Филология. Реферат. Атаулы сөйлемдердің белгілері мен түрлері

Oinet.kz 12-09-2020 1654

Атаулы сөйлемдердің негізгі белгілері турасында айтатын болсақ, ғалым Ғ.Мадина оларды былай ұсынады:

  • атаулы сөйлемнің грамматикалық формасының атау тұлғалы болуы;

  • негізгі форманың зат есім болуы;

  • құрамындағы басқа сөздердің тек есімге ғана ұйыса алатындығы;

  • мағынасы негізінен зат есім арқылы белгілі құбылыста, белгілі қалыпта соны көріп не елестетіп тұрған жағдай да, реалды, нақты бар факт екенін тұжырымдау, хабарлау кейде оған эмоциялық қатынасты да білдіру болатыны (экспрессивті болып келгендігі əр түрлі модальдік міндеті);

  • шақтық мəні тек контекстен ғана білінетіні;

  • жаққа бейтараптығы [1].

Атау септігі атаулы сөйлемнің формальді белгісі болып табылады, алайда бұл атаулы сөйлемді қалыптастырудың шешуші факторы болып саналмау керек, өйткені көпшілік, аралық, ауытқу т.с.с.

Атау септігінің тұлғасындағы зат есімдер атаулы сөйлем құрай алмайды. Атаулы сөйлемдерді қалыптастыруда негізгі ролді атаудың семантикалық табиғаты атқарады. Яғни деректі, сезім арқылы қабылдауға көнетін əр түрлі құбылыстарды, заттарды атайтын сөздер болу керек. Мəселен, табиғат құбылыстары (қыс, жаз, көктем, күз, тұман, жаңбыр), мезгіл атаулары (кеш, түн, ымырт). Ай, жылға байланысты сөздер атаулы сөйлем құрағанда нақтылана түседі: жиырма бірінші ғасыр; Жаңа жыл; сəуір айы; мекен атаулары (Көкшетау, вокзал, ас үй). Айтайын деп отырғанымыз, атаулы сөйлемді анықтауда тек грамматикалық қана емес, сонымен бірге лексикалық белгілерге де назар аудару керек.

Осы белгілердің негізінде атаулы сөйлемдерді өз ішінде мынандай топтарға саралауға болады: бұрыннан сөйлем ретінде танылып жүрген қалыпты атаулы сөйлемдер; сөйлем ретінде танылмай жүрген атауыштық мағынадағы сөздер мен сөз тіркестерінен жасалған сөйлемдер. Соңғысының өзін «түсінік атаулы», «тақырып атаулы» деп екіге жіктеген жөн деп ойлаймыз.

Қалыпты атаулы сөйлемдер белгілі бір зат, оқиға, құбылыс, көрініс туралы айтылатын ойдың атын атайды да, олардың сөйлемдік белгісі контексте, басқа сөйлемдерден интонация арқылы бөлініп, жекеленіп айтылуы арқылы көрінеді. Біз ғалым А.Əбілқаевтың ізімен бұларды өз ішінде мынандай үш түрге топтастырып отырмыз:

1. Мекен атаулылар:

  1. Астана. Есіл. Мəдени-демалыс паркі. Бірін-бірі мерекемен құттықтаған халықтан ине шаншар жер көрінбейді («Жастар əлемі»).

  2. Алматы-1 вокзалының алды. Жазғы демалысқа кетіп бара жатқан көңілді студенттердің шат күлкісі вокзал ішіндегі əдеттегі айғай-шудан да басым естіледі («Жастар əлемі»).

Бірінші мысалдағы бірінші, екінші атаулы сөйлемдерге арқау болатын сөздер атау септік тұлғасындағы бір сөзден жалқы есімдерден жасалса (Астана, Есіл), сол бірінші мысалдағы үшінші сөйлем сөздер тіркесінен келген жалпы есім (Мəдени-демалыс паркі). Бұлар өзінен кейін келген мүшеленетін сөйлемдегі болып жатқан іс-əрекеттердің мекендік орнын білдіріп, кейінгі сөйлемнің негізінде белгілі бір ой-ақпарат жүгін арқалаған. Екінші мысалдағы атаулы сөйлемнің негізін сөз тіркесі құрап, соңғы мүшеленетін сөйлемдегі іс-əрекеттің қай жерде болып жатқанынан хабар беріп, сөйлемдік дəрежеге жеткен. Байқап отырсақ, бір сөзден болса да, сөз тіркесінен болса да, олардың сыртқы тұлғасы атау септігін қабылдап, соңғы сөйлеммен байланыстың негізінде, жеке сөйлемдік интонацияның негізінде хабар беру мазмұнына ие болады.

2. Мезгіл атаулылар:

  1. 1919 жыл. Қалаларда отын, тас көмір, мұнай жоқ, суықта тоқтап жұмыссыз завод, фабрикалар тұрады («Жұлдыз»).

  2. Түн. Қараңғылық. Алып шахты құрылысына қарай Рақмет келе жатыр (С.Е.).

Бірінші мысалдағы атаулы сөйлем сан есім мен зат есімнің тіркесі арқылы жасалып, соңғы мүшеленетін сөйлемдегі іс-əрекеттің қай жылы болғандығынан хабар берсе, екінші мысалдағы қатар тұрған екі атаулы сөйлем — бір сөзден жасалып, соңғы сөйлемдегі субъектінің іс-əрекетінің қай мезгілде жүзеге асқанынан мағлұмат беріп тұрған мүшеленбейтін сөйлемдер.

3. Құбылыс (зат) атаулылар:

  1. Боран. Далада тірі пенде жоқ («Жұлдыз»).

  2. Ысқырып соққан жел. Жүргіншілер қанша қамшыласа да, əбден титықтаған аттар көнер емес, ілбіп келеді («Жұлдыз»).

Бұл мысалдардағы атаулы сөйлемдер өздерінен кейін келген сөйлемдердегі жүзеге асып жатқан іс-əрекеттермен жарыса болып жатқан табиғат құбылыстарынан хабар беріп тұр.

Осы жерде ғалым Ж.А.Жақыповтың қалыпты атаулы сөйлемдер жөніндегі өзіндік бөлек көзқарасы барлығын айтып өткен жөн. Ғалымның пікірінше, егер атаулы сөйлем деп атап жүрген сөз я сөз тіркесі өзін қоршаған сөйлемдермен сабақтастық қатынаста, мағыналық байланыста тұрса, ол сөзді я сөз тіркесін өзі қатысты сөйлемнің ажырату, айрықшалау арқылы актуалданған мүшесі деп тану синтаксистік құрылысқа «жан бітіреді», синтаксистік құрылысты коммуникативтік құрал ретінде көрсетуге мүмкіндікті кеңейтеді. Салыстырыңыз: Түн. Бір адам аяңдап келе жатыр. — Түнде бір адам аяңдап келе жатыр... Егер контекстегі өзімен көршілес сөйлемдермен салаластық қатынаста, мағыналық жарыспалық сипатта тұрған «есімше — зат есім» үлгісіндегі атаулы сөйлемді контекст ықпалын ескеріп (контекст болмаса, ондай сөйлем сөз тіркесі ғана), сөйлемнің ерекше бір түрі ретінде түсіну оның семантикалық сипатын ашып, коммуникативтік қызметін айқындай түсер еді. Ж.Жақыпов бұндай сөйлемдерді статикалық жай-күйді баяндайтындықтан, шартты түрде «қалыптық сөйлем» [2; 146] деген терминмен атауды ұсынады. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, осы кезге дейін сөйлем ретінде танылмай жүрген атауыштық мағынадағы сөзден не сөз тіркестерінен жасалған құрылымдарды өз ішінде «түсінік атаулы», «тақырып атаулы» деп топтап, атаулы сөйлемнің қатарында мүшеленбейтін сөйлемдер ретінде беріп отырмыз. Өйткені бұлар да қалыпты атаулы сөйлемдер сияқты атауыштық тұрғыда контекстің негізінде ақпараттық жүк көтеретіндей қасиетке ие бола алады.

Қазақ тіл білімінде осындай құрылымдарға алғаш көңіл аударған зерттеуші-ғалым О.Төлегенов «түсінік атаулы» деген термин қолданбаса да, олардың қалыпты атаулы сөйлемдерден өзіндік ерекшелігі бар екеніне назар аударады. Ғалымның ойынша, лепті мүшеленбейтін атаулы сөйлемдер зат, болмысты хабар мағынасында суреттей білдіретін атаулы сөйлемдер емес, эмоциялық мағынада сипаттай білдіретін атаулы сөйлемдер болады. Хабар-суреттеме мəнді сөйлемдер сияқты атау тұлғалы жалқы, жалпы зат есімдерден жасалады. Олардың мазмұны бірде сөйлеу барысында айрықша назар аударылған не еске түсірілген зат, болмысқа, бірде бұрын айтылған баяндаулардың қорытындысына не салдар-себебіне негізделеді. Мысалы:...Олар өзге жерде емес, Москваның қасында тұр... Москва!..... Базаралы! Қазақта жалғыз қимас, бел арыстай көрген, бұл өңірдегі ең қымбат жан еді [3]. Мұндағы Москва! Базаралы! сөйлемдері айтушының сүйсіну, көксеу, қынжылу тəрізді эмоциялық қатынас арқылы белгілі бір хабар беріп тұр. Қырғыз тілінің маманы Б.Тойчубекованың да мұндай атаулы сөйлемдерді «елестетуші сөйлем» деген терминмен ала отырып, сөйлемдік дəрежесін айқын көрсетіп бергенін мына пікірінен аңғарамыз: «Өткөндү эске салуу максатында, ошого байланыштуу болгон мейкиндик обьектиси окуялык көркүнүштер жалпы окуянын бөлүкчесү катары аталат жана чындыктын бир элесин көрсетет: Севастополь! Даңқы бүткүл дүйнеге небактан бери эле белгилүү бул шаарды 9-Май күнү гитлерчилерден толук бошоттук» [4].

Орыс тіл білімінде «түсінік атаулы» («именительный представления») терминін А.М.Пешковскийдің қолданғанын көреміз. Москва! Как много в этом звуке для сердца русского слилось! деген мысал бере отырып, құрылымның бірінші бөлігіндегі Москва! сөзін белгілі бір зат жөнінен түсінік бере алатын, көз алдына келтіре отырып, ойландыру, назарда ұстау мақсатында қолданылған түсінік атауы деп ой түйеді. Алайда бұл, ғалымның пікірінше, əлі сөйлемдік дəрежеге жетпеген ұғым ғана [5].

Ғалымдардың бір қатары А.М.Пешковскийдің ізімен түсінік атаулыны сөйлем қатарына жатқызбайды (Е.Галкина-Федорук, Н.Валгина, А.Попов, И.Н.Войтицкая, И.П.Распопов).

Е.М.Галкина-Федоруктың пайымдауынша, түсінік атаулыда пайымдау да, ұғым (түсінік, мағлұмат) да жоқ, тек бұрын танылған құбылысты еске түсіреді, ал оның негізгі мазмұны соңынан келген сөйлемде ғана ашылады. Түсінік атаулының атаулы сөйлемге қатыстылығы олардың морфологиялық табиғатында, яғни атау тұлғада тұруында [6].

Н.С.Валгинаның пікірі де жоғарыдағы ғалымдардың ой-тұжырымдауларымен үндесіп жатыр. Оның анықтауынша, бұл «оңашаланған номинативтер» жеке тұрғанына қарамастан, грамматикалық жəне функционалдық жақтан дербестігі болмайды, əрі болмыстық мағынасы, интонациялық тиянақтылығы жоқ, сондықтан сөйлем деп атауға келмейді [7].

Л.А.Майорованың түсінік атаулыны сөйлемнің кесіндісі ретінде қарастыратыны байқалады. Оның ойынша, бұлар, біріншіден, болмыстық мағынасы жоқ, екіншіден, коммуникативтік қызметте жұмсалмайды, үшіншіден, соңғы сөйлемсіз өмір сүре алмайды, төртіншіден, предикаттық интонациясы болмайды [8]. Зерттеуші бұл түзілімдерді өз ішінде «түсінік атаулы», «тақырып атаулы» деп екіге жіктейді.

Ал В.Г.Адмони, В.В.Масалитин, З.К.Тарланов сияқты зерттеушілер бұларды сөйлем ретінде таниды. В.Г.Адмони түсінік атаулыны атаулы сөйлемнің ерекше түрі, тыңдаушыға сол ұғым жөнінде түсінік туғызатындай хабар бере алатын, өзіндік жеке интонациясымен дербестенетін коммуникативтік бірлік деп есептесе [9], В.В.Масалитин 1. Поезд останавливается. Москва. Казанский вокзал; 2. Москва!..Как много в этом звуке для сердца русского слилось! деген атаулы сөйлемдер қатысқан екі сөйлем бере отырып салыстырады да, бірінші мысалда заттың немесе ақиқаттық болмыстығы, екіншіде — зат немесе құбылыс туралы сөйлеушінің санасындағы түсінігі бар атаулы сөйлемнің екі түрі деген ой түйеді [10].

Байқап отырсақ, түсінік атаулының мақсаты — əңгімелесушіні ойландыру, оған аталған заттың, құбылыстың қасиеті мен ролін түсінуіне түрткі болу. Осы тұрғыдан ол қалыпты атаулы сөйлемдерге ұқсас. Дегенмен, түсінік атаулы қалыпты атаулы сөйлемге қарағанда беретін мағынасы жағынан едəуір кең, мұнда эмоционалды контекстің маңызы өте зор. Түсінік атаулыдағы экспрессивтік қызмет оқырманды кейіпкердің немесе автордың философтық ой-толғауына енгізу; маңызды жеке немесе тарихи оқиғаларды еске алуда қолдану; патетикалық үндеулер жасау; алдында айтылып кеткен сөйлемдегі негізгі ойды білдіретін сөзді қайталау; экспрессивті бастама жасау. Түсінік атаулыны көбіне жалпы немесе ауыспалы мағынадағы заттық ұғымы жоқ, дерексіз сөздер, жалқы есімдер (тарихи тұлғалар, топонимикалық атаулар) жасайды да, өзінен кейінгі сөйлемде əңгіме болатын затты тек атап қана қоймай, тыңдаушының зейінін сол аталған затқа аударады. Мұндай құрылымның бірінші бөлігінде зат не кісі есімі аталады, ал тыңдаушы сол зат не кісі жайында айтылатын мағлұматты сөйлемнің келесі бөлігінен алмастан бұрын, аталған заттың не кісінің образын көз алдына келтіреді. Осындай ой-пікір айтуымызға мына бір тіл деректері жетелей түсті.

  1. — Бақыт! — деді Мирон Андреевич. — Бақытты өлім! Маған бұдан басқа ештеңе керек емес (С.Е.).

  2. Алатаудың бауырында, көп ағаштың ішінде, ағын судың жағасында Мəриям тұр. Бақытты, қуанышты Мəриям!!..

  3. Ақшұнақ шал Кузьмич... Абан қаза тапқаннан кейін мені іздеп келіп, екі баламмен орманнан алып шыққан сол еді... (Т.А.).

Бірінші мысалда автор оқырманды Мирон Андреевичтің «бақыт» жайындағы ой-толғауы арқылы философиялық ойлауға шақыратын тəрізді. Екінші мысалдың бірінші компонентіндегі Мəриямның бейнесі соңғы компонент арқылы айқындала түседі. Бұл екі сөйлем де көтеріңкі интонациямен ерекшеленеді. Үшінші мысалда көз алдымызға шал Кузьмичтің образын елестетеміз де, ол туралы хабарды екінші сөйлемнен аламыз.

Жоғарыдағы мысалдардың негізінде түсінік атаулы сөйлем қалыпты атаулы сөйлемге қарағанда орны еркін, əрі экспрессивтік реңкі басым болады деген ойға келеміз.

Атаулы сөйлемнің бұл екі түрінен басқа тыңдаушыға кейінгі сөйлемнің мазмұны не туралы екенін алдын ала хабарлау мақсатында қолданылатын сөйлемдер де кездеседі. Түркітанушы- ғалымдардың пікірінше, тақырып жазылып, одан соң оның мазмұны берілген жағдайда ғана ол атаулы сөйлем болады. Атаулы сөйлем болу үшін сол арқылы тек аталып көрсетілген құбылыс, болмысты əрі қарай баяндайтындай, мазмұнын ашатындай басқа сөйлемдер немесе контекст болу керек. Ғалымның анықтамасынан біз зерделеп отырған сөйлемдеріміз жөнінде пікір айтып отырғанын байқау қиын емес. Дегенмен, түркі тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде мұндай құрылымдарды сөйлемнің үзіндісі ретінде қарайтын да көзқарас орын алған.

Осындай көзқарасты қолдаушы ғалым Н.Х.Демесінованың пікірін келтіре кетейік: «Қазіргі қазақ тілінің синтаксистік жүйесінде белгілі бір сөйлем мүшесі айрықша бөлініп, даралана көрсетілетін экспрессивтік конструкциялар даму үстінде. Бұл тəріздес синтаксистік экспрессияның маңызды құралы интонация жəне сөйлеу бөліктерінің əредік əр түрлі қайталануларымен қабаттаса орналасуы болып табылады. Қазіргі публицистикалық стильде, газет тілінде атау тұлғалы зат есімнен жасалған бастауыш сөйлем құрамынан бөлініп, ерекше интонациямен жеке қолданылатын синтаксистік конструкциялар өзіне назар аудартады. Ол (бастауыш) кейінгі сөйлемде есімдік түрінде беріле отырып, мазмұн предметін белгілейді. Бастауыштың бұлай бөлініп берілуі оның экспрессиялануына жол ашады» [2; 133] деген пікірін бағамдасақ, соңғы сөйлемнен бөлініп қалған сегмент ретінде танығанын көреміз. Біздің ойымызша, мұндай құрылымдардың соңынан келген сөйлемнің мазмұнын айқындайтындай ақпараттық жүгі басым жатыр, əрі соңынан келген сөйлемнің бастауыштық қызметін айқын көрініп тұрған немесе жасырын тұрған есімдіктер өз мойнына алатындықтан, алдыңғы сөйлемді сөйлем мүшелік қызметінде тұр деу түсініксіздеу, дəлелдей түсуді қажет ететін сияқты.

Ғалым Ф.С.Сафиуллина да мұндай түзілімді сөйлем қатарына жатпайтын сегменттік құбылыс деп қарайды да, атаулы сөйлемнен өзгеше құрылым деп есептейді. Ғалымның ойынша, біріншіден, тақырып атаушы — атау тұлғалы зат есім не басыңқы сыңары атау тұлғалы зат есім болатын сөз тіркесі, екіншіден, тақырып атаулының өзгеше дербес интонациясы болады, үшіншіден, тақырып атаулыдан соңғы паузадан соң негізгі сөйлем келеді, ол сөйлемде міндетті түрде коррелят болу керек. Мұндай қорреляттарға есімдіктер, əр түрлі септік жалғауында тұратын сөз форманттары, тəуелдік жалғаулы сөз жатады. Тақырып атаушы күшейтпелі, эмоционалдық интонациямен айтылады, яғни онда предикативтік интонация болмайды, сондықтан тақырып атаушы сөйлем болып саналмайды. Негізгі сөйлеммен корреляттік байланыста болуы тақырып атаушының дербес еместігін көрсетеді, ал атаулы сөйлем дербес қолданылады, кейінгі сөйлемдермен грамматикалық, құрылымдық байланыста болмайды. Тақырып атаушы мен негізгі сөйлемнің арасында қиысудың болмауы тақырып атаушының негізгі сөйлемге мүше бола алмайтынын көрсетеді [2; 134].

Ғалым Ж.Жақыпов Ф.С.Сафиуллинаның интонация жөніндегі пікірінің кайшылықты тұстарын көрсете келе, əрі бұл құрылымдардағы контекст факторын тиісінше ескермегеніне сыни көзқараспен қарай отыра, дегенмен тақырып атаушыны сөйлемнің сегменті деген пікіріне қосылады. Автордың анықтауынша, тақырып атаушы сөйлем емес, сөйлемнің коммуникативтік мақсатпен айрықшаланған, синтаксистік жағынан кесінді, семантикалық жағынан бөлінбес бөлшегі болып табылады деп қараған жөн [2, 137-б.].

Орыс тіл білімінде де бұл құрылымдардың сөйлем қатарына жатқызу-жатқызбау — əлі шешілмеген мəселе. В.Бабайцева, А.Руднев, В.Масалитин сияқты зерттеушілер мұндай түзілімдерді атаулы сөйлемдерге жатқызады, Е.М.Галкина-Федоруктың пікірінше, бұлар — сөйлемнің ерекше бір түрлері, енді бір топ ғалымдар (Н.С.Валгина, А.С.Попов, Л.А.Майорова) синтаксистің осы бір құрылымын сөйлем қатарына жатқызбай, сегмент ретінде қарайды.

Қазақ жəне орыс ғалымдарының пікір алалығынан мұндай құрылымдардың өзгешеліктерін əркім өзінше түсініп, олардың əр түрлі қасиеттерін негізге алғанын көруге болады.

Тақырып атаулыны сөйлем ретінде танитын В.В.Масалитиннің көзқарасын қуаттай отырып, мына пікірін сол қалпында толық беруді жөн санап отырмыз: «Объективная неопределенность статуса именительный темы связана с тем, что, предполагая продолжение текста, она характеризуется незавершенностью содержания, «недосказанностью», а также отсутствием обычного для назывных предложений констатирующего значения. Однако в то же время именительный темы представляет собой отдельную единицу общения, со специфическим коммуникативным назначением и широким общим содержанием. Свойственная этой конструкции «недосказанность» определяется тем, что употребление ее характеризуется прямой установкой на подтекст: оно имеет целью вызвать размышления, побудить собеседника осмыслить свойства и роль названного предмета. В этом отношении именительный темы сближается с обычными назывными предложениями, также предполагающими осмысление той общей картины, которая стоит за называемыми предметами и явлениями [11]. Шынында да, тақырып атаулы сөйлем өзінен кейінгі сөйлемге сілтеме түрінде сол тақырып жөнінде тыңдаушыға ой сала отыра, ақпараттық жүк көтерсе, соңғы сөйлем сол тақырыптың мазмұнын толығырақ ашатындай кең көлемдегі ақпаратқа ие болады. Əрине, алдыңғысының соңғы негізгі сөйлемсіз күні жоқ, сондықтан айтатын ой-ақпарат жағынан бір-бірімен тығыз сабақтастықта жатады. Тақырып атаулыдағы экспрессивтік қызметтің аясы түсінік атаулыға қарағанда шағындау: тақырыптық қызмет; бастама қызметі. Тақырып атаулы түсінік атаулыға қарағанда экспрессия жағынан солғындау. Бұл құрылымдардағы сөздердің қолданылу аясы кең, сөздер нақты, деректі, тура мағынасында қолданылады. Мұны мына келтірілген мысалдар негізінде көруге болады:

  1. Қызыл-Кеніш, Қызыл-Кеніш, Қызыл-Кент... Кент сарайы туралы зерттеушілер мен жазушылар аз жазған жоқ.

  2. Аққора ауылы. Қарқаралы қаласының оңтүстік шығысында орналасқан Қ.Аманжолов атындағы кеңшардың кішкене ғана бір бөлімшесі. Ертеде бұл жерді Əйтімбет деген аталы, рулы ел жайлаған екен.

  3. Қарқаралы тауының атақты Шайтанкөлі. Табиғаттың ғажайып бір туындысы. Мəңгі жасыл, қалың қарағайлы алқапты қақ жарып, тау қойнауына өрлеп барғанда, қарсы алдыңнан биік жол шығады. Сол қиын асумен көтерілсең, алдыңнан жан-жағын гранит тастар алқалаған айна көл жарқ ете түседі («Жұлдыз»).

Мұндағы тақырып атаулылар оқырманға кейінгі сөйлемнің баяндау предметі, мазмұны не туралы екенін алдын ала хабарлау мақсатында қолданылған. Бірінші мысалда тақырып атаулы қайталану арқылы заттың алғашқы атауына назар аудартады. Екінші мысалдағы тақырып атаулылардың екіншісі біріншісін толығырақ айқындай түседі. Көріп отырғанымыздай, тақырып атаулы да көп құрамды болуы мүмкін. Үшінші мысалда бірнеше сөз тіркестерінен келіп, соңғы сөйлемде əңгіме болатын іс-əрекеттің мазмұны не жөнінде екенін айқын көрсетіп тұр. Тақырып атаулының интонациясы түсінік атаулыға қарағанда солғындау, хабарлау интонациясымен айтылады. Тақырып атаулының өзіндік ерекшеліктері контекспен тығыз байланыста болып, көбіне сөйлем алдында тұрып жұмсалады, өзіне тəн ерекше аналитикалы-синтетикалық жəне эмоционалды- экспрессивті қызметтерін атқаратын интонациясы болады. Кейде өзі байланысқан сөйлемдермен екі жақты қарым-қатынаста да тұруы мүмкін: Бұл — Астана. Астана! Қазақстанның жаңа астанасы осы қала деген мысалдағы Астана сөзіне тоқталайық: бірінші Бұл — Астана сөйлеміне қарағанда Астана! құрылымы постпозитивті де, екінші Қазақстанның жаңа астанасы осы қала сөйлеміне қарағанда Астана! препозитивті болып келеді.

Сонымен, атаулы сөйлемді көбінесе шығармада оқиғаны, құбылысты суреттеу, сипаттау мақсаты қойылғанда қатысатын, сол үшін қызмет атқаратын мүшеленбейтін сөйлемнің ерекше түрі деп танимыз да, «түсінік атаулы», «тақырып атаулы» деген терминдермен аталып жүрген құрылымдарды да атаулы сөйлемнің бір түрі ретінде қарастыруды жөн санаймыз. Өйткені бұлардың да атаулы сөйлемдер сияқты əңгімеленбекші болып отырған оқиғаға, шындық болмысқа қатысы бар. Бұл ойымызға мына салыстырмалы тіл деректері айғақ бола алады:

1.   Қалыпты атаулы сөйлемдер:

Түн. Тастай қараңғы. Қар сабалап жауып, жел ышқынып соғып тұр екен. Жат жер. Қылшылдаған қыс. Қатпар-қатпар қарлы таулар. Қалың түскен қар астында қатып жатқан жерге күрек жүзі батпайды-ау, батпайды-ау (Ə.Н.).

2.   Түсінік атаулы:

Көкшетау! Дүниеде мұндай əдемі жер бар ма екен? Мəді! Əуелде күліп еді. Сосын таңырқаған (М.М.); Қайран Шолпан! Қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді (Т.К.). Нан! Нан үшін жұрт не қылмай жатыр...(Б.М.).

3.   Тақырып атаулы:

Қаңғыбас балалар...Оларды қамқорлыққа кім алмақ? Маскүнемдік... Онымен күресудің жолы қайсы? Ұрылар жайлаған ауыл... Қылмыскерлер неге жазаланбайды? Еріксіз күңдікке түскендер... Олар кімдер: жəбірленушілер ме əлде жезөкшелер ме? (Газет материалдарынан).

Осы үш топтағы құрылымдардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына назар аударып көрейік. Ұқсастықтары: 1) тірек сөздері атау тұлғасындағы зат есімдер мен субстантивтенген есімше; 2) бұлардың үшеуінің де əңгімеленбекші болып отырған оқиғаға, шындық болмысқа қатысы бар. Түн, Көкшетау, Шолпан, нан, тағы басқалар тіліміздегі белгілі бір ұғымды білдіретін атау ғана болып тұрған жоқ. Сонымен бірге бұл жерде сол мағыналардың осы сөз болып отырған оқиғаларды суреттеуге тікелей қатысын да көрсетіп тұр. Демек, бұл құрылымдар оқиғаны, құбылысты белгілі бір жағдаятқа байланысты атайды жəне оның мағынасы өзінен кейінгі сөйлемдердің мағынасымен сабақтас болады, өйткені ол сөйлемдер (кейінгі сөйлемдер) қалыпты атаулы, түсінік атаулы, тақырып атаулы сөйлемдерде атап қана көрсетілген оқиғаның нақты өзін баяндайды, мазмұнын ашады, бұл құрылымдардың не себепті қолданылып тұрған мақсатын көрсетеді; 3) өзіндік интонациялары бар;

4) шаққа қатынасы жағынан бұл құрылымдар осы шақтағы құбылыс, болмысты білдіреді. Ол мағына сол сөйлемдердің өзінен аңғарылатын синтаксистік шақ арқылы беріліп тұр; 5) қалыпты атаулы сөйлем де, түсінік атаулы да, тақырып атаулы да дара сөзден де, сөз тіркесінен де жасалады (Түн — бір сөзден жасалған қалыпты атаулы; Жат жер — сөз тіркесінен жасалған қалыпты атаулы; Көкшетау! — бір сөзден жасалған түсінік атаулы; Қайран Шолпан — сөз тіркесінен жасалған түсінік атаулы; Маскүнемдік — бір сөзден болған тақырып атаулы; Ұрылар жайлаған ауыл — сөз тіркесінен болған тақырып атаулы); 6) бұлардың барлығы контекске бағынышты; 7) атаулы құрылымдардың тілде қолданылу аясы тар. Бірақ оқиғаны ықшамды, тартымды етіп беруде бұлардың маңызы ерекше; 8) тұрлаулы мүшелерге талданбайды. Айырмашылықтары: 1) үш топтағы құрылымдардың интонацияларында қандай да бір өзгешелік бар. Қалыпты атаулы сөйлемге, негізінен, хабарлау интонациясы тəн. Түсінік атаулы құрылымдар ерекше лепті интонациямен айтылады. Тақырып атаулы құрылымдарда өзіне тəн айырым хабарлау интонациясы бар. Қалыпты атаулы сөйлем мен тақырып атаулы түсінік атаулыға қарағанда экспрессия жағынан солғындау; 2) атаулы сөйлемде заттың немесе құбылыстың ақиқат болмыстығы көрініс тапса, түсінік атаулыда тыңдаушының зейінін аталған зат немесе құбылысқа аудару, ал тақырып атаулыда кейінгі сөйлемнің мазмұны не жайында екенін алдын ала хабарлау алға шығады; 3) қалыпты атаулыдағы мақсат — іс- əрекетті мезгілдік, мекендік, заттық жағынан айқындау; түсінік атаулыдағы мақсат — əңгімелесушіні ойландыру, аталған заттың, құбылыстың қасиеті мен ролін түсінуге түрткі жасау; тақырып атаулыдағы мақсат — тақырып жөнінде тыңдаушыға ой салу; 4) түсінік атаулы мен тақырып атаулыда эмоционалды контекстің маңызы өте зор; 5) тақырып атаулы публицистика жанрына тəн, сөздер нақты, деректі, тура мағынасында жұмсалады; 6) түсінік атаулыда көбінесе дерексіз сөздер мен жалқы есімдер қолданылады.

Қарап отырсақ, бұл үш топтағы құрылымдар — бір-біріне мазмұны, құрылысы, тұлғасы жағынан ұқсас сөйлемдер. Жоғарыда берілген салыстырма деректер олардың арасында ұқсастықпен қатар өзіндік ерекшеліктер де болатынын аңғартса керек-ті. Демек, түсінік атаулы мен тақырып атаулыны атаулы сөйлемнің айрықша түрі деп қарастыруға əбден болады деген ойдамыз.

Орамды сөйлеуде əр түрлі қызмет атқаруына байланысты атаулы сөйлемдер мүшеленетін екіқұрамды жəне бірқұрамдыларға қарама-қарсы мүшеленбейтін сөйлемдер ретінде оппозиция құра алады. Кейбір атаулы сөйлемдерде, мысалы, мезгілдік мəніндегі Түн. Қыс. Жаз, құбылыс атаулары Боран. Жел. Аяз тəрізділерге логикалық жолмен Түн болды, Қыс түсті, Жаз келді, Боран соқты, Жел есті, Аяз түсті т.б. деп, баяндауыштық сөздерді қойып айта аламыз. Ал Айдала. Көлдің биік қабағы. Вокзал маңы тəріздес атаулы сөйлемдерде мағына жағынан баяндауышты қажет ететіндей толымсыздық байқалмайды. Жəне оларды логикалық жолмен баяндауышпен толықтыра алмаймыз. Қалай болғанда да жоғарыдағы атаулы сөйлемдерді не бастауышқа, не баяндауышқа саралай алмаймыз, өйткені атаулы сөйлем осы шақтағы болмысты, құбылысты білдіретін, атау тұлғадағы сөзден не сөз тіркестерінен құралатын мүшеленбейтін сөйлем болып табылады. Бұл ойымыз «Қазақ тілінің грамматикасындағы» мына пікірмен ұштасады: «…атаулы сөйлем тұрлаулы мүшеге талданбайды, басқаша айтқанда, оған ұйытқы, тірек болып тұрған сөзді бастауыш не баяндауыш деп тап басып айтуға келмейді. Негізінде зат есімнен болып, атау септікте тұруы жағынан ғана оны бастауыш ыңғайындағы тұрлаулы мүше деп жалпы жорамал жасалынып жүр, бірақ оны сыртқы ұқсастығына қарап айтқанымыз болмаса, бастауышпен тепе-тең дəрежедегі мүше деп есептеуге келмейді» [12].

Жоғарыда айтылғандарды зерделей отыра, мынандай тұжырым жасауға болады:

Атаулы сөйлем деп затты, құбылысты атай отырып, болмысты білдіру, хабар беру функциясында қолданылатын мүшеленбейтін сөйлемнің түрін айтамыз. Атаулы сөйлемді өз ішінде мынандай мағыналық топтарға бөліп қарауға болады: а) қалыпты атаулы сөйлемдер деп атауыштық қызметімен бірге соңғы сөйлемдегі жүзеге асып жатқан іс-əрекетті мекендік, мезгілдік, заттық жағынан айқындай түсетін ақпаратты білдіретін сөйлемді айтамыз; ə) түсінік атаулы дегеніміз — өзінен кейінгі сөйлемде əңгіме болатын затты тек атап қана қоймай, тыңдаушының зейінін сол аталған затқа аударып, оқырманды кейіпкердің немесе автордың философтық ой-толғауына енгізу мақсатында қолданылған сөйлем; б) тақырып атаулы деп тыңдаушыға немесе оқырманға кейінгі сөйлемнің баяндау предметі, мазмұны не туралы екенін алдын ала хабарлау мақсатында жұмсалып, сол тақырып жөнінде тыңдаушыға ой салатындай ақпараттық жүк көтеретін сөйлемді айтамыз.

Атаулы сөйлемнің бұл үш түріне де тəн ортақ негізгі белгілер мыналар:

  • құрамы бір сөзден немесе сөз тіркестерінен жасалып, атау тұлғасында келеді;

  • құрамындағы тірек сөздері бастауышқа да, баяндауышқа да сай емес, яғни тұрлаулы мүшелерге талданбайды;

  • атаулы сөйлем өзінен кейін міндетті түрде мазмұнын ашатындай басқа сөйлемдердің келуін талап етеді, яғни контекске тəуелді;

  • өзіне тəн хабарлау, лепті интонацияға ие.

Əдебиеттер тізімі

  1. Мадина Ғ. Номинатив сөйлем // Қазақстан мектебі. — 1973. — № 2. — 91-б.

  2. Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. — Қарағанды, 1998. — 159 б.

  3. Төлегенов О. Жалпы модальді жəне мақсат мəнді жай сөйлем типтері. — Алматы: Мектеп, 1968. — 169-б.

  4. Тойчубекова Б. Кыргыз адабий тилиндеги бир составдуу сүйлөмдөр: Филол. ғыл. докт... дис. — Бишкек, 1994. — 291-б.

  5. Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении. — М.: Госучпедгиз, 1956. — С.

  6. Галкина-Федорук Е.М., Горшкова К.В., Шанский Н.М. Современный русский язык. Синтаксис. — М.: Учпедгиз,— С. 126.

  7. Валгина Н.С. Некоторые функции изолированного употребления именительного падежа // Русский язык в школе. — 1971. — № 2. — С.

  8. Майорова Л.Е. Именительный представления и именительный темы как явления экспрессивного синтаксиса: Автореф. дис... — Л., 1984. — С. 9–19.

  9. Адмони В.Г. О двусоставности предложения // УЗ І ЛШИИЯ. Вопросы грамматики и лексикологии. — Л., —Вып. 2. — С. 147.

  10. Масалитин В.В. «Именительный представления» и номинативные предложения // Вестн. ҚазНУ. — Сер. филол. — 2004. — № 3 (75). — С.

  11. Масалитин В.В. Проблемы изучения номинативных предложений // Вестн. КазНУ. — Сер. филол. — 2003. — № 5(67).— С. 110.

  12. Қазақ тілінің грамматикасы. ІІ. Синтаксис. — Алматы: Ғылым, 1967. — 130-б.

Филология. Реферат. Ғылым тілі: Теория, тəжірибе, ұсыныстар
Филология. Реферат. Лирикалық прозадағы пейзаждың көркемдік қызметі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу