Филология. Реферат. Стильдік тез жəне оның түрлері

Oinet.kz 12-09-2020 885

«Сөз – тіл ғимаратын қалайтын негізгі кірпіш» /1.10/. Жазушы өзі тұрғызатын ғимараттың сəнді, берік, биік болуы үшін көркем шығарманың ең бірінші құралы – сөзді таңдап, дұрыс, орынды, шебер қолданып қиюластыра білуі керек. Яғни ол өз шығармасының жанрына сай, қозғаған тақырыбын аша алатын, суреттелетін уақыт пен оқиға кезеңін таныта алатын тілдік материалдарды стильдікшеберлік жағынан тұтастықта жұмсай алуы. Осылайша жазушы өз қаламынан туған туындысын белгілі бір қалыпқа түсіреді жəне жөнге келтіреді. Мұны ғылым тілінде стильдік тез немесе стильдік тезге түсіру деп атайды.

«Стильдік тез» терминін поляк əдебиеттанушысы С.Скварчинсканың көрсетуі бойынша еуропа тілдерінде пайда болып, əр кезеңде түрліше жанданып отырған. Ол бұл сөзді итальян гумманистері ойлап тауып, кейіннен итальян тілінен өзге тілдерге ауысты деген болжам жасайды» /2.164/.

«Лингвистикалық терминдер сөздігінде» стильдік тез былайша дəйектелген: «Белгілі бір дəуірдің, əлеуметтік ортаның сөйлеу стиліне, шығарманың баяндалу мəнеріне қарай, жекелеген авторлар өздеріне тəн шеберліктерін қолданып, шынайылықты тудыру мақсатында қолданылатын тəсіл» /3.425/.

Стильдік тезге түсірудің амал-тəсілдері, жолдары, түрлері лингвистикада да, əдебиетттануда да қарастырылады. Əдебиет зерттеушісі көркем шығарма стилін зерттегенде жазушының шығарма жазу барысындағы бейнелеу шеберлігіне, суреткерлік қабілетіне назар аударса, тілші жазушының сөзге қандай стильдік жүк артқанына, баяндауындағы тілдік ерекшеліктеріне көңіл бөледі. Бірақ екеуінің де мақсаттарының тоғысатын тұсы бар. «Əдебиетшілер болсын, тілшілер болсын көркем шығарма тілін сөз еткенде, екеуінің де негізгі объектісі – көркем шығарма. Өйткені əдеби шығарманың негізгі құралы тіл» /4.36/.

Стильдік тезге түсіру туралы орыс тіл білімін де В.В. Виноградов, В.Винокур, В.Ю. Троицкий, А.И. Ефимов, А.В. Алпатов, Г.Г. Полищук т.б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Олардың стильдік тез жайындағы пікірлері төмендегі анықтамаға тоғысады.

«Стильдік тез – көркем, сирек жағдайда публицистикалық мəтінді ұйымдастырудың негізгі ұстанымдарына сəйкес полемикалық мақсатта əдейілеп құру, белгілі əдеби бағытқа, қандай да бір жанрға, ресми құжатқа, белгілі бір жазушының жеке мəнеріне, еліктеудің негізгі насаны ретінде алынған тарихи дəуірдің, белгілі бір əлеуметтік топтың, ортаның тұрмыстық тілін, олардың ең көрнекті немесе соларға тəн белгілерді көрсетуде тілдік материалдарды соған сай пайдалану» /5.538/.

А.И. Ефимов «Стилистика художественной речи» атты еңбегінде көркем тіл стилистикасының теориялық негіздерінің алдында тұрған он бір түрлі міндетін көрсетеді. Олардың қатарына стильдік тездің ұстанымдары мен амалдарын анықтауды да қосады. «Стильдік тез – бұл жазушының белгілі бір тұлғаға тəн баяндау мəнерін көрсетуі, автордың белгілі бір əлеуметтік орта мен дəуір адамдарын танытатын стилистикалық жүйесіне көшуі. Стильдік тез əр түрлі тілдік жүйелердің өзіндік көшірмесі бола отырып, белгілі бір əлеуметтік орта өкілдерінің жақсы көретін бейнелі сөздері мен дүниетанымы арқылы өткізердей қылып, авторды осы еліктей баяндауды жүргізуге мəжбүр етеді. Стильдік тездің мақсаттары сияқты, оны іске асырудың амалдары мен жолдары да сан алуан. Осыған байланысты оның төмендегідей түрлерін анықтауға болады:

  1. Тарихи стильдік тез бұл – көркем шығармада өткен кезеңнің күнделікті тұрмыста қолданылған жəне қоғам мен тіл дамуындағы əр түрлі тарихи дəуірлерге тəн сөйлеу құралдары мен олардың қолданылу амалдарының келтірілуі.

  2. Жанрлық стильдік тездің көмегімен автор өзіне ұнайтын сөз өнеріндегі əрбір жанрдың (аңыз, мысал, повесть, ертегі жəне т.б.) амалдары мен тəсілдеріне сүйене алады.

  3. Əр түрлі əлеуметтік-тілдік стильдердің стильдік тезі, əр түрлі əлеуметтік топтарға жататын адамдардың тілдік ерекшеліктерін көрсетуді мақсат етеді /6.95/.

Орыс əдебиетіндегі қаламгерлердің cтильдік тезге жүгінуінің себептерін, əр кезеңде таралу жəне қолдану ауқымына шолу жасаған В.Ю. Троицкий «стильдік тез – образдың жекелігі мен типтенуіндегі көркемдік амал ретінде, жағдайды, баяндау сипатын (мысалы, құжаттар стильдік тезі, эпистолярлық стильдік тез) жасаудың құралы ретінде, сатиралық бейнелеудің, пародияның жəне т.б. тəсілі ретінде көрінеді» /2.177/.

Ғалым осы тұжырымын негізге ала отырып, стильдік тезді көркемдік құрал ретінде қарастырып отырған əдебиетші үшін А.И. Ефимовтың стильдік тез түрлерін жоғарыдай жіктеуі жеткіліксіз деген қорытындыға келеді. «Əдебиеттің əрбір шығармасында тілдік ерекшеліктер көркемдік амал ретінде əр түрлі мақсаттарға қызмет етеді. Сондықтан стильдік тездің рөлін оның көркем шығармадағы алар орны бойынша анықтаған дұрыс. Стильдік тездің рөлі стильдік тездің қайда қолданылғанымен анықталмайды, себебі стильдік тезді баяндаудың сипатын жасаудың құралы ретінде пайдаланып, бір жағдайда автор тарихи дəуірдің белгілі бір ауқымды оқиғаларын баяндай отырып, соған сəйкесінше жағдай туғызуға тырысады жəне дəл осы тарихи туындыда стильдік тез қаһарманның мінезін даралау құралы, яғни жекелеу мен типтендірудің жəне т.б. амалы ретінде қолданылуы мүмкін. Стильдік тез – əдебиеттегі көркем бейнелеудің айқын құралы»,-деген қорытындыға келеді /2.177/.

Стильдік тезге əр дəуірде əр түрлі көзқарастар болғанын байқаймыз. Белгілі бір жағдайда шектескенмен, стильдік тезді – еліктеу, эпигонство, пародия, дəстүр, əсер ету түсініктерімен шатастыруға болмайды. Стильдік тезге өз айтары, қолтаңбасы жоқ жазушылар ғана барады, олар нағыз сөз зергелерінің ұзақ жəне мұқият бақылауының негізінде дүниеге келген туындылардың көшірмесін жасаушылар деп бағалаған. Стильдік тездің оң тұсы – əрбір дəуір өз кезеңінің тілімен сөйлегенде түсінікті бола түседі, керісінше – стильдік тез өз дəуірінің танымымен ғана шектеліп, нағыз көркем дүниеге айналуға кері əсерін тигізеді деген тұжырымдар да орын алған. Стильдік тезді жай ғана еліктеу, көшіру, жасандылық деп те қабылдаған да кездер болған.

«Қазіргі уақытта стильдік тез туралы түсініктің ауқымы кеңи түсті, оны стильдегі саналы түрде еліктеу деп емес, қандай да бір дəуірді оған тəн дəлдікпен жəне нақтылықпен көркем түрде жеткізу деп қабылданады. Мұқият бақылау мен есепті еліктеуге негізделген эстетикалық иллюзия тудырудың ерекше амалы. Бұл жағдайда тек өзіне ғана тəн сөйлеу мəнерімен, ой түзілімдерімен, сөздермен ерекшеленетін сол дəуірдің стилі үлгі болады. Міне бұл көркем стильдік тездің нормасы, яғни уақыттың жекелеген ерекшеліктерін сезіну. Сондықтан стильдік тез жеке бір жазушымен шектелмейді, керісінше оның мектебіне немесе оның дəуіріне де ортақ болып саналатын ерекшеліктерге сүйенеді» /7/.

Стильдік тезге түсірудің түрлері мен жолдары туралы сөз қозғамай тұрып, ең алдымен осы терминнің қазақ филологиясындағы қалыптасу, қазақшалану тарихына тоқталсақ.

Стильдік тез орыс тіліндегі «стилизация» терминінің қазақшалануы. «Стилизацияны» стильдеу, стильдік еліктеу деп те аударып жүр. «Стилизация» деген терминді стильдік тез деп қазақшалауды ғалым Рəбиға Сыздықова ұсынады. ҚТТС-те тез сөзінің екі мағынасы берілген:

«1. зат. Киіз үй сүйегін: уық, кереге т.б. жасайтын ағаштарды морлағаннан кейін түзейтін, иетін құрал. 2. Ауыс. Түзу жолға салатын, қателік, кемшілікті түзейтін өмір талқысы» /3.Т.9.560/.

Шынында жазушы шығармасын белгілі бір жанрға, қозғалатын тақырыпқа сай жөнге келтіреді, түзу жолға салады. Міне осылайша, қазақшаланған «стилизация» термині стильдік тез («дəлірек айтсақ, «белгілі бір стиль тезіне түсіру» деген дұрысырақ») /1.98/ түрінде ғылыми айналымға түсіп кетті.

Ғалым Р. Сыздықова: «Стиль тезі дегеніміз – көркем шығарманың тілдік материалдарын белігілі бір əлеуметтік ортаға немесе белгілі бір тарихи кезеңге, əдебиеттің белгілі бір бағытына, жанрына т.б. қарай үйлестіріп, таңдап қолдану», деген ғылыми анықтама береді /1.98/.

Көркем шығарманы өз зерттеулерінің нысанына айналдырған əдебиетші ғалымдар да стиль тезіне түсіруді өз назарларынан тыс қалдыра алмайды. Əдебиеттану терминдер сөздігінде «стилизация» стильдік еліктеу деп аударылып, төмендегідей анықтама берілген: «Стильдік еліктеу (французша – stilisation, орысша стилизация) – жазушының өз шығармасында фольклорлық туындыларға немесе қандай да бір басқа əдеби нұсқаларға тəн стиль өзгешеліктерін, яғни əбден қалыптасқан сөз қолдану, баяндау, бейнелеу тəсілдерін сақтай отырып, олардың негізгі сипат-белгілерін айнытпай дəл келтіру. Стильдік еліктеудің мəні – ол көркем шығармада жалпы халықтық тілдің сан-алуан байлығына əдебиет тілінің, ауызекі сөйлеу тілінің сан қилы қасиетсипаттарын əр қырынан алып, əр түрлі үлгіге салып, еркін қолдана білетін жазушылық шеберліктен туады» / 8.306/.

Қазақ тіл біліміндегі стилистика саласының зерттеушісі М.Серғалиев «стилизация» терминін стильдеу деп аударған. «Стильдеу – тілдік материалдарды ұйымдастырудың негізгі принциптері мен көзге айқын көрініп тұратын сыртқы тілдік белгілерге сəйкес көркемдік баяндауды саналы түрде құру. Сыртқы тілдік белгілер əлеуметтік ортаға, тарихи кезеңге, əдеби бағытқа, мектепке, жанрға, ресми құжаттарға, əлдебір жазушының жеке сөз саптау ерекшелігіне тəн болып келеді. Стильдеу сан алуан идеялық-эстетикалық мақсаттарда: тарихи баяндау үшін, өткен кездердегі əлеуметтік топтың бейнесін қалыптастыру үшін, сатиралық немесе юморлық ыңғайда жұмсалуы мүмкін» /9.371/.

Қазақ филологиясында стильдік тез туралы тұжырымдар осындай анықтамалар көлемімен ғана шектеледі.

Стиль тезі туралы қазақ тіл білімі мен орыс тіл біліміндегі теориялық еңбектерге шолу жасай келе, ондағы берілген анықтамалардың басын біріктіріп, стильдік тезге түсірудің төмендегідей жолдарын анықтаймыз:

  • əдебиеттің белгілі бір жанрына, бағытына сай баяндау жүргізгенде;

  • белгілі бір əлеуметтік ортаның сөйлеу мəнерін келтіргенде;

  • жекелеген авторлардың сөйлеу, жазу даралығына еліктегенде;

  • тарихи дəуір келбетін беруде жəне т.б.

Осы талаптарды ұстанғанда алдыға қойған мақсатқа, яғни шынайылыққа, нақтылыққа қол жеткізу үшін тілдегі бірліктер мен амал-тəсілдерді орайластырып, ұтымды қолдана білу керек.

Енді біздің зерттеу жұмысымыздың негізіне алынып отырған тарихи стильдік тезге түсіру туралы пікірлерге тоқталайық.

Тарихи стильдік тез тарихи тақырыпта жазылған шығармаларда жақсы көрініс тапқан. Орыс тіл біліміндегі тарихи стиль тезі жөніндегі пікірлер А.С. Пушкиннің «Петр біріншінің Арабы», Н.В. Гогольдің «Тарас Бульба», Л.Н. Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік», А. Чапыгиннің «Разин Степан» жəне т.б. жазушылар мен ақындардың тарихи тақырыпты арқау еткен туындыларын талдау барысында айтылған.

«Тарихи роман жаралғаннан бергі оның алдындағы негізгі міндет – суреттеліп отырған дəуірдің тарихи жəне жергілікті айқын көрінісін, белгілерін беру. Оны əдетте киім-кешек, қару-жарақ, үй мүлкі мен жиһаздары жəне т.б. тұрмыстық өмір белгілерін, ерекшеліктерін танытатын белгілі бір реалийлерді енгізу арқылы шешіліп келді. Сонымен қатар жазушы мəдениеттің тіл сияқты қырын тастап кете алмайды. Тарихи романдағы тіл белгілі бір дəрежеде алса, ал оқырман тарихи шығарманы қолына алып, өткенге саяхат жасауға дайындалғандай.

Байқағанымыздай тарихи стиль тезіне түсірудің деңгейі, дəрежесі əрбір қалам иесінің шеберлігіне, даралығына, дарындылығына байланысты. Оқырманына көркемдік əлемін аралатып қана қоймай, шыңырау құдықтан су тартқан адамдай, халық тарихын өз қаламдарының күшімен көркемдеп ұсынуды мұрат тұтқан жазушылар алында үлкен міндет тұр. Осы міндетті жоғары дəрежеде орындаған қалам иесінің туындысы əдебиет тарапынан да, тілдік тұрғыдан да жоғары бағаланбақ.

суреттеліп отырған дəуірден бөліп тұрған уақыттың қашықтығын сездіруге мүмкіндік береді. Тарихи туынды авторы, əсіресе реалист-автор дəуірдің сөйлеу құрылымының ерекшеліктерін қаһармандардың диалогтары арқылы ғана емес, жалпы баяндау стилі арқылы да танытуға тырысады. Өткенді жаңғыртудың бір үлгісі ретінде стильдік тез əр түрлі қаламгерде əр түрлі сипатқа ие. Ең алдымен ол қарқынды, қою немесе салыстырмалы түрде алғанда ұстамды жəне орынды болуы мүмкін» /10.16/.

Тарихи тақырыпты арқау еткен шығарманы жазу ғана емес, оны оқып шығу да белгілі бір дəрежеде дайындықты қажет ететінін білеміз. Бір қызық тұсы тарихи роман жазып отырған қаламгер мен тарихи туындыны оқып отырған оқырман арасында жазылмаған қағида бардай. Оқырманды өзі суреттеген кезеңнің «қонағы етуді» жазушы өзіне міндет етіп

 Әдебиеттер:

  1. Сыздық Р. Сөз құдіреті – Алматы: Санат, 1997. – 224 бет.

  2. Троицкий В.Ю. Стилизация//Слово и образ. Сборник статьей. Сост. В.В. Кожевникова – М.: Просвещение, 1964. С.164194.

  3. Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Справочник лингвистических терминов. М.: Просвещение, 1972

  4. Балақаев М.Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы: Мектеп, 1974

  5. Руский язык: Энциклопедия. Москва: Просвещение, 2003.

  6. Ефимов А.И. Стилистика художественной речи.Москва: МГУ, 1961.-508 стр.

  7. http//feb-web.ru

  8. Əдебиеттану. Терминдер сөздігі – Алматы: Ана тілі, 1998.-384 бет.

  9. Қазақ тілі. Энциклопедия.Алматы, 1998. – 509 бет

  10. Алпатов А.В. //Русская речь №4, 1970.

Ашық сабақ. 4 сынып. Еңбекөор отбасы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Абай Құнанбайұлы өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу