Филология. Реферат. Қазақ əйелі бейнесінің эволюциясы

Oinet.kz 12-09-2020 787

 Бүгінгі таңда əйелдің қоғамдағы орны, ой-таным шеңбері ұлғайып отырған шақта əйел тақырыбы қуатты арна ретінде осы ғасырдың аяғына таман жан-жақты танылып отыр. Қазақ əдебиеті тарихындағы əйелдер бейнесінің эволюциясы ерекше көрініс берген. Қазақ əдебиетінің қайнар көзі ауыз əдебиеті екенін ескерсек, «мінсіз ару», «ғажайып əйел», «адал жар» үлгісін жасау дəстүрі əсіресе əр алуан ғашықтық қисалардан, эпостық жырлардан жəне аңыз-ертегілерден айқын көрінеді. Мəселен, «Ай астындағы Айбарша», «Күн астындағы Күнекей», «Айдай сұлу Айсұлу» ертегілерінде болмасын, «Жүсіп–Зылиха», «Мұхаббатнаме», «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларында болмасын, сүйгеніне деген адалдық, үміт отын өшірмей, жарын ұзақ жылдар бойы күткен арулардың əсіресе сырт келбеті айрықша əсемдігімен ерекшеленеді.

Күн секілді күллі əлемнің шырағы,

Нұрлы жүзің — жұмақтың бір гүл бағы.

Оймақ ауыз ашылса — шекер шашылар,

Соны көріп жайқалып — гүлдер ашылар.

Жалпы əйел баласын табиғат ерекше жаратады. Сұлулық пен көркемдікті тек əйелге ғана үйіп- төгіп береді. Қай халықта болмасын, сөздің төресі өлең, сазгерлік шығарма көбіне əйелге, сол бір ерекше жандарға арналады. Əйелдің сұлулығын жырлау барлық халықта бар.

«Азамат тарихында небір адамдардың сол бір ерекше жаратылған жандарды сүймей, ғашық болмай жəне оларға сөздің ең жақсысын арнамай кеткендері жоқ.

Сондай-ақ Ш.Уəлиханов та осынау табиғат барлық сұлулықты үйіп-төгіп берген жандарға өзінің бай əрі өткір тілімен əсем сөздерді арнапты. Мысалы, прекрасный пол, разрушительницы городов, нежное существо, безыскусственные дети природы, разрушительница сердец, сердца похититель- ница, ночная красавица, женщина-красавица, похитительницы сердец деп əйелдерді суреттеуге ке- ремет сөздерді пайдаланса, оған деген құмарлықты весенняя мысль деп жазады жəне суреттейді.

Біздің бұл жерде айтпағымыз, Шоқан да басқа ұлы адамдар сияқты табиғат сұлулығының ал- дында басын иген. Сол бір ерекше жаратылған жандарды суреттеуде қазақ ғалымы талай жаңа қанатты сөздерді тапқан» [1, 55].

Əже жайлы өлең жазып, прозаға қосу, еңбегіне арқау ету тек осы ХХ ғасырда қолға алынды. Өйткені мұндаға дейін əженің қоғамдағы орны ерекше болғанмен, оған көңіл бөлушілер аз болған. Бірінен соң бірі жалғасқан тарихи өзгерістер əдебиет өкілдерін тарихи əлеуметтік жағдайдан өзгеге бет қаратпады. Халық басындағы ауыр жағдай, отарлау процесі, жер мəселесі, əйел теңсіздігі, жаңа заман жаңалығы секілді мəселелер осы кезге дейінгі əдебиетшілердің тақырыбына айналды. Ал проза ХХ ғасырдан бастап кең қанат жайғаны баршаға мəлім. Осы заманан бастап ұлы адамдарға əжесінің əсері айқындала түсті. Əженің қоғамға əсері ашылды. М.Əуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып, былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық (халыққа) сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген» [2, 217].

Қазақ əдебиетінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі — Шоқан деп тапсақ, оның рухын жетілдіруге бар ынтасын берген əжесі Айғаным жайлы мəліметтер баршылық.

«Орта жүз жеріндегі саяси құбылыстар ХІХ ғасырдың 20-жылдары Уəлиханның жесірі Айғаным əженің (1783–1853) араласуымен біраз белең алып дамыды. 9 баланың анасы, 38 жасында жесір қалған Айғаным ананың ұлағатты ісін академик Ə.Марғұлан жəне басқа зерттеушілер көрнекті бейнеде көрсете білді» [1; 15–18].

«Шоқанның əжесі, яки Айғаным, үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты əйел болған. Əрі жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани əлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі — Айғаным. Ə.Марғұлан Айғаным Шоқан үшін: «... Халық даналығының сарқылмас бұлағы болған», — деуі сондықтан, — «Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тəлім-тəрбие мен туып-өскен ортасының да игі əсері тиген» [3,14].

«Айғаным өмірі мен саяси қызметі өткен дəуіріміздің тарихында ерекше аталады.

Айғаным Орта жүз жерінде орыс халқымен, соның ішінде алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясымен қазақ халқы арасында достық қатынастың алғашқы негізін мықтап қалаушы тарихи тұлға. Бұл игілікті істі оның балалары жалғастырады.

Шоқанды, яғни болашақ ұлы ғалымды, тəрбиелеуге ең алдымен əжесі мен оның əкесі Шыңғыстың қамқорлығы ерекше.

Оның үстіне Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып, халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар, билер, сөзуар шешендер, көсемсөз майталмандары, күміс көмей, жез таңдай əншілер, ғалымдар, алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше əсер етті» [2, 15–18].

Осы жерде айта кетерлік бір жай — С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы сəйкессіздік. Романда Айғаным туралы сөз айтпастан Шоқанның бітім-болмысын береді. Еңбектегі мына үзінді тіптен миға сыйымсыз. «Сырымбетке неге баруын сұрауға өзінің батылы жетпеген Əбіле Қарамұрын арқылы сұратқанда:

  • Əжемнің басына! — депті Шоқан.

  • Əжесі — Айғаным ғой, — деген Əбіле інісіне, — көзін көрген адам емес, неге барады оған?

Аят оқуға ма! Естуім, осы бала, ислам дінін жек көреді дейді» [4].

Шоқанның 1835–1865 жылдар арлығында өмір сүргені бəрімізге мəлім, əжесі 1853 жылы дүниеден өткен. Қалайша ол əжесінің көзін көрмеген?

Айғаным туралы толық мағлұматты Ш.Уəлихановтың таңдамалы жинағынан ала аламыз. Онда былай делінген: «Ш.Уəлихановтың əжесі Айғаным (1783–1853) парасатты, терең ойлы əрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған əйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мəдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментімен жəне Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Жергілікті халықтың арасында Айғаным өте беделді кісі болған. Архив мəліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Устав қабылданғаннан кейін Солтүстік Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бірде-бірі Айғанымсыз өтпейді.

Айғаным қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатын көздейді. Солтүстік Қазақстанда геодезиялық зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген орыс ғалымдары мен инженерлеріне ол үлкен көмек көрсетіп отырады.

«Уəлиханның орысқа бағынуын, — деп жазған Н.П.Семенов-Тянь-Шанский, — өзге туыстары, Уəлиханның бəйбішесінен туған балалары мен інілері мойындағысы келмегенде, тек Шоқанның əжесі, Уəлиханның жесірі Айғаным ғана өзінің балаларымен бірге Россияға айнымас адал досы болып қалды. Александр I Уəлиханның қырғыз сахарасында оған үй салдыруға əмір еткен. Ш.Уəлиханов сол үйде туған».

Айғаным Сырымбеттегі атамекенінде қайтыс болған. Ш.Уəлихановтың архивіндегі өз қолымен жазған естелігінде былай делінген: «1853 жылы 19 ноябрьде, бейсенбі күні, екінді намаз кезінде қырғыз-қайсақ орта жүзінің ханы марқұм Уəлидің жесірі, Сарғалдақ қызы Айғаным 70 жасында дүние салды. Тоғыз ұл тапқан, оның екеуі жиырма жасында дүние салды.

Айғаным орысша оқып, білім алудың маңызын терең түсінген. 1827 жылы ол өзінің баласы Шыңғысты Шоқанның əкесін Сібірдің линиялық казактарының əскери училищесіне оқуға түсіреді.

Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне əжесі Айғаным үлкен əсер еткен. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға əжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп əңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Халықтың озық дəстүрлері мен салтын бойына сіңірген əжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есіне сақтайды» [5].

Айғаным жайлы тағы бір дерекке сүйенсек, Абылайдың ұрпағы Уəлиханның төртінші тоқалы болған деседі. «Уəлихан əкесімен бірге Бурабайда тұрады, үш қатыны бар. Хандық жұмысымен Сырымбет ауылына жиі барады. Бір сапарында Сарғалдақ бидің немересі, Қожахметтің қызы, 15 жастағы Айғанымға көзі түседі. «Қызыңды төртінші тоқалдыққа бер», — дейді. Айғаным орысша да, шағатайша да, парсыша да білетін, керемет шешен қыз екен. Уəлиханға: «Егерде менің шаңырағымды Бурабайға емес, Сырымбетке құрсаңыз, барайын», — дейді. Сырымбетте Уəлиханның қалып қойған себебі сол.

Айғаным тоғыз бала тапқан, соның жетеуі тірі қалған. Үлкені — Шыңғыс, Шыңғыстан туған Шоқан. Танысқанда Уəлихан 54-те, ал Айғаным 15-тегі қыз. Уəлихан 83 жасында қайтыс болған. Күйеуі өлгенде Айғаным жас келіншек. Сол кезде Омбыға Александр I патша келеді. Омбының генерал-губернаторы Сотников Айғанымға хат жазып, қазақтың салтын көрсетуді сұрайды. Патша Сырымбетке арнайы келіп, жап-жас əдемі əйелді көреді. Уəлихан өлді, Ғұбайдолла хан болуға тиіс. Уəлиханның бірінші баласы — Ғұбайдолла. Сол жолы Ғұбайдолланы тұтқындап, Айғанымды хан сайлайды. Айғанымға жылына 400 рубль жалақы тағайындайды. Сол кезде қойдың бағасы 5–6 тиын, жылқы 70–80 тиын. Осылайша, Айғаным бір жарым жыл хан болып отырады» [6].

«Айғаным мекенжайының жұрты қазіргі Көкшетау облысы Володарский ауданы Сырымбет совхозына таяқ тастам жерде. Мекенжай орнында тұрып қараған кісіге қос өрнекті Сырымбет Шоқысы асқақтап көрінеді.

Мекенжайдың салыну тарихы Шоқанның əжесі Айғанымның қоғамдық-саяси қайраткерлік істерімен тікелей байланысты. Ел жадында «Сперанский ережесі» деген атпен сақталып қалған 1822 жылғы «Сібір қазақтары жөніндегі ереже» күшіне енгеннен кейін, атасы Абылай мен күйеуі Уəли бастаған Россиямен тығыз қарым-қатынас саясатын дамыта, ұлғайта түскен ханша Айғаным Солтүстік Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бəріне бел шешіп, белсене араласып, іс-көзін білетін зеректік, алғырлығымен халық арасында үлкен беделге ие болған. Айғаным қазақ елінің Россияға өз еркімен қосылуының прогрестік мəн-мағынасын дер кезінде жіті түсініп, патша өкіметі алдына жергілікті халықты оқу-білім, отырықшылыққа тарту жəне қазақтардың өзін-өзі басқаруы керектігін анық мəселе ретінде көтерген. Оның оқу-білім алуға аса маңыз бергендігі Сырымбетте қазақ мектебін ашып, өз ұлы Шыңғысты Сібір казактарының əскери училищесіне оқуға беруінен байқалса, алдыңғы қатарлы орыс мəдениетіне барынша ынталы болғандығы Батыс Сібір генерал-губернаторы лейтенант Капцевичке отырықшылыққа ойысу мақсатымен Сырымбет төңірегінен жер беріліп, сол жерге өзіне арналған кең, зəулім үйі, моншасы, мектебі мен мешіті бар мұнтаздай қора-қопсылы, күнделікті тұрмысқа ыңғайлы əрі тартымды мекенжай салдырып беруін сұранып, 1822 жылдың ноябрь айында өтініш білдіруінен көрінеді. Айғанымның нақты тілектер қойып жазған бұл өтінішінің толығымен жүзеге асқандығын П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің «Тянь-Шаньға саяхат» атты мемуары 2- томының 54-бетіндегі: «Александр І Уəли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, қырғыз даласындағы 1-үйді салдырып беруге əмір еткен, əрі Шоқан Уəлиханов сонда туған» деген жолдарынан аңғарылады.

Шыңғыстың Сырымбеттегі мекенжайында орақ ауыз, от тілді ақын-жыраулар таңды таңға ұрып, алтын саусақ, бал таңдай əнші-күшілер мəжіліс соңын өнер сайысына айналдырып, аңызшы- ертегішілер жиын-тобырды мəре-сəре етіп, апталап, айлап жатып өз өнерін ортаға салған. Мұның бəрі енді қалыптасып, қанаттанып келе жатқан жас ғұламаға игі əсерін тигізіп отырған.

Алты жасында Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұлдан «Едіге» жырын тыңдаған Шоқан «Ер Қосай» мен «Ер Көкшені» Атығай Арыстанбай Тобылбайұлынан естіген. Қаракесек Жанақ Сағындықұлынан ел шежіресі мен ауыз əдебиетінің үлгілеріне құлағы қанық болған. Шоқан нұралық Шөже Қаржаубайұлынан «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу» жырының ең ұзақ нұсқасын жазып алған. Көкесі Хақназардан күй атасы Қорқыттың ботадай боздаған сарынын сан рет тыңдаған. Күй сарынынан ажалмен арпалысты бажалайлап, өлімді өнермен, надандықты іліммен жеңуге болар деп түйсінген. Өз құралпыластарынан Ақанның мұңшыл да сыршыл, Біржанның шабытты да шалқар, Жаяудың ащы да асқақ əндерін тыңдаған» [3, 25–26].

Шоқанның анасы — Зейнептің əйгілі Мұса Шорманның қызы екені О.А.Сегізбаевтің «Мировоззрение Чокана Валиханова» атты еңбегінде айтылған. «Мать Чокана — Зейнеп была дочерью видного казахского бия Баян-Аульского округа Чермана. Ее родной брат Муса Черманов, дядя Чокана, который находится с ним в тесных связах, был образованным казахом».

Көнеден жаңаға бет алған əжелер образы қазақ халқының салт-дəстүрімен, тəлім-тəрбиесімен тығыз байланысты. Болашақ ұрпақты тəрбиелеуде əженің маңызы зор. Бесікке салу, бесік жырын салу, шілдехана секілді салт-дəстүрге əже тікелей қатысты. ХVІ–ХVІІІ ғасырларда батыр бабаларымызбен бірге батыр əжелеріміз өзінің жерін қорғаған. Сол заманның өзінде-ақ қоғамдағы əжелер орны айқындалғанын байқаймыз. Бірақ Тəуелсіздігіміз тəу еткен мына заманда ертеде аялы алақанымен бүкіл елінің болашағын бір бесікпен тербеген əжелеріміздің қоғамдық орнының болмай қалғандығы қынжылтады. Айғанымдай бүкіл елінің қамын ойлаған əжелеріміз бүгінде отбасылық жағдайдан алыстамай отыр. 70 жыл ерлер мен əйелдерді тең етеміз деген саясаттың бізге берген олжасы да осы шығар.

Əдебиеттер тізімі

  1. Өтенияз С. Шоқан. — Алматы: Ғылым,1995.

  2. Мырзахметұлы М. Айналған аты аңызға Момышұлы. — Тараз,

  3. Мұқтарұлы С. Шоқан жəне өнер. — Алматы: Өнер,

  4. Мұқанов С. Таңдамалылар. — 8-т. — Алматы, 1976. — 78-б.

  5. Уəлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жазушы, 1980. — 8, 9-б.

  6. Сəрсембина Б. Абылай алаңы аукционға түсті // Жас Алаш. — № 66. — 2006. — 17 тамыз.

Филология. Реферат. Мағжан поэзиясындағы символизм
Филология. Реферат. Хандық дəуір əдебиетіндегі жырау тұлғасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу