Филология. Реферат. Лирикалық прозадағы пейзаждың көркемдік қызметі

Oinet.kz 12-09-2020 1143

Лирикалық прозаның маңызды бөлігінің бірі пейзаж болып табылады. Ол поэтикалық атмосфераны қалыптастыру құралы ретінде қызмет атқарады, оқырманды белгілі бір эмоционалдық толқынға дайындайды. Пейзаж кей жағдайда іс-əрекетті алмастырады. Ол арқылы лирикалық қаһарман шындықпен қарым-қатынасқа түседі, табиғатпен біртұтастықты сезінеді. Лирикалық прозада пейзаждың қызметі ғана өзгеріп қоймайды, сонымен қатар оның өзіндік принциптері де өзгереді. Мұндай шығармадағы автор құбылыстың өзінің толық ерекшелігіне емес, оның тудырған сезімін жеткізуге тырысады. «Эпикалық поэзия образдар мен суреттерді табиғат аясындағы образдар мен суреттерді бейнелеу үшін қолданса; лирикалық поэзия образдар мен суреттерді адамзат табиғатының ішкі негізі болып табылатын сезімді бейнелеу үшін қолданады», — деп жазады В.Г.Белинский [1]. Ал лирикалық прозада эпикалық пен лирикалыққа тəн қасиеттердің астасып, тұтасып кететіні белгілі.

Əдебиеттегі пейзаждың дəстүрлі қалыптасқан қызметі лирикалық прозада мүлдем өзге мəнге ие. Мұндай шығармадағы табиғат суреттері оқиғаның даму тізбегі үшін қажетті ая (фон) емес, автордың əлем мен адамды түсінуінің негізі болып табылады. Оның көркемдік ерекшеліктері авторда композицияны қалыптастыруда рөл атқаратын сюжеттің басты бөліктері ретіндегі пейзаждық суреттердің жоқ екенін дəлелдейді. Қоршаған табиғат суреттерінен алынған эстетикалық сезім автордың шындықты сипаттауынан алшақтамайды.

Жазушы өзінің айтар ойын оқырманға шығармалары арқылы, ондағы кейіпкерлері арқылы жеткізеді. Сондықтан да кейіпкер образын жасауда жазушының өзіндік шеберлігі үлкен рөл атқарады. Кейіпкердің сыртқы келбетінен бастап, оның көңіл-күйі, жан-дүниесі, психологиясы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы сияқты тəсілдерді əр жазушы өзінше қолданады. Осындай көркемдік тəсілдердің бірі — шығармадағы көркемдік суреттер, пейзаж араласып отыруы шығарманың көркемдігін арттырып, образдар бейнесінің ашыла, тереңдей түсуіне мүмкіндік береді. В.Шкловский: «Адам əдемілік дегенді көзімен көріп бағалайды, ал пейзаж көзбен көрінетін нəрсе, сондықтан да ол əдемілікті білдіреді, ол əдеби шығармадан үнемі орын алып отыруы қажет», — дейді [2]. Əр жазушы шығармасында табиғатты өзінше пайдаланады. Кей шығармада пейзаж тіпті болмай, кейбіреуінде өте көп болуы мүмкін. Бір жазушы табиғат арқылы жыл мерзімін көрсетсе, біреуі кейіпкер бейнесін ашу үшін қолданады. Сонымен қатар кейіпкерлердің көңіл-күйі, жан дүниесінің құбылыс сəттерін табиғатты қатарластыра суреттеу арқылы психологизмді терең жеткізу ең жиі қолданылатын тəсілдердің бірі. Бұл кейіпкерлердің жан дүниесіне терең бойлаудың бір жолы болып табылады.

Жылдың төрт мезгіліндегі неше алуан суреттер күнделікті өмірде өзіндік сезініс, түйсініс, əсер- ықпал тудырады. Суретшілер осы құбылысты түрлі бояулар арқылы көрсетсе, сөз зергерлері тіл арқылы өрнектеп суреттейді, əсерлеп бейнелейді.

Пейзаж табиғаты теңеу, эпитет, метафора, салыстырулар психологиялық кезеңдермен қатар қойылып берілер болса, онда лирикалы көңіл-күй əсерінде келетін эмоциялық элементтер адам тағдырында болып жатқан оқиғалармен қабысып, тұтас көркемдеуші құралға айналады. Осы тұрғыдан келсек, табиғат мінезді қалыптастырады. Ал осыларды жазушы қандай дəрежеде жеткізеді, əңгіме сонда.

Мұндай ерекшеліктердің прозадағы көрінісін М.Əуезов шығармаларынан молынан кездестіруге болады. Онда қазақ даласының байлығы мен сұлулығы шебер суреттеледi, табиғаттың əсем суреттері Əуезовтің өзiне ғана тəн қайталанбас бояулары арқылы берiледi. Жазушының шығармаларының қай- қайсысында да қазақ даласының құлпырған көктемі мен жазы, боранды қысы, жауын-шашынды күзі мейлінше шебер суреттеледі. Олар қай кез, қандай жағдайда да оқиғаның əрлеу, шарықтау барысына қарай құбылып, қиюын таба пайдаланылады. Оның шығармасындағы əрбір көріністің тұтастығы, бірлігі айқын сезіліп тұрады. М.Əуезов табиғат құбылыстарын кейіпкерлерінің басынан өткен күйініш-сүйінішімен байланыстыра суреттегенде олардан құбылыстың сыртқы көрінісі ғана емес, ішкі мазмұны да ашылғандай əсер береді.

Əрине, пейзажды көркемдік əдіс ретінде шығармада қолдану Мұхтар Əуезовтен бастау алды дегенде, оған дейінгі немесе сол тұстағы ақын-жазушыларымыздың ешбірі табиғат көріністеріне тоқталмаған деген ой тумауы керек.

Сонау ауыз əдебиетінен бастау алған пейзаждық əсем суреттеулер қазақ əдебиетінің көрнекті өкілдерінің бəрінің де шығармаларынан орын алған. Олардың əрқайсысының табиғаттың сұлулығын бейнелеуде өзіндік ерекшеліктері бар.

Солай десек те, табиғатты адам жанымен бірде салыстырып, бірде қоян-қолтық араластырып сыршыл сипат бере отырып суреттеудің үлкен шеберлігі М.Əуезов шығармаларында кеңінен қолданылады.

Əдебиетші М.Əдібаев М.Əуезов шығармаларында пейзаждың көп қолданылуы, қайталануы тек қана еуропалық проза үлгісін пайдалануы емес, сонымен бірге жазба əдебиетте жоғалуға айналған эмоционалды-экспрессивтік бөлшектерді дамытуды қалауынан туғандығын айтады. Əрине, пейзажды шығармада қалай пайдалану керек, қысқаша ма, əлде ұзақ па, ол əр жазушының өз еркі, оған ешкім пікір айта алмайды. Ал М.Əуезов шығармаларындағы пейзаж əрі ұзақ, əрі психологиялық тебіреніс, символдық астармен беріледі. Ə.Байтанаев: «М.Əуезовтің пейзаждарынан үш түрлі қасиеттердің бəрін көруге болады. Не ол пейзаж образ əрекетіне араласады, не ол əсерлі əдемі сурет болады, не ол пейзаж философиялық қорытынды жасатады. Немесе осылардың бір-екеуі қабат келеді», — дейді [3]. Жазушының табиғатты бейнелеу шеберлігінің бір қырын «Көксерек» повесінен көреміз. Бұл — табиғат пен адам қарым-қатынасын философиялық тұрғыдан қарастырған шығарма. «Көксеректің» ерекшелігі — жануарлар əлемі өкілінің адамдармен қатар, тең дəрежеде көрінуі. Бұл жазушының шығармада адам мен табиғаттың бірлігін, қарама-қайшылығын шынайы түрде жеткізу үшін қолданған көркемдік тəсілдерінің бірі ғана емес, əдебиетімізге əкелген үлкен жаңалығы екені белгілі.

Қоршаған орта құбылыстарын кейіпкер жанымен астастыра беру М.Əуезовтің əдебиетіміздегі пейзаждың атқаратын көркемдік қызметінің тағы бір қырын көрсетеді. Əдебиетіміздегі психологиялық параллелизм əдісін кеңінен дамытқан жазушы өзінің кішігірім əңгіме, повестерінен бастап, көлемді шығармаларына дейін пейзажды мейлінше мол, шебер қолданады. Табиғат көрініс арқылы кейіпкер сырын психологиялық жағынан талдай отырып ашуда пейзаж жетекші рөл атқарады. С.Əшімбаев: «Психологиялық талдау дегеніміз — өмірде болып жататын драмалық, трагедиялық, трагикомикалық жағдайлардың көркем шындыққа айналуына байланысты; адамның көңіл-күйіндегі күйініш пен сүйінішті, жан əлеміндегі буырқанған бұрқанысты, жүрек түкпіріндегі толқу мен тебіренуді, яғни болуы мүмкін шымыр да шынайы сезімдік құбылыстарды, əрі жинақтап, əрі даралап суреттей отырып, сол адамдардың мінез-құлқын, рухани болмысын; қысқасы, психологиялық ішкі портретін монолог арқылы жазушының көз алдымызға елестету шеберлігі. Сонда ғана көркем образ өмірлік нақты тұлға, жалпы типке айналады», — дейді [4].

«Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын ашудың ұтымды тəсілі ретінде пайдалану — Əуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі» екенін академик Р.Нұрғали де айтады [5]. Қаламгердің пейзаждары шығармада қажеттi фон ретiнде ғана көрiнбейдi, сонымен бiрге психологиялық параллелизм арқылы кейіпкерлердің мiнезi мен образын тартымды жəне толық ашу үшін қолданылады дедік. М.Əуезов шығармасында пейзаж суреттеумен басталады да, əрi қарай адам мен табиғат қарым-қатынасы бiртiндеп тереңдей, күрделене түседi.

Олай болса жазушының барлық шығармаларында табиғат кейіпкерлердің мiнез-құлқын, болмысын ашу құралы ретiнде қызмет етедi. Пейзаж кейіпкерлердің жанындағы күймен үндестiкте немесе қайшылықта көрiнедi. Бұл өз кезегінде шығармаға сыршылдық сипат береді.

Мəселен, «Қорғансыздың күні» əңгімесінің атауынан-ақ қаламгердің қорғансыз адам тағдырын суреттейтінін, оның трагедиямен аяқталатынын іштей сезіп отырамыз. Жазушы шығарманың қалай аяқталатынын, яғни оқиға барысын, тұспалмен-ақ оқырманға алдын ала білдіреді. Əңгіменің басындағы дала суретіне назар аударайық: Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дəмелендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанымен, енсіз кереге сықылды, жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да, паналығы жоқ: азынап тұрады... Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз [6]. Сондай ызғарлы, қорқынышты, аянышты ортаны, табиғат құбылысының да сұрапыл сəтін барынша көрнекті суреттеуі алдағы болар жайсыз оқиғадан хабар береді. Алғашқы сөйлемдерден-ақ оқырмандарын баурап дайындап, тіпті үрейлендіріп, еріксіз жетелеп отырады, көз алдыңызға қара түнек елестейді. Көптеген шығармаларда, əсіресе поэзиялық туындыларда эмоционалдық-лирикалық əсер беретін боран бейнесі мұнда жағымсыз жағынан байқалады.

Үнемі биіктіктің, асқақтықтың символы ретінде көрінетін таудың да кейпі сұрықсыз суреттеледі.

«Алыстан көрінген Арқалық дəмелендіргенімен», шығармадағы тау көрінісі оқырманның еңсесін көтеретін, биік қиялға бөлейтін қасиетінен өзгеше, құрдымға апаратын мекендей, тіршілікті жұтып жатқан орындай ой туғызады. Тау деген аты болғанымен, қорғансыздарға ешқандай ығы, панасы жоқ. Əдебиет зерттеушісі Ы.Дүйсенбаев қорғансыздар өміріне төнгелі тұрған қауіп туралы: «...Шағын кіріспенің өзінен-ақ қорқынышты оқиғаның төнгенін сезініп, дегбірсізденгендей боласыз. Күннің райы да, табиғат ерекшелігі де көңілдегі күдікті күшейте түседі» [7], — деп жазады. Расында да Арқалық тауынан аса соққан азынаған сарнауық жел де, ұйытқи соққан ақ түтек боран да, ішке бүккен арам ойларын өзара ишарамен ұғынысып келе жатқан жат пішінді екі жолаушы да, иесіз ұмытылып қалған бірдеңе секілді ескі қора да, одан жарты шақырымдай жерде басы қара қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан екі бейіт те — барлығы да болғалы тұрған бір сұмдықтың, қайғылы оқиғаның жаршысы сияқты сезіледі.

Бұл суреттеменің көркемдік-эстетикалық қуаты сонда, сұрықсыз қысқы даланың келбетін, айықпайтын ызғарды сезіндіре отырып, автор алдағы күтулі трагедияға оқырманын іштей даярлайды. Табиғаттың əрбір көрінісі жайдан жай суреттелмейді, олардың бəрі кейіпкердің ішкі жан дүниесімен астасып жатады. Əр деталь бір астарды білдіреді.

М.Əуезов шығармаларындағы табиғат суретінің кiлемдей құлпырып берiлетiн осындай ерекшелiгiне байланысты З.Ахметов былай деп жазады: «...Əуезовте адамсыз пейзаж жоқ, табиғат болмысы — бұл əрдайым адам болмысы немесе үлкен адамдық мазмұнды бiлдiретiн символ» [8].

Əңгімедегі кедергі кездестірмей Арқалық тауын қуалай соққан жел, азынаған үскірік аяз Ақандардың жауыздық тұлғасын аша түсетін қосымша қуатты құралға айналған: «Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сəулесімен нұрланып, қызыл торғынның түсіндей болып тұр. Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалтаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлттардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұрдың буын ғана жалатқандай. Қызғылт сəулесін дүниеге жайып тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр... Күннің сəулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астынан қызғылттанып көрінеді» [6]. Яғни айналаның бəрі қызыл түске боялып, бір жамандықтан хабар бергендей. Қызыл түс — қанның түсі, олай болса, бұл бір жамандықты сездіреді.

Əуезов барлық шығармаларында табиғат суретін бергенде кейіпкердің жан дүниесіне, сезіміне, көңіл-күйіне қатысты түстерді қолданып отырады. Мысалы, «Қараш қараш оқиғасындағы» Бақтығұлдың Жарасбайды өлтірер алдындағы сəтте де айналаның бəрі қызыл түске боялады. Сондай- ақ «Қаралы сұлу», «Жетім», «Қыр суреттері», «Кім кінəлі», тағы басқа шығармалардың бəрінде кейіпкердің көңіл-күйіне байланысты «қара», «сұр», «қараңғылық» сияқты түстер беріліп отырады. Бұлардың бəрі болар оқиғаны мегзеп астармен білдіреді. Жазушы пейзаж арқылы алда болар оқиғаны үнемі мегзеп, бiлдiрiп отырады. Өз кейіпкерлерінің басындағы ендiгi болар жайды дөп басып айтпайды. Табиғат суретi арқылы дайындап, əбден хабардар етiп алады. Шығарма барысында сол болжам орындалып отырады.

Символдың шығармадағы тағы бір көрінісі — бейіт, мола бейнесі. Шығармада бейіттің суреттелуіне тоқталайық: Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар... Қорадан жарты шақырымдай жерде басы қара қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті бар... Иесінің дүниеге келгенін сездіретін ақырғы белгісі — томпиған бейіт аз уақытта жойылмақ, ізі бітпек. Таудан аса соққан жел, бейіт тұрған төбешіктің басында əсіресе қатты ызғырықталады. Бейіттің тау жағынан топырағын ұшырып, екінші жағынан, жалданған қармен басып жатыр. Аз уақытта бейітті түгелімен қар көмгендей... Бейіттен жарты шақырымдай жерде тұрған екі кішкене қора да бейіт секілді мүлəйім пішінделген [6; 10]. Бұл жерде жазушы өз кейіпкерлерінің қорасын жақын жерде орналасқан моламен теңестіреді. Мұның өзі оның ішіндегі өмір сүріп жатқан адамдардың болашағы жоқ екенін сездіргендей. Сол сияқты жазушы Ғазизаның өмірінің соңғы сəтін: Ғазиза кетіп бара жатып, ойланып артына қарап бишаралықтың кебінін киген ескі қорасын көрді, — дейді [6; 11]. Шығарма Ғазизаның өлімімен аяқталады, ал қалған кейіпкерлердің жайы туралы ештеңе айтпайды. Бірақ жазушы өзі өлімге бел буған Ғазизаның артында қалған кəрі əжесі мен мүгедек шешесінің ендігі күні не болатынын осы бір сөздерімен аңғартады. Себебі «кебін» өлімге, қазаға байланысты айтылады, яғни өлімнің символы. Демек, тірегінен айрылған сорлы жандардың да осыдан басқа күтер үміті, жолы жоқ деген сөз.

Жаралы жандардың ауыр халін суреттеген жазушы Ғазиза өлімімен кедей ауылының ауыр тұрмысын қыстың аязды, боранды күндерімен қат-қабат алады. «Қорғансыздың күнінде» оқиғаның басындағы боран соңына дейін тынбайды. «Терезеге түтеп соққан қатты жел бір қалпынан ауған жоқ», — деп жазады жазушы. Бұл — сорлы аналардың үміттері мен қайғыларының, күдіктері мен зарларының аралас қинап, жан əлемінің арпалысқа түскен күйлерінің асқынған сəті болатын.

«Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің ақ түтегінен адасып өліп, мəңгі толас тапқандай» деп аяқтайды əңгімесін автор.

«Қорғансыздың күніндегі» боранның берілуінің де сыры бар. Былайша айтқанда, тыныш жатқан ақ дала бейнесі мұндағы оқиғамен жымдаса алмаса керек. Яғни оқиға жайбарақат табиғат аясында өтсе, шығарма мұнша əсерлі болмас еді. Жазушы кейіпкердің ішкі жан-дүниесіндегі арпалысты, сезімді оқырманға осыншалықты шынайы түрде жеткізе алмаған болар еді. Ғазизаның өз намысы үшін арпалысы, шайқасы, мүлдем түсініксіз жайға тап болуы, содан құтылу үшін əлсіздігіне қарамастан, оған қарсы тұруы — осы жайдың барлығы ызғарлы ашық күннің өзінде де борансыз нəзік жанның бейнесін толықтыра қоймайды. Табиғаттағы ақ түтек боран кейіпкер өміріндегі, тағдырындағы боранды көрсетеді. Екеуі қатар алына отырып, үлкен сыршылдықпен оқырман сезіміне əсер етеді, бірге мұңайтып, қайғыртады. Бір толастамаған боран қорғансыз жандардың болашақтан еш үміті жоғын сездіреді.

Көріп отырғанымыздай, əңгімеде пейзаж кейіпкер характерін ашуда ерекше қызмет атқарып тұр. Шығармадағы табиғат суреті тек жай ғана тамашалаудың құралы болмай, үлкен қызмет атқаратын жанды бөлшекке айналған. Мұнда табиғат суреттері əрдайым уақытына, кезеңіне, жай-жағдайына қарай өрнектеледі. Бұл туралы академик З.Қабдолов: «Əуезов пейзажы — бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, жабырқайды, күледі, жылайды — дəл адамша əрекет етеді», — дейді [9]. Мұны өз кезегінде жазушының өзіне тəн əдіс-тəсілі, стильдік ерекшелігі деуге болады.

Əдебиеттік стиль жазушының шығармаларының тақырыбын, идеясын, көркемдік мазмұнын, тілін, композициясын тағы да басқа жақтарын қарастыратынын айта келіп, Ə.Байтанаев:

«М.Əуезовтің шығармаларындағы пейзаж оның стильдік ерекшеліктерінің бірі» екенін айтады [3; 166]. Бір ерекшелігі, жазушы табиғат суреттері, пейзаж арқылы кейіпкер психологиясына жан- жақты талдау жасайды.

Қарап отырсақ, жазушы өз кейіпкерлерінің ішкі жан арпалысын, психологиясын терең ашып көрсетуде үлкен жетістікке жеткен. Əңгімеде бүкіл табиғат тылсымы терең мағына, астарлы сырмен бейнеленеді. Өмірді реалистік шыншыл күйінде бастап, оны табиғатпен ұштастыра адамның рухани ішкі дүниесімен байланыстырады. Табиғаттың жұмбақ құбылыстары мен кейіпкер тағдырларының ашылуы шеберлікке байланысып жатыр. Осындай кезде неше алуан суреттер, мүсін, портреттер жасаумен шектелмей, психологиялық түйіндер жасауға дейін көтеріледі. Жазушы өз шығармасында психологиялық параллелизмнің теңдесі жоқ ерекше үлгісін көрсеткен. Ол табиғаттың əрбір бөлшегін өз кейіпкерлерінің образына тікелей қатыстырып отырады. Пейзаждық көріністер қоңырқай тартқан суреттермен немесе жан шошытарлық ызғарлы ұсқынмен əсерлі беріледі. Пейзаждың кейіпкер тұлғасын жасаудағы философиялы мəнін жазушы еш уақытта есінен шығармай, əрі кейіпкерлердің психологиясымен тығыз байланыста алып отырады.

Əуезов өз туындылары арқылы пейзаждың көркем шығармадағы қызметiн анықтап бердi. Оның шығармаларындағы табиғат суреттерi сюжеттiк оқиғаның уақытын, өлшемiн, композициялық тұрғыдағы көркемдік жолмен кеңiстiк тұтастығын, шығарманың идеялық-мазмұндылық астарларына қатысты образдылығын айқындайды.

Бұл туралы А.Нұрқатов: «М.Əуезов табиғат суретiн беруде де өзiн үлкен суретшi ретiнде көрсетедi. Оның шығармаларынан қазақ кеңес əдебиетiндегi пейзаждың классикалық үлгілерi болып табылатын тамаша табиғат суреттерiн кездестiремiз. М.Əуезовтің қолдануында пейзаж оқиғаның болған орны мен мерзiмiн дəл көрсетiп қана қоймайды, сонымен бiрге ол əрқашан адамдардың характерлерінің типтiк сипаттары мен олардың өзара қатынастарын мейлiнше мол ашуға қызмет етедi. Табиғат суретiн беру М.Əуезов үшін дара мақсат емес, ол пейзажды өзінің авторлық идеясына сəйкестендiрiп, үнемі құбылтып, құлпырта отырып, қолданады. Жазушы табиғат суреттерiн көбiне геройлардың ой-сезiмдерi, солардың түсінулерi арқылы бередi.

Əуезовтың қолдануында пейзаж кейде болғалы тұрған оқиғаға ая ретiнде алынады да, оқушыны соны терең түсінуiне алдын ала дайындай түседi», — дейдi [10].

Яғни, мұндай туындылардағы пейзаж адамды, оның жанындағы сезiмнiң жықпылдары мен қат- қабат қалтарыстарын, шуағы мен ызғарын, ондағы қарама-қайшылықтарды оқырманға дəл де нақты жеткізуге көмектесе отырып, шығармаға сыршылдық сипат береді. Шығармадағы табиғи символдар сонымен бірге жазушының позициясын анықтайтын нышандар да болып табылады.

Олай болса, кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп, жан құбылыстарын бейнелеу, табиғат құбылыстарын, көріністерін адам көңіліне сəйкес нəзік лиризммен суреттеу лирикалық прозаның басты ерекшелігі болып табылары сөзсіз.

Əдебиеттер тізімі

  1. Белинский В.Г. Полное собрание сочинений. — Т. 5. — М.: Изд-во АН СССР,

  2. Шкловский В. Художественная проза. — М.: Изд-во АН СССР,

  3. Байтанаев Ə. Шын шеберлік. — Алматы: Жазушы,

  4. Əшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. — Алматы: Жазушы,

  5. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы. — Алматы: Мектеп,

  6. Əуезов М. Қорғансыздың күні. — Алматы: Атамұра,

  7. Уақыт жəне əдебиет. — Алматы: Қазмемкөркемəдеббас., 1962.

  8. Ахметов З. Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания. — Алматы: Наука,

  9. Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: Қазақ ун-ті, 1992. — 92-б.

  10. Нұрқатов А. Жалғасқан дəстүр. — Алматы: Жазушы, 1980.

Филология. Реферат. Атаулы сөйлемдердің белгілері мен түрлері
Ашық сабақ. 6 сынып. Математика. Ұқсас қосылғыштар. Ұқсас қосылғыштарды біріктіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу