Қайдардың сөзімен айтсақ, «ғылым тілі — бүгінде əдеби тіліміздің ең сүбелі саласы, жон арқасы», «ғылым тілі қалыптаса алмаған əдеби тілді толыққанды əдеби тіл деп айтуға болмайды» [1]. Ө.Айтбайұлының ғылым тіліне берген анықтамасына назар аударайық: «Ғылым тілі — ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше əдеби тілдің бір түрі. Əдеби тілдің ғылымға қызмет ететін бір тармағы. Адам, қоғам, табиғат жөнінде ақиқат ақпарат беретін, шындықты баяндайтын ғылыми мəтін (текст)» [2]. Сонымен бірге ғылым тілін дербес функционалды тіл ретінде қарастыратын көзқарастар бар. В.П.Даниленко ғылым тіліне үлкен дербестік беріліп, ол өзінің элементтерінің құрамы мен қызметі жағынан «жалпы əдеби тілдің ғана емес, жалпы ұлттық тілдің де аясынан шығады» [3] деп санайды. Пікірлердің бір ұшы ғылым тілін «терминологиялық лексика» ұғымының аясында түсіндіру барысынан көрінеді. Осы орайда зерттеушілер жалпы лексика — арнаулы лексика, əдеби тіл — арнаулы мақсатта қолданылатын тіл, термин — бейтермин, сөзқолданымды реттеу — терминологиялық жүйелерді құру тəрізді оппозицияларға сүйене отырып, терминологиялық жүйелердің автономды мəртебесін, əдеби тілдің құрамына кірмейтіндігін дəлелдеуге тырысады [4].
Ғылым тілін түсінуде (немесе түсіндіруде), ілгеріде де ескертілгендей, тілдің қызметін ғана емес, ғылым саласындағы адамның іс-əрекетін де көрсеткен лазым. Жалпы алғанда, ғылымның мəні шындық болмысты танудың ерекше үдерісін бейнелеуден көрінеді. Сол мақсатта тілдің коммуникативтік бағытталуы жүзеге асады. Тілдік құралдар негізінде қоршаған шындықтың құбылыстары мен үдерістері, олардың түрлі қасиеттері мен белгілері, өзара қатынастары мен байланыстары тілдік тұрғыдан тіркеледі. Бұл ғылыми тілдің лингвистикалық зерттеудің нысаны екендігін айқындайды, сонымен бірге ғылым тілінің шындық болмысты танудағы қызметін белгілейді. Ол қызмет тілдің ғылыми білімді жинақтау, сақтау, тарату əрекеттерімен тығыз байланысты болып келеді жəне мынадай түрлерде көрінеді: 1) когнитивтік (ойлау); 2) аккумулятивтік (білімнің қорлануы); 3) коммуникативтік (мамандардың қарым-қатынасы, жаңа білім алу мен қалыптастыру).
Мəселеге осы тұрғыдан келгенде, ғ ы л ы м т і л і — қарым-қатынастың ғылыми аясында жасалатын лексика-грамматикалық жүйесі бар тұтас құрылым. «Ғылым тілі» ұғымының кең болатын себебі, ол ғылыми стильді танытатын тілдік құралдарды ғана емес, ғылыми ая (сфера) қатынасындағы барлық функционалдық-стильдік белгілерді, түрлерді қамтиды. «Ғылым тілі» ұғымы — ғылыми стильдің ядросы мен шеткері аймағын құрайтын таңбалық бірліктердің, қолданыстардың грамматикалық жəне семантикалық құралдарының тұтас жүйесі.
Бүгінгі қазақ қоғамында қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі əлеуетіне күмəндана қараушылар табылады. Мұндай топқа қарсы дау айту бей-берекет əңгіме жүргізумен бірдей, өйткені ондайлар ғылым деп аталатын тылсым дүниені ана тілінде танып «ауызданбаған» (дағдыланбаған), сондықтан олар үшін қазақ тілінің өзі — жұмбақ əлем. Ал жұмбақ нəрсеге түрлі жорамал айту, жасанды көріпкелдік жасау — кімнің болмасын қолынан келеді жəне қай уақытта болмасын кездеседі. Күмəншілдер мен секемшілдерге қарсы басты дəлел — қазақ тілінің өзі, оның ғылыми ойдың небір қалтарыстарын жеткізе алатын мүмкіншілігі.
Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қалыптасу жолы — тым əріде. Зерттеушілер қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуын, негізінен, ХІХ ғасырдың екінші жартысына апарып тірейді. Б.Əбілқасымов аталған мерзімде ғылыми стильдің қаншалықты көрініс алғаны туралы: «Ғылыми стильге тəн баяндау үлгісі де кездеседі. Мұнда сөйлемдер ықшам, түсінікті болып құрылып, ондағы сөздер қарапайым, өздерінің негізгі, тура мағынасында қолданылады. Бұл стильге жататын материалдарда ғылыми-техникалық терминдер орысша күйінде алынып, қазақша түсінік беріліп отырады. Мəселен, магнит, яғни «темірді тартып алатұғын тас», компас, «немесе сартша құбыланама», мужская гимназия, яғни «еркек балалар оқитұғын медресе», метеорит, «көктен түскен тас», телеграф, яғни «сым темір» тəрізді болып келеді деп жазады. Ғалым сол дəуірге тəн ғылыми əдебиет нұсқаларын санамалап көрсетеді. Автор бұл алғашқы ғылыми-көпшілік əдебиеттердің аударма сипатында жарық көргенін айта келіп: «Сөйте тұра олар — сол дəуірдегі қазақ əдеби тілінің жай-күйін танытуда, ғылыми түсініктерді жеткізуде тіліміздің ішкі мүмкіндіктерінің (сөз байлығының, сөз оралымдарының) қаншалық болғанын байқауда аса қажетті материал» [5], — деген қорытынды жасайды.
Ғылыми стильдің қалыптасуында ХХ ғасырдың басы елеулі кезең болды. Бұл уақытта мəдени аренаға озық ойлы қазақ зиялыларының шығуы, олардың түрлі салада жазған еңбектері қазақ əдеби тілінің қолданылу аясы мен қызметін барынша арттырды. Сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорында да жүйелену, сөздердің стильдік белгілеріне қарай сұрыпталу үдерісі ерекше қарқынмен жандана бастады. Сөйтіп, ғылым тілінің өркендеуі ХХ ғасырдың бас шенінен өзгеше сипат алды.
20–30-шы жылдары қазақша ғылым тілін қалыптастыруда қазақ зиялыларының аса көрнекті өкілдері — Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Е.Омаров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Қ.Кемеңгеров, Б.Майлин, Х.Басымов, Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, Ə.Ермеков, С.Қожанов, Қ.Жұбанов, тағы басқалар — білім беру мен ғылымды ана тілінде дамытудың негізін қалады. Олар ғылымның əр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде əрі аудармашы, əрі ғалым, əрі жазушы, əрі сыншы болып еңбектер жазды. Кейіннен, яғни 1920–30-шы жылдары, бұл еңбектерде қолданылған терминдер арқылы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, ғылыми-техникалық əдебиеттер көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты.
Мəселен, А.Байтұрсыновтың 1912–1928-ші жылдардағы жарық көрген əліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мəселелері туралы жазылған сыни мақалалары, М.Дулатовтың «Есеп құралы» (1918–1925), М.Жұмабаевтың «Педагогикасы» («Баланы тербия қылу жолдары)» (1922, 1923), Ж.Аймауытовтың «Тəрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі жəне өнер таңдауы» (1926), Е.Омаровтың «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930), Х.Досмұхамедовтың «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тəн тірлігі» (1927), Қ.Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша-орысша тілмашы» (1927), С.Қожановтың «Есептану құралы» (1924), Ə.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935), тағы басқа көптеген еңбектерді атауға болады [6].
Демек, ғылым тілін дамытуда жеке тұлғалардың, мəдениет қайраткерлерінің орны ерекше болды. Олардың түрлі ғылым салалары бойынша жазған еңбектері қоғам тарапынан үлкен ілтипатпен қабылданды. Осы орайда Ахмет Байтұрсыновтың есімі айрықша аталады. А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегі оның ізбасарлары тұрғысынан төмендегідей бағаланады: «Ахаң бірсыпыра ғылым түрін қазақ тілінде дамытты, əсіресе қазақ тіл білімін дамытып, оны қазақ тілінде сипаттады.
«Тіл — құрал», «Тіл жұмсар», «Əліп-би», «Оқу құралы», «Баяншы» сияқты оқулықтар шығарып, ғылыми-педагогикалық, проблемалық мақалалар жариялау арқылы ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдырды. Ғылым — Ахаңның қазақ тілін іске қосқан тағы бір, төртінші, саласы» [7].
Қазіргі кезде ғылым саласын қазақ тілінде өркендетуге үлкен мəн беріліп отыр. Бұл қазақ тілінің ғылыми аяда қолданылуы жаңа қарқын алып, жандана бастауына өз ықпалын тигізді. Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық əлеует — Қазастан ғылымының құрамдас бір бөлігі. Түрлі салалардағы жарияланып жатқан ғылыми, оқу-ғылыми еңбектер қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мүмкіншілігін танытатын тілдік көрсеткіштер жəне олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастыруға негіз болады.
Ғылым тілін зерттеу мен дамытуға байланысты мына мəселелерге назар аудару керек. Ол ғылыми ойлау, оның қыр-сырын анықтау, бүгінгі тіл білімінің жетістіктерін ғылым тілін зерттеуде пайдалану жəне ғылым саласында тілді қолдану мəдениетін жетілдіру мəселелері. Ғылыми мəтін мамандандырылған ақпарат беру қабылдау жағынан коммуникацияның өзге түрінен ерекше. Ғылыми тілге тəн мынадай белгілер болады: ғылыми мəтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дəлдікке ерекше мəн беріледі [8].
Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайтынын ескерсек, адам қызметінің ғылыми саласы да тіл (сөйлеу) қызметі мен ой əрекетінің бірлескен кезінде ғана жүзеге асады. Сөйлеудің де, ғылыми қызметтің де нəтижесі — мəтін. Сондықтан тіл қызметін сөз еткенде ойлау мəселелерін назардан тыс қалдыру мүмкін емес.
Ғылыми тіл — ғылыми ақпараттың өмір сүруінің логикалық ұйымдасқан формасы. Ғылыми қызметтің ғылыми стильмен жазылған мəтінге айналуы бірден жүзеге аса қоймайды. Ғылыми ақпараттардың ғылыми стильге тəн тілдік формаларда көрінуі үшін шығармашылық ойлаудың бірнеше кезеңін басынан өткереді. Сонда ғылыми ойлау тілдік формада көріну барысында ойлаудың басқа типтерімен, əуелі интуитивті, стихиялы ойлау түрлерімен де тығыз қарым-қатынаста болады. Субъективтіліктің де ғылыми туындының дайындалу барысында ықпалы кездесіп отырады. Ғылыми ойлау өз бастауын бұқаралық тəжірибеден алады. Өйткені бастапқы кезде көлемді ақпараттың өңделуі индивидуалдық, эмоционалдық деңгейде жүргізіліп, ықшамдалған жүйелі қалыпқа ене қоймайды. Оның өз психологиялық жеке моменттері болады. Зерттеуші ғылыми мəтіннің шынайы (идеалды) бейнесін (моделін) құрастыру үшін дайындық кезеңін өткізеді.
Ғылыми шығарманың толық тілдік формаға көшуі, яғни ғылыми стильмен жазылған туындыға айналуы, — бұдан кейінгі кезеңнің жемісі. Мұнда зерттеушінің шығармашылық ойлауы психологиялықтан қатаң логикалылыққа, объективтілікке, стихиялылықтан жүйелілікке ауысады. Ғылыми баяндаулар айқын синтаксиске негізделіп, сөздердің орын тəртібінің сақталуында логикалық бірізділік орын алады. Бұл сəтті коммуникативтік кезең деп атайды. Ғылыми ой жаңа білім ретінде логикалық жолмен жасалған ақпарат пен құрылымдар арқылы танылады, тіл соларды неғұрлым дəл бейнелеу үшін, жеткізу үшін қолданылады. Ғылыми шығарманың авторы жалпыға бірдей қабылданған жағдайларға сүйене отырып, зерттеу нысанының негізгі белгілерін айқындайды. Олар пайымдаулар мен дəлелдеулерді нақты жеткізуге, дамытуға ұмтылады, мəселені логикалық жүйелілікпен баяндап, ғылыми абстракция жасайды, ғылыми ой мен ғылыми тілдің ажырамас бірлігі — ғылыми мəтінді тудырады.
Сөйтіп, ғылыми стильде шығармашылық ойлау ғылыми стильді ұйымдастырушы, қалыптастырушы негізгі экстралингвистикалық фактор ретінде орын алады. Ойлау қызметі ғылыми салада қолданылатын тілдік жүйенің сұрыпталуына ықпал ететін тəсіл болып табылады. Ойлаудың өзі динамикалық құбылыс болғандықтан, тілдік формада ғылыми мəтіннің тууы ойлаудың бірнеше сатысынан кейін ғана жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, ол үдерісті мынадай кезеңдерге бөлуге болады: 1) шығармашылық ойлаудың коммуникативтілікке дейінгі кезеңі;шығармашылық ойлаудың коммуникативті кезеңі.
Нəтижесінде ғылыми тілдік шығарма дүниеге келіп, ғылым кеңістігін жаңа ақпараттармен толықтырады.
Ғылыми саладағы қарым-қатынастың негізгі бірлігі болып табылатын ғылыми мəтінді, оны интерпретациялаудың тетіктері (мəселен, прагматикалық факторлар — болжам, түсініктілік деңгейі, бағалауыштық мəндер), субъект категориялары (адресант жəне адресат факторлары) терең зерттеуді қажет ететін мəселелер болмақ.
Келесі бір жайт — ғылыми тіл мəдениетін игеру. Ғылыми тілдің мəдениеті жаңа білімді бұрынғы белгілі білім контексінде дəлдікпен, логикалық жағынан жүйелі, эстетикалы түрде жеткізуде болса керек, сондай-ақ ол білімді адресаттың нəтижелі қабылдауы да ескеріледі. Ғылыми тілдің коммуникативті мəнін дұрыс түсіну жəне оның тіл мəдениетін шынайы игеру ғылыми шығармашылықтың нəтижелілігіне жетелейтін қажетті алғы шарт. Сондықтан ғылыми тіл мəдениетінің нормаларын жетік білу — ғылыми ізденіспен айналысатын əрбір маманның міндеті. Сонда ғана ғылыми қарым-қатынас аясында тілді қолданудың шеберлігіне қол жеткізуге болады. Əдеби тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымын жете білетін, сөз қолдану амал- тəсілдерін еркін игерген тəжірибелі маман ғылыми тілдің нормасына қайшы ауытқулардың өзін орнымен қолдана отырып, ізденістің нəтижелілігіне қол жеткізеді. Ғылыми тілдің нормаларын игеру арқылы əдеби тілдің көп түрлілігі, оның нормаларының сан алуандығы айқындала түседі.
Қорыта келгенде, ғылым саласында қазақ тілінің қолданылуы артып отырған кезде осы мəселелер барынша өзекті болып табылады. Біз ғылым тілін лингвистикалық жағынан зерттеудің кейбір аспектілерін ғана сөз еттік.
Əдебиеттер тізімі
Қайдаров Ə.Т. Ғылым тілі жəне əдеби тіл статусы // Терминдер жəне олардың аудармалары. — Алматы: Ғылым,— 10, 11-б.
Айтбайұлы Ө. Ғылым тілі // Қазақ тілі: Энциклопедия. — 1998. — 88-б.
Даниленко В.П. Русская терминология. Опыт лингвистического описания. — М.: Наука, 1997. — С.
Суперанская А.В. Литературный язык и терминологическая лексика // Проблемы разработки и упорядочения термино- логии в академиях наук союзных республик. — М.: Наука,
Əбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдеби тілі (Баспа нұсқалар тілі негізінде). — Алматы: Ғылым, 1982. — 65-б.
ХХ ғасырдағы қазақ əдеби тілі. — Астана: Елорда, 2000. — 258, 259-б.
Хасанұлы Б. Қазақ тілін дамытудың Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген жолдары жəне тілдің мемлекеттік мəртебесін жүзеге асыру мəселелері // Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы: Жин. — Астана: Елорда, 1998. — 127-б.
Уəли Н. Қазақ сөз мəдениетінің теориялық негіздері: Филол. ғыл. д-ры.... автореф. — Алматы, 2007. — 36-б.