Т. Әбдіков шығармашылығындағы кейіпкер болмысы және авторлық концепция

Oinet.kz 09-09-2020 1345

Мақалада жазушы Төлен Әбдіковтың шығармашылығына кішігі­ рім шолу жасалып, оның шығармашылығындағы кейіпкерлер болмы­ сы авторлық тұжырымдама мәселесі сөз болады. Жазушының қазақ әдебиетіне әкелген соны лебі, мистика, фантастикалық жанрдағы шығармаларының бас кейіпкерлерінің ішкі түйсігі, әрекеттері мен сөздері автордың өзімен тікелей байланыста салыстыра отырып тал­ данған. Әбдіков шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдардың ең­ бектеріне сүйене отырып, өзіндік көзқарастарын ұсынады. Зерттеу мақаласында Төлен Әбдіков замандастарының шығармаларына тақы­ рыптық бөлініс жасалған. Осы арқылы автор, өз зерттеуінің маңыз­ дылығын, ауқымдылығын байқата түскен. Қазақ прозасында өзіндік орны бар жазушының авторлық тұжырымдамасы мақалада талда­ нып, оның заманға, адамдарға деген пікірі, көзқарасы айқындалған. Автор жазушының өзіндік стилін, өзіндік ерекшелігін нақты мысал арқылы көрсетіп, жазушы шығармашылығының алдында өзіндік па­ рызын өтеуге тырысқан.

Екі ғасырдың куәгері болған жазушының шығармашылық жолы да күрделі болары сөзсіз. Жазушының кейіпкерлері мен олардың болмысы, заман келбеті қалай көтеріледі, бұл әр автордың өзіндік ізденісі. Автордың болмысы.

Осы төңіректе Т. Әбдікұлының қоғамның дертіне айналған ділгір мәселені көтерген келесі бір әңгімесі «Қайырсыз жұма». Жазушының президент аппаратында, жалпы әкімшілік қызметтерде көптен бері жұмыс істейтінін білеміз. Бір сөзбен айтсақ шенді де шекпенді шенеуніктердің қатарында. Жазушының бұл қызметі де өз творчествосына әсер етпей қалмапты. Әрине кез келген жазушы өзіне таныс, өзі зерттеп білген, миы мен жүрегінің «мың градустық домнасында» балқып, (С. Мұқанов) піскен шындығын ұсынатыны белгілі. «Қайырсыз жұманың» кейіндеу жазылуына қарап, бұл тақырыптың да толғағы жетіп, жазбауға мүмкіндігі қалмағанда барып хатқа түскені көрінеді.

Күнделікті өмірде «Баянсыз бақ, талайсыз тақ» деп екінің бірі айтқанымен, екінің бірі мойындап, ұстана бермейтін фәни дүниедегі осы бір қағида, осы бір шындық, бұл әңгіменің негізгі түйіні. Ия бір қарағанда бір адамның жұмыстан босатылуында тұрған пәлендей ештеңе жоқ сияқты (тіпті ол министр болса да). Бұл жер кім келіп, кім кетпей жатқан орындық. Ал шын мәнісіне келсек солай ма? Т. Әбдікұлы оның тіпті арғы жағына үңіліп, адам психологиясының терең қатпарларына дендейді. Шындығында мың бұралған бишінің жалаңаш беліндей көзді арбаған билік, қылымсыған көңілдес келіншектің көзіндей болған кресло кімге тұтқа боп, кімге опа берген. Тасбақадай тырбаңдап жүріп жеткен сол тақ пен билік тұрлаусыз бірдеңе екен. Әттең оны пенделердің кеш түсінетіні қандай өкініш, қандай қасірет. Жиырма жеті жасында комбинатқа директор, одан министрдің орынбасары, ақыры министр болған, енді міне алты жыл дегенде орнынан алынып, елсіз қу медиен далада қаңғып қалғандай болып отырған Әбен Ілиясовичті тыңдап көріңіз.

«Билік дейді-ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшыңда да жоқ. Манағы қалт-құлт етіп алдына келген Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қараған да Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік Біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Әріде, тым әріде. Осыны білсек, кінәләсудың орнына бір-бірімізді аяйық»... [1, 286-287].

Кейіпкер психологиясын, жан тебіреністерін суреттеп отырып-ақ автор адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаларға философиялық астар береді. Міне бұл ащы да болса шындық. Шындықтың жүзіне тура қарау әрқашан да ауыр. Оны мойындау одан да қиын.

Концепция автордың белгілі бір шығармада қолы жеткен табысы десек, «Қайырсыз жұма» әңгімесі де өзіндік табысымен келген, қазақ әдебиетінің төрінен ойып орын алуға лайық шығарма деп білеміз.

«Жаңалық ашу – демек бәріміз көріп жүргенді көре білу, бірақ осыған дейін ешкімнің ойына келмегенді ойлай білу» деген екен атақты венгр ғалымы А.Сент-Дьерди.

Олай болса, Т. Әбдікұлының «Оң қол», «Ақиқат», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларын осындай жаңалықтардың қатарында атап өту орынды. Әрине повестері туралы әңгіме бөлек. Әзірге бірер сөзбен түйіндер болсақ, көркемдік мәселесін социалистік реализм әдісінен іздеп, әдебиеттің партиялығы, таптығы тұрғысынан саралаған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл шарттылыққа бағынбаған Төлен әңгімелерінің өміршеңдігінің кілті де осында жатса керек.

Әдетте біз, жазушы өз заманының көзі мен құлағы деп жиі айтамыз. Сонымен бірге ол оның ары мен иманы да ғой. Сондықтан да ол өзінің өмірден көзімен көргендері мен естігендерінің ең мәнді, маңызды дегендерін өз ары мен иманының сүзгісінен өткізеді.

С. Асылбекұлының зерттеулеріне қарап отырсақ, Т. Әбдікұлы тұстастарының жазған шығармаларының тақырыптарын шартты түрде болса да, төрт салаға бөліп қарастырғанын көреміз.

1) ауыл 2) қала, 3) тарих, 4) шет ел тақырыбы. Ендеше осы төрт сала, төрт тақырыпта да қалам тербеген Т. Әбдікұлының қадау-қадау дүниелері әдебиетімізде алыстан көзге ұрып, менмұндалап тұр. Дегенмен осы тақырыптардың ішінде алғашқы және әсіресе, соңғы салада өндіре жазып, сонысымен де қазақ әдебиетіне соны бір мазмұн, ерекше түр жаңалығын ендірген шығармаларына ерекше тоқталмақпыз. Олай болса, бірінші сөз, ауыл ауыл өмірі. Ауыл адамдарының болмысы.

Повесть кейіпкері ерекше дарын – телепаттық қасиетке ие Роберт өз кәсіп-тіршілігінен жеру сезімі адам талантының дұрыс бағыт таппауынан деген ұғымнан бүкіл әлеуметтік өмірдегі қыруар әділетсіздіктерге көз жеткізу дәрежесіне дейін өседі. Қаһарман санасындағы күрт өзгерістің дүниетанымдық жаңалыққа ұласуы, осы құбылыс ақиқатқа, ал ақиқат ащы трагедияға айналғанын автор нанымды бейнелейді. Роберт өлімі ақиқатты тану үстіндегі белгілі бір сенім, көзқарастың жеңілісі ретінде түсіндіріледі. Шығарманың композициялық жинақылығына сай идеялық айқындықпен қаһарман жан-дүниесін ашудағы негізгі тәсілі – Роберт ойлары мен тебіреністерін оқиғалық желімен ұштастыру болған. Жоғарыдағы Алмас хан сияқты Роверт те: «...бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істейміз десе де рұқсат. Ендеше бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштілердің зорлығы емес пе?»деген тұжырымға ден қояды. Бұл тұста айырмашылық мол. Бірі – билік басындағы әмірші, бірі – қабілет-дарынына қарамастан қарапайым көптің қатарындағы пенде. Ұлты да, ортасы да, заманы да бөлек қаһармандар уақытпен шектелмей, мезгіл заңына бағынбайтын, әрқашан толық сырын жария қылудан қашатын абсолютті ақиқат туралы толғанатын сияқты» [2, 100].

Ал Г. Пірәлиева «Ақиқат» повесін Т. Әбдікұлының үздік шығармаларының бірі ретінде атап өтеді. Алайда туындының жанрлық анықтамасына, яғни повеске фантастика деп айдар тағылуы көңілге күдік тудыратынын айтады. «Себебі, көріпкелдік қасиеті бар телепат Роберттің кезкелген адамның ішкі сырын, өзге түгілі өзіне де айта алмайтын арамза пиғылдарын және қай жерде қандай қылмыстық әрекеттер жасалып, олар кімнің қанды қолымен жүзеге асырылып жатқандығын үйде отырып-ақ болжап білуі фантастикаға жата ма ? дей [3, 77] келіп, оның солай аталуы тек жамылғы ғана екенін, ал шын мәнінде өмірдің нақ өзінен ойып алған шындық еді дейді. Шындығында адамдардың бәрі бірдей тең праволы деген тек сөз жүзіндегі принциптерге негізделген қоғамда коммунистік идеяларға жат пиғылдағы адамдарға (кейіпкерлерге) орын жоғы, тіпті болмайтыны да бесенеден белгілі болатын.

Ендеше Т. Әбдікұлының құрдасы, әрі әріптес досы, жазушы Қуанышбай Құрманғалиевтың мына бір пікірі өте орынды айтылған.

«Жазушының араку тайпасынан шыққан «медицинаға» тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкер мен әйгілі көріпкел, жындыханада жатып, ғылыми тәжірибе жасауға зорлықпен белгіленген Роберт сияқты шетелдік кейіпкерлердің шығарма желісіне арқау болуы бекер ме? Өз ортамыздан лайықты оқиға, сюжет таппаған соң алынған деуге ауыз бармайды. Бұл екі повесть біздің елде өмір шындығының өңін айналдырып, социалистік реализм қалпына салып қана жазудан қашқақтаудан туған туындылар. Жазушының ақиқатты айту үшін тапқан тәсілі. Бұл повестердегі оқиға өз елімізде – қазақ жерінде болды десе жарық көруі мүмкін болмайтын. «Капиталистік дүниені әшкерелеуге арналған» деген желеумен елеусіз шығып кеткен бұл туындылар тура шындықты – өз ортамыздағы шындықты айтуға арналғандығын енді ашық айтуымызға болар» [4].

– Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар, – Роберт саусақтарын бүгіп, қиянаттың қаншалықты екенін санай бастады. – Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай-сондайлар ...Ал қиянат қылмаудың бір-ақ түрі бар. – Роберт бір-ақ саусағын бүкті. – Ол – тек қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз....» [1, 125-130].

Ендеше жоғарыда өзіміз мысалға келтірген үзінділерден нені байқаймыз. Ф.ғ.д. ғалым Г. Пірәлиева: «Кейіпкердің ішкі ойы осылай арнасынан асып-төгіліп жатады, әлгінде өзі айтқандай өзінің өміріне, мына тіршілікке қанағаттанбай арпалысады, жан азабына түседі. Ал әдеби шығармада қолданылатын «қанағатсыздық» сөзі, ұғымы монолог түрінде беріліп, кейіпкердің ішкі ойлау, толғау процесін тудыратын көркемдік компонент. Адамзатты не тіршілікте, не шығармашылықта тыныштық бермей үнемі арпалыс пен азапқа салып қоятын қанағатсыздық сезімі сөз өнерінде, әдебиеттануда да үздіксіз ойлау процесі, оқиғаға жанды қозғалыс, динамика, өмір беретін ең қажетті шеберлік тәсіл десе болады. Сондай-ақ мұнда ағыл-тегіл ой, сезім ағыны құрамында қарастырылатын «сенсорлық» (сезімді) әсер де сәтті қолданылған» [3, 78] деп, кейіпкер характерін ашуда сезімдік күйлер мен монолог, ой ағыны сияқты психологиялық әдістәсілдердің сәтімен қолданылғанын атап өтеді.

Ал өз ортасынан тірлігіне таяныш болар ештеңе таппаған Роберт «Ең үлкен бақытсыздық – бақыт атаулының болмайтынын сезіну» – деп бұл өмірден түңілу, күңірену сарынына түседі. Ең соңғы үміті – әйелінің адалдығына қылау түскенін көрген кейіпкер өлімге саналы түрде бас тігеді. Өз ортасына, қоғам өмірінің қайшылықтарына төзбеген Роберт өмірінің соңы міне осылай трагедиямен бітеді. Бас кейіпкер характері жөнінде ф.ғ.д. көрнекті ғалым Б. Майтанов «Роберт характері повесте қаһарманның өз пікірлері арасындағы кереғар диалогтар немесе оның аурухана бас дәрігерімен, «қырынан қарағанда сұп-сұлу» священникпен айтыс-дауы үстіндегі көзқарас, дүниетаным қайшылықтарын көрсету арқылы ашылған» дейді [2, 102].

Ендігі бір атап өтер жәйт Т. Әбдікұлының шығарма сюжетіне ертегілік сарындарды шебер пайдалана білуі дер едік. Анасының аузынан айтылатын осы бір шығыстық желіге құрылған ертегі шығарма финалының көркемдік шешіміне де кілт ретінде пайдаланылған.

«Содан әлгі адам жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізеді де: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизәктармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың», – дейді...» [1, 122].

«Тірлікке деген үміті сөніп, қажып-талған Роберт өзін-өзі өлтірер алдында бала кезінде анасы айтатын осынау бір ертегіні есіне алады. Сонда, ашуға болмайтын есік ақиқат болғаны ғой. Роберт ол есікті ашысымен қоғам шеңберінен аттап өтті. Әрине, алдамшы, жалған ортада ол жеңілуге тиіс. Сондықтан да кейіпкердің қайғылы қазасы повесте тек психологиялық себептермен емес, әлеуметтік алғышарттармен де дәлелденген. Ал, жоғарыдағы үзіндінің екі дүркін қайталануы шығармаға композициялық тұтастық берумен бірге, идеялық салмақ, көркемдік құрал ретінде де үлкен роль атқарады. Жазушы капиталистік қоғамдағы рухани азғындықты, адамдардың машинаға айналуын, бәрін ақша мен ептілік билейтінін жүйелі логикалық дәлелдер арқылы сенімді әшкерелей білген» [2, 102].

Алайда бұл тек капиталистік қоғамның ғана кескін-кейпі ме еді. Роберт сияқты ой азабын кешіп, қоғамның тар шеңбердегі тайқы маңдайына сыймай кеткен жандар біздің қоғамымызда аз ба еді.

Біздің бұл ойымызды жазушы Қ. Құрманғалиевтің мына бір пікірі тірілткендей: «Көріпкел Роберт тағдыры да күнделікті өмірде кездесетін, ақылдан азап шеккен өз өмірімізде бар адамдар келбеті. Оны да Төлен әдейі өзге елге көшіріп, зегін өртеген ащы шындықтың тұмшалаған шымылдығын ашып, ақиқатты айтуға ұмтылған. Қырағы саясатшыларды осылайша сырт айналып өтіп кетіп, қалың оқырманға ой салған» [4]. Т. Әбдікұлын үлкен эстет, биік интелектуалды суреткер екенін танытатын психо-философиялық туындысы «Тозақ оттары жымыңдайды» атты повесі. Алайда сыншы-ғалымдардың назарынан көп жағдайда тыс қалатындай. Оған себеп, біздің ойымызша Төлен шығармаларын бір идеяға бағындырып, не болмаса бір бағыт, бір стильдің ауқымында талдаудың қиындығынан. Көбінесе біз жазушы творчествосын тек бір салада, мәселен шығарманың идеясы, немесе тақырыптық аясы, болмаса кейіпкердің адамгершілік проблемасы деген сияқты мәселелер төңірегінде ғана сөз етеміз. Кейде жазушы шығармаларындағы психлогизм, лиризм деп автордың кейіпкер бейнесін сомдаудағы, шығарма сюжетін берудегі ізденістері тұрғысынан саралап жатамыз. Әрине, мұның бәрі дұрыс та шығар. Бірақ та жазушы суреттеп отырған өмір шындығы бір ғана тақырыпты қозғап, бір ғана идеяның жетегінде кетпек емес. Ендеше Төлен Әбдікұлының біз сөз еткелі отырған «Тозақ оттары жымыңдайды» повесін қай арнада, қай бағыттың ізімен талдаған дұрыс. Алдымен шығарманың өзін қай салаға жатқызамыз

Ғалым Б. Майтанов «Қазақ прозасында шетел тақырыбына қалам тартып, әлемдік цивилизация, қоғамдық прогресс сипаттарын, ғылыми-техникалық революцияның адам санасына әсерін интелектуалдық биіктен топшылай білетін жазушылардың бірі – Т.Әбдіков творчествосында дүниетаным, білім тереңдігі мен көркемдік шеберлік өрнектері жарасымды бірлік табатынына автордың «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі де дәлел еді» десе [2, 100], С. Асылбекұлы «Бір кездері өзі де соғыстан кейінгі қазақ ауылының жоқ-жітік тіршілігі мен метрополияның қарамағындағы бодан жұртқа көрсеткен кейбір жосықсыз әлімжеттіктерін көкірегіне түйіп өскен естияр қыр баласы американдық үндістер өмірінің аянышты тағдырлары мен өз жұртының басындағы халдерден біраз ұқсастықтарды көрді. Сондықтан да үндістер өмірінен жазылған шетелдік авторлардың шығармалары оның осы бағыттағы шығармашылық ізденістерінің шоғын қозғап, оны қазақ әдебиеті үшін көтерілмеген тың болып келген жаңа өрістерге қарай жетеледі. Т. Әбдіков сол ізденіс жолында араку тайпасы мен қазақ жұртының арасына абсолюттік теңдік белгісін қоюға болмайтынын ұқса да, олардың тіршілігі мен тағдырларынан шынайы көркем шығармаға азық болардай көптеген параллельдерді тапты» [6, 19] дейді.

Қалай болғанда да, Т. Әбдікұлының біз күнде көріп жүрсек те байқай бермейтін шындықты ашатыны анық. Реті келгенде айта кетер мәселе, бүгінде сол америкалық үндістердің бір кездегі түркі тайпаларының шашырап кеткен бір бұтағы екені ғылыми дәлелденген шындыққа айналып отыр. Мәселен, жақында ғана жарыққа шыққан жаңа басылым «Тіл және қоғам» атты журналда жазушы – журналист Жарылқап Бейсенбайұлының «Америка үндістері – түркі халықтарының түп туысы» [7] деген зерттеу мақаласы бұл пікірімізге дәлел болғандай. Зерттеуші үндістер мен қазіргі қазақ тілінің ұқсастықтарына ғылыми делелдер ұсынады. Ғалым пікірінен байқағанымыздай бұл генетикалық ұқсастық ғылымда бүгін ғана сөз болып жүрген жәйт емес екен. Оны зерттеу сонау ХІХ ғасырдың өзінде қолға алына бастаған. Ендеше Алла зерделі етіп жаратқан, саналы да сарабдал суреткер Т. Әбдікұлының араку сынды азшылыққа айналған аз тайпаның аянышты тағдырын жаза отырып, қазақ халқының тілінен, дінінен, ата-баба салт-дәстүрлерінен айрылып бара жатқан қасіретін көрсеткені анық.

Т. Әбдікұлының қай шығармасын алмайық, мейлі ол бүгінгі күннің, не болмаса есте жоқ ескі заманның оқиғасын суреттесін тек адами құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді ту етіп көтергенін көреміз. Оның қаламынан туған Роберті, Доктор Бейкері, журналист Палетеллиі жүрегіңізге жатталып, ой-санаңызға мәңгілік орын тебеді. Себебі олар жазушының жүрегін жарып шыққан, онымен ойы бір, дүнитанымы ортақ, пікірлес, ниеттес кейіпкерлер. Жоғарыда өзіміз сөз еткен жазушының жүрек түкпіріндегі ең қымбат қазыналарын сеніп тапсырған кейіпкерлері. Мәселен әлгі журналист Палетеллидің атақты доктор Бейкермен болған диалогына назар аударайық:

«... Соңғы сапардан жинаған материалдарымды жинақтап отырып, мен жақында мынадай бір пікірге келдім. Жалпы болашақ атаулы бәрімізге бірдей және бірдей қажет десек те, жеке адамдардың тілек-мақсаты, мұң-мұқтажы бір-біріне ұқсамайды ғой. Айталық біреу – аш, екіншісі – жалаңаш, үшіншісі – ауру. Аш адамға тамақ керек, жалаңашқа киім, ал ауруға тек дәрі керек. Олардың қажеттерін шатастырып үлестіруге болмайды. Халықтар да сол сияқты... Біреудің мұқтажы біреуге игілік боп жарымайды. Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияны ту етіп, адамзат мүддесі деп даурығып жүргеніміз – үстемдік құрып отырған төрт – бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді.

Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері – экономика емес, мораль болатын кезі жетті емес пе ? Айтыңызшы [1, 148].

Сөзімізді көрнекті жазушы Ә.Кекілбайұлының сөзімен түйіндесек: «Арғы түбі әлгіндей пендеаралық кикілжіңдерден өрбитін өштестік өртінің тұтас бір ұлттар мен халықтардың көзін тұздай қып құртатын қорқынышты індеттерге ұласатындығы

«Ақиқат» пен «Тозақ оттары жымыңдайды» хиқаяттарында үлкен философиялық түйінге ие болды. Нақты адам тағдыры, нақты кісілік мінез-құлық арқылы ашылған бұндай шындық сырт көзге мұхиттың ар жағында болып жатқан сияқты қылып бейнеленгенмен, өзіңнің күнде көріп, күнде сезіп жүргендеріңді еріксіз есіңе түсіретіндей қылып шебер шешімдеген дүниелер еді. Бұл – сонау жетпісінші-сексенінші жылдар үшін тек суреткерлік тереңдік қана емес, үлкен азаматтық ерлік те еді» [10].

Олай болса Т. Әбдікұлының азаматтық ары, адамгершілік мұраты, елжандылық ерліктері мұнымен шектелмейді екен. Оған осы соңғы жылдардың бедерінде жазылған «Парасат майданы» повесі дәлел. Алғаш рет «Таң шолпан» журналында жарияланған бұл шығармаға халықаралық «Ф. Кафка» атындағы алтын жұлдыз берілді. Бұл сыйлықтың Т. Әбдікұлына берілуінде де бір заңдылық бар сияқты. Себебі; өзінің «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты аллегориялық повестерінде көтерген әлеуметтік – потологиялық мәселелер ең алғаш осы Ф. Кафка туындыларынан бастау алған.

Шындығында Т. Әбдікұлының адамзаттық гуманизмді ту етіп көтерген идеяларының биік шыңы «Парасат майданы» повесі. Кез келген көркем туындының өмірге келуінің өзіндік алғы шарты бар. Ендеше тәуелсіздік таңы атқан қазіргі егемен елімізде «парасат майданын» ашқан жазушы пікірі мынадай:

«Неге бұлай? Өйткені, адамдардың жамандық пен азғындыққа еттері үйренген. Өлікті көп көрген адамның өліктен сескенбейтіні секілді. Мәселенің бәрі осы ет үйренуден, бой үйренуден басталады. Бүкіл қатыгездік, мейрімсіздік, аямаушылық, бүкіл рухани азғындық, ішкіштік, нашақорлық, зинақорлық бәрі де осы ет үйренуден басталған. Адам бойы үйренгеннен кейін жиіркену сезімінен құтылады. Содан кейін ар жағы жеңілдей береді.

Ендеше қазіргі ақпаратар ағыны тасқындап, рухани-моральдық құндылықтардан гөрі мате-

риалдық алғышарттар алдыңғы орынға шыққан мына заманда тезге сап, ой елегінен өткізер проблемалар жеткілікті екен.

«Бүгінгі күнгі тіршілігіміздің қандай екенін көрсететін барометріміз – баспасөз болса, қараңыздар: беттерін ашып қалсаң оқитының – «небір сұмдық оқиғалар»

Сынып оқушыларының төбелесі атысқа ұласқан...

Сәбиін өлтіріп, қоқысқа тастаған келіншек. Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел... Адам етін жеген маньяктар...

Еркекке үйленген еркектер...» т. т.

Сонда бұл немене ?! Адамзат қауымы қайда барады өзі» [10].

Міне, Т. Әбдікұлының жанын жеген жегі құрт біздің де дәл қасымызда екен. Оны елепескермек түгілі, етіміздің өліп кеткені сондай азғындықтың неше атасы бар, бәрі бір, жиіркенбейтін болдық. Азғындық атаулы өміріміздің құрамдас бір бөлігіне айналғандай. Ендеше одан құтылудың жолы – өз арың мен иманыңда. Алла тағала сыйға берген адамгершілік абыройың мен кісілік қасиеттеріңде екен. Ендеше ойланайық.

Әдебиеттер

  1. Әбдікұлы Т. Оң қол. – Алматы: Атамұра, 2002.

  2. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. – Алматы: Ғылым, 1982.

  3. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. – Алматы, 2001.

  4. Құрманғалиев Қ. Сырбаз суреткер (Жазушы Т. Әбдіков 50 жаста). // Қазақ әдебиеті – 4.09.1992.

  5. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. – Алматы: Жазушы, 1993.

  6. Асылбекұлы С. Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы (1970-1989): Ф. ғ. к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 1997.

  7. Бейсенбайұлы Ж. Америка үндістері – түрк халықтарының түп туысы / Тіл және қоғам. – Альманах № 2. – Астана, 2005.

  8. Сыздықов К. Ұстаздық ұлағат. – Алматы, 2001

  9. Әбдікұлы Т. Жапон болсам жапонияны жазар ем... Т. Әбдікұлы мен сатирик К. Әмір-Бектің сұхбаты // Жас Алаш. – 1.11.2003.

  10. Мұханбатқалиұлы Қ. Адамзат қайда барасың? // Діл газеті. – 7.11.2003.

Филология. Реферат. Қазақ және ағылшын фразеологизмдерінің зерттелу тарихы
Филология. Реферат. Қазақ тілі қосымшаларының морфологиялық вариант жасау моделі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу